Жиренқопаның жаңа мектебі

Атын естіген көп жұрт алыстан ат арытып іздеп келетін қазақтың бас батыры Қобыланды бабаның асыл сүйегін сақтаған қорым жанындағы Жиренқопа жұрты соңғы 4-5 жылда жаңарған өлкенің жаңалықтарын мақтаныш етіп отырады. Көп адам тамсанып келіп, таңырқап қайтатын қасиетті өңірге өткен аптаның соңында ашылған 180 орындық жаңа мектеп өң беріп тұр.
Еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығы тұсында мектептің ашылуын тұрғындар жақсылық нышанына балап, салтанатты шараға таңертең ертемен жиналды. Ақ ұлпа қарды аспанға көтерген ақ түтек боранның ауа райын бұзып тұрғанына қарамастан, жиренқопалықтардың қуанышын бөлісуге көрші ауылдардың мектеп ұжымдары автобуспен келіп, концерт қойды.
Көптен күткен ұлы тойдай болған ұлан-асыр салтанатқа ақмаржан тілегін ала келген ауданның мектеп директорлары «әр ауылдың баласы Жиренқопадағыдай жаңа мектепте оқитын күн туады әлі…» деген үкілеген үміттерін жеткізді. Аудан әкімі Асқар Жүсібалиев бастап жақсыны көрмекке келген ауданның бір топ мекеме басшылары көрімдікке әкелген тарту-таралғыларын сыйлады.
— Төрт жыл бұрын Қобыланды бабаның кесенесі салынғанда Жиренқопа бағытындағы жолдың жөнделгеніне, жаңа амбулатория, әкімдік ғимараты сияқты мекемелер салынғанына, жалпы ауыл жаңарғанына көпшілік куә. Сол жылдары Жиренқопаға жаңа мектеп салу туралы әңгіме қозғалғаны да белгілі. Міне, уақыттың еншісіне берілген бұл бастама аяқсыз қалмады. Төбесінен су кетіп тұрған көне ғимарат жабылғалы бері екі жыл бойы әкімдіктің ғимаратында оқыған оқушылар енді жаңа мектептің игілігін көретін болады. Жаңа мектепте білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Жиренқопаның мұғалімдері мен оқушылары өздеріне үлкен міндет жүктеліп отырғанын сезінетін болар деп ойлаймын, — деді аудан әкімі А. Жүсібалиев.
Жиренқопа ауылында алпысыншы жылдары салынған ескі мектеп соңғы жылдары төбесінен су кетіп, апатты жағдайда қалғандықтан, есігіне құлып салып, оқу жылының ортасында сабақты ауыл әкімдігі ғимаратында жалғастырды. Өткен жылы басталған мектеп құрылысы жүріп жатқан жаз айында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов келіп көріп, мектеп директоры Сәнімжан Нәкешоваға мектепті құрылысшылардан тап-тұйнақтай етіп қабылдап алу туралы тапсырма беріп кеткен болатын. Қазан айында дайын болған мектептің ұсақ-түйек жұмыстары қарашаның соңына дейін созылып, мердігер компания «Мизам» ЖШС жаңа мектептің кілтін тапсырғанша асықты.
Салтанатты ашылу рәсіміне құрылыстың бас мердігері «Емшан» компаниясының президенті Мейіржан Өндіргенов, облыстық мәслихат депутаты Сақыпжамал Саттарова келді.
— 180 орындық мектептің құрылысына 365 млн. теңге бөлінді. 160 оқушысы, 36 мұғалімі бар осы мектептің іші-сырты бірдей талапқа сай болуы үшін көп күш жұмсалды. Үнемделген қаржыны тиімді пайдалану мақсатымен мектепке 8 интерактивті тақта, тігін шеберханасына 23 іс машинасы, музыкалық аппаратура, үлкен экранды теледидар алынды, мультимедиялық кабинет жасақталды. Компьютерлер, лингафон кабинеті, физика кабинеті, 72 орындық асхана, 130 орындық акт залы, спорт зал, ер балаларға арналған шеберхана, технология кабинеті, кіші топқа келетін 15 бүлдіршін үшін үлкен бөлме, тілінің мүкісі бар балаларға қосымша дәріс беретін логопед-мұғалімнің кабинеті барлық құралдары толық жабдықталып, сабақ өткізуге сақадай сай тұр. Тіпті, балалар үшін «Отау» спутниктік телерадиохабарлар тарату желісінің арнайы құрылғысын орнатып қойдық. Жиренқопаға жүргізіліп жатқан су құбырының жұмыстары келесі жылы бітетін болғандықтан, әзірше мектеп ауласынан бұрғылау арқылы су шығарып алып отырмыз. Су мектептің ішіне құбыр арқылы келіп тұр.
Біздің мектептің түлектері өткен ҰБТ қорытындысы бойынша аудан мектептері арасында екінші орынға қолымызды жеткізді. Енді осындай жаңа, заманауи технологиямен жабдықталған мектеп үшін бірінші болу міндет саналатынын жақсы түсінеміз. Биыл да ұятқа қалмаймыз деп сенемін. Бұл мектеп — Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында біздің ауыл үшін жасалған ең үлкен сыйлық деп білемін, — дейді мектеп директоры Сәнімжан Нәкешова.
Химия класын жабдықтап беруге уәде берген аудандық білім бөлімінің басшысы Роза Шабарова «қандай сыйлық жасарын білмей тұрған» «Емшан» компаниясының басшылығына аудан орталығынан 110 шақырым қашықтықтағы ауылдың мектебі үшін «Газель» керек екенін құлаққағыс етті. Мейіржан Өндіргенов мырза меселді қайтармады — бір күні бұйымтайды жеткізіп беретініне сендірді.
Жаңа ғимараттың тұсаукесер тойына Жиренқопа мектебінде 40 жыл жалықпай ұстаздық еткен зейнеткер мұғалім Елемес Байтілеуов те келді. Еңбек кітапшасына осы мектепке жұмысқа қабылданғаны және арада 40 жыл өткенде зейнеткерлікке шыққаны жөнінде екі мәрте ғана мөр басылған қарт ұстаз мектептің тарихын баяндады, тәуелсіз елде өсіп жатқан өр рухты ұрпаққа бақыт тіледі, «тәуелсіздіктің қадірін біліңдер» деп өсиет айтты.
Ал Жиренқопа мектебінде 6 баласын оқытқан ардақты ана Шәмшия Айжарықова ауылдастарының қуанышын бөліспек оймен қаладан арнайы келіпті. Қазір мектепке барып жүрген 3 немересінің жаңа ғимаратта оқитынына қуанған Шәмшия апа балаларға нұрлы болашақ тіледі.
Жиренқопа көп жұртқа таныла бастағаннан-ақ жас мамандар мектепке ағылды. Соңғы уақытта Елбасының идеясымен өміршеңдігін танытқан «Дипломмен ауылға» жобасының аясында келетін жас мамандардың жаңа толқыны алыстағы ауылды жасартып жібергендей болды. Биыл ғана Ақтөбедегі Байланыс және электротехника колледжінен диплом алып шыққан Тәуелсіздіктің құрдасы Қымбат Мұрынова бұрын атын ғана естіген Жиренқопаға Калиновкадан келуге өзі тілек білдіріпті.
— Мен физика, информатика пәндерінен сабақ беріп жүрмін. Осы ауыл, мектептің ұжымы, оқушыларым маған қатты ұнайды. Тез тіл табысып кеткенім сонша, қазір қыздар арасында «Қызғалдақ» тобын құрып, би үйірмесінен қосымша дәріс беремін.
Жаңа мектептің жаңалығына көзіміз тоймайды. Менің пәнім бойынша барлық жағдай жасалыпты. Физика кабинетінде құралдардың бәрі заманауи талаптарға сай келеді, дидактикалық материалдар, әдістемелік құралдар, компьютерлер, жобалауыш құрылғы, бәрі-бәрі өз орнында. Осындай мектепте жұмыс істеуді кез келген маман армандайды деп ойлаймын. Бұл жағынан менің жолым болды, — дейді Қымбат.
Ашылу салтанатына келген қонақтар мектепті аралап көрді, оқушылардың концертін тамашалады, жаңа асханада жайылған мерекелік дастарқанда бас қосты.


 

Пікірлер

Пікірлер жоқ.


Жіберу

Қаланы немесе аймақты таңдаңыз:

Қонақ үй броньдау

Броньдау

Қала Қонақтар
Келу күні