Ақтөбе

      Ұлан-байтақ Қазақ Елінің барлық өңірлері сияқты Ақтөбе өңірінің де кәрі тарихы өз бастауын есте жоқ ескі замандардан алады. Еуразияның асыл белдігі сияқты Ұлы Даланың орасан зор аймағын қамтитын Ақтөбе жерінің тау-тасы мен өзен-өткелі, көлі мен шөлі, киелі топырағы небір тарихтың, осы құрылықты мекендеген жүздеген ұлттар мен ұлыстардың талайына бұйырып, маңдайына жазылған талай тағдырлардың, небір қанкешулер мен қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бақытты дәурендердің куәсі болғанына дау жоқ.
      Сонау Алтай бөктеріндегі киелі Өтікеннен өрбідік дейтін көк түркілері адамзат тарихында бірінші боп ат жалын тартып мініп, бірінші боп тегермешті ойлап тауып, арбаға қос артқалы жайлы қоныс, жаңа жұрт іздеген жұрттың бірнеше мәрте батысқа маңдай түзеп, үдере көшкені анық. Соның адамзат есінде қалғаны Халықтардың Ұлы Көші десек, ғасырлар бойғы ұлы дүрмектің бәрі дәл осы өңірді айналып өте алмаған. Ақтөбе өңірімен өтпеген көш о кезде сиреп үлгермеген Сібір ормандарына, не болмаса, Хазар теңізіне (Каспиге) барып тірелер еді.
      Аймақтың көне тарихының терең болмағы, оның топырағында, жел жеп, уақыт мүжіген тау-тасында арғы замандар жәдігерліктерінің жұқаналары жататыны, өзегі ақиқаттан өрбіген небір асыл аңыз-әфсаналар жұқаналарының осы өңірді атажұрт деп таныған, сүйген, қастерлеген бүгінгі ұрпақтың санасынан өшпейтіні содан: Ақтөбе жері тоғыз жолдың торабын тоғыстырған ұлы Өткел іспеттес. Әлі де солай...
      Шығысы мен түстік-шығысында Қостанай, Қарағанды, түстігі мен түстік-батысында Қызылорда, Маңғыстау, батысы мен теріскей-батысында Атырау, Батыс Қазақстан, ал терістігінде Ресеймен шектесетін  Ақтөбе облысы — Қазақ елінің батыс бөлігіндегі геосаяси, экономикалық һәм стратегиялық маңызы зор, жер қойнауы өте бай, экономикалық әлеуеті басым өңір. Халық саны 713,9 мың адам (облыс бойынша).
      Арғы тарихта гиперборейлер мен аорстар, одан соң сарматтар, сақтар, бертінде оғыздар, жалпы атауы «қыпшақтар» болып аталатын түркі текті тайпапар, одан беріде Жошы ұлысы, Алтын Орда ыдыраған соң Ноғайлының аруағы басым жұрты мекендеген осы өңірдің тарихы мен тарихи тұлғалары, ерлігімең даналығымен, өнерімен тұстастарын таңдандырып қана қоймай, ұлысқа ұран, ұлтқа мәңгілік өнеге бола білген ұл-қыздары туралы мыңдаған құдіретті кітаптар жазуға болар еді.
      Осы өңірмен күллі Еуропаға бас идіріп, Рим императорын тізерлеп тағзым етуге мәжбүр еткен, Византияның елшісі Марцеллин таңдайын қаға таңданған сақтардың ұлы патшасы Еділ —Атилла батырдың қосыны да, Таң (Дон) мен Еділдің ер болмысты билеушілері Қотан мен Аққұбылдың алауыздығын пайдалану арқылы ғана туын Еділ бойына тіге алған Батудың түменбасы, Шығысханның құдіретті қолбасшысы Сүбітай баһадүрдің қалың қолы да, Алтын Орда ханы Тоқтамыстың, оны өкшелей қуған «жігіттің падишасы» Өмір Темірдің қаһарлы жасағы да, Алтын Орда хандарының бітіспес қарсыласы Едігенің әскері де,... беріде, Алтын Ордадағы аласапыран тұсында, Жәнібектің, Әбілқайыр мен Барақтың жұрты да, одан беріде күллі қазақ халқының болашақ тарихи тағдырын кескілескен ұлы шайқастарда да, үлкен саяси аренда да шешіп берген, тарихтың сын сағат, қатерлі өткелінде қазақтың ел болып қалуына бірден-бір себепкер болған, Ордабасы жиынынан көп бұрын, «Ақтабан шұбырынды» тұсында санасын үрей билеп, пышыраған қазақтың басын бір тудың астына қосып, Торғай—Арал шебінде қалмақтарға тойтарыс берген, одан соңғы ұлы шайқастарды басқарып, қазақ елін азат еткен Әбілқайыр баһадүр-ханның құдіретті әскері де жүріп өткен-ді...
      Қазақтың өзіне ғана тиесілі бергі тарихы осы өңірде, әйгілі Хантөрткүлде ұлы жырау, абыз Асанқайғы Қарғабойлы Қазтуған, өз ұлы Абаттармен бірге ел тағдырын ойлап, мәжіліс құрғанын айтады...
      Түркі өркениетінің көне жұрты ежелгі Мұғалжар тауының төңірегінде дәуірлегенін ұлы ориенталистер бірауыздан мойындаса, осы өлкеде арғы қазақтар дәуірінде көне қалалардың көп болғанын археологтар дәлелдеп жатыр. Ащыбас-Шат, Күйгенқала, Мәулімберді, Абат-Байтақ сынды ескі қалалар жұрты арғы тарихқа мегзейді. Балғасын мен Доңызтау құпияларына ғалымдар енді ғана назар аудара бастаса, күллі қазақ ұлтының бірнеше ұрпағына ерлік пен елсүйгіштіктің өнегесі болған эпос кейіпкері Қарақыпшақ Қобыландының асыл сүйегі жатқан Жиренқопада ғылым жолымен анықталған ақиқат негізінде батырдың басына тас қойылып, салтанатты мемориалдық кешен ашылып, эпос кейіпкері тұңғыш рет жалпыұлттық, жалпытүркілік деңгейде ұлықталып отыр.
       Бұл өңір атышулы Әбілқайыр ханның, Әйтеке бидің, XV ғасырдың ұлы батыры Қобыландының, Арал мен Әжібай, Алтай мен Алыбай, Бөкенбай мен Есет Көкіұлы, Асау мен Барақ, Жоламан мен Бақтыбай, Көтібар мен оның ұлы Есет, Қарағұл мен Қайдауыл сынды көптеген ел қорғаған батырлардың, ұлы ойшыл Мөңке би, Шернияз, Ақтан, Сары, Саршолақ сияқты ондаған ұлы ақын-жыраулардың, дана күйші Қазанғап бастаған сазгерлердің мекені.
      Жоңғарлардың, Ресей империясының басқыншылығына қарсы күрес осы өңірде үздіксіз жүргізілді. Өз бостандығы үшін күрескен халықтың басынан талай ауыр замандар өтті, қаны аяусыз төгілді. Беріде осы өңір халқы ақ пен қызыл болып бөлініп, ұзақ қырқысқан Ресей қоғамының теперішін де молынан көріп, революцияның, ұжымдастыру мен отырықшыландырудың, қолдан ұйымдастырылған аштықтың ауыр зардаптарына душар болды.
      Алайда, халық рухын, атамекені мен бостандығына, тәуелсіздігіне деген сүйіспеншілігін бір сәтке де кеміткен жоқ. Қажырлы, дарынды ұл-қыздарын өсіріп, болашаққа беттеген киелі көшін жалғады. Ақтөбе өңірі әйгілі лингвист, түркітанушы Құдайберген Жұбанов пен академик Сақтаған Бәйішевтерден басталатын ондаған ірі ғалымдардың, Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргеновтерден басталатын ірі мемлекет қайраткерлерінің, Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев, Сағи Жиенбаев бастаған ондаған дарынды ақын-жазушылардың, әйгілі академик Ахмет Жұбанов бастаған сазгерлер мен суретшілердің, өзге де өнер тарландарының атамекені.
      Ақтөбе жері әйгілі батыр бабаларының даңқын Ұлы Отан соғысы жылдарында да лайықты түрде жалғастырды.
      Ақтөбе сол жылдары күллі кеңестік Шығыстан шыққан екі батыр қыздың бірі — Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың, Кеңес Одағының Батыры Хиуаз Доспанованың есімдерін мақтан етеді. Сол жылдары Ақтөбеде құрылған 312-атқыштар дивизиясы және 101-ұлттық бригада жауынгерлері Мәскеу түбіндегі фашист басқыншыларына қарсы күресте асқан ерліктің үлгісін көрсетті. 129-минометшілер полкі де даңққа бөленді. Майданға аттанған 15 мыңға жуық ақтөбеліктер жауынгерлік орден-медальдармен марапатталып, 24 адам Кеңес Одағының батыры, үш адам Даңқ орденінің толық иегері атанды.
      Ақтөбе халқы жасампаз еңбекте де тамаша үлгілер көрсетті. Облыстың ондаған еңбекшілері Социалистік Еңбек Ері атағын алып, жүздеген еңбек тарландары құрметті атақтармен, орден-медальдармен марапатталды. Ақ тарыдан өнім алуда әлемдік рекорд жасаған әйгілі диқан, Ғ.Мұстафиннің «Миллионер» хикаятына, Б.Брехттің «Тары» поэмасына кейіпкер болып, есімі дүние жүзіне танылған ұлы еңбеккер Шығанақ Берсеевтің еңбектегі үлгісі ақтөбеліктердің бүгінгі ұрпақтары үшін асқақ идеалға айналып отыр.
      Белгілі ғарышкерлер В.М.Пацаев пен Ю.В.Лончаков - Ақтөбе өңірінің түлектері.
      Ақтөбенің ең басты байлығы — ерлік пен мәрттікті, парасаттылық пен біліктілікті, ата-бабаларының асқақ рухын құбыланама етіп ұстанған, қазіргі Қазақ елінің мәртебесі биіктей беруі үшін еңбек етіп, ізденіп жатқан, ертеңгі күнге берік сеніммен қарайтын, ауызбіршілігі мықты ақтөбеліктер.
      Кеңес Одағы тұсында орасан зор экономикалық табыстарға жетіп, ғылымда, мәдени һәм рухани өмірде биіктен көріне білген Ақтөбе облысы қазір, мемлекетіміздің іргесі бекіп, әлемге танылып отырған, халқымыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген межеге — еліміздің әлемнің ең таңдаулы елу елінің санатына қосылуы үшін құлшынып отырған тарихи кезеңде де абырой биігінен көрініп отыр. Соңғы төрт жылда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы еселеп артты, Ақтөбе жалпы ел экономикасын, ел бюджетін қолдай алатын донар аймаққа айналды. 2005 жылғы рейтингтік көрсеткіштер бойынша облыс барлық салалар бойынша бірінші орынға шықты. Бұл — ел экономикасы үшін өте ауыр, Кеңес Одағының ыдырауы мен жаңа үрдіске көшкен экономиканың өтпелі кезеңіне байланысты орын алған қиындықтар елді едәуір қалжыратқан кезеңдерде болашақ экономикалық, әлеуметтік дамудың іргетасы дұрыс қаланғанының және соңғы төрт жыл ішіндегі саяси һәм экономикалық басшылықтың серпінділігінің нәтижесі. Облысты 7 жыл бойы басқарған Аслан Мусин ауыр кезеңнен экономиканы дағдарыссыз алып шығып, экономикалық дамудың берік іргетасын қалыптастырса, осы өңірдің перзенті, экономика ғылымдарының докторы, тамаша үйымдастырушы, парасатты басшы Елеусін Сағындықовтың соңғы үш жыл ішіндегі серпінді, білікті басшылығы Ақтөбені, Елбасы сөзімен айтсақ, «ел экономикасының локомотивіне» айналдырды.
      Ақтөбе — экономикалық потенциалы мол, жер қойнауы өте бай, интеллектуалдық және мәдени деңгейі өте жоғары өңір. Осы мол мүмкіндікті біліктілікпен, замана үрдістеріне сай пайдалану облыстың жедел дамуына, үздіксіз көркеюіне мүмкіндік беріп отыр. Ақтөбе жерінің қойнауында еліміздегі барланған мұнай қорының 10 пайызы, болжанған көмірсутек шикізатының 30 пайызы бар. Қазақстан хромының 100 пайызы да осында. Хром рудалары қоры бойынша облыс әлемде екінші орынды (400 млн.тоннадан астам) иемденсе, мыс рудасының қоры (100 млн. тонна) және мұнайдың өндірістік қоры бойынша республикада үшінші, газ қоры бойынша төртінші орында.
      Еліміздегі никельдің 55 пайызы, титанның 40 пайызы, фосфориттердің 34 пайызы, цинктің 4,7 пайызы, мыстың 3,6 пайызы, аллюминийдің 2 пайызы, тас көмірдің 1,4 пайызы Ақтөбе жерінде. Мұндағы жер қойнауында алтын, күміс, кобальт, калий тұздары, асбест, каолин, әйнектік және түсті тастық шикізаттар, табиғи әшекей материалдары, мұнайбитумды кендер, минералды сулар, құрылыс материалдарына қажетті шикізаттар, өзге де табиғи байлықтар бар.
      Облыста егін және мал шаруашылығын дамытудың мүмкіндіктері де жеткілікті. Солтүстіктегі құнарлы жерлерге орналасқан аудандар егін салумен, асыл тұқымды мал өсірумен айналысса, жерінің дені шөлейт болып келетін аудандар халқы негізінен мал өсіреді.
      Үлкен аймаққа орналасқан облыстың табиғаты далаға тән көркемдігімен ерекшеленеді. Көне таулар санатындағы ежелгі Мұғалжар—Орал тауларының далаға сіңген сілемдері. Ор, Елек, Қобда, Ойыл, Ырғыз, Жем, Сағыз өзендері мен ұсақ өзендер, ең ірілері мен көркемдері Ырғыз ауданына орналасқан дала көлдері — облыстың негізгі су ресурстары. Аймақтың құрғақ континентальды климатының тепе-теңдігі осы табиғи су көздеріне байланысты. Ырғыз ауданының жерінде 1967 жылы ұйымдастырылған Торғай мемлекеттік қорығы — облыстың мақтанышы. Ірі көлдер мен өзендер (Торғай, Өлкейек, Телғара, Ырғыз) орналасқан осы аймақта 29 түрлі аң, 30 түрі Қызыл Кітапқа енгізілген 170 құс түрлері бар. Қарғалы, Елек, Қобда аудандарында бұлан, Байғанин, Ойыл жерінде қарақұйрық сияқты аңдар, Ырғыз Шалқар өңірінде киік пен жабайы шошқа кездеседі.
      Осындай бай да байтақ өңірдің білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, көлік салалары ерекше қарқынмен дамып, жыл санап жақсарып келеді.
      Ақтөбеде бүкіл еліміздің мақтанышы болып отырған Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Медицина Академиясы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекетгік университеті, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты, М.Тынышбаев атындағы көлік және коммуникациялар академиясының, Қазақ мемлекеттік Заң Академиясының, Экономика және статистика академиясының, Орталық Азия университетінің институттары мен филиалдары, С.Бәйішев атындағы университет сияқты ірі жоғарғы оқу орындары, әрқилы мамандықтар бойынша білім беретін 21 колледж, 16 кәсіптік лицей, 474 жалпы білім беретін мектеп, 99 мектепке дейінгі мекеме, 5 арнайы мекеме жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп отыр.
      Денсаулық сақтау саласы жыл сайын жақсарып, халық денсаулығының игі көрсеткіштері көтеріліп келеді. Облыста 251 дербес амбулаториялық-емханалық мекеменің 121-і, 60 аурухананың 41-і мемлекеттің меншігінде. 12 аудандық, 5 туберкулез, 1 қалалық, 12 ауылдық ауруханалар, 113 дәрігерлік амбулаториялар мен 208 медициналық пункттер, 31 шағын медпункттер облыс жұртшылығының денсаулығын сақтаумен айналысып отыр. Ақтөбе — медицина ғылымы мен ғалым-дәрігерлерлері ерекше биік деңгейге көтерілген өңір. Осындағы Медицина Академиясы білгір дәрігерлер мен медицина ғалымдарының ерекше ұстаханасы іспеттес. Әйгілі хирург Намаз Ізімбергенов, ғалым-хирург Жақсылық Досқалиев сияқты көптеген медицина қызметкерлері отандық медицинаның мақтанышына айналып отыр.
      Ақтөбе спортының даңқы да ерекше. Сидней Олимпиадасының чемпионы, халықтың мақтанышы Ермахан Ыбырайымов сол кезде қала әкімі болған, бокстан КСРО спорт шебері Е.Сағындықовтың (қазіргі облыс әкімі) шақыруымен Ақтөбеге келіп, Олимпиялық резерв спорт мектебін ашты, осы қалада жаттықты. Кейін ол өз жеңісін Ақтөбе қаласына арнады, ал ақтөбеліктер оны өз қаһарманы ретінде қуанышпен қарсы алды. Әлем чемпионы, боксшы Галиб Жафаров, Әлемнің бес дүркін чемпионы, самбодан еңбек сіңірген спорт шебері Асхат Шахаров, кикбоксингтен әлем чемпиондары Азамат Төлегенов пен Азат Сыдықов сияқты ондаған спорт шеберлері Ақтөбенің даңқын асқақтатып жүр. Ал «Ақтөбе» футбол командасы Қазақстан Республикасының чемпионы дәрежесіне көтерілді. Ақтөбенің спорт кешендері, спорт мектептері тамаша спортшылар әзірлеп шығарып отыр. Облыс спортшылары 700-ден астам халықаралық, республикалық чемпионаттар мен турнирлерге қатысып, 84 алтын, 200-ден астам күміс, 100-ден астам қола медальдарды жеңіп алған.
      Қарышты дамып келе жатқан облыс жұртшылығының тұрмысы, әлеуметтік жағдайы ерекше қарқынмен жақсарып келеді. Жаңа мектептер, ауруханалар, мәдениет үйлері, мәдени нысандар, ірі сауда орталықтары, тұрғын үйлер саны соңғы екі жылда 2-2,5 есеге көбейді. Әсіресе, тұрғын үй құрылысы ерекше көбейіп, осы сала бойынша облыс республика бойынша алдыңғы қатарға шықты.
      Осынша жедел дамудың себепкері — білікті басшылықтың арқасында замана үрдісіне мейлінше сай ұйымдастырылған экономиканың өсуі, Елбасы белгілеген міндеттердің уақытылы және сапалы түрде жүзеге асырылуы, болашаққа деген сенімі берік облыс жұртшылығының барлық салада көрсетіп отырған күш-жігері.
      Ақтөбе өңірінің қарыштай дамуын 2006 жыл қорытындыларының бірер көрсеткіштерінен айқын аңғаруға болады:
      - Өндірістік өнімнің жалпы көлемі облыс тарихында 500 миллиардық межеден тұңғыш рет асып 620,0 млрд теңге болды. Бүл 2005 жылғыдан 101,3 млрд. теңгеге артық!
      - Өңдеуші   өнеркәсіп   өнімі   көлемінің  өсуі   бойынша   облыс   еліміздегі   озат  үштік қатарына қосылды!
      - Құны 308,6 млрд теңгелік 71 жоба жүзеге асса, оның 52-і — өңдеуші кәсіпорындар;
      - Жылына 200 мың тонна мыс концентратын шығаратын Көктау тау-кен комбинаты іске қосылды.   Бұл бір жылдан астам уақыт ішінде, құла түзде орнаған ірі комбинат. Оның екінші кезегі 2008 жылы іске қосылып, жылына 47 мың тонна цинк концентратын шығарады, ал  мыс  өнімі   260  мың  тоннаға   жеткізіледі.   Енді   осы  жерде   нақты   өнім   шығаратын металлургия зауыты салынбақ;
      Мұның бәрі индустриалдық-инновациялық даму Стратегиясы шараларын жүзеге асыру, қосымша құн деңгейі жоғары өнім шығаруға бағытталған жоғары технологиялы өндірісті құру арқылы мүмкін болып отыр.
      - Ауыл шаруашылығын қолдау үшін 3,7 млрд. теңге бөлініп, игерілген, 2,0 млрд. теңге несие, 385 млн. теңге субсидия берілген;
      - бір жыл ішінде 3671 отбасы жаңа үйге ие болды;
      - небәрі 425,8 мың шаршы метр түрғын үй пайдалануға берілді;
      -  білім саласына 20,3 млрд, теңге, денсаулық сақтауға 11,3 млрд. теңге, мәдениет саласында 1567,9 млн. теңге бөлінді.
      Экономиканың өркендеуіне ірі және орта бизнес, инвесторлар, кәсіпкерлер өлшеусіз үлес қосып отыр. Облыста шығатын өнімнің 94 пайызын аса ірі өнеркәсіп мекемелері — «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» ААҚ, «Казхром» трансұлттық корпорациясына қарасты Дөң кен байыту комбинаты, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» ААҚ, «Авиажөндеу зауыты 406 ГА» ААҚ, «Актюбрентген» ААҚ шығарады. Ақтөбе облысының аса ірі кәсіпорындары санатында «Ақтөбеқұрылыс», «Өмірбек», «КБК «Великая стена», «Көктас-Ақтөбе», «Жорға-РД», «ЖАК» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері де бар. Аталмыш кәсіпорындар өз өнімдерін өндірумен ғана шектелмей, әлеуметтік, мәдени және рухани салаларда ірі істерді жүзеге асырып жүр.
      Облыстың әуе, темір жол, жол қатынастары соңғы жылдары жедел дамып келеді. Ақтөбе аэропортының ұшу алаңы халықаралық стандарттарға сай етіп қайта салынды, енді жолаушылар мен жүк терминалдары жаңартылып жатыр. Ақтөбені Астанаға жалғайтын темір жол мен тас жолдың облыс территориясындағы бөлігі пайдалануға беріліп, Шымкент-Самара, Ақтөбе-Орал, Ақтөбе-Атырау жолдары мен ішкі жолдарды салу мен жөндеу қызу жүргізіліп жатыр.
      Индустриялық-инновациялық стратегия аясында құны 8 миллиард АҚШ долларына тең 120-дан астам инвестициялық жоба әзірлеп, жүзеге асыра бастады. Оның жетеуі «Қазақстанның 30 корпоративті жетекшісі» атты мемлекеттік бағдарламаға енгізілді. Мұның ішінде жылына 6 млрд. текше метр газ өңдейтін Жаңажол газ өңдеу зауытының, Ақтөбедегі электрометаллургия зауытының, мыс балқыту зауыты мен кен байыту комбинатының, жылына 21,7 млн шаршы метр өнім беретін әйнек зауытының, хром рудаларын байыту комбинатының, жылына 1200 теміржол вагонын шығаратын зауыттың құрылыстары мен Самара-Шымкент тас жолының 410 шақырымдық бөлігін толық жөндеу жобалары бар. Олардың жалпы құны 3 миллиард доллар.
      Қазіргі Ақтөбе өңірі — күн санап көркейіп, өте күшті қарқынмен дамып, халқының әлеуметтік, мәдени, рухани дәрежесі үздіксіз шарықтап келе жатқан аймақ. Оның болашағы бүгінгіден де сәулетті боларына сенім мол Мұның кепілі — қуаттана түскен экономика, білімі мен білігі, мәдени, интеллектуалдық, рухани деңгейі жоғары, әлеуметтік белсенділігі күшті, ауызбіршілігі мықты жұртшылық пен сол жұрт бірауыздан қолдап отырған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясаты, кемеңгер ақыл-ойы. Бұған облыс басшысы мен жергілікті биліктің білгірлігін, серпінді қимылын да қосуға болады.
      Қысқа қайырсақ, Ақтөбе мақтан тұтуға тұрарлық өңір, осындағы жаны сергек, жүзі жылы, күш-жігері мол жүртшылықтың атамекені.
 
     
Ақтөбені толық білгіңіз келсе — келіңіз!

 

      

      Авторы: Мейірхан Ақдәулетұлы

         

Қаланы немесе аймақты таңдаңыз:

Қонақ үй броньдау

Броньдау

Қала Қонақтар
Келу күні