Қазақстандағы ұлт саясатының ерекшеліктері
Халқымыздың ардақты азаматы, қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы ғалым, ұстаз Мұхтар Ғалиұлы Арын есімі Ақтөбе жұртшылығына етене жақын есім. Әсіресе, орта, алдыңғы буын өкілдері Ақтөбе өңірі тарихын, Тәуелсіздік жылнамасының алғашқы кезеңдерін осы өресі биік ерен тұлғаның өмірі мен қызметінсіз көз алдына елестете алмайды. Тарихтың жасаушысы халық десек те, сол халықтың алдыңғы шебінде дер мезгілінде атойлайтын біліктісі мен білектісінің табылуы да артық айғақты қажет етпейтін бұлтартпас ақиқат.
Биыл мамырдың 20-ында М.Арын сынды осындай тағылымды тұлға, біртуар азаматтың туғанына 75 жыл толғалы отыр.
Ақтөбе педагогикалық институтының өркендеп дамуына өлшеусіз үлес қосып, артында талай ұрпақ зердесінде өшпестей із қалдыра білген ұлағатты тұлғаның мерейлі жасын атап өту дәстүрге айналды. Осыдан бес жыл бұрын Мұхтар Ғалиұлының жетпіс жылдығына арналып өткізілген мерейтойлық шаралар институтымыздың жаңа тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі болған-ды. Биыл Мұхтар ағамызды еске алу шаралары мамырдың 13-14 күндеріне белгіленіп отыр. Алғашқы күні айтулы датаға орайластырып тәрбие мен білімнің бүгінгі күнгі көкейкесті мәселелеріне арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтпекші. Республика жоғары оқу орындарының жетекші ғалым-ұстаздары, мектеп мұғалімдері, білім беру мекемелерінің қызметкерлері профессор М.Арын мұрасын негізге алып, қазіргі кезеңде бүкіл педагогикалық қауымдастықты толғантып отырған мәселелер төңірегінде ой бөліспек.
Ғалым-ұстаздың өмірі мен қызметі негізінен кеңестік дәуірді қамтыды, соған сәйкес дүниетанымы мен өмірлік ұстанымында осы дәуірге тән құндылықтар жүйесінің көрініс табуы түсінікті жағдай. Тағдыр Тәуелсіздік туындатқан мүмкіндіктерді тәрбие мен білім беру жүйесіне көкейіндегі көксегендерін сыналап кіріктіруге, пайдалануға үлгертпеді. «Бес анығында» жазғанындай, тіл, дін, дәстүр, тарих, атамекенді әр адамның ұлттық қасиеттерінің жүйелі сипаттамалары ретінде қарастыруы – «қысқаша баяндалған дүниелер. Түгелдей тереңдетіп, бұдан да толық етіп баяндауды келер күндердің еншісіне» қалдырды. Өкінішке орай, жазмыш ойға алғанды орындауға мұрша бермеді. Әйтсе де, көрген, білген, түйгендерін тезистер түрінде болса да түйдектетіп айтып кетті, жазылып болмаса да жандырып жазып кетті. Бұрынғы да, бүгінгі де қоғамдық жүйелерде тұтқа болар қағидаттар мен ұстанымдарды сараптай келе, кісіліктің келбетін кескіндейтін, мәңгілік мәнге ие адами құндылықтарды Тәңірі деп таныған Тәрбиенің ұтқыр ұстыны мен түпкілікті мақсаты биігінде ұсынды. Ғұлама ұстаздың ұшқыр ойы мен тындырымды тәжірибесінен туындаған көрегендігінің көріністерін бүгінгі білім мен тәрбие беру ісінің көкейкесті мәселелерінің ол көтерген мәселелермен үндестігінен байқауға болады. Мәселен, профессор М.Арын «атадан балаға қалар рухани мұраның ең қасиетті сыбағасы — тіл. Ол екі ұрпақты қауыштырушы, ұштастырушы үлкен күш» — десе, бүгін бұл тұжырым қазақ тілінің барша қазақстандықтарды ұйыстырушы қабілетін мейлінше күшейту арқылы оны барлық отандастарымызға ортақ рухани құндылыққа айналдыру міндетіне ұласып отыр. Сол сияқты, ойшылдың «көптілділік — әр адамға тән қасиет, ол заңмен енгізілетін нәрсе емес. Көптілділік — әр адам бірнеше тілді білген жағдайда ғана іске асатын құбылыс» деген тұжырымы бүгінгі «тілдердің үштұғырлығы» бағдарламасымен үндесіп жатыр. «Мектеп — пәндерді оқытатын орын ғана емес, адамды тәрбиелейтін қасиетті орын», «нағыз тәрбие — жас ұрпақтың ойлау қабілетін қалыптастыруға үйрету» деген ұстанымдарының бүгінгі білім беру ісінде етек алып кеткен жаттандылықтан, жалаң ақпаратпен әуестенушіліктен сақтандыруға бағытталғанын айқын аңғаруға болады. Бүгін білім мен тәрбие беру ісін бүкілхалықтық іске айналдыру мәселесі көтеріліп, осыған байланысты біртұтас педагогикалық қоғам, педагогикалық жасақ құру жұмысы қолға алынып жатса, Мұхтар ағамыз кезінде бұл жөнінде «ең алдымен үлкенді түзеу керек. Ата-ана түзелмей жас ұрпақ, шәкірт түзелмейді» деген екен. Профессордың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани мұрасының өміршеңдігі туралы сөз қозғағанда осы тәріздес мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мерейтойға арналған ғылыми-практикалық конференцияда мұндай мәселелер төңірегінде келелі кеңес, салихалы сұбхат өрбиді деп ойлаймыз.
Биылғы мерейтойлық шараларға қадірлі қонақтарымызды күтудеміз. Мұхаңның үйіндегі жеңгей, балалары, немерелері, ағамыздың көзін көрген жолдастары келмекші. Дайындық жұмыстары аяқталып қалды. Мерейтой қарсаңында бес жыл бұрын ашылған «Профессор Мұхтар Арын кабинеті» қайта жарақтандырылып, тың экспонаттармен толықтырылуда. Мерекелік шаралар күндері кабинет жаңа, кабинет-мұражай нұсқасында қайта ашылмақшы. Сайып келгенде, Ақтөбе жұртшылығы «өзіміздің Абайымыз!» — деп ардақ тұтқан азаматты еске алу шаралары елдігіміздің, естілігіміздің тағы да бір айшықты көрінісі боларына сенімдіміз.
Кісіліктігі ерекше ел ағасы туралы Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтің «Мұхтар Арын тек жеткіншек буынға емес, бүкіл әлеуметке ұстаз еді. Ол тіл қозғалысы, тарихи зерде қозғалысы, дәстүрлі тәрбие қозғалысын бар болмысымен, зеректігімен пейілді қолдады, ол сол соқпақтың ай қасқа айдын жолға айналуына күш салып еді. Мұхтар — керек заманда туып, керекті шаруаға ат қосысып, келелі іс тындырып кете алған ел ардағы еді» деуі Мұхтар Ғалиұлының «Азаматқа халықтың ризашылығына бөленгеннен артық бақыт жоқ» деген ұстанымының айғағы іспеттес.
Ғалымжан НҰРЫШЕВ,
Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры.
Мұхтар Арын туралы ой -толғамдар
Мұхтар көп ішіндегі жай жақсы жігіттің бірі емес, бірегейі еді, және шын мәніндегі нар көтерер ауыр жүкті мыңқ етпей, халқы алдындағы өзінің перзенттік парызын көріп, мақтанышпен көтерген нағыз азамат жігіт еді.
Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ,
Қазақстанның халық жазушысы.
Мұхтар өз қатарынан көп ерекшелігі бар, дара тұлға болатын. Тағы да оның бейнесін көз алдыма елестетсем, о, ғажап, шеру тартып бара жатқан керуен басындағы белі қайысса да мыңқ етпейтін, ерен тұлғалы біртума қара нардай болып көрінеді де тұрады маған.
Әбдуәли ҚАЙДАР,
академик, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері.
Мұхтар Арын тек жеткіншек буынға емес, бүкіл әлеуметке ұстаз еді. Ол тіл қозғалысы, тарихи зерде қозғалысы, дәстүрлі тәрбие қозғалысына бар болмысымен, зеректігімен пейілді қолдады, ол сол соқпақтың ай қасқа айдын жолға айналуына күш салып еді. Мұхтар – керек заманда туып, керекті шаруаға ат қосысып, келелі іс тындырып кете алған ел ардағы еді.
Әбіш КЕКІЛБАЕВ
Қазақстанның халық жазушысы,
Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекет және қоғам қайраткері.
Шынында да Мұхтар Арынов Ақтөбе өңірінің рухани, ұлттық, мәдени дүниесінде аты ерекше аталатындай, ризалықпен сүйіне атайтындай көптеген іс тындырып үлгерген екен. Осы өңірде өткен батыр бабалары бар ма, майталман өнер иелері бар ма, күні кеше өткен Құдайберген мен Ахмет Жұбановтардай, Сақтаған Бәйішевтей аяулы перзенттері бар ма, баршасының есімдерін еске салудан бастап, күмбез-кесенелер орнаттыру, жиын-мәслихаттар өткізу сияқты нақты іс-қаракеттерге мұрындық болушы да, басы-қасында жүруші де Мұхаң екенін ешкім жоққа шығара алмайды! Бұдан 300 жыл бұрын өткен Тама Есет батырға кесене тұрғызуға, Шалқар ауданының бір қиырында жасап өткен Қазанғап күйшінің есімін елге таныта түсуге арналған әрекеттерге оның қанша күш-жігер жұмсағанын өзі де емес, өзгелер айтып тауыса алмайды.
Өмірзақ АЙТБАЙ,
академик.
Биік-биік армандарын соңындағы ұрпаққа аманат етіп, ертерек кеткен Мұхтар Ғалиұлы сынды адамның ұлы қасиеттері өзі тәрбие берген жастарға дарысын дер едім. Мұхаңның: «Заман өзгеріп келеді. Жастарды жаңа рухта бағыттау — біздің парымыз», — деген ұлағатты пайымы осындай аса мазмұнды істің нәтижесін нұсқағаны деп санаймын.
Фариза ОҢҒАРСЫНОВА,
ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері.
Ұлттық рухани дүниені құрайтын ұлттық рухтың ерекшелігін сыртқа шығаратын тіл, дін, салт-дәстүр т.б. сияқты шарттарды атап, олардың әрқайсысы жөнінде жеке-жеке ой толғағанда, лингвист Арыновтың тек өз пәнінің маманы болып қалмай ғылым көкжиегіне кеңірек көз салған жан-жақты ғалым екендігін сөзсіз мойындаймыз.
Рабиға СЫЗДЫҚ,
академик.
Мұхаң қазақ, неміс және орыс тілдерін жетік меңгерген ардақты ұстаз болатын. Оның ұлттық рухы мен намысы іштей ұштасып жататын. Мұхаң өз ақылын, қайратын және жүрегін бірлікте ұстап, қысқа өмірде өшпес із қалдырды.
Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ,
академик.
Еліміздің «Ақтаңдақтарының» мұраларын қалың қауымның игілігіне жарату, түрлі мәдени шаралар ұйымдастыру, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру сияқты ел мәртебесін көтеретін жұмыстарды ұйымдастырып, істің сапасына айрықша көңіл бөлетін, әлемге танымал, беделді ғалымдармен ой жарыстыратын ірі тұлға еді.
Мырзатай СЕРҒАЛИЕВ,
академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Өнер туралы сөз қозғағанда Мұхтар Ғалиұлы мүлде басқа Мұхтар болып сұқтандыратын. Бал сезімі бой бермей, көңілі асқақта, бір еркебұлан ақынша шалқып тұратын. Жердей төзімді, таудай зілді, теңіздей терең болып көрінетін. Өте сабырлы, асып-саспайтын мығым, нығыз жанның шабыттана сөйлегенін көріп, Мұхтардың нәзік жүрегінің лүпілін үнсіз тыңдап, жаным исінетін.
Ілия ЖАҚАНОВ,
сазгер, жазушы, публицист,
Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері.
«Бес анық» атты ұрпаққа мұра болып қалатын еңбегіндегі Мұхтар Ғалиұлының педагогикалық көзқарасы, тіл, дін жайлы тұжырым-түйіндері, тарихи топшылаулары ешкімге ұқсамайтын соны ойлардың өрісінде жатыр. Меніңше, осы кітап егемендік алған заманымызда болашақ ұрпағымызды тәрбиелеуде де құбылнама боларлықтай қасиеті бар еңбек екенінде дау жоқ.
Қалтай МҰХАМЕДЖАНОВ,
Қазақстанның халық жазушы.
Қаланы немесе аймақты таңдаңыз:
Қонақ үй броньдау