Қарқаралы

Қарқаралы – Қарағанды облысының ең байырғы, әрі мәңгі жас қаласы. Кезінде Қарқаралы арқылы Орта Азиядан Сібірге бағытталған керуен жолдары өткен.
Қарқаралы ауданының аумағы – 35,4 мың шаршы км. Жалпы халқының саны – 50600 адам.
Аудан орталығы – Қарқаралы қаласы, теңіз деңгейінен 815 метр биіктіктегі Қарқаралы тауының баурайында орналасқан. Қала халқының саны – 10300 адам. 1824 жылы Қарқаралы қамалының негізі қаланды, ал 1869 жылы Қарқаралыға уездік қала мәртебесі берілді. ХІХ ғасырда ол маңызды сауда орталығына айналды. Қарқаралыда аты әлемге әйгілі Қоянды жәрмеңкесі сауда-саттық байланыстар мен мәдениетті дамытуда маңызды рөл атқарды.
Қарқаралы белгілі саясаткерлер, әдебиет және мәдениет қайраткерлері, ғалымдар мен саяхатшылар ат басын бұрмай кетпейтін ірі қоғамдық-саяси орталық болған. Қарқаралы өңірінің ең тамаша суреттемелерінің бірін аса көрнекті қазақ ғалым-этнограф, тарихшы, географ Шоқан Уәлиханов жасаған. Қарқаралы туралы жазбаларды ресейлік саяхатшы Г. Потанин де қалдырған. Осыдан жүз жылдан астам уақыт бұрын ол тоқтаған көпес Андрей Рязанцевтің үйі бұл күнде қалада тарих пен мәдениет ескерткіші санатында сақталып келе жатыр. Қарқаралы Қазыбек би, сазгер Тәттімбет, Кенже шешен, әнші Мәди, саяси қайраткер Әлихан Бөкейханов, алғашқы қазақ заңгері Жақып Ақбаев, ҚазЦИК мүшесі ғалым-агроном Малай Юнусов, Қазақстанның халық әртістері Қалибек Қуанышбаев пен Мақпал Жүнісова, Кеңес Одағының батырлары Нүркен Әбдіров, Петр Трезев, Мартбек Мамраев, тұңғыш қазақ ғарышкері, генерал Тоқтар Әубәкіров, анасы қазақ, атақты казак генералы Лавр Корнилов сияқты ірі тұлғалардың отаны.
Қарқаралы тарихы ұлы қазақ ағартушысы, ақын-аудармашы, композитор Абай Құнанбаевтың атымен тығыз байланысты. Оның Қарқаралы округының аға сұлтаны болған әкесі Құнанбай қажы мұсылман мешітін салу және қайырымдылық қызметін атқару арқылы өз есімін тарихта ұзаққа қалдырды .
Ұлы Абай тұрған үй қайта жөндеуден өтіп, тарих пен мәдениеттің ескерткішіне айналған.
Бүгінгі таңда Қарқаралы Қарағанды облысының экономикалық және мәдени өмірінде маңызды орын алып жатыр. Мұнда 10-нан астам демалыс үйлері мен демалыс аймақтары бар, олардың ішінде АО «Арселор Миттал Темиртау» көмір департаментінің «Шахтер» демалыс үйі, «Сосновый бор», «Тас бұлақ» тау отелі, сауықтыру лагерлері. Аудан аумағында Қарқаралы МҰТП орналасқан. Паркте 7 табиғи ескерткіш бар: алғашқы адам үңгірі, Шайтанкөл көлі, Бассейн көлі және т.б
Қарқаралы тауларының ерекшелігінің бірі – бұлақ көздерінің молдылығы. Ондағы су мөп-мөлдір. Қарқаралылықтар әсіресе Суықбұлақты ерекше атайды. Ондағы су сәл газдалған және секундіне жарты метр күшпен бүлкілдеп тұрады. Қарқаралының таулы өзендері Үлкен және Кіші Қарқаралы Құрөзек арнасына құйылады. Қарқаралы таулары өздерінің далалық және таулық деп аталатын көлдерімен де аты шыққан. Олардың қатарына Жартас, Ащыкөл, Бастыбай, Таскөл, Қойтас және басқалары.
Қарқаралы аймағының оазисі өте бай және сан түрлі. Қарқаралы жадағай жусанның отаны. Осынау көне заманғы өсімдіктен рак ауруларына қарсы қолданылатын арглабин дәрі-дәрмегін Қарағанды фитохимия институтында шығару қолға алынған.
Қарқаралы өңірінде жануарлардың келесі түрлері кездеседі: қасқыр, түлкі, қоян, арқар сияқты тағы да басқа жануарлар түрлері кездеседі.

 

Қаланы немесе аймақты таңдаңыз:

Қонақ үй броньдау

Броньдау

Қала Қонақтар
Келу күні