Оқиғалар
Қазақстан Республикасының «Электрондық үкіметі» порталын қолдануды үйретуге арналған оқыту бағдарламасы іске қосылды.
«Зерде» Ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен халықты электрондық үкіметтің www.egov.kz. порталын қолдануға үйретуде.
Жыл соңына дейін мұндай семинарлар еліміздің 80 елді мекенінде өткізіледі және 70000-нан астам қазақстандықтарды оқыту жоспарлануда.
Семинар барысында мамандар қатысушыларға электрондық үкімет туралы мәлімет беріп, портал арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны алу мен қолдану тәртіптерін және электрондық үкімет порталынан мемлекеттік қызмет көрсетулерді алу жолдарын үйретеді. Жалпы оқыту курсы 3 академиялық сабаққа есептелген. Семинар соңында қатысушыларға сертификат беріледі.
Бүгінгі күнде Балқаш қаласында «Электронды үкімет және электронды қызметтер» порталымен жұмысы бойынша 390 адам оқытылып, куәліктерін қолдарына алды.
Естеріңізге салып өтейік, бүгінгі күні электрондық үкімет порталында 70 тен астам электрондық және 2000 ақпараттық қызмет түрлері ұсынылған. Портал арқылы 6 млн астам электрондық анықтама берілді.
Абаттандыру қарқынды жүргізілуде
6 тамыз күні облыс әкімі Серік Ахметов Қарағанды қаласының ішінде оқу орындарының аумақтары қалай абаттандырылып жатқанын өз көзімен көріп, аралап шықты. Атап айтқанда Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың бас ғимаратын сәулеттендіру жұмысымен танысты.
Осы жоғары оқу орнының басшылығы хабарлама жасағандай, абаттандыру жұмыстары бағдарламаға сәйкес жүргізілуде. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы атындағы студенттік скверді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Университет көшесі және Шахтерлер даңғылының қиылысқан жерінде жарық және музыкалы субұрқақ салынып жатыр. Сонымен бірге автоматты түрде су шашатын қондырғы монтаждалып, жүргіншілер жолы салынып, жарық орнатылып, ағаш пен бұталар егу қоса жүргізіліп жатыр. Жалпы алғанда, университеттің абаттандырылатын бас корпусының көлемі 2,3 гектар болмақ. Осы кешенді жұмыстар және субұрқақ құрылысы тамыз айының 25-не дейін толық аяқталмақ. Осы кезге дейін бас корпустың қасбеті қайта боялып, бұрынғы алюкобонт керамо-гранитпен алмастырылады. Бұдан басқа бүгінгі күнде студенттік жатақхананың маңында гүл егіліп, балалар алаңы жасалуда. Барлық құрылыс материалдары мен абаттандыру жұмыстарына университеттің бюджеттен тыс қаржылары жұмсалуда.
Бұдан кейін облыс басшысы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына ашылуға тиісті әлеуметтік нысандардағы атқарылып жатқан жұмыстарды барып көрді.
Мұндай нысандардың бірі – жаңадан салынып жатқан мешіт екені белгілі. Қазіргі күнде мешіттің бір минаретінің 47 метрлік металл конструкциялары орнатылып, қалғандарының баспалдақтары жасалып жатыр. Ішкі ауа тазарту қондырғысы орнатылған. Сонымен бірге, жылу мен жабдықтау, су құбыры мен кәріз жүйелері жасалып, қасбеті қолға алынған, күмбезі қапталып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Теннис орталығының құрылысы да қарқынды жүргізіліп, едәуір іс тындырылған. Төбесі толық жабылып, сэндвич-панельдер орнатылған, ыстық және суық су тұрбалары, жылу мен кәріз жүйелері жасалған. Электрмен жабдықтау жүйесін монтаждау аяқталған. Ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мұз сарайының құрылысында да негізгі жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде. Атап айтқанда төбені жабу, №4, 8а, 8б, монолитті каркас блогтар орнатылған, ішкі қабырғалары қаланып жатыр. Темір бетонды трибуна және сатылар орнатылған, кәріз, жылу, суық су және ыстық су жүйелері жасалған. Сол тәрізді бокс орталығының құрылысы да кестеге сәйкес жүргізілуде.
Облыс басшысы сонымен қатар Тәуелсіздік алаңында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Осы жерде оған жақын маңдағы тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу және «АрселорМитталТеміртау» көмір департаментінің ғимаратын жөндеу жобасы ұсынылды.
Соңында Серік Ахметов жұмыс мәжілісін өткізіп, онда жоғарыда аталған әлеуметтік нысандардың құрылысы бойынша кейбір проблемалық мәселелерді қарады. Сонымен бірге, алаңдарды абаттандыру және ескерткіштерді орнату жөніндегі Қарағанды қаласының әкімі есебін және «Шахтер» футбол клубы мен «Сарыарқа» хоккей клубының оқу-жаттығу базасын салу жөніндегі «Шахтер» стадионы басшыларының есебін тыңдады.
4 тамыз күні облыс әкімі Серік Ахметовтің төрағалығымен мемлекеттік үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өткізілді. Онда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жобалар қаралды.
Отырысты аша келіп: – Индустриализация картасына енген нысандардың өндірістік инфроқұрылым құрылысын қаржыландыру – бизнесті мемлекеттің қолдау формасының бір түрі, соның арқасында аймақ экономикасы үшін маңызды жобаларды іске асыруға мүмкіндік беріледі,– деп атап өтті облыс әкімі.
Осыған байланысты үйлестіру кеңесінің отырысында 5 нысанға инфроқұрылымдарды жеткізу мәселесі қаралды. Бұлар металдан кеңірдекті конструкциялар шығаратын «Айқын жол» ЖШС, 3 гектар жерді алып жатқан «Green Technology» ЖШС жылыжай кешені, «Арай kz» ЖШС ет өңдейтін кешен, «КазАвиаспектр» ЖШС мамандандырылған ауыл шаруашылық ұшақтарын шығаратын зауыт, жылына 5 мың тонна ет өндіретін «Здоровые продукты» ЖШС бройлерлік құс фабрикасы.
Осы мәселелер бойынша «Айқын жол» ЖШС-ның директоры Александр Зубов, «Green Technology» ЖШС-ның директоры Александр Забиров, «Арай kz» ЖШС-ның директоры Ермағамбет Темірғалиев, «КазАвиаспектр» ЖШС директорының орынбасары Бақытжан Сейітқұлов және «Здоровые продукты» ЖШС-ның атқарушы директоры Аманжол Кәріпбаев баяндап берді.
– Ауыл шаруашылық және әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерді тасымалдау, дайындау, сақтау, сату үрдістерін іске асыратын бірегей кешен құру мақсатында Қарағандыда көліктік-логистикалық кешен құрылысының жобасы іске асырылады,– деп атап өтті облыс әкімі.
Осы мәселеге орай сөз сөйлеген «Агро-Консалтинг-К» АҚ басқармасының төрағасы Азамат Мұқанов: – Кешен құрылысының жалпы құны 2,3 млрд. теңге болады, соның ішінде инфроқұрылымдарды салуға 192 млн. теңге қажет,– деді. Инфроқұрылымға теміржол тармағын, су құбырын, жылу және кәріз жүйелерін, жол, ішкі кіру алаңдары, «Орталық» подстанциядан трнасформатор подстанциясына дейін электр жүйесін тарту, байланыс жүйесін жүргізу жұмыстары енеді.
Отырыста «Караганда-Бетон» ЖШС-да бетон өндірісін кеңейту жобасы бойынша несиеге орай субсидиялық сыйақы төлеу мәселесі қаралды.
Отырыс қорытындысы бойынша Серік Ахметов кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына «Бизнестің жол картасы-2020» бойынша жобалар тізімін келісу үшін экономикалық даму және сауда министрлігіне жіберуге, ал құрылыс басқармасына жобаларды келіскеннен кейін жобалаушылармен бірге тендерлік рәсімдерді өткізу үшін құжаттарды дайындауға тапсырма берді.
Инвестиция тарту мүмкіндіктері талқыланды
4 тамыз күні аймақ басшысы Серік Ахметов Италияның «Де'Лонги С.п.А» компаниясының басқарма төрағасы Джузеппе Де’Лонгимен іскерлік кездесу өткізді. Сонымен қатар, компанияның бірнеше өкілі қатысты. Кездесу барысында екі жақты әріптестік жайлы сөз қозғалды.
Елбасының тапсырмасымен бастау алған индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы елімізде қарқынды жүзеге асырылып жатқанын атап өткен облыс басшысы инвестиция тарту мен өзара іскерлік қарым-қатынас қалыптастыруға мүдделі екенімізді жеткізді.
Сонымен қатар, облыстың өндірістік мүмкіндіктері жайлы сөз қозғалды.
– Қарағанды өнеркәсіптік аймақ саналады. Мұнда урбанизация жоғары деңгейде. Халықтың 78%-ы қалалық жерде тұрады. Республика экономикасының 9-10%-ы біздің облысқа тиесілі. Негізінен, металл, көмір және шикізат экспортталады,– деді Серік Нығыметұлы.
«Де'Лонги С.п.А» компаниясы жоғары технологиялық әдіспен жасалған ауабаптағыштар мен жылыту құралдарын өндіру саласында әлемдік көшбасшы саналады. Сонау 1902 жылы ағаш және газ пештері жабдықтарын жасайтын шеберхана ретінде жұмысын бастаған компанияның бүгінгі күнгі тауар айналымы 1,6 млрд. еуродан асып жығылады. Компанияның негізгі өнімі - тұрмыстық техника мен радиаторлар. Kenwood және Ariete секілді ірі сауда маркаларына ие «Де’Лонги» Еуропа, Азия және Африканың 24 елі мен Аустралияда филиалдары бар.
Компания қарағандылық «Kazhterm» және «Сантехпром» өнеркәсіптерімен серіктестік орнатуға даяр. Аталмыш өнеркәсіптер панелді радиаторлар мен санитарлық-техникалық қолданыстағы өнімдерді шығарумен айналысады. Кездесу барысында осы саланың әріптестік мәселелері талқыланды.
2011 жылғы 11-13 шілде аралығында Ұлытау ауданына бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған ақпараттық тур өткізілді. Ақпараттық турдың мақсаты – Ұлытау ауданының тарихы, туристік әлеуетімен танысу, ауданның туристік мүмкіншіліктерін бұқара халыққа жеткізу арқылы ауданның туристік имиджін қалыптастыру, сол арқылы ішкі туризмнің дамуына үлес қосу.
Ұйымдастырушы – Қарағанды облысының туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы болды. Тур барысында ақпарат беріп, нұсқаушылары «Авалон» тарихи-географиялық қоғамының президенті Виталий Шуптар және «Ұлытау» Ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының қызметкерлері болды.
Ақпараттық турда республикалық және жергілікті БАҚ-тың, «Визитказахстан» туристік интернет порталының, Nomadic travel Kazakhstan туроператорлық фирмасының өкілдері, барлығы 17 адам қатысты. 3 күндік тур барысында қатысушылар ауданның тарихи, мәдени және табиғи ескеркіштерімен танысты.
Ұлытау (Ұлы тау)– қазақ халқының тарихи орталығы, далалық өркениет көшпенділері мәдениетінің орталығы.
Ұлытау тау тізбегі-көптеген шақырымнан көрінеді, ол солтүстіктен оңтүстікке 200 шақырымға созылып жатыр. Ең биік нүктесі-Әулие тау- Таудың көне мәдениетін «Әлемдік тау» бейнесін еске түсіреді. Оның бейнесі Тау бейнесін қорғаушы, әулие орын, сақтаушы бейнесін көрсетеді.
Осы бір көне таудың кереметтігі Қазақстанның ұлттық тарихының маңыздылығымен берілген. Ұлытау көшпенді тайпа хандарының сүйікті орнына айналған. Осы жерде ұлы Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы ханның ордасы орналасқан, осы жерден Батый хан шығысқа бағыттаған өзінің жаугершілік жорығын бастаған.
Ұлытауда Жошы хан мен түркі тілдес тайпалардың негізін қалаушылардың бірі Алаша ханға кесенелер көтерілген. Есімдері Алтай, Орал, Қырым, Солтүстік Кавказ және Өзбекстанның халықтық ауыз әдебиетінде мәңгілік сақталған. Алтын Орданың ханы Тоқтамыс, Ордалық ұлы қолбасшы, әмір Едігеде осында жер қойнына берілген. Ұлытаудағы Алтыншоқы тауындағы тас тақтаға 1391 жылы осында болғаны турасында ұлы Ақсақ Темір жазба қалдырған.
Қаланы немесе аймақты таңдаңыз: