Оқиғалар
Салтанатты рәсімге еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар қатысты. Олардың арасында Сәтпаевтың туған-туысқандары, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері болды.
Митингіге қатысушыларға арнаған сөзінде облыс әкімі Серік Ахметов ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Сәтпаев туралы айтқан сөзін келтірді: «Шығыстан шыққан ұлы ойшылдардың, ғұлама ғалымдардың есімдері бүкіл әлемге белгілі. Олардың қалдырған мол мұрасы білімнің әлемдік қазынасын байытып, әлемдік өркеиеттің дамуына зор үлес қосты. Олардың арасында Әл-Фараби, Мұхамед Хайдар Дулати, Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов және басқалары бар. Осындай бүкіл адамзат ойшылдарының қатарында біздің замандасымыз Қаныш Сәтпаевтың бар екенін біз мақтан тұтамыз».
- Қаныш Имантайұлының Орталық Қазақстанның кен орындарын зерттеудегі еңбегі өте зор. Ол ашқан өнеркәсіптік әлеует күні бүгінге дейін егемен еліміздің игілігіне жұмсалып келеді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен әзірленген индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының іргетасы сонау жылдары қаланған деп нық сенімен айту болады, - деп атап айтты аймақ басшысы.
Қаныш Имантайұлы ғылымның аса ірі ұйымдастырушысы болды. Ол кейіннен қазақстандық экономика мен ғылымның дамуына елеулі ықпал жасаған ғалымдардың шоғырын тәрбиелеп шығарды. Солардың бірі Евней Арыстанұлы Бөкетов болатын. Қазір оның есімімен Қарағанды мемлекеттік университеті аталатындығы баршаға белгілі.
Қарағанды облысында бір қалаға Сәтпаевтың есімі берілген, сондай-ақ оның есімімен еліміздің көптеген өңірлерінде көшелер, мектептер аталады, Ертіс-Қарағанды каналы ғалымның атымен аталады. Кезінде ол осы каналдың салынуына мұрындық болған. Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының жаратылыстану ғылымдар саласында оның атындағы сыйлық тағайындалған. Геологтарға сатпаевит деп аталатын әдемі минерал жақсы таныс. Ал, космоста Күнді айналатын шағын планетаға ғалымның аты берілген.
Осыдан кейін митингіде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов, ақын, қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов, Ұлттық ғылым академиясының академигі, белгілі ғалым Зейнолла Молдахметов, қарымды қаламгер Сағындық Қожамсейітов және ғалымның немересі Әлима Жармағамбетовалар сөз сөйледі.
«Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Эдуард Огай өз сөзінде былай деді: «Қазақмыстықтар үшін Қаныш Имантайұлы ерекше қымбат. Оның зерттеулері өткен ғасырдың 30-жылдары Жезқазған өңірінің сол кезеңдегі әлемдегі ең ірі мыс кендерінің бірі екендігін дәлелдеуге мүмкіндік берді. Дәл осы Қаныш Имантайұлының нық сенімі осы жерде тау-кен кәсіпорындарының салынуына түрткі болып, Жезқазған, Сәтпаев және басқа да елді мекендер бой көтерді».
Осы орайда еңселі ескерткіш облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» компаниясы арасында жасалған ынтымақтастық меморандумы шеңберінде бөлінген қаржыға тұрғызылғанын айта кеткен жөн. Жобаның құны 39, 3 млн. теңге, ескерткіш авторлары – алматылық сәулетшілер Дәурен Досмағамбетов пен Ольга Прокопьева. Композицияның жалпы биіктігі - 14 метр, қоладан құйылған ескерткіштің өз биіктігі - 5, 4 метр. Тұғыры қызыл түсті гранитпен қапталған.
Қарағанды қаласының вокзал алаңында орнатылған Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың ескерткіші қойнауы қазынаға толы Қарағанды өңірінің, қасиетті Сарыарқа жерінің көрікті орындарының бірі болары анық.
Мастер-класстың мақсаты – туристік ұйым қызметкерлерінің квалификациялық деңгейін жоғарылату.
3 күндік мастер-классқа туристік компания, ЖОО-ның ұстаздары, Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және облыс қалалары мен аудандырының туризм мамандары, барлығы 24 адам қатысты.
Мастер-классты өткізу үшін Қарағанды облысының туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы
Қазақстандық Туристік Ассоциациясын шақырылды.
Экскурсия өткізу ережелері және тәсілдерімен педагогика ғылымдарының кандидаты, ҚР еңбек сіңірген туризм қайратекрі, І дәрежелі экскурсовод Лютерович Олег Григорьевич таныстырды. Ал туризм саласында кадрлар дайындау, туризм саласындағы нормативтік актілер туралы ҚТА бастығының орынбасары Адильбекова Шакира таныстырды.
Тренингке келесідей тақырыпьап енді: экскурсия ғылым ретінде, экскурсоводқа қойылатын талаптар, экскурсия саласындағы мемлекеттік стандарт, туризм саласында кадрлар дайындау, нормативтік база және т.б.
Мастер-класс қорытындылары бойынша тыңдаушылар сертификаттармен марапатталды.
Қаздауысты Қазыбек Қарағандының қақ төріне орнықты
Ұлы би туралы толғауының бірінде қазақ ауыз әдебиетінің ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда жасаған аса ірі өкілі Ақтанберді жырау:
–Уай, Қазыбек, Қазыбек,
Ел сыйлаған ағасың.
Қызыл тілмен келтірдің,
Ойрат-қалмақ тәубасын.
Басын қостың қазақтың,
Болсын деп әр кез азат күн! – деп төгілген екен. Тағы бір замандасы Бұқар жырау:
– Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Қаздауысты Қазыбек,
Шақшақұлы Жәнібек –
Орманнан көп Орта жүз,
Содан шыққан төрт тірек, – дейді.
Ат жалын тартып мінген шағынан Алланың аманатын тапсырғанға дейінгі ғасырлық ғұмырын, Ақтанберді мен Бұқар жырау толғағандай, алаш ұранды халқының азаттығы жолындағы күреске арнаған Қаздауысты Қазыбекке Қарағандының қақ ортасында, облыс әкімшілігі алдындағы айналма жолдың ортасындағы алаңға қойылған ескерткіштің тұсаукесер рәсімі кеше тал түсте өтті.
Салтанатты жиынды ашқан облыс әкімі С.Ахметов мырза:
– Өзінің тәуелсіз дамуының 20 жылдығына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Қазақстан толағай табыстармен келіп отыр. Азаттық жолындағы күресте миллиондаған арыстардың қаны төгілді. Ұлы мұраттар көксеген халықтың алдында ел бірлігін ту етіп ұстаған Абылай хан, Қаракерей Қабанбай, Қарасай батырлар, Төле би, Қаздауысты Қазыбек, Әйтеке би сияқты көсемдер жүрді. Елдің атын шығарып, абыройын асқақтататын – қайраткер тұлғалары. Қарағанды облысының өңірі де жердің тұтастығын, елдің береке-бірлігін, ынтымағын ту етіп көтерген тарихи тұлғадан кенде емес. Солардың бірегейі – атағы алты алашқа тараған Қаздауысты Қазыбек, – дей келіп, Ол қара қылды қақ жарған әділ билігімен ел есінде сақталған мемлекет және қоғам қайраткері болғанын айтты.
– Қаздауысты Қазыбек – салиқалы сөз, салмақты мінезімен, ақыл-парасатымен, тапқырлығымен танылған ұшқыр ойлы кемеңгер, – деді Серік Нығметұлы.
– Соңында шешусіз дау қалдырмаған, ел тағдыры көкпарға түскен тартыста әманда қарсыласын жеңіп шыққан жүйелі сөздің жүйрігі, қызыл тілдің шебері. Ел басына күн туған қиын шақта тайынбай дауға түскен, тайсалмай жауға түскен, әділдікті, шындықты жақтаған абзал азамат. Елінің бостандығы үшін аянбай күрескен осындай би, батыр, дипломат, асқан ақыл иесіне ескерткіш ашылуы – зор қуаныш. Бұл – тек облысымыз ғана емес, бүкіл Қазақстанның тарихи, мәдени өміріндегі маңызы орасан оқиға. Ескерткіштің ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында ашылуы – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, тарихымызға, ата-баба өсиетіне адалдығымыздың белгісі, Отанымыздың қуатының, ұрпақтар сабақтастығының, рухани бірлігіміздің көрсеткіші. Өткенге – құрмет, аруақты аталарға – тағзым. Елдің, аймақтың рухани өмірінде болып жатқан жаңалықтар жақсылықтың нышаны. Биылғы мерейлі, мерекелі жылы көптеген әлеуметтік, мәдени нысандар ашылып, шаттығымыз жалғаса береді.
Облыс әкімінен кейін мінбеге көтерілген ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Бектас Бекназаров Қарағанды еліміздің саяси, экономикалық һәм әлеуметтік дамуында ерекше орны бар облыс екенін айта келіп, Қаздауысты Қазыбек әрдайым қара қылды қақ жарған әділдіктің эталоны болып қала беретінін білдірді.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты, академик Ғарифолла Есім Қазақстанның қазіргі жеті облысы орналасқан өңірге, оны қоныстанған жұртқа билігі жүрген Қаздауысты Қазыбектің қазақ мемлекеттігін қалыптастырудағы, жері бостан, халқы азат болуы жолындағы еңбегіне тоқталды.
Еңселі ескерткіштің тәуелсіз ел тарихында, өңірдің мәдени дамуында алатын орны жайлы Қарағандының «Болашақ» университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, «Қаздауысты Қазыбек» энциклопедиясын құрастырушы топтың жетекшісі Нұрлан Дулатбеков, Ұлы бидің мүрдесі қойылған Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мұражай қорығының директоры Мәулен Сәдібеков көсіле толғанса, ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман сиясы кеппеген керемет өлеңін оқып берді.
Ұлы бидің ұрпақтары қоныстанған Қарқаралы ауданы халқының ыстық сәлемін жеткізген Социалистік Еңбек Ері Cайлау Біләлов, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына жасалған тамаша тарту елімізді өркенді өзгерістерге бастайтынына сенім білдірсе, ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Серік Ақсұңқарұлы оқиғаға орай жазылған ой-пікірін оқып, тебіренді.
Қаздауысты Қазыбек ескерткішінің ашылу салтанатындағы шағын ғана театрлық көріністен кейін облыс әкімі Серік Ахметов пен ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Бектас Бекназаров мүсіннің тұғыртасының түбіне гүл шоқтарын қойды.
Ресми салтанат аяқталып, салтанатты рәсімге жиналған жұрт ескерткішке тәу етіп, жапа тармағай суретке түсуге кіріскенде осынау тұсаукесер үшін Астанадан арнайы келген қаһарман ағамыз, еліміздің еңсегей тұлғасы Тоқтар Әубәкіров ағамыздан бір ауыз пікір сұрадық.
– Қаздауысты Қазыбекке ескерткіш қойылуы – тарлан тарихтың бетінде таңбалануға тиісті зор оқиға. Қарағандыға сан басшы келіп, кетті. Бірақ, мынандай ескерткіш қою осы әкімнің тұсында ғана мүмкін болды. Сол үшін оған бүкіл халық атынан алғыс айту керек. Мені ерекше қуантқан тағы бір жай: Ұлы бидің ескерткіші облыс әкімдігінің алдында тұрса да бетін билікке бұрмай, қабырғалы халқына қарап тұр екен. Бұл – үлгі алатын нышан, – деді қазақтың тұңғыш ғарышкері.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ.
P.S. Қаздауысты Қазыбектің қоладан құйылған ескерткішінің биіктігі 6, тұғырымен қоса есептегендегі биіктігі 14 метр. Мүсін орнатылған тұғыр гранитпен қапталған. Ескерткіштің авторы – Астанада тұратын қарағандылық мүсінші Мұрат Мансұров. Ол:
– Қаздауысты Қазыбектің жоғары көтерілген оң қолы халқына тура бағыт сілтеп, жөн көрсетсе, сол қолына заңдар жинағын ұстап тұр, – деп анықтама берді.
Ескерткіш облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы арасында жасалған, өзара ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде бөлінген 33 миллион теңгеге тұрғызылды.
Ол облыс әкімі Серік Ахметовпен бірге «Kazplast» компаниясының ірі көлемді полиэтилен өнімдерін шығаратын өндірісінде болды.
Бұл жоба ел экономикасын үдемелі индустриалдық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасышеңберінде жүзеге асырылды. Индустриаландыру картасына енгізілгендігі біраз жайдан хабар берсе керек. Оның жалпы құны 150 млн. теңгені құрайды. Мұнда болгарлық «Технопласт» фирмасының құрал-жабдықтары орнатылған. Жобалық қуаттылыққа шыққан соң полимерлерді ротациялық қалыптау әдісімен 600 тоннаға дейін өнім беретін болады.
Бүгінгі күні мұндай өнімнің басым бөлігі Қытай мен Ресейден әкелінеді. Яғни «Kazplast» компаниясының аталмыш жобасы мемлекетіміздің импорталмастыру саясатына толық сәйкес келеді. Сонымен қатар кәсіпорын кедендік одақ аясында дайын өнімді Ресейге шығаруды да жоспарлап отыр.
Осы орайда пластмассаны қайта өңдеу соңғы онжылдықтағы келешегі зор өндірістердің біріне айналып отырғандығын атап өткеніміз жөн. Олар шыны, металл, ағаш, бетон сынды дәстүрлі материалдардың орнына қолданылып, тіпті кей жағдайларда оларды ығыстырып та жіберіп жатыр. Әлемдік сарапшылар қазіргі заманғы полимерлерді қолдану деңгейі кез келген мемлекеттің технологиялық жағынан қаншалықты дамығандығын білдіреді деген пікірді айтып жүр.
Жұмыс сапары «Машзавод №1» ЖШС прототиптеу кешенінде жалғасын тапты. Бұл ағаш бұйымдардың орнына қолданылатын пластик үлгілерін әзірлеу, компьютерлік модельдеу көмегімен термопласт детальдарын алуға негізделген сандық технологиялар кешені болып табылады. Вице-премьер Өнімділік-2020« бағдарламасы шеңберінде осы зауыттың жұмысыментанысып, соңынан Қарағанды машинажасау консорциумы кәсіпорындары өндірген бұйымдар көрмесін тамашалады.
Бұлконсорциум өнеркәсіптің базалық салаларын дамыту тұжырымдамасының бағыттарының бірі машинажасау саласын қайта түлету мақсатында құрылған болатын. Бүгінгі күні оның құрамында 30-ға тарта кәсіпорын бар, 3 мыңға жуық адам еңбек етеді. Оның стратегиялық міндеті саланың жүйелі жұмысын ұйымдастыру, станокты паркті жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу болып табылады. Осының бәрі түптеп келгенде өз өндірісімізді өркендетіп, сырттан әкелінетін шетелдік машинажасау өнімдерінің көлемін едәуір төмендетуге мүмкіндік беретін болады. Өндіріс орнында таукен, көмір өнеркәсібінде қолданылатын жабдықтар, ауыл шаруашылығы мен коммуналдық сала техникаларының тіркеме құралдары, қазандықтар шығарылады.
Вице-премьер мен облыс әкімі «КазАвиаСпектр» компаниясының ауыл шаруашылығына мамандандырылған ұшақтар өндіретін зауытының құрылысында және бүгінгі күні жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан Қарағанды ЖЭО-3 энергетикалық кәсіпорнында болды.
Әсет Исекешов Қарағанды қаласында шахматтан өткен Сәкен Сейфуллинді еске алуға арналған ҚР ашық командалық чемпионатының жеңімпаздарын марапаттап, Қазақстан шахматшыларының съезіне қатысты.
Осыдан кейін облыс әкімдігінде «Өнімділік - 2020» бағдарламасы мен ҚР 2010-2014 жылдарға арналған машинажасауды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру туралы екі кеңес болып өтті.
Олардың қатысумен облыс әкімдігінде өткен алқалы кеңесте тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі Серік Ахметов жиын басында биылғы жылдың жаз айында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің, байланыс және ақпарат министрлігінің, сондай-ақ ішкі істер министрлігінің өкілдері Грузия еліне барып, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерін оңтайландыру және автоматтандыру тәжірибесін зерделеп қайтқанын атап өтті.
Аталмыш сапар қорытындысында Қарағандыда автокөлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін беру саласында халыққа қызмет көрсетудің мамандандырылған орталығын ашу туралы шешім қабылданды.
Жобаны байланыс және ақпарат министрлігінің мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыруды бақылау және халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын үйлестіру комитетінің төрағасы Бақыт Әбішев таныстырды.
Бұдан кейін «Қарағанды облысының халыққа қызмет көрсету орталығы» мемлекеттік мекемесінің қызметі туралы оның директоры Мұрат Айтуғанов баяндап берді.
Бүгінгі күні Қарағанды облысында тұрғындарға мемлекеттік қызметтің 48 түрін ұсынатын 30 стационарлық ХҚО (халыққа қызмет көрсету орталығы) жұмыс істейді деді ол. Шалғайда тұратын тұрғындарға ыңғайлы болу үшін ХҚО барлық филиалдарында ықшам топтардың жұмысы ұйымдастырылып, облыстың 80-нен астам елді мекендері қамтылды. Сонымен қатар Қарағандыда биылғы жылы ХҚО өкілдіктері Қазақстан Халық банкінде, Тұрғынүйқұрылысжинақ банкінде және «Ұмай» сауда орталығында ашылды.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарын жаңғырту жоспарына сәйкес Қарағанды мен Теміртауда бір-бір қызмет көрсету орталықтары жаңғыртылатын болады.
Олардың жұмысына кедергісіз қызмет көрсету, кезекті брондау сервисі, электронды кезектің заманауи жүйесі, SMS-хабарламалар және басқа да әлемдік практикада қолданылып жүрген тың жаңалықтар енгізілмекші.
Жиын барысында Қарағанды облысы бойынша ІІД жол полициясы басқармасының бастығы Сәбит Досмырзаевтың автокөлік құралдарын тіркеу және қайта тіркеу, тіркеу-емтихан бекеттері арқылы жүргізуші куәліктерін беру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы есебі тыңдалды.
Кеңес қорытындысы бойынша Қарағанды қаласындағы ХҚО базасында автокөлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін беру саласында халыққа қызмет көрсетудің мамандандырылған орталығын құрудың пилоттық жобасын жүзеге асыруға қатысты бірқатар ұсыныстар берілді.
Кеңестен кейін ҚР Ішкі істер министрі мен байланыс және ақпарат министрі Қарағанды қаласы Мұқанов көшесі, 5 мекенжайында орналасқан ХҚО болып, оның жұмысымен, даму келешегімен танысып, қызметкерлер мен келушілермен сұхбаттасты.
Қаланы немесе аймақты таңдаңыз: