Жалпы ақпарат

Оңтүстік Қазақстан облысы республиканың ең ірі аймақтарының бірі болып табылады және шығысында – Жамбыл, солтүстігінде – Қарағанды, батысында – Кызылорда облыстарымен, оңтүстігінде – Өзбекстанмен шекаралас жатыр. Облыс аумағы – 117,3 мың шаршы шақырым, мұнда 2,5 млн. шамасында халық тұрады.
Облыстың әкімшілік-аумақтық құрылымына 4 – облыстық, 4 – аудандық бағыныстағы қалалар, 11 ауылдық аудандар кіреді. Қала халқының үлес салмағы – 36,8 пайыз. Облыс орталығы – Шымкент қаласы.
Аумақ – барит, көмір, темір және полиметалл рудаларына, бентонитті саз балшыққа, вермикулит, тальк, әк тас, гранит, мрамор, гипске, кварцтық құм сияқты пайдалы қазбаларға бай. Облыс уран қоры бойынша республикада – бірінші, фосфорит пен темір рудасы бойынша – үшінші орынды алады.
Облыста жалпы ұзындығы 444,6 шақырым, екі бағыттағы темір жол, 5,2 мың шақырым жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары бар, оның 5,1 мың шақырымы – қатты төселімдегі жолдар.
Азаматтық авиация ұзындығы 27 мың шақырым әуе жолында жұмыс жасайды.
Облыс орталығы – Оренбург-Ташкент және Түркістан-Сібір халықаралық көлік магистральдарының түйіскен жерінде орналасқан. Бұдан бөлек, Ташкент-Шымкент-Тараз-Алматы және Ташкент-Шымкент- Түркістан-Самара автомагистральдары арқылы ыңғайлы байланыс орнатылған.
Облыста Қазақстан бойынша республикада өндірілетін өнеркәсіп өнімінің 2,0 пайызын өндіретін 182 ірі және орта кәсіпорындар жұмыс істейді. Облыс бойынша өндірілетін өнімдердің жалпы көлемінен төмендегі салалардың алатын үлесі:

мұнай өңдеу – 8,9%;
тігін және тоқыма өнеркәсібі – 4,8%;
электр қуаты, газ бен су өндіру және тарату – 10,6%;
тамақ өнімдері мен темекі – 38,0%;
химия – 3,6%;
машина жасау – 5,8%;
басқа салалар бойынша – 28,3%.
Республика бойынша ең ірі кәсіпорындар қатарына «ПетроКазахстан ойл Продактс» ЖШС, «Южполиметалл ӨК» АҚ, «Шымкент цемент» АҚ, «Химфарм» ААҚ, «Шымкентпиво» ЖШС және «Джей Ти Ай Сентрал Азия» ЖАҚ, «Алтын Дән» ЖШС т.б. кіреді.
Оңтүстік Қазақстан облысында едәуір өндірістік-экономикалық мүмкіндіктер бар. Бұл - Қазақстанның еңбек күшінің ең көп шоғырланған аймақтарының бірі.
Облыс – мақта, тері шикізаты, өсімдік майы, жеміс, көкөніс, жүзім, бақша дақылдары, макарон, темекі өнімдері, сыра, алкогольсіз сусындардың ең ірі өндірушісі және өткізушісі болып табылады. Облыста сонымен қатар, қорғасын, цемент, жанар-жағар май, шифер, шина, экскаватор, трансформатор, ұйық-шұлық, тігін бұйымдары, жиһаз шығарылады.
Экспорттық байланыстар дүние жүзінің 47 мемлекетімен (8-таяу және 39-алыс шетелдермен) жүргізілсе, облысқа тауарлар 87 мемлекеттен жеткізіледі.
Экспорттың тауарлық құрылымында негізгі үлесті минералды өнімдер – 38,1%, химиялық өнімдер – 24,1%, азық-түлік тауарлары – 20,3%, тоқыма және тоқыма бұйымдары – 11,9%, металдар және оның бұйымдары – 4,3%, басқалар – 1,3% құрайды.
Импорттың тауарлық құрылымында негізгі үлесті машиналар, құрал-жабдықтар, көлік құралдары – 40,8%, минералды өнімдер – 18,9%, химия өнімдері – 11,2%, азық-түлік тауарлары – 9,9%, металдар және оның бұйымдары – 9,1%, басқалары – 10,1 пайыздық үлесін құрайды.
Облыстың климаттық жағдайы ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы.
Бұл саланың құрылымында, негізгі өнім түрлері мақта, дәнді дақылдар, көкөніс және бақша дақылдары болып табылатын, өсімдік шаруашылығының үлес салмағы – 54,3 пайыз. Ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемінде 45,7 пайыз мал шаруашылығына тиесілі. Мал шаруашылығында ет, сүт және жұмыртқа өндіру негізгі орынды алады.
Облыс дамуының басымды бағыттарының бірі – шағын кәсіпкерлікті дамыту болып табылады. Шағын бизнес бәсекеге қабілетті, динамикалы және диверсификацияланған экономика құруға үлесін қосуға тиісті.
Қазіргі таңда, облыста 145,1 мың шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, оның ішінде 16,7 мыңы – заңды тұлғалар. Шымкент қаласына облыстың шағын кәсіпкерлік құрылымының 26,9 пайыздық үлесі тиесілі.
Экономиканың нақты секторындағы салалық бағыттары бойынша шағын кәсіпкерлік субъектілерінің 46,8% – ауыл шаруашылығымен, саудамен – 28,4% айналысады, ал керісінше, көлік және байланыспен – 4,5%, өнеркәсіп өндірісімен – 1,8%, мейрамхана бизнесімен – 2,1%, құрылыспен – 1,9% және басқа да қызмет түрлерімен – 14,5% шұғылданады.
Қазіргі таңда облыс бойынша шағын кәсіпкерлікпен 340,7 мың адам, немесе облыс экономикасында жұмыс істейтін халықтың 30,0% айналысады.
Облыс аумағында 516,2 мың оқушы оқитын 1032 жалпы білім беретін мектептер, 24,7 мың мектепке дейінгі жастағы балаларды тәрбиелейтін 183 мекеме бар.
Облыста 4 мемлекеттік жоғарғы оқу орындары, оның ішінде: Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медициналық академиясы, Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті, Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент институты және де 9 жекеменшік жоғарғы оқу орындары мамандар даярлайды.
Халыққа медициналық көмекті 115 – аурухана, 128 – отбасылық дәрігерлік амбулатория мен дәрігерлік амбулатория және 29 алғашқы медико-санитарлық көмек көрсету орталықтары көрсетеді. Онда 6,4 мың дәрігерлер мен 16,7 мың орта буынды медицина мамандары қызмет етеді (алдын-ала мәлімет).
Облыста тарихи-ағартушылық, ғылыми-техникалық, шығармашылық, қайырымдылық және тағы да басқа жұмыстарға белсене араласатын 10 саяси партиялардың бөлімшелері, 20 ұлттық-мәдени орталықтар, 71 жастар қоғамдық бірлестіктері жұмыс істейді.
Сонымен қатар, мұнда облыстық газеттер «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан», «Дустлик байроги», қалалық газеттер «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента», бұдан басқа «Айғақ», «Шара-Бара» және басқа газеттер басылып шығарылуда.
Облыс аумағында емдеу және демалысқа пайдалануға болатын табиғи ресурстар бар. Оларға жұмыс істеп тұрған Сарыағаш шипажайының минералды сулары жатады. Ауа-райы қолайлы Кентау қаласынан 20 шақырым оңтүстікте Қаратау бөктерін, Шаға өзенінің әдемі аңғарындағы шипалы минералды, термалды су скважиналарын, Манкент селосы аумағында және Ордабасы ауданының орталығы – Темірлан елді мекенінің жанындағы термалды су көздерін, сонымен қатар, Ақсу, Түлкібас және Тұрар Рысқұлов ауылының аумақтарын жүрек-тамыр аурулары бар адамдардың емделуіне қажетті жағдайлар жасауға болады.
Ақсу Жабағлы қорығының аумағы, Шымкент қаласының шығысы мен оңтүстік-шығысында орналасқан Өгем жотасының тау бөктері, Қаржантау таулары, Боралдай жотасы мен Арыс, Машат, Сайрамсу, Сырдария, Ақсу, Бадам өзендерінің аңғарларында да демалыс аймақтарын ұйымдастыруға қолайлы болып табылады.

 

Қаланы немесе аймақты таңдаңыз:

Қонақ үй броньдау

Броньдау

Қала Қонақтар
Келу күні