ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕЙТОЙЫНА - ЛАЙЫҚТЫ ТАРТУЛАР

ҚР Президентінің Байқоңыр ғарыш айлағындағы арнаулы өкілі, облыс әкімінің орынбасары Сәбит Қожаметов транзиттік дәліздің бойынан таяу болашақта салынатын туристік-сауықтыру кешені туралы айтып берді. Ал Төретам кентінде облыс әкімдігінің демеушілігімен салынып жатқан мешіт қараша айының басында ашылады. Жалдық сипаттағы шаһардағы мемлекеттік органдар мен кәсіпорын басшыларымен өткен кеңесте байқоңырлықтардың айтулы мерекеге дайындығы талқыға түсті. Ел егемендігінің мерейлі мерекесі қарсаңында «Рәміздер алаңы» мен Ұлы Абайдың бюсі көрнекті жерге орнатылатын болады.

Сырдария ауданының орталығы - Тереңөзек кенті бүгінде жасыл желекке бөленген. «Жеңістің 50 жылдығы атындағы» бір ғана көшеде 20 мың түп тал жайқала өсіп тұр. Мұның бәрі кент ардагерлерінің күшімен атқарылыпты. Осында іссапармен келген аймақ басшысына кент әкімі Балшекер Өтегенова кенттегі соңғы 3 жылдағы өзгерістерді мәлім етті. Мұнда көркейту-көгалдандыру жұмыстары қарқынмен жүргізілуде. «Жасыл белдеу» бағдарламасына облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлінген. Аймақ басшысы кез­десуге жиналған тұрғындарға Қызылорда қаласын айналдыра жасыл белдеу жасау жұмыстары қолға алынғанын, шаһарды айналдыра 2 млн. дана көшет егуді жоспарлап отырғанын, бұл жұмыстардың облыс орталығы ғана емес, кенттерде де жүргізілетінін жеткізіп, Сырдария өзені үстінен (Шаған ауылы тұсы) түсетін көпір туралы айтып берді. Ондаған жылдардан бері көтеріліп келе жатқан бұл мәселе де енді шешімін табатын болды. Көпір құрылысы алдағы жылы басталады.

- Биылдан бастап ауыл көшелерін жөндеуге 1 млрд. теңге бөлдік. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік жолы салынып бітемін дегенше ауылдарымыздағы орталық көшелерді жөндеп аламыз. Бізде аудан орталығына бергісіз Нағи Ілиясов ауылы сияқты ауылдар бар. Инвестордың туған ауылын көркейтуі өзгелерге де үлгі болуы тиіс. Кеше Елбасының өзі осы ауылда болып, өздеріңізбен жүздесті. Сапар соңында облысымызға жоғары бағасын берді.Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның орындалуы бойынша облысымыз былтыр республика бойынша алдыңғы орында болса, биыл алғашқы бестікте тұр. Мұның бәріне біз осындай ауызбірлік пен ынтымақтың арқасында жетіп отырмыз, - деді облыс әкімі. Мұнан соң ол 90 жасқа толғалы отырған соғыс және еңбек ардагері Яхия Тасировке су жаңа шетелдік автокөліктің кілтін табыс етті. Бүгінгі таңда өзінен өрген 4 перзентінен 10 немере сүйіп отырған ардагер аймақ басшысына ақ тілегін батамен жеткізді.

- Соңғы 3 жылдан бері мұнда 39 512 түп ағаш отырғызылып, бір шақырымнан астам жерге арық қазылды. Қазіргі күні егілген барлық ағаш түгелге жуық өсіп тұр. Егілген ағаштар шарбақпен қоршалып, оларды күтіп-баптау жұмыстары қолға алынды. Бұл жұмыстарға кент ардагерлері үлестерін қосты, - дейді Сырдария аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайрулла Әбенов.

Құндыз ауылдық округіндегі «Қызылдихан» ШҚ мың гектарға егіс егіпті. Оның 800 гектары Сыр салысы. Әр гектардан 55 центнерден өнім жиған диқан қауымның көңілі көтеріңкі. Аталған шаруашылықтың қырманында болған облыс басшысы кәсіп иесіне елімізде «Сыбаға» бағдарламасының сәтті жүзеге аса бастағанын, ірі қара малы үшін мал азығы болатын жем-шөп дайындауды қолға алу керектігін еске салды. Шөп оруға қажетті жаткалар енді облыс орталығындағы «АралАзовагромаш» ЖШС-інде құрастырыла бастағанын жеткізді.

Қармақшылық диқандар биыл Сырдың басты дақылын 12 246 га жерге орналастырыпты. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі бастығы міндетін атқарушы Рахым Дүйсековтің айтуынша, барлық егілген күріштің 80 пайызы орылып, бастырылған. Орташа өнім - 45,7 центнерді құрап отыр. Аймағымыздағы көшбасшы серіктестіктердің бірі «Жаңажол» ЖШС биыл ерте көктемде 2 600 га жерге күріш дәнін сепсе, оның 1 мың гектарына күріштің Фишт атты жаңа сортын егіпті. Облыс әкіміне серіктестік басшысы Қ.Әбішев гектарынан 60 центнерден өнім жинап жатқанын, егін орағын қазан айының алғашқы он күндігінде аяқтайтынын айтты. Сонымен бірге Жаңажол ауылында облыстық бюджеттен бөлінген 41 млн. теңгеге ұзындығы 3,2 шақырымды құрайтын 3 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.11 млн. теңгеге монша салынуда. Октябрь топтық су құбырының құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, ауыз су мәселесі шешіліп отыр. Кәсіп иесі алдағы уақытта туған ауылын аудандағы үлгілі ауылдардың қатарына қосу үшін аянбай тер төгіп жатқанын білдірді.

Мұнан соң облыс әкімінің назарына Жосалы кентінің кіреберісіне салынатын дендропарктің жоспары ұсынылды.

- Аумағы 8 гектар жерді қамтитын демалыс орнын абаттандыру ісі осы күзде басталмақшы.Жоба құны - 25 млн. теңге. Сонымен бірге 500 орындық орталық мешіт пен стадионның жоба-сызбасын дайындадық. Мешіттің құны - 150 млн. теңге, ал стадион салуға 220 млн. теңге қаражат кетеді. Имандылық үйі мен спорт нысаны да халықтың келуіне ыңғайлы әрі ұлы жолдың бойына орын тебетін болады, - дейді аудан әкімі Мұрат Ергешбаев. Кент орталығындағы күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйі мен орталық алаңның құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс басшысына аудан әкімі үш мәселені ерекше атап өтті. Кентте биыл 7 көше асфальттанған. Ендігі жылы 21 көшені күрделі жөндеуден өткізуге, сонымен қатар ауыз су мен аяқ су жұмыстарын түбегейлі шешуге қаржы қажеттігі жеткізілді. Тұрғын үйді жаңғыртуға арналған мемлекеттік бағдарлама 2012 жылдан бастап аудан орталықтарында қоса жүргізіледі. Осыған орай кенттегі 6 көпқабатты үйді бағдарлама бойынша қайта жаңғырту жоспарланып, оның тиісті құжаттары дайындалу үстінде.

Мұнан соң облыс басшысы осы ауданға қарасты Төретам кенті мен Ақай ауылдарында болып, бірқатар нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысты.

ҚР Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі С.Қожаметов облыс әкіміне кенттен Диірментөбеге дейінгі аумақтың бос жатқанын, осы тегіс жердің біріне туристік-сауықтыру кешені салынатынын мәлімдеді. Ғарыш кешеніндегі ұшырылым сәтін тамашалауға келетін шетелдіктер мен отандастарымызға арналған бұл кешеннің аймағымыздағы туризм саласын дамытуға үлкен серпін берері анық. Оған қазірдің өзінде қызығушылық танытып отырған инвесторлар бар көрінеді. Ал, кенттегі мешіт құрылысы алдағы 1 қарашаға дейін аяқталады. Нақты кезеңде облыс әкімі мен Байқоңыр қаласы мэрінің демеушілігімен салынып жатқан имандылық үйі құрылысының 95 пайызы біткен. Оның құрылысымен танысқан Б.Қуандықов жылу электр пешін алуға тағы 600 мың теңге қосымша қаржы беретінін жеткізді. Мешіт «Жәрімбет әулие» атын иеленіп, Қазақстан діни басқармасына тіркеліпті. Алдағы Құрбан айт мерекесі қарсаңында аталған мешіттің салтанатты ашылуы болады. Мұнан соң аймақ басшысы Төретам кентіндегі 150 орындық жаңа клуб үйінің іргетасын қалау рәсіміне қатысып, Ақай ауылын аяқ сумен қамтамасыз етуге арналған «Ақниет-2004» ЖШС жұмысымен танысты. Ауыл тұрғындарын аяқ сумен қамту үшін бюджеттен 15 млн. теңге қаражат бөлінгенімен, конкурс жеңімпазы елді мекенге суды жеткізе алмай отыр. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Еркін Өтегеновке осы жұмыстардың жауабын бір айдың ішінде беруді тапсырды.

Мұнан соң Байқоңыр қаласындағы «Қазақстан ғарыш сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ орналасқан ғимаратта осындағы мемлекеттік органдар мен кәсіпорын басшыларымен жедел штаб кеңесі өткізілді. Онда мерейлі мерекеге дейін атқарылатын іс-шаралар тізбесі мен қаланың көрікті жеріне орын тебуге тиісті «Рәміздер алаңы» және Абай Құнан­баевтың ескерткіш-бюсінің жобалары талқыланып, олардың қай жерге орналасатыны аймақ басшысымен келісілді.

Облыс әкімінің сапары өңірлерде Тәуелсіздіктің мерейлі мерекесіне дайындық шараларының жоғары деңгейде жүргізіліп жатқанын көрсетті.

 

 

Пікірлер

Пікірлер жоқ.


Жіберу

Қаланы немесе аймақты таңдаңыз:

Қонақ үй броньдау

Броньдау

Қала Қонақтар
Келу күні