ТЕҢІЗ ТӨСКЕЙІНДЕГІ САЛТАНАТ

Арал - шынында да тек Сыр өңірі емес, күллі қазақ баласы қастер тұтатын киелі топырақ. Осы қасиетті мекенді гүлдендіру жолындағы жамағаттың пейілі текке кетпеді. Мұны атқарылған бірқатар шаралардан аңғаруға болады. Турасын айтсақ, ауданда сырт көзге қысылмай көрсетуге лайықты істер аз емес. Осынау игілікті қадамдар Мемлекет басшысының байыпты ұстанымымен жүзеге асуда. «Мен Аралға көмектесемін деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген Елбасының ыстық лебізі аралдықтардың жүрек түкпірінде бойтұмардай сақтаулы. Мерекелік бағдарлама қайта жаңғыртылған жабық жүзу бассейніндегі бадминтон, ролик тебуге арналған және балалар ойын алаңдарының ашылу салтанатынан басталды. Аймақ басшысы Болатбек Баянұлы мен соғыс және еңбек ардагері Ыдырыс Қалиұлы көгілдір лентаны қиғаннан кейін, тойға ниеттес қонақтар балықшылар мұражайын аралап көрді. Бұдан соң «Рәміздер» және «Ғашықтар» алаңының ашылу рәсімдері өтті. Рәсімге Алматыдан арнайы ат арытып келген еліміздің еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешова мен Қазақстанның халық әртісі Құман Тастанбеков қатысып, аралдықтарға ыстық ілтипаттарын білдірді. Халық ауыз әдебиетінің жауһары «Қыз Жібек» лиро-эпосы желісімен түсірілген «Қыз Жібек» фильмі қазақтың көне тарихынан сыр шертетін құнды дүние екені баршаға белгілі. Жағалбайлы руының көшбасшысы Базарбайдың тұңғышы Төлеген батыр мен Шекті руының көшбастары Сырлыбайдың еркесі сұлу Жібектің махаббаты бүгінде ұрпақтарымызға үлгі болып отыр, - деді қазақ киножұлдызы Меруерт Өтекешова. - Мен осы аты аңызға айналған махаббат иелерінің әсем бейнесін қайта жандандырып, қос ғашықты бүгінгі жастардың «махаббат символына» айналдыру мақсатында өткен ғасырдың жетпісінші жылы он жеті жасымда басты рөлді сомдадым. Лирикаға құрылған фильмде ұлттық тәрбие мен имандылық, ибалық үйлесім тапқан еді. Әсіресе, Жібек сұлудан дәмелі Бекежан батыр қалыңдығына асығып келе жатқан Төлегенді қапияда мерт қылып, тойға дайындалып жатқан Сырлыбай ауылының қайғыдан қан жұтқанын көрген бірде-бір адам көзіне жас алмай тебірен­­беуі мүмкін емес еді. Міне, мәңгілік нұрға айналған «Қыз Жібек» киносының түсірілгеніне жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті-ау! Осы аралықта еліміз егемендігін алып, көк туын заңғар көкте желбіретті. Азаттығымыздың арқасында мұрағатта шаң басып жатқан тарих беттері қайта парақталып, өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды. Әсіресе, айдынды Арал төсінде еліміздің еш жерінде жоқ «Ғашықтар» алаңы салынып, Қыз Жібек пен Төлегенге ескерткіш орнатылыпты. Негізінде, эпоста орын алған оқиғалар Арал өңірінен басталып, Еділ мен Жайық жерінде жалғасады. Бұл ескерткіш әрбір тұрғынға эстетикалық, этикалық және тәрбиелік мәні зор сезімдер сыйлайтыны ақиқат. Бұл ұлт тарихының бір парасы. Сондықтан ардақты ағайын, өз тарихымызды әрқашан құрмет тұтайық! Тойларыңыз әрдайым көп болғай! «Ғашықтар» алаңының алқызыл лентасы қиылғаннан кейін облыс әкімі өткен жылы іргетасы қаланған аудандық мәдениет үйі ғимаратының құрылысын аралап көрді. Болатбек Баянұлы бас мердігер «Болашақ құрылысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысына қанағаттанғандық білдірді. Аталған нысан ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесінде пайдалануға беріледі деп межеленуде.

Биылғы жылы аудан орталығында жас мамандарға арналып он тұрғын үйдің құрылысы басталған екен. Арал қаласының күн батысынан қаз-қатар сап түзеген арендалық тұрғын үйлер архитектуралық көрінісімен көз тартады. Әрқайсысы үш бөлмеден тұратын бұл үйлерге су, жылу, кәріз жүйелері жүргізілген. Тоғыз үйге аудандық бюджеттен 45 млн. теңге қаржы бөлінген, ал бір үй республикалық бюджет қаржысы есебінен 5 млн. теңгеге салынуда. Жас мамандарға арналып салынып жатқан осынау арендалық үйлер құрылысына облыс әкімі ризашылығын білдірді. Осы күні ашылған тағы бір нысан - «Даңқ» алаңы. Ол Арал қаласының «Жаңа ауыл» шағын ауданынан бой көтеріп, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен «Желтоқсан» оқиғасының 25 жылдығы және «Мың бала» жылының құрметіне орай тұрғызылған ансамбль. Оны салудағы мақсат - кейінгі өскелең ұрпақтың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, елге деген жанашырлық сезімін ояту және бабалардың ерлігін құрметтеп, дәріптеу болып табылады. Кейбір деректерге сүйенсек, 17 жастағы Сартай мен 13 жастағы Жылқаман мың баладан топ ұйымдастырып, жауға қарсы барлау жұмыстарын жүргізген делінеді. Олар қазақ пен жоңғарлар арасындағы үлкен соғысты көріп, «Сартайлатып» ұрандатып жауға лап қойған деседі. Алғашқы ұрыста-ақ бес жүз бала шейіт болады. Өз заманындағы атақты шайыр Нұрмағанбет Қосжанұлы сол бес жүз қыршынның өліміне арнап: Өрімтал елі үшін жанын қиған,
Жаратқан өздеріңе берсін иман, - деп жырға қосқан екен.

«Даңқ» алаңының ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Болатбек Қуандықов аралдықтарды құттықтады:

- Қымбатты аралдықтар! Баршаңызды бүгінгі Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аясындағы «Арал күндері» фестивалі мерекесімен және «Мың бала» жылының қорытындысына арналған салтанатпен шын жүректен құттықтаймын!

Соңғы жылдары Елбасының айрықша қамқорлығындағы аймаққа айналған Арал төрткүл әлем көз тіккен, ғаламат жобасымен көпті тәнті еткен, бүгіні кемел болашағы зор ауданға айналды. Уақыт өткен сайын аудан ажары айшықталып, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсара түсуде.

Өздеріңізге белгілі, осынау өңірдің қайта жанданған кезеңін паш ету мақсатында өткен жылғы қыркүйек айының алғашқы аптасы «Арал күндерін» атап өту ретінде ерекше бір есте қалды. Осынау мереке барысында 11 нысан пайдалануға беріліп, әлеуметтік маңызы зор 4 нысанның іргетасы қаланды. Бұл жұмыстарға аралдықтар ауызбіршілікпен лайықты үлес қосты. Ол 75 мыңнан астам Арал халқының рухани сезімін маздатып, ризашылығын туғызды.

 

 

 

 

Пікірлер

Пікірлер жоқ.


Жіберу

Қаланы немесе аймақты таңдаңыз:

Қонақ үй броньдау

Броньдау

Қала Қонақтар
Келу күні