Жұмбақтас

Әулиекөлдің (Бурабай көлі) сол жақ жағалауында, Көшетау және Теміртау сілемдерінің ортасында шығанақ орналасқан. Шығанақтың дәл ортасында - желге мүжілген гранит қабаттарының үймесінен тұратын тас арал. Бұл тас – Жұмбақтас. Адамның қиялына байланысты, Жұмбақтас әр түрлі кейіпке енеді. Егер Бурабайдан Абылай хан алаңына қарай, қайық стансасының жанынан жүріп келе жатсаңыз, шашы желбіреген жас сұлу қызға ұқсайды, әрі қарай баяу жүре берсеңіз, әдемі қыз бейнесі кәрі кемпірге ұқсай береді, ал Оқжетпес шипажайы жағынан қарасаңыз, Сфинкстің бейнесін көруге болады.
Ақын Айдос Абуталипов Жұмбақтас жайында келесі жолдарды жазыпты:
Уа, Жұмбақтас, Жұмбақтас,
Айналайын толқын қарбалас.
Келемін қарап қызыға —
Алдымен шықты қарындас,
Маңдайын үрлейді
Қайырылып артқа қысқа шаш.
Бара-бара қарындас
Ауысты бөтен бір түрге-
Шүңірек көз кемпірге.
Жұмбағыңды ұғындым
Сиқырлы кемпір-қызға ұқсас
Сүйкімді момын Жұмбақтас.
Жұмбақтас – Бурабайдағы ең танымал көрнекті орындардың бірі. Аңыздарға сүйенетін болсаз, Оқжетпес тауынан шығанаққа құлаған тұтқын қыз осы тасқа айналыпты-мыс. Сәкен Сейфуллиннің Оқжетпес, Жұмбақтас және Бурабайға арналған шығармасында келесі жолдар кездеседі:
Аңғал құз "Оқжетпестің" етегінде,
Ботадай бойшаң нардың жетегінде.
Бұл күнде көлдің суы құзды ораған.
Сол құз ғой көлдің шеті, ерте күнде,
Әлгі құз "Жұмбақтас" деп аталыпты,
Солайша қалмақ қыздан бата алыпты.
Суретті "Жұмбақтастың" шежіресін
Үлкеннен кейінгілер жат алыпты.
Осылай жыр қылады "Жұмбақтас" деп.
Дуалы адам пішін сымбат тас деп,
Куәсі ертедегі болған істің
Белгісі шежіреннің қымбат тас...деп.
Пікірлер