Сарайшық қалашығы туралы ақпарат

Қазақ даласындағы ең көне тарихи орындардың бірі-Сарайшық қаласы. Тарихшы ғалымдар оның пайда болуын XIII ғасырда, яғни Шыңғыс хан мен Батудың жасаған шапқыншылығымен байланыстырады. Әзірге белгілі болған деректерге сүйенсек, бұл орын туралы жазба мәліметтер XIV ғасырдың алғашқы жартысынан басталады да, оларда Сарайшық гүлденген қолөнері мен сауда қаласы болғандығы айтылады.


Сарайшық туралы алғашқы жазба дерек қалдырған арабтың белгілі географ –ғалымы, саяхатшысы Ибн-Батута. Ол өзінің саяхаттарының бірінде, 1334 жылы «Үлкен Сарай» қаласынан шығып (Сарай-Берке-Алтын Орданың астанасы), Азияға жасаған сапарында Сарайшық қаласында болған. Бұл жөнінде ол, «Біз Сарайшық қаласынан ат жеккен арбамен он күн жол жүріп, Сарайжүк қаласына жеттік. Бұл «Ұлысу деп аталатын» үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала екен және дүние жүзіндегі Бағдаттан кейінгі екінші жүзбелі көпір осында екен». Сарай-жүк монғолша кіші Сарай деген мағынаны білдіреді. Ол кезде Алтын Орда үлкен Сарай, Сарайшықты кіші Сарай деп атаған. Бұдан кейін Сарайшық жөнінде жазба дерек қалдырған орыс патшасы 6 Иван Грозныймен дос болған ағылшын көпесі Антоний Дженкинсон. Ол 1558-1559 жылдары Каспий теңізінің солтүстік және шығыс жағалауына саяхат жасауы кезінде Сарайшық қаласына соғады. «Теңізден бір күндік сапарда үлкен өзен жағасындағы гүлденген Сарайшық деген қалаға келдік. Бұл қала орыс патшасымен көңілдес Измаил деген татар князінің қол астында екен. Шығыс пен Батысты байланыстыратын керуен жолының үстінде болғандықтан қолөнері мен саудасы дамыған қала екен» деп жазған.


Республика ғылым академиясының 1950 жылы Батыс Қазақстанға жүргізген археологиялық экспедициясының қорытындысы негізінде белгілі археологтар С.П. Толстов пен Г.И. Пацевич « Сарайшықтағы XI ғасырдағы араб тарихшылары еңбектерінде аталатын, орта ғасырда өмір сүрген Саксин қаласының орнында бой көтеріп, жаңа атауға ие болған қала. Саксин X-XI ғасырларында Хорезм тұтқындарының көмегімен сауда жолының бойынша салынған еді» дейді де Сарайшықтың өмір сүру дәуірін шартты түрде үш кезеңге бөледі:
1.X-XI ғасырларда қала іргесінің қаланып бой көтеруі.
2.XIII-XIV ғасырларда Алтын Орда өмір сүрген кезеңдегі Еуропаны, Орта Азия, Қазақстанда, монғолдар және Қытаймен жалғастырған ірі сауда орталығы болуы, яғнғи қаланың гүлденіп, өркендеу дәуірі.
3.XV-XVI ғасырлар Ноғай ордасының орталығы болуы, қазақстар шабуылын күйреп, қирауы.
Қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұлан өзінің 1950 жылы жүргізген қазба жұмыстары нәтижесінде «қала XII ғасырда салынған» деп еш бұлтаңсыз дәл айтады.
Бұл пікірді, соңғы жылдары қала орнында қазба жұмыстарын жүргізіп жүрген Республикалық археология институтының ғалымдары дәлелдеп отыр.
Тарихи – мемориалдық кешен құрылысы 1999 жылы 2 мамыр күні басталып, сол жылы 3 қыркүйекте ашылу салтанаты болды. Құрылыс бүкілхалықтық құрылыс болып саналды. Құрылыс жұмысына жергілікті халық түгелге жуық қатынасып , облыс, аудан әкімшілігі құрылыс жұмысына тікелей араласып, басшылық жасады. Кешен құрамына:
1. Хандар Пантеоны кіреді. Архитекторы, сол кездегі облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетов.
Бұның биіктігі 17 метр, 8 қабырғалы. Қабырғалар арасына Сарайшықта жерленген жеті ханға арналып құлпытастар қойылған. Бұл құлпытастарға, қара мраморға жазылған хандардың аттары мен хандық құрған жылдары жазылған. Бұл хандар:
1.Мөңке темір (1266-1282ж.ж)
2.Тоқтағу (Тоқты) (1291-1312ж.ж.)
3.Жәнібек (1343-1353 ж.ж.)
4.Әмір Оқас (14 -1447ж.ж)
5.Қасым Хан (1511-1518 ж.ж)
6. Ших Мамай (1549-1554 ж.ж)
7.Жүсіп Хан ( 1549-1554 ж.ж)  
2. Мешіт. Мешіттің ұзындығы 13 метр, ені 6метр 50см. Мешіттің іші толықтай жасақталып Михраб, Мінбарлар қойылған. Мешіт ішінде Құран, тағы басқа діни кітаптар қойылған.
Әрбір жұма намазы өтіледі. Келушілер әуелі мешіт үйіне кіріп Құран оқытып, дұға етеді. Мешітке азан шақырылатын техникалық құралдар қойылған.
3.Мұражай.
Мұражай ішіне Сарайшық қазбасынан шыққан тарихи жәдігерлер қойылған. 14 ғасырдағы Сарайшық қаласының макеті жасақталған.
  Музейдегі естелік кітабына жазып қалдырған қоғам қайраткерлері, алымдар,өнер шеберлері , шет ел азаматтары мен қарапайым халықтың ой-пікірінің түрін оқуға болады.  

 

Атырау облысы бойынша барлығы 1168 ескерткіш бар. Оның төртеу республикалық дәрежеге ие болған. Атақты ақын, батыр Махамбет Өтемісұлының мазары. Жұбан мавзолейі, Ақмешіт, Дүйсеке мешіті, Аралтөбе қорымы, Асалы - Көкетай, Құдайберген кесенесі, Мұрат Мөңкеұлының мазары тағы-тағы көптеген ескерткіштер бар. Бұлардың барлығы да мемлекет қарауында. Қаладағы мұнайшылар қалашығында революционерлер аллеясы ашылды. Облыс бойынша барлық аудандарда ескерткіштердің орналасқан картасы жасақталып, зерттелмей жатқан тарихи орындарға экспедиция ұйымдастырылуда.






 

 

Бұл көрнекті орын үшін виртуалды саяхат жоқ

Пікірлер

02.02.2012, 19:40
Азат
Бул жерде менин оте кызыкты балалык шагым отти........... Ай, кайран, кундер...... Осы ауылда мектепти битирдим.........


Жіберу