ЕҢБЕК ПЕН ЫНТЫМАҚ ЫРЫСЫ СЫР ЕЛІНДЕ САЛТАНАТПЕН АТАЛЫП ӨТТІ

Аймақ басшысы алдымен мәдениет орталығының фойесінде ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы саласының көрмесімен танысты. Лайықтыларды марапаттауға арналған салтанатты жиынның жүргізушілері облысымыздың ауыл шаруашылығы саласының тәуел­сіздіктің 20 жылы ішінде жеткен жетістіктерін баяндады. Салтанат сахнасына көтерілген облыс әкімі Болатбек Қуандықов сырбойылық ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін егін жинау науқанының аяқталуымен құттықтап, аграрлық салада егемендік алған жылдары атқарылған ауқымды жұмыстар мен алдағы міндеттерді атап өтті.

- Құрметті ауыл шаруашылығы саласының майталмандары, қадірлі ағайын! Биыл еліміз үшін аса ерекше жыл - ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерейтойы. Барлықтарыңызды бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Ел қамбасын алтын дәнмен толтырып отырған Сыр диқандары осы мерекені толағай табыспен қарсы алып отыр. Елбасымыз агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына ерекше мән беріп келеді. Отандық өнімнің негізгі көзі - ауыл шаруа­шылығы екені белгілі. Бүгінде ауылшаруашылығы өнімдері тиімді бизнеске айналды. Елбасының кезекті Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, еңбек өнімділігін арттыруға, аграрлық саланы әртараптандыруға, ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу қарқынын үдетуге аса мән берілген. Өздеріңіз білетіндей, қыркүйек айының басында Елбасы аймағымызға арнайы жұмыс сапарымен келген сәтінде екі ауылда болып, күріш орағы науқанының басталуына куә болды. Диқан қауымының егіннен мол өнім алатынына сенім білдірді. Сол сенім үдесінен шыға білдік. Егіннің әр гектарынан 47,8 центнер өнім жиналып, ел егемендігінің жиырмасыншы жылында облыс диқандары Отан қамбасына барлығы 350 мың тонна астық құйды. Осылайша, ел Тәуелсіздігінің мерейлі мерекесіне табыспен жеттік, - деді облыс әкімі Б.Қуандықов.

Аймақ басшысы үстіміздегі жылы сала бойынша қол жеткізген жетістіктерді де саралап атап өтті. Биыл мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың арқасында жалпы егіс көлемі 2001 жылмен салыстырғанда 20 мың гектарға ұлғайтылды. Оның ішінде аймағымыздың негізгі дақылы - күріш егісінің көлемі 19 мың гектарға ұлғайтылып, 77,4 мың гектарға жетті. Күріштің тұқым шаруашылығының жұмыстары толығымен реттелді. Үстіміздегі жылы ел Үкіметі мемлекеттік қолдау көлемін 3,3 млрд. теңгеге дейін жеткізді. «Сыбаға» бағдарламасы аймағымызда сәтті жүзеге асырылуда. Облыс орталығында жатка құрастыратын цех іске қосылды. Сонымен бірге құрама жем шығаратын екі зауыттың бірі жұмысын бастады. Екіншісі жыл соңына дейін ашылады деп күтілуде. Жиында облыс әкімі ауыл шаруашылығында бәсекеге қабілетті өнім өндіру және агроөнеркәсіп кешені жүйесін тиімді дамыту ісі алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.

Сондай-ақ, облыс басшысы ауыл шаруашылығының бір бағыты - мал шаруашылығына да тоқталып, ондағы жетістіктерді атап өтті және сала бойынша алдағы міндеттермен таныстырды.

Бұдан соң сахна төріне ауыл шаруашылығы саласының өндіріс озаттары мен облыстың үздік шаруашылықтарының басшылары және үздік деп танылған аудан әкімдері шақырылып, оларға облыс әкімінің алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтары табыс етілді.

Дала төсін еңбекпен дүбірлеткен сала мамандарын марапаттауға арналған салтанатты шара жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.

Сенбі күні «Алтын дән-2011» салтанатты шаралары аясында облыста күріш шаруашылығын дамыту мәселелері туралы семинар болып өтті. Семинар-кеңес жұмысына еліміздің күріш саласын ғылыми негіздеумен айналысатын белгілі ғалымдар, аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері қатысты.

Семинарда күріш шаруашылықтарының өнімдері мен өндіріске қажетті тауарларды, материалдық құндылықтарды жеткізуші компаниялардың көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге «Абзал и К», «РЗА», «Алуан Ас», «Сыр маржаны» серіктестіктерінің жаңашыл сорттары мен комбайн, жатка және тыңайтқыштар жеткізуші компаниялар мен агрофирмалардың үлгілері қойылған. Жиынға қатысушылар оларды аралап көріп, өзара пікір алысты.

Келелі кеңесті облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов жүргізді. Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Талғат Дүйсебаев биыл салаға мемлекеттік қолдау 3,3 млрд. теңгенің көлемін құрағанын атап, қазіргі таңда облыста 7 тұқым шаруашылығы жұмыс істейтінін жеткізді. Сонымен бірге диқандар жеті түрлі күріш сорттарын өсіріп жүр. Дегенмен, дақылды дамыту мен оның сапасын көтеруде алда үлкен міндеттер тұр. Сыр маржанының жаңа сорттарын өндіріске енгізу және оның облыс жағдайындағы ғылыми негіздемесі жайлы «Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің директоры Серікбай Өмірзақов баяндады.Ол қазір дақылдың 5-6 жаңа сорттары сынақтан өткізілуде екенін айтып, салаға жаңа технологияларды кеңінен қолдану барысында ой бөлісті. Бұл орайда топырақты құнарландырудың маңызы зор. Күрішті өңдеу және өндірушілер қауымдастығының президенті, «Абзал и К» ЖШС-нің директоры Абзал Ералиев тауар өндірушілер алдында тұрған келелі мәселелерді қозғады. Бүгінгі таңда дүние жүзінде 3,5 млрд.-тан астам халық күріш тұтынады екен. Бағалы өнімге сұраныс жылма-жыл артып келеді. Облыс диқандары елімізде дақылдың 85 пайызын қамтамасыз етеді. Сыр маржаны шетелдің 10 мемлекетіне экспортқа шығарылады. Олардың қатарында Ресей, Украина, Белоруссия, Өзбекстан, Қырғызстан сынды елдер бар. Дегенмен, өнімнің сапасы жөнінде бірінші кезекте айтуға тура келеді. Өндірушілер қара күрішті өңдеуге өткізеді де әрі қарай жұмысы болмайды. Ал Сыр салысының сапасы екі жақ бірлесіп қимылдағанда ғана жақсара түспек. Сондықтан Қазақстан күрішін сыртқа шығару үшін осы мәселеге айрықша көңіл бөлуіміз қажет. Қауымдастық басшысы егінді жинап алу мерзіміне байланысты озық технологияларды алға тартты. Ресейде 5 мың гектар күрішті 25 күнде жинаса, бізде оны 45 күнде орып алады. Содан дақылдың өнімділігі төмендеп, сапасы кетіп, ысырапқа ұшырайды. Алдымен сапалы элита тұқымдарын егуді үйренуіміз керек. Диқандарға қолдау көрсетуде субсидия көлемін 30 мың теңгеге жеткізуді ойластырған ләзім. Еуропа мен Азияда бұл көрсеткіш дақылдың өзіндік құнының 30 пайызын құрайды. Тыңайтқыштар мен гербицид бағаларында да ойласатын жайлар жеткілікті.

Қазіргі таңда ауылда механизаторлардың тапшылығы сезілуде. Шаруашылықтар барынша озық техникаларды алуға қол жеткізуі тиіс. Жерді инженерлік жүйеге келтіру, су жүйесін реттеу кезек күтпейтін мәселелер. Міне, саладағы көптеген түйіткілді мәселелер Қазақстанда күріш шаруашылығын дамыту бағдарламасын қабылдау қажеттігін алға тартып отыр.

Кеңесте «Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің бөлім бастығы Александр Подольских күріш жармасының сапасын жақсарту жолдарын әңгімелесе, Микробиология және вирусология ҒЗИ-нің бөлім бастығы Ғани Таубекова егістікте топырақтың құнарлылығын арттыруда микроорганизмдердің ролі зор екенін таратып баяндап берді. Облыста бірлескен жұмыстар жүргізіп жатқан институт келер жылы филиал ашуды жобалап отыр екен.

Соңғы уақытта сапалы «Маржан» сортының өзі ауруға ұшырап жүр. Дақылдың арам шөптері мен зиянкестеріне қарсы химиялық дәрі-дәрмектер жайлы «Сингента Қазақстан» компаниясының өкілі Абылайхан Елубаев тоқталды. Ал күріш ауруына қарсы кешенді күрес жолдары тұрғысында «Август Қазақстан» ЖШС-нің өнімдерімен атқарушы директор Жанна Нұрова таныстырды.

Сөйтіп, алтын күзде күрішшілер мен ғалымдар кең отырып пікір алысты, тәжірибе алмасты. Семинар-кеңес күріш шаруашылығын дамыту туралы тиісті ұсыныстар қабылдады.

 

 

 

 

 

Пікірлер

Пікірлер жоқ.


Жіберу

Қаланы немесе аймақты таңдаңыз:

Қонақ үй броньдау

Броньдау

Қала Қонақтар
Келу күні