ЕҢБЕК ЕРІНЕ ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ

Сәлима Жұмабекова еңбек жолын Қармақшы ауданы, Ақжар ауылында сауыншылықтан бастап, түрлі салада жұмыс жасаған. Әр жылдары байланысшы, құрылысшы болып ел тірлігін түзетуге үлес қосқан. Алпысыншы жылдардың ортасында ауылдық кеңесті басқарған Жұмабекованың жұлдызды сәті күріш шаруашылығымен байланысты болады. Он бір бала тәрбиелеген Батыр ананың Сыр мар­жанын өсірудегі өлшеусіз еңбегі елеусіз қалған жоқ. Осыған дейін «Құрмет белгісі», «Ле­нин» ордендерімен марапатталған Сәлима апа 1980 жылы Социалистік Еңбек Ері атанды. Ал 2000 жылы «Ғасырдың батыр анасы» атағын алып, келер жылы Астанада Ел­басының қабылдауында болды. Аңыз ананың 70 жасқа толуына орай 2005 жылы «Сыр сұлуы, Батыр ана - Сәлима» атты деректі жинақ құрастырылып, арнаулы телехабар түсірілді.

Салтанатты жиын барысында облыс әкімі Болатбек Баянұлы мерейтой иесіне Елбасының құттықтау хатын табыстады. Мұнан кейін облыстың Құрмет грамотасын тапсырған аймақ басшысы абзал анаға камзол кигізіп, темір тұлпар мінгізді.

Елі мен Елбасының құрметіне бөленген Батыр ана жиналғандарға ақ батасын беріп, ризашылығын білдірді.

- Менің төккен терім мен елім үшін жасаған еңбегімді елеп, марапаттап жатқан Президен­тіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа мың алғыс! Барлықтарыңның отбастарың аман, еліміз тыныш болсын! - деді.

Түстен кейін А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет орталығында еңбектен бақытын тапқан қос жұлдызды ана Сәлима Жұмабекованың 75 жылдық мерейтойы одан әрі жалғасты. Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Рзақұл Нұртаев мерейтой иесіне облыс әкімінің құттықтауын табыс етті.

Мерекені ұйымдастырған Қармақшы аудандық әкімдігі мен «Сыр күрішшілері» ассоциациясы «Ғасырдың Батыр анасы» атағына ие болған С.Жұмабекованы ұлықтау арқылы өскелең ұрпаққа еңбек ер атандыратынын ұғындыруды мақсат еткен. Мерейгерді құттықтаушылар облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов, Қармақ­шы ауданының әкімі Биғали Қаюпов, М.Әуезов атындағы мемлекеттік университеттің ректоры Уәлихан Бишімбаев, Еңбек Ері Ұзақ Еспанов Сәлима апаның әлі күнге дейін елдік істерге жанашырлық танытып келе жатқан белсенділігін атап өтті.

Салтанатты жиында Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының әкімдері Бердібек Сапарбаевтан, Қырымбек Көшербаевтан, Парламент Сенаты мен Мәжілісі депутат­тарынан, облыстық мәслихат депутаттары мен аудан әкімдіктерінен келіп жатқан құттықтаулар оқылды.

Бүгінгі мерекені еңбекке, анаға құрмет көрсетудің озық үлгісі ретінде атап өтуге болады. Дүниеге 11 бала әкеліп, оларды азамат еткен ана бүгінде 35 немере мен 12 шөберенің шаттығына кенеліп отыр. Шалқып-тасыған көңіл күй, ән мен би, жан-жақтан ағылған жеделхаттар, құшақ-құшақ гүл шоқтарының ортасындағы Сәлима апа құрмет көрсеткен, арнайы жеделхат жолдаған Елбасына, халқына басын иіп алғысын жеткізді.
 

Пікірлер

Пікірлер жоқ.


Жіберу

Қаланы немесе аймақты таңдаңыз:

Қонақ үй броньдау

Броньдау

Қала Қонақтар
Келу күні