Антқа адалдық – ардың ісі

 «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қоры» қоғамдық қорының қолдауымен құрылған «Арыстан» мамандандырылған лицейдің негізгі мақсаты – қайырымдылық негізде сапалы білім беруді қамтамасыз етумен қатар, рухани бай, зерделі, дені сау, мәдениеті жоғары тұлға қалыптастыра отырып, өрендердің қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеп, ары қарай Қазақстанның қуатты құрылымында азаматтық борышын өтеуге даярлау болып табылады. Айбынды еліміздің әскери құрылымында қызмет етуді арман ететін қайратты да жігерлі жас өрендердің алға қойған мақсат-мұратына жетуге жетелейтін бұл лицейде республикамыздың түпкір-түпкірінен жиналған оқушылар білім алуда. Талабы таудай өрендерге есігін ай-қара ашқан алғашқы жылы лицейге 80 бала қабылданған. Биыл олар білім шаңырағының тұңғыш түлектері атанып, жоғары оқу орындарына қанат қақпақ. Бүгінде мұнда 240 оқушы білім алуда.
– Лицейді ашудағы мақсатымыз – әскери оқу орындарында білім алуға ниетті оқушыларды қабылдап, осы тұрғыда білім мен тәрбие беру болғандықтан өрендерге қойылар талап-тілек те өте жоғары. Ең бастысы, Елбасының Білім қорымен жасалғандықтан мұнда балалар тегін жатып, оқып, тамақпен, киім-кешекпен қамтамасыз етіледі. Мұндағы балалардың дені әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққандығын айта кетуіміз керек. Еліміздің әр түпкірінен бас қосатын балалар үш сатылы тест тапсырып, қабылданады. Олар қазақ, орыс және ағылшын тілін меңгеруге бейімделеді. Қазіргі күні балалардың білім сапасы өте жоғары. Сондықтан да, түлектеріміздің жоғары оқу орындарының грантын иеленуге мүмкіндігі мол деп білеміз. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен тығыз байланыс жасауымыздың нәтижесінде лицей түлектерінің басым көпшілігінің алыс-жақын шетелдерде білім алуына қамқорлық жасалмақшы, – дейді «Арыстан» мамандандырылған лицейдің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, генерал-майор Сәбит Тауланов.
Жас шыбықтай жайқалған жас ұландарымыздың әскери тәртіпке төселіп, еліміздің тепсе темір үзер мықты да күшті, білімді де білікті әскерилерінің қатарын толықтыруға бағытталған білім шаңырағының материалдық-техникалық базасы уақыт талабына сай заманауи құрылғылармен қамтамасыз етіліп, білім алумен қатар, әскери-спорттық дайындықтан өтуіне толыққанды жағдай жасалғандығына осында оқитын балалардың ата-аналары да дән риза. Оған акт залын, спорт алаңдары мен бассейнді еркін пайдалана алатындықтары дәлел. Жатын бөлмелерінің, асхана, сынып кабинеттерінің жарық та жайлы болуы мұндағы балалардың көңіл күйінің әрдайым көтеріңкі жүруіне айрықша ықпал етуде.

Пікірлер

Пікірлер жоқ.


Жіберу

Қаланы немесе аймақты таңдаңыз:

Қонақ үй броньдау

Броньдау

Қала Қонақтар
Келу күні