Шымкенттің енді «Астана» атты даңғылы бар

 Қаланың жаңадан атау берілген «Астана даңғылы» және Адырбеков көшелерінің қиылысынан таң сәріден жүріп өткен кез келген шымкенттік осы күні ғажайып бір көңіл күйге бөленері хақ еді. Олай дейтініміз, мұнда бүгін таңғы сағат 7:00-ден бастап мектеп оқушылары әсем бір дүниені түрлі түсті бояулармен салып жатқан еді. Шымкенттің белсенді білім ордаларынан жиналған 600-ге жуық оқушы қонақтардың алды жиналамын дегенше, әп-сәтте-ақ, асфальтті даңғылдың 500 метріне бүгінгі Елорданың әсем ғимараттары мен Тәуелсіз еліміздің жүзі бал-бұл жайнаған балғындарын бейнеледі. Таңғажайып суреттерді салуға бұл күні Астананың құрдасы Нұрдәулет БАҚДӘУЛЕТ те қатысты. Нұрдәулет БАҚДӘУЛЕТ, №44 мектептің оқушысы: «Бас қаламыздың туған күніне арнап, шырайлы Шымкентімізден осындай тарту ұйымдастырып жатқанымызға өз басым ерекше қуаныштымын. Өйткені, бүгін менің де туған күнім. Қос қуанышқа бөленіп, толқып тұрған жайым бар. Астанаға барғанмын. Ондағы зәулім үйлерді де көргенмін. Маған әсіресе, қаланың сәулеті қатты ұнайды. Қысқасын айтқанда, Астананы мақтан тұтамын». Негізінен «Астана — Ел жүрегі» деп аталмыш композицияның үлгісін шаһарамыздағы көркемсурет мектебінің шәкірттері мен ұздардары бірігіп жасапты. Қалалық білім бөлімі ұйытқы болған іске 4 түрлі түстен (көк, жасыл, қызыл, сары) 1 тонна бояу қолданылыпты. Бұдан соң, облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен қала әкімі Қайрат Молдасейітовтің қатысуымен Астана даңғылының бойында «Астана — Ел жүрегі» естелік белгісінің іргетасын қалау рәсімі болды. Іргетасқа арнайы дайындалған капсула салып, қалау құрметі ОҚО-ның Құрметті азаматы Дүйсенгүл Бопова мен жазушы Еркінбек Тұрысовқа берілді. Шаһар басшысы Қ.Молдасейітовтың сөзінше, болашақта енді дәл осы жерде композициялық естелік белгісі орнатылады. Облыс орталығының жаңа әкімшілік ғимараты да осы маңайдан орын табатыны да көпшіліктің көзінше жария етілді. Шаһарлықтар сәл шыдаса сол төңіректен Орыс драма театрының да алғашқы қойылымдары ұйымдастырылатын күн алыс емес. Тағы бір жобаның жасалып жатқанын оқырмандарымызбен бөлісуді жөн көріп отырмын. Қала әкімінің айтуынша, жақын күндері «Қайтпас-1″ шағынауданы маңынан ғажайып саябақ салынады. Және сол төңіректен көрме залын да ашу жоспарланып отыр-мыс. Жиын соңында құрметті қонақтар балалардың Астанаға арнап жасаған тартуын тамашалады. Салтанатты шараның соңы концерттік бағдарламамен жалғасып, көңілді мереке одан әрі думандады. Қалалық білім бөлімінің бастығы Жанат Тәжиева бүгінгі шараға қатысқан әрбір мектеп ұжымына «Қазақстан» атты кітап табыстады.

 

Пікірлер

Пікірлер жоқ.


Жіберу

Қаланы немесе аймақты таңдаңыз:

Қонақ үй броньдау

Броньдау

Қала Қонақтар
Келу күні