Оқиғалар
Мемлекет басшысының үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру барысымен танысуы ағымдағы жылдың 22 қарашасында Қарағанды авиациялық зауытында («КазАвиаСпектр» ЖШС ауыл шаруашылығына мамандандырылған ұшақтар өндіретін зауытында) жалғасты.
Бұл жобаның құны 1 млрд. 648 млн. теңгені құрайды, оның 202 млн. теңгесі «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде бөлінді.
Зауыт егістік алқаптарын химикатармен өңдеуге арналған «Фермер-2» және «Фермер-500» ұшақтарын шығармақшы. Олардың салмағы 960 килограмм, ең жоғары жылдамдығы – сағатына 200 километрді құрайды. Бір ұшқанда олар 30-дан 180 гектарға дейін алқаптарды өңдеп шығуға қауқарлы. Алдағы уақытта түрлі мақсаттарда қолдануға болатын «Сұңқар» ұшақтарын шығару жоспарланып отыр. Ұшу ұзақтығы 1500 километрді құрайтын бұл ұшақтарды аэросурет жұмыстарын жүргізуге, мұнайгаз құбырларын күзетуге, іскерлік сапарларға қолдануға болады. Сонымен қатар мұнда катер, байдарка, су тақталары, балалардың ойын алаңдары, ЖЖМ құятын ыдыстар сияқты өнім түрлері де шығарылмақшы.
Дәл осы жерде телекөпір ұйымдастырылып, оның барысында Мемлекет басшысына облыс әкімі Серік Ахметов Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылында аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар мен 2015 жылға дейінгі даму келешегі жөнінде баяндап берді. Осыдан кейін он-лайн түзімінде бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындардың жаңа өндірістері іске қосылып, сондай-ақ мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде Қарағандыда салынатын 11 балабақшаның құрылысы басталды.
Жұмыс сапары Теміртау қаласында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының металлургиялық комбинатында жалғасып, онда Мемлекет басшысы Индустриаландыру картасына енгізілген екі жобаны іске қосу рәсіміне қатысты. Атап айтқанда, олар №2 домна пеші мен №3 әзірлемелерді үздіксіз құю машинасы.
Алғашқысының құны 15 млрд. теңгені құрайды. Оны жүзеге асыру домна пешінің пайдалы көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді, ал 2012 жылы жобалық қуаттылығына толық шыққан соң ол жылына 1,3 млн. тонна шойын өндіретін болады. Домна пешінің өнімділігін арттырғаннан бөлек бұл жобаның тағы бір ерекшелігі, ол Калугин конструкциясының ауа жылытқыштарын қолдану мен технологиялық үрдістерді автоматты түрде басқару, сондай-ақ еңбек жағдайы мен экологияны жақсартуға мүмкіндік береді.
Әзірлемелерді үздіксіз құю машинасына келер болсақ, бұл жоба компанияның өзінің ішінде шаршы пішіндегі әзірлемелер (блюм) өндірісі мен сапалы сорттық илек (арматура, швеллер, таврлы профиль, дөңгелек, жолақ, шаршы және т.б.) өндірісін жолға қоюға мүмкіндік береді. Жобаның құны 5,5 млрд. теңге, жылдық қуаттылығы - 1,2 млн. тонна әзірлеме.
Бұдан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Теміртау қаласының жаңадан салынған Тарихи-мәдени орталығына келіп, ондағы қойылған құнды жәдігерлермен танысты.
Елбасының келесі көрген нысаны Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс ауданында салынған 4 мың орындық мешіт болды.
Қарағанды облысы еліміздің тек индустриалдық, ғылыми және мәдени орталықтарының бірі ғана емес, осында тұратын түрлі этностардың аса қуатты рухани әлеуетінің шоғырланған жері болып табылады. Сондықтан да өңірдегі қоғам өкілдері Қарағандыда жаңа мешіт салу қажеттілігі туралы мәселені көтерген болатын. Бұл идеяны облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері де бірауыздан қолдады.
Оның құрылысы бюджеттен тыс қаржыға жүргізілді. Мұнда неке қию залы, неке қию залы, асхана, гардеробтық және техникалық бөлмелері бар ерлер мен әйелдерге арналған дәрет алу орындары бар.
Қазіргі заманғы құрылыс материалдарын қолдана отырып салынған әсем де айшықты мешіт Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы саябақтың сәніне сән қосып, ажарын аша түсті. Ол имандылыққа бет бұрған жандардың жүрегіне ізгілік нұрын себетін орынның бірі болары сөзсіз.
Ел Президентінің Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары Теннис, Бокс орталықтары мен Мұз айдыны сарайын көруден басталды.
Теннис орталығының жалпы аумағы 5300 шаршы метрді құрайды. Оның құрамында 3 жабық және 4 ашық корт, 400 орынды көрермендер залы, киім ауыстыру бөлмесі, спорт командаларына арналған қосалқы жайлар, тренажер залы, кафе, спорт жабдықтары сатылатын киоск бар. Кешен аумағында 15 номерлі қонақүй мен комментатор кабинеті де қарастырылған.
Бокс орталығында 5 рингі бар бокс залы, 1240 орындық зал, жаттығу залы, 19 номерлік қонақүй мен кеңселік бөлмелер бар. Аталмыш орталықта Мемлекет басшысы Қазақстан бокс федерациясы Кубогының жартылай финалына қатысушы былғары қолғап шеберлерінің шаршы алаңдағы өнерін тамашалады.
Өткен жылдың мамыр айында құрылысы басталған Мұз айдыны сарайы 6 мың адамға лайықталған. Бірінші қабатта хоккей командалары мен БЖСМ арналған киім ауыстыру және қосалқы жайлар, тренажер залы, хореография залы, мұз алаңы орналасқан. Екінші қабатта қызметтік және әкімшілік бөлмелер, 40 орындық кафе, 100 орындық конференц-зал, құрғақ қыздырыну залы, ал үшінші қабатта мұз айдыны сарайы мен БЖСМ әкімшілігінің кабинеттері бар.
Бұл нысандар құрылыс технологияларының ең соңғы жаңалықтарын қолдана отырып салынған. Барлық әлемдік стандарттар мен халықаралық спорт ұйымдарының талаптарына сай келеді. Олар тек кәсіби спортшылардың жаттығатын заманауи базасы ғана болып қоймай, сонымен қатар Қарағанды тұрғындарының спортпен жаппай шұғылданатын орындарына айналатындығына сенім мол.
Мемлекет басшысы жиналған спортшылар мен қоғам өкілдерін осынау аса маңызды әрі қажетті спорттық нысандардың ашылуымен құттықтап, ел Тәуелсіздігі қарсаңында қарағандылықтарға жасалған тамаша тарту екендігін атап айтты.
- Төлеутай Рақымбековтың «ТКШ дамыту және жаңғыртудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалуына байланысты ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен және менің өкіміммен облыс әкімінің орынбасары қызметінен босатылды, - деді аймақ басшысы.
Ол өз сөзінде Төлеутай Рақымбековтың қызмет атқарған кезінде тұрғын үй-коммуналдық сала, агроөнеркәсіп кешенінде, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша елеулі еңбек еткенін тілге тиек етті.
Серік Ахметов оған алғысын білдіріп, облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті.
ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен облыс әкімінің өкімі бойынша Әбілда Талғат Амангелдіұлы аймақ басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды.
Ол 1971 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. 1996-2009 жылдары коммерциялық құрылымдарда еңбек еткен: «Ақмола Мұнайгаз сауда» ЖШС директоры, «Құлагер» сауда үйі» ЖШС бас директоры, Қарағандыдағы «Водоканал» АҚ коммерциялық директоры, «Нұр-Астық-2004» ЖШС директоры, «Абылайхан» ЖШС директоры қызметтерін атқарды. 2009-2010 жылдары «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ бас сарапшысы, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ корпоративті хатшысы болып істеген.
2010 жылдың сәуір айынан бері мемлекеттік қызметте. Тағайындалғанға дейін Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары қызметінде болып, экономика, бюджеттік жоспарлау, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерімен шұғылданды.
Талғат Әбілда Амангелдіұлы агроөнеркәсіп кешені, табиғатты пайдалану, жер қатынастары, шағын және орта бизнес, халықты әлеуметтік қорғау салаларына жетекшілік жасайтын болады. Сонымен қатар Жезқазған мен Сәтбаев қалалары, Ұлытау мен Шет аудандарының әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарларын жүзеге асыру барысын бақылайтын болады.
Облыс әкімі жаңа орынбасардың алдына бірқатар міндеттер қойып, жұмысына табыс тіледі.
Қаланы немесе аймақты таңдаңыз: