Оқиғалар
Жұмыс сапары Теміртау қаласында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының металлургиялық комбинатында жалғасып, онда Мемлекет басшысы Индустриаландыру картасына енгізілген екі жобаны іске қосу рәсіміне қатысты. Атап айтқанда, олар №2 домна пеші мен №3 әзірлемелерді үздіксіз құю машинасы.
Алғашқысының құны 15 млрд. теңгені құрайды. Оны жүзеге асыру домна пешінің пайдалы көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді, ал 2012 жылы жобалық қуаттылығына толық шыққан соң ол жылына 1,3 млн. тонна шойын өндіретін болады. Домна пешінің өнімділігін арттырғаннан бөлек бұл жобаның тағы бір ерекшелігі, ол Калугин конструкциясының ауа жылытқыштарын қолдану мен технологиялық үрдістерді автоматты түрде басқару, сондай-ақ еңбек жағдайы мен экологияны жақсартуға мүмкіндік береді.
Әзірлемелерді үздіксіз құю машинасына келер болсақ, бұл жоба компанияның өзінің ішінде шаршы пішіндегі әзірлемелер (блюм) өндірісі мен сапалы сорттық илек (арматура, швеллер, таврлы профиль, дөңгелек, жолақ, шаршы және т.б.) өндірісін жолға қоюға мүмкіндік береді. Жобаның құны 5,5 млрд. теңге, жылдық қуаттылығы - 1,2 млн. тонна әзірлеме.
Бұдан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Теміртау қаласының жаңадан салынған Тарихи-мәдени орталығына келіп, ондағы қойылған құнды жәдігерлермен танысты.
Мемлекет басшысының Қарағанды облысына келген әрбір сапары - жергілікті тұрғындар үшін үлкен оқиға. Олар өздерінің ілкімді істерімен, әлеуметтік-экономикалық салалардағы жетістіктерімен өңірдің еліміздің аса ірі өнеркәсіптік, ғылыми және мәдени орталығы екендігін дәлелдеп келеді.
Облыста ел Президентінің Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында қойылған міндеттерді жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 5 айдың қорытындысы бойынша 390 млрд. теңге сомаға өнім өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 140% құрайды. Агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамып келеді. Бүгінгі күні аймақ тағамның негізгі түрлерімен өзін-өзі толық қамтамасыз етіп отыр. Шағын және орта бизнес субъектілері де экономиканы дамытуға өз үлестерін қосып келеді. Мұнда өнім, тауар және қызмет түрлерінің өсімі 12% құрады. Облыста тұрғын үй құрылысының қарқыны төмендеген жоқ. 5 айдың жоспары 100% орындалды. Ауруханалар, мектептер, спорттық ғимараттар салынуда, балабақшалар желісі дамып келеді. «Жол картасы» бағдарламасы шеңберіндегі жұмыстар жалғастырылуда, биылғы жылы 528 нысанды жөндеу жоспарланған, 14 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Ірі кәсіпорындардың тауар, жұмыс және қызмет түрлерін сатып алуларында қазақстандық үлес салмағы да артып келеді. Ол жыл соңына дейін 50 пайыздан кем болмайды.
Аймақ өнеркәсібінің таукен-металлургиялық кешені, көмір өнеркәсібі, машинажасау, химиялық және фармацевтикалық өнеркәсіп, құрылыс индустриясы сынды базалық салаларын дамытудың Тұжырымдамасы әзірленді. Машинажасау зауыттарының базасында Қарағанды машинажасау консорциумы құрылып, оның негізгі екі бағыты белгіленді. Олар: коммуналдық, ауыл шаруашылығы техникаларына арналған таукен-шахталық және тіркеме құралдар өндірісі.
Жергілікті билік органдары қызметінде экономиканы үдемелі индустриалдық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарының алатын орны ерекше. Өңірден республикалық Индустрияландыру картасына жалпы сомасы 73 млрд. теңгені құрайтын 18 инновациялық жоба енгізілді. Оның 10-ын биылғы жылдың өзінде іске қосу жоспарланып отыр.
«Қазақмыс» корпорациясына қарасты Қарағанды құю-машина жасау зауытының базасында құрылып жатқан қосалқы бөлшектер шығарып, техника құрастыратын «КазБелАЗ» БК ЖШС Қазақстан-белорус бірлескен кәсіпорны осы жобалардың арасындағы ең ірілерінің бірі болып табылады.
Ел Президентінің Қарағанды облысына сапары да дәл осы зауыттан басталды.
Мұнда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев № 1 цехта болып, Қарағанды құю-машина жасау зауытының жұмысы баяндалған ақпараттық стендпен танысты, аталмыш кәсіпорын шығаратын өнімдерді көріп шықты. Осыдан кейін Мемлекет басшысына қазақстан-белорус бірлескен жобасын жүзеге асыру барысы туралы баяндалды, арнайы техниканың түзілімдері мен агрегаттарын құрастыратын бұйымдар мен құрал-жабдықтар таныстырылды.
Жобаның жалпы құны 70 млн. доллардан асады, ал оның мақсаты «БелАЗ» карьерлік техникасы мен «МоАЗ» жерасты техникаларының түзілімдері мен агрегаттарын күрделі жөндеуден өткізетін өндіріс құру, «БелАЗ» самосвалдары мен «МоАЗ-75295» әмбебап шассиі негізіндегі арнайы техникалар үшін қосалқы бөлшектер шығару болып табылады. Өндірісті қарап шыққаннан соң Мемлекет басшысы зауыттың еңбек ұжымымен, шағын және орта бизнес кәсіпорындары басшыларымен кездесті.
Мемлекет басшысының Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары бағдарламасының басты тармақтарының бірі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының металлургиялық зауытының №4 домна пешіндегі мерейтойлық балқытуға қатысуы болды. Осынау зауытта Днепродзержинскіде оқуын аяқтаған соң Қазақстанның болашақ Президенті, горновой Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еңбек жолын бастағаны баршаға мәлім. Ал, 1960 жылы ол алғашқы қазақстандық шойынды балқытуға қатысты.
Мұнан кейін Мемлекет басшысының қатысумен Кеншілердің мәдениет сарайында Қазақстан Магниткасының мерейтойына арналған салтанатты жиын болып өтті.
Салтанатты жиын басында ел Президенті «Елбасы және Теміртау» көрмесімен танысты. Ол өз сөзінде теміртаулықтарды, Қарағанды облысының барлық тұрғындарын Қазақстан Магниткасының мерейтойымен құттықтап, Магнитканың, Теміртау қаласының құрылысына, ел өнерсәбін дамытуға зор үлес қосқан бір топ қызметкерлерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын тапсырды.
Осыдан кейін салтанатты жиынға қатысушыларға арналған мерекелік концерт қойылды.
Сондай-ақ сапар бағдарламасына ашылуы Қазақстан Магниткасының 50 жылдығы мерекесіне орайластырылған қалалық мешіт пен Әулие Никольск православ храмына келу де енгізілген болатын.
Мемлекет басшысы жамағатты осынау айтулы оқиғамен құттықтап, мешіт пен шіркеудің рухани-адамгершілік негіздеріне тәрбиелеуге зор ықпал жасайтындығын атап өтті.
Келесі ат басын тіреген нысан – «Неке сарайы» салтанат үйі болды. Оның да ашылуы Магнитканың мерейтойына орайластырылған болатын. Дәл осы күні мұнда алғашқы неке қию рәсімі өткізілді.
Осымен ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары аяқталды.
Оның мақсаты: студенттердің құрылыс отрядтарының және «Жасыл ел» қозғалысына жастардың қатысуын жандандыру, жастардың бос уақытын тиімді өткізуін қамтамасыз ету, студенттердің құрылыс отрядтарының және «Жасыл ел» қозғалысын жастар арасында насихаттау.
Ұйымдастырушылар: Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасы, студенттердің құрылыс отрядтары мен «Жасыл елдің» облыстық штабтары.
Қатысушылар: Қарағанды қаласының жоғары оқу орындарының, қалалық және аудандық студенттердің құрылыс және «Жасыл ел» жастар еңбек отрядының мүшелері.
Қамтамасыз етілуі: 200 адам.
Слет қатысушылары тіркеуден өткен соң, «Қарағанды-Қазақстан, бірлігіміз жарасқан», «Ел тыныш, ел аман, Елбасымыз –Нұрсұлтан» атты ұрандарын бір ауыздан айтып, маусымның салтанатты ашылуына стадион алаңында сап түзеді. Құттықтау сөзін Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Бикенов жастарға арнады. Өз сөзінде Н.Бикенов, қазақстандық Магнитканың 50 жылдығына орай егемен елдің тұңғыш Президентінің қалыптасу кезең болып өткен Теміртау қаласында маусымның ашылуын игі шараға балады. Сондай-ақ, ол студенттердің құрылыс отряды мен «Жасыл ел» жастардың жаз мезгілінде бос уақытын тиімді өткізуіне оң әсерін тигізіп, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімнің арттыратындығын атап өтті.
Маусымның ашылуы жарияланған соң, Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны шырқалып, алаңға студенттердің құрылыс және жастардың еңбек отрядтарының жалаулары студенттердің құрылыс отряды мен «Жасыл ел» әнұранының әуенімен алып келінді.
Содан кейін, студенттердің құрылыс отряды мен «Жасыл ел» мүшелері арасында футболдан (Теміртау қаласының стадионы), волейболдан (Қарағанды мемлекеттік индустриалды университетінің спорт залы) спартакиада өткізілді. Футболдан 1-орынды Саран қаласының командасы иеленді, ал Қарағанды қаласының «Болашақ» командасы 2-орынды, Қарағанды медицина университетінің командасы 3-орынды қанағат тұтты. Волейболдан ерлер мен әйелдер арасында 1-орынды ҚМИУ-дің командасы жеңіп алса, ерлер арасында 2-орынды ҚарМТУ, 3-орынды ҚарМУ командалары қанжығаларына байлады, ал әйелдер арасында жүлделі 2-орынды Абай қаласының Мичурин колледжі, 3-орынды Саран қаласының командалары жеңіп алды. Жарыс аяқталған соң, барлық командалар мен үздік ойыншылар жүлделі орын үшін кубоктармен, мақтау қағаздарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қаланы немесе аймақты таңдаңыз: