Ауыр атлетші В.Седов Талдықорғанда өткен Қазақстан чемпионатында әлем рекордын көтерді

Шілденің 30-ы мен тамыздың 5-і аралығында Талдықорған қаласында ауыр атлетикадан өткен әйелдер мен ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатында, 2009 жылғы әлем чемпионы Владимир Седов әлемдік рекорд жасады.

Бұл туралы бүгін ҚР Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамедовтың ауыр атлетика бойынша республика бапкерлерімен болған кездесуінде ҚазАқпарат тілшілеріне берген сұхбатында ауыр атлетикадан мемлекеттік жаттықтырушы Меңдіхан Тәпсірұлы мәлім етті.

М.Тәпсірұлының айтуынша, чемпионат барысында 94 келі салмақ дәрежесінде Владимир Седов жұлқа көтеруден екі рекорд жасады. Өзінің екінші мүмкіндігінде ол әлем рекордын 1 келіге жаңартып, 189 келіге жеткізді. Ал үшінші мүмкіндігінде бұл межені тағы екі келіге арттырды.

Ал 56 келі салмақта өнер көрсеткен алматылық Хон Виталий Қазақстан рекордын жаңартты. Ол серпе көтеруде бірінші мүмкіндігінде рекордты 137 келіге жаңартса, үшіншісінде оны 140 келіге ұлғайта алды.

«Сондай-ақ чемпионат күндері өзінің жеке рекордтарын ұлғайтқан спортшыларымыз болды. Олар біздің былтырғы әлем чемпиондарымыз Светлана Подобедова мен Илья Ильин», - дейді ол.

М.Тәпсірұлының сөзіне қарағанда, И.Ильин бір жарым жылғы үзілістен кейін, жаттығуға 2010 жылғы ақпан айында толыққанды кірісіп, сайыс күндері жоғары деңгейдегі өнер көрсете білген. Мәселен, ол Бейжің Олимпиадасында көтерген зілтемірдің салмағы 226 келі болса, Қазақстан чемпионатында оны 228 келіге жеткізді.

Еске сала кетейік, Талдықорған қаласында өткен ауыр атлетикадан әйелдер мен ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатына барлығы 140-қа жуық спортшы қатысты. Оның 74-і - ерлер, 60-ы - әйелдер.
 

Пікірлер

Пікірлер жоқ.


Жіберу

Қаланы немесе аймақты таңдаңыз:

Қонақ үй броньдау

Броньдау

Қала Қонақтар
Келу күні