Мұғалжар кереметтері

Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Зере-тур» ЖСШ ұйымдастырған ақпараттық тур бағдарламасы Мұғалжар ауданына арналды. Ақтөбе — Көтібар батыр кесенесі — «Орқаш» қорығы — Төлеубұлақ үңгірлері (петроглифтері) — Айрық (Маяк) — Айрық тауы бағытында жолға шыққандардың ішінде БАҚ және басқа да осы іске қызығушылық танытқан ұйымдардың өкілдері болды.
Сапардың мақсаты туралы облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Дәурен Базаров былай деді:
— Біздің Ақтөбеде көруге тұрарлық айрықша жерлері бар орындарда демалғысы келетін адамдар үшін өз еліміздегі немесе алыс-жақын шетелдердегі туристік орындарға баруға, келуге барлық мүмкіндік бар. Алайда біздің, өз жерімізде ішкі туризм мәселесі кенже қалып отыр. Ішкі туризмді дамыту мақсатында облысымыздың әрбір ауданындағы өз жерлестеріміз немесе сырттан келген адамдар ат арытып барып, тамашалауға , демалуға лайық орындарды халыққа таныстыру, насихаттау және оны игеру жағы жетісіңкіремей жатыр. Мұғалжар ауданында да сондай өзіндік ерекшелігі бар жерлер аз емес. Осы бағдарламада сол ойды іске асыруды жоспарлап отырмыз. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сондай орындарды насихаттап, халықтың да, инвесторлардың назарын аударсақ деген ойымыз бар. Мұның алдында Мәртөк ауданында болдық. Онда да кісі қызығарлықтай жерлер аз емес».
Ал «Зере-тур» ЖШС директоры Ботагөз Қыранбаева болса, қазақтың ұлттық сипатын айқындайтын салт-дәстүрлердің жаңғырғанын қалайды екен. Ол: «Шетелдіктер Қазақстан десе, киіз үйімізді, қымызымызды, жалпы өзімізге тән ұлттық нақыштарды көргісі келеді. Ұлттық ерекшеліктерімізді сақтауымыз керек. Соны сақтаудың бір жолы — ішкі туризмді дамыту. Өз өңірімізде басқа елдерде кездеспейтін керемет жерлер бар. Мысалы, мына үңгіртастардың өзі не тұрады?»- дейді.
Ақтөбеден Мұғалжар ауданына қарай жол тартқан автобус әуелі Алға ауданына қарасты Бестамақ ауылындағы мемлекеттік қайраткер, қолбасшы, саясаткер әрі мәмілегер Есет Көкіұлына қойылған белгінің қасына тоқтады. Жолаушылар баба рухына тағзым етті. Одан соң Ақкемер ауылын бетке алды. Ондағы — мақсат ел-жұрты «Көтібар — алмас қылыш, ел тірегі» деп баға берген Көтібар Бәсенұлының кесенесіне барып, зиярат ету. Діттеген жерге жеткен соң, батыр бабамыздың шырақшысы келіп, кесене ішін бізбен бірге аралап, оның рухына құран бағыштады. Ол кісі келгендермен Көтібар Бәсенұлы туралы өзі білетін мәліметтерімен бөлісті.
Одан кейін Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласынан әрі қарай жолға шықтық. Бағытымыз — «Орқаш» табиғи қорығы. Бұл жолда бір кезде Құдайберген Жұбанов атын терекке байлай салып, пойызбен оқуға аттанып кететін, кейін ауылдастары жыр етіп айтатын Жұрын стансасының, Орқаш ауылының үстімен өттік. Жолай ел аузында «Қырандар мекені» аталып кеткен қыран ескерткіші орнатылған жерге аялдадық. Қыранның мойын тұсы сынып, төмен қарай түсіп кетіпті. Алайда сол жерде көкте самғап жүрген қырандар үшін бұл маңайдың қауіпсіз, жайлы мекен екені сезіледі. Құстарды әуесқойлық тұрғыдан бақылау да экотуризмнің бір түріне жатады екен. Жыртқыш құстарды сырттай бақылаудың өзі адамға ерекше ләззат сыйлайды.
Орқаш табиғи қорығына жеткен соң, бағдарлама қатысушылары алыстан бір бөлек ну орман болып ерекшеленіп тұрған қорықтың қасына барып, іш жағын араладық. Барғандардың айтуынша, өткен ғасырдың басында, төңкерістен бұрын егілген қайың мен көктерек тұтасып, басқа да табиғи ағаштармен біте қайнасып кеткен. Шөптің де не түрі бар. Арамызда қорықтың айналасындағы шөптің түрлерін жинап жүргендер де болды. Сол маңайдан саңырауқұлақ түрлері де табылды. Бұл орындардың әрқайсысы туралы мамандардың мәліметтерін мақала соңында келтіремін.
Одан әрі сапарымызды жалғадық. Арасында автобусты тоқтатып, жиде теріп жедік. Балалық шағын сағынып еске алғандар көп болды. Ащысай ауылының тұсынан өткенде ат арбамен кетіп бара жатқан ақ жаулықты ананы тоқтатып, жөн сұрастық. Алты баланың анасы Әлима Сәндібекқызы малшы болыпты, ауылдың екінші шетіндегі дәрігерлік пунктке кетіп барады екен. «Ауылда ат арбамен жүретіндер көп, өзім аяғым ауыратын болған соң, осылай жүргенді ұнатамын»,— дейді. Қалада өскендер үшін бұл бір керемет көрініс болды.
Бір кезде Соркөлдің тұсына тоқтадық. Жаздың күні тартылып қалатын көлдің қызығын халық екі айдай көреді екен. Тұзды көл болғандықтан шипалы, емдік қасиеті бар. Барғандар көлдің тұзынан салып алып жатты. Тұзды көл іздеп Қытай шекарасындағы Алакөл асып жүргендерге таптырмайтын жер секілді. Тек онымен түбегейлі айналысып, зерттеп демалыс аймағына айналдыру ішкі туризмнің бір міндеті сияқты көрінді.
Содан соң тағы жүріп отырып, Төлеубұлақтың жанына келіп ат шалдырдық. Бұл жердің қызығы тіпті бөлек. Топ-топқа бөлініп алып, етегінде сусылдаған сары құмы бар, қолмен қалағандай биік тастардың арасындағы үңгірлерді тамашаладық. Үңгірлерге қарап отырғанда, ойың сан саққа жүгіреді. «Күнінде кімдерге пана болды екен?» дейсің, ел басына түскен небір зұлматтың сырын ішіне бүгіп тұрғандай. Төңіректегінің бәрін суретке түсіріп алдық.
Бұлақтың тұсына киіз үй типтес шатыр тігіп, ішіне жайғастық. Бағдарлама қатысушылары Төлеубұлақ бұлағынан су ішіп қана қойған жоқ, үңгір жақтан тас тасып, Төлеубұлақтың бітеліп бара жатқан көзін ашып, жан-жағын тазалап, табиғи тастармен айналасын көмкеріп қойды. Сол күні ақпараттық турмен барғандар далада жанған оттың жанында кешкі астарын ішіп, ән шырқап, табиғат аясында бір серпіліп қалды. Түн ішінде Төлеубұлақ үңгірлерін тағы бір шарлаған жастар жағы өздері ойдан құрастырған қорқынышты әңгімелерінен өздері шошып, шыдамай шатырға қайтып келді.
Ертесіне Айырық ауылына жиналдық. Жолда Түйемойын ақ борлы тауларын да көрдік. Заманының сал-серісі Батақтың Сарысы:
«Тұсынан шыға келдім Айырықтың,
Даусымнан құйқылжыған айрылыппын.
«Дидар мен несіп ғайып» деген сөз бар,
Көрінген көк аттыға қайырылыппын», деп айтатыны осы тау болса керек. Айырық тауы түйенің қос өркешіндей көрінеді екен.
Айырық ауылына келіп, сол жерде біраз шараларды жүзеге асырып, Ақтөбеге Ембі арқылы жол тарттық. Ақпараттық тур нәтижесіз болған жоқ, бұрын-соңды көрмеген, өзіміз үшін де, талай жерлестеріміз үшін де таңсық жерлерді көріп, көңіліміз тоғайып қайтты. Еліңнің, жеріңнің қадіріне жете түскендейсің…
Ақкемер — Мұғалжар ауданындағы, Елек өзенінің сол жағасында орналасқан елді мекен.
Көтібар батыр кесенесі 2000 жылы тұрғызылған. Суретшісі — Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Әділғали Баяндин. Отаршылдыққа қарсы күрестің көрнекті қайраткері, халық батыры Көтібар Бәсенұлының кесенесі Ақтөбе қаласынан 100 шақырым жерде Көктөбе мекенінде орнатылған. Кесененің биіктігі 12 метр. Маңғыстау түбегінен жеткізілген ұлутастан өрілген. Сырым Датұлы, Көтібар Бәсенұлы бастаған Кіші жүз қазақтары бірлігінің белгісіндей кесене жанына үш қойтас орнатылып, оның бетіне Әлім-Шөменнің, Байұлының, Жетірудың 29 руларының таңбасы ойып жазылған. Ал құлпытас бетінде Көтібардың үзеңгілес, қарулас замандастарының есімдері бар. Кесене мемлекет қарауына алынған. 2005 жылдан бері оның қасында шырақшыға арналған үй бар.
Қандыағаш — Мұғалжар ауданындағы қала. Орынбор — Ташкент — Орск — Атырау теміржолы бойындағы ірі станса. Орынбор — Ташкент теміржолының құрылысы кезінде (1905 жылы) салынған қала. Ақтөбеден 95 шақырым жерде. Қандыағаш арқылы Ақтөбе — Атырау, Ақтөбе — Шалқар жолдары өтіп жатыр.
Жұрын — Мұғалжар ауданындағы ауыл, теміржол бойындағы станса. Аудан орталығынан 30 шақырым жерде орналасқан.
Орқаш (Қаракөл) ауылы Мұғалжар ауданының оңтүстік шығысындағы Көбелей өзененің саласы Қайыңдысай бойында. Аудан орталығынан 60 шақырым жерде.
«Орқаш» табиғи қорығы
Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданының жерінде Ор, Жем, Темір өзендерінің су айрықтарында орналасқан.
Мұнда ірі-ірі Сабындыкөл, Ащыкөл, Шіліктікөл, Қамыстыкөл деген көлдер бар. Бұл жерде көде, желкен шөптері кездеседі. Орқаш құмды шатқалында қайың мен көктерек егілген орманды алқап (орман саяжайы) бар. Орманды алқапта сирек кездесетін қайың, көктерек, қарағаш, тал және шалғындық алуан шөптер бар. Орман алқабы жақсы күйінде сақталған.
Орманның негізін қайың, көктерек, қарағаш, терек, итмұрын құрап тұр. Орманның шөп жамылғысы әртүрлі шөптерге бай. Бұл жерде кәдімгі мыңжылдық, алтыжапырақты шегіршін, сары маралоты, баршынгүл, тағы басқалар бар.
Облысымызда сирек кездесетін өкпешіл, усасыр және Қызыл кітапқа енгізілген, Қазақстанда өте сирек кездесетін, батпақты, дымқыл құмды жерде өсетін, шыбын-шіркей жейтін дөңгелек жапырақты шықшөп өседі.
Жерге ұя салатын жыртқыш құстардың 9 түрі кездеседі: қара лашын, кәдімгі көксары, ақсары, дала бүркіті, батпақ құладыны, шалғындық құладыны, қарақұс және кәдімгі бөктергі.
Тырна тұқымдастың 3 түрі (ақбас тырна, безгелдек және джек);
Дыбыстағыш құстың 4 түрі (жылқышы, қызғыш, қарала шалшықшы және шәушүрілдек);
Бұлдырықтың екі түрі (қарабауыр бұлдырық, қолаңтөс);
Үкінің 2 түрі (үй байғызы және үкі);
Қарға тұқымдастың екі түрі (көкқарға және сарыбоздақ);
Тентекқұстың бір түрі (кәдімгі тентекқұс);
Торғайлардың кем дегенде жиырма түрі бар.
Айрық (бұрынғы Маяк) — Мұғалжар ауданындағы ауыл. Мұғалжар тауының жиегінде, Әулие өзенінің жағасында, Айрық тауына жақын орналасқан
Айрық — Мұғалжар ауданындағы екібасты тау. Мұғалжар тауынан гөрі аласалау (643 м). Алғаш рет бұл тау туралы «Книге Большому чертежу» (1627 ж.) кітабында Ұрық атауымен жазылған.

Пікірлер

Пікірлер жоқ.


Жіберу

Қаланы немесе аймақты таңдаңыз:

Қонақ үй броньдау

Броньдау

Қала Қонақтар
Келу күні