Оқиғалар
Садық Жақсығұлов ағамыздың атын мәңгілік есте қалдыруда аудан әкімі болған Өтеміс Мырзағалиев те біраз еңбек сіңіргені мәлім. Атап айтсам, қазақша күрестен С.Жақсығұлов атындағы республикалық турнир жалғасын табуда. Ағамыздың бейнесі салынған билбордтар ілінуде. Осы мақалада батыр ағамызды еске ала отырып, жас та болса, ел ағасы бола білген сол абзал жан - Өтеміс Мырзағалиев жөнінде де айтып өткім келеді.
Өтеміс Мырзағалиев біздің ауданымызда үш жылдан астам еңбек еткен екен. Осы уақыттың ішінде ол өзін іскер, білімді, қызметіне адал азамат ретінде көрсетті.
2009 жылдың қысы қаншалықты қиын болғаны елдің есінен кете қоймаған шығар. Қыстың күні нөсерлетіп жаңбыр жауып, көктайғақ болып, жылқы қолда тұрып қалып, қырылудың алдында болды. Оның үстіне мұздақтың салдарынан ауданның электр жүйесі істен шығып, жарықсыз қалдық. Шұғыл алынған шаралардан кейін аудан қыстан аман шықты. Бұл жерде де Өтеміс Уәлиұлының ұйымдастырушылық еңбегі айтарлықтай болды.
Өткен жылғы құрғақшылықта ауыз су жетпей, мал суаратын бөгеттер кеуіп, ауылдар тағы тығырыққа тіреліп, қиналды. Осындай жағдайда әкім «Таза су» бағдарламасын іске асыруды үлкен жігермен қолға алды. Мал суару үшін бір жазда отыз бөгет тазартылып жөнделді.
Биылғы көктемдегі су тасқынынан 430 тұрғынның үйіне су кіріп, 72 үй құлап, тұруға жарамсыз болып қалды. Елбасымыз Н.Назарбаев су тасқынының зардаптарын жою жөнінде тапсырма берді. Республика Үкіметі барлық шараларды алды. Облыс басшысының бақылауымен қаншама көмек жетті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген көмекті қарсы алып, ұйымдастыру жұмыстары аудан әкімдігінің мойнында болды. Талай түнді ұйқысыз өткізген Өтеміс осындай қиындықтарда өзінің қажырлы, іскер адам екенін тағы көрсетті.
Абаттандыру, көгалдандыру, жұмыс-сыздықпен күрес, ауыз су, жол мәселесі, мектептер, денсаулық сақтау мекемелерінің жәй-күйі үнемі әкімнің назарында жүрді. Ауылдық мәдениет үйінің төрт ұжымы «халықтық» деген атаққа ие болды. Көптеген ұжымдар сапалы ұлттық сахна киімімен қамтамасыз етілді, аудандық халық аспаптар оркестрі құрылды.
Тамыз айының соңында облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов пен ҚР Төтенше жағдайлар министрі В.Божконың қаты-суымен жаңа 72 үй, «Сәулет» мектеп-лицейі, спорт зал ашылды. Өтемістің осы шараларды ұйымдастыруда күні-түні дамылсыз жұмыс істеп, тасқыннан кейін баспанасыз қалған адамдарға үйлерді бітіріп беруге бар күшін жұмсап, жанын сала жұмыстанғанын халық біледі. Жаңадан салынған үйлерге қоныстанған аудан халқымен бірге қуанып жүр еді.
Амал қанша, қайран азамат кенеттен жол апатынан қыршынынан қиылды. Енді осы қалашықтың салынуына зор еңбек сіңірген Өтеміс Уәлиұлы Мырзағалиевтің есімін сол қалашықтың күретамыр бір көшесіне берсе, тіпті жарасып-ақ кетер еді. Осы ұсынысты аудандық ардагерлер кеңесі атынан жолдай отырып, аудан жұртшылығы мен облыс халқы, билік өкілдері қолдайтын шығар деген сенімдемін.
Арон ЖҰБАНЫШЕВ,
Тасқала аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Бүгінде қала мен оның төңірегіндегі төрт ауылдық округ бойынша 37 542 зейнеткер, 238 соғыс ардагері мен 128 мүгедегі, соларға теңестірілген 1002 адам бар. Сонымен қатар 10298 мүгедек есепте тұр. Талдап айтсақ, соның 997-сі бірінші, 4760-ы екінші топтағы, 3713-і үшінші топтағы мүгедек. 828 мүмкіндігі шектеулі бала тіркелген. Жеке оңалту бағдарламасының парағы бойынша 1212 мүгедек қамтылуда, оның ішінде 16 жасқа дейінгілер 140 адам.
Міне, осындай бөгде адамның көмегіне мейлінше зәру жандар әлеуметтік қызметкерлер тарапынан тұрақты да жүйелі қамқорлыққа алынған.
- «2009-2011 жылдарға арналған мүгедектерді оңалту бағдарламасын» негізге алып, жұмыс істеп келеміз. Күрделі де сан салалы жұмыс әлеуметтік қызметкерлердің күшімен қалыпты атқарылуда. Шағын ғана дерек. Қазір есту қабілеті нашар 211 адамға 19 логопед-дефектолог қызмет көрсетеді. Бірінші топтағы 490 жүру қабілеті кем, зағип мүгедектерге 476 адам келісімшарт негізінде қызмет көрсетуде әрі жеке көмекшілердің саны үнемі өсіп отыр. Әдетте бұл кәсіпке орай конкурс жариялап, адамдарды іріктеп аламыз. Осы жұмысқа қабылданатындардың педагогикалық не медициналық мамандығы және сол саладағы өтілінің болуына ерекше басымдылық беріледі. Жасыратыны жоқ, әлеуметтік қызметкердің басым көпшілігі - әйелдер. Өйткені кез келген ер-азамат бұл жұмысқа келмейді және онымен үйлесе де алмайды, - дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Айгүл Төкешова.
Лауазым иесінің айтуынша, әрбір әлеуметтік қызметкерге 10-12 адамнан бекітілген. Кесте бойынша әр адамға аптасына екі рет, әр күнде екі сағат қызмет көрсетіледі. Атап айтқанда, ол мүмкіндігі шектеулі жанның үйін де, киім-кешегін де жуады, дәрісін береді, тамағын даярлайды. Қам көңіл кісімен қалаған уақытында әңгімелесіп, жанын жадыратуға да даяр.
Дұрысында, мүмкіндігі шектеулі жандарды қамтитын бөлім қалада екеу болуы тиіс. Әзірге бір бөлім жұмыс істейді. Қала әкімінің қаулысы бойынша екінші бөлім таяу айларда ашылуы керек. Бүгінде бірінші бөлім 80 адамды қамтуда. Екінші бөлімге тиесілі мүмкіндігі шектеулі жандарды тауып, тізімге енгізу жұмысы жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 40 адам есепке алынған. Айгүл Әдиетқызының пайымдауынша, қолайлы орынның болмауы да ізгі іске кедергі. Әйтпесе облыс орталығында әлеуметтік қызметкерге ділгер жандар өте көп.
- Арнайы әлеуметтік қызметтің құрылғанына биыл 25 жыл, - дейді қалалық бөлімге қарасты мұқтаж жандарға үйінде әлеуметтік қызмет көрсету мемлекеттік мекемесінің бастығы Арман Дәулетов, - 2009 жылы мекеме Орал қаласы әкімінің қаулысымен арнайы бөлім ретінде отау тікті. Мекемеде 116 әлеуметтік қызметкер еңбек етеді. Олардан басқа аталған адамдардың жұмысын қадағалап әрі бақылап отыратын 11 кеңесші бар. Арман Оразғалиұлы басқаратын ұжым 789 адамды қамтиды екен. 635-і ересектер де, қалғаны - мүмкіндігі шектеулі балалар.
Сол 116-ның ішіндегі байырғы қызметкерлер ұжымның «алтын қоры» іспеттес. Ардагерлердің ішінен Маржан Асылбекова, Ұлбосын Баянтасова, Валентина Дьяконова, Нұрия Исақанова, Әлия Қабдолова, Тамара Кузьменко және басқаларының есімдерін құрметпен атаған дұрыс. Әрбіреуінің осы ұжымдағы жұмыс өтілі 21-27 жылды құрайды екен. Сонымен қатар аталған абзал жандардың лайықты ізбасарлары да жеткілікті. Жанаргүл Бутина, Екатерина Найденова, Людмила Пудикова және басқа жас қызметкерлер қазірдің өзінде жақсы жағынан танылып үлгірген.
Алайда осы кәсіпке тән қиыншылық та жеткілікті. Мәселен, әлеуметтік қызметкерлердің қамқорлығына алынғандардың ішінде 18 жасқа дейінгі ақыл-есінде ауытқушылығы барлар да жоқ емес. Өз-өзінен түсінікті, оларды қамту - қиынның қиыны. Соған орай, осы мекемеге келген жастар екі айдан артыққа шыдай алмайды, кетіп қалады. Өзге де мүмкіндігі шектеулі жандардың мінезін «жібектей» деуге келмейді. Демек, әлеуметтік қызмет кез келген адамнан темірдей төзімділік пен ізетті ізгілікті талап етеді.
- Көрер көзге елеусіз болғандықтан шығар, - дейді Арман Оразғалиұлы әңгімесін сабақтай түсіп, - өзге де әлеуметтік сала адамдарына мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерден біз құр алақанбыз. Мәселен, қарттар үйінде жұмыс істейтіндердің жалақысына кемінде 25 пайызды құрайтын үстеме қосылған. Бізге ондай да жеңілдік қарастырылмапты. Сондай-ақ дәрігер мен мұғалімге қатысты санаттан да үміттене алмаймыз. Нәтижесінде, көп жыл істеген, кейбір тәжірибелі мамандар жалақының аздығына және зейнет жасының таяп қалғандығына байланысты өтінішін беріп, жұмыстан кетіп жатады. Мекемедегі ең төменгі жалақы мөлшері 27546 теңге. Ең жоғары мөлшері 35 748 теңгеден аспайды. Бұл - биыл 1 шілдеден бастап бюджет қызметкерлеріне қосылған үстемені қоса есептегендегі ахуал.
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2010 жылғы 6 желтоқсан күнгі бұйрығындағы жалпы ережелерді басшылыққа алған ұжым ісіне мығым. Аталған ережелердегі шектелген және шектелмеген міндеттердің бұлжымастай орындалуына қатаң бақылау қойылған.
Серік ЫҚСАНҒАЛИ,
"Орал өңірі"
Студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының биылғы еңбек маусымының жабылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықов жиналған жастарға:
- Еліміздің көркейіп, дамуына қосқан үлестеріңіз үшін сіздерге облыс әкімі және өз атымнан шын жүрегімізден алғыс білдіремін. Жыл сайын жаз бойы көптеген орман‑тоғай мен саябақтарды тазалап, ағаш отырғызып, аймақтық тұрғын үй құрылысы бағдарламасының жүзеге асуына атсалысып, мемлекеттің маңызды жұмыстарын атқарып келесіздер. Бұл - жарқын болашағымызды қалыптастырудағы ізгі қадамдарыңыз деп білеміз, ‑ деді.
Биыл жастардың құрылыс жасақтары су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға Тасқала және Зеленов аудандарында, Орал қаласында салынған тұрғын үйлердің, Президенттік мектеп, балабақша, салық басқармасы ғимаратының құрылыстарына, күрделі жөндеу жұмыстарына қатысып, игерілген жұмыстың көлемі 92 млн. теңгені құраған. Сарбаздардың орташа жалақысы 45-50 мың теңге көлемінде болды.
Жиында «Үздік командир‑2011», «Үздік сарбаз‑2011», «Үздік топ‑2011», «Үздік жас сарбаз‑2011», «Үздік волонтер-2011» аталымдары өз иегерлерін тауып, жұмыстарын нәтижелі аяқтаған бір топ жас марапатқа ие болды.
Нұрлыбек РАХМАНОВ
Арнайы пойызды облыс әкімінің орынбасары Е.Салыхов, аудан әкімі Б.Шәкімов, аудан Мәслихатының хатшысы И.Ізмағамбетов, аудан әкімінің орынбасары Т.Сидық, Г.Урынғалиев, В.Савченко, аудан ардагерлері кеңесінің төрағасы С.Мырзағалиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ғ.Лямов, медициналық ұйымдарының, кәсіпорындардың өкілдері қарсы алды.
Соғыс жылдарында құрбан болған Бөрлі ауданының тұрғындарының ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін денсаулық сақтау басқармасы, әділет, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, байланыс және ақпарат, «Нұр Отан» ХДП, Ұлттық банкі өкілдері Бөрлі ауданының тұрғындарының сауалдарына жауап бері мақсатында қабылдау ұйымдастырды.
Арнайы пойыз жұмысының аясында ШЖҚ «Бөрлі орталық аудандық ауруханасы» МКК «қоғамдық қабылдау» ұйымдастырылды. ҚР ДСМ, БҚО ДСБ қызметкерлерімен медициналық көмек көрсету мәселелері бойынша кеңестік, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Астана қаласынан келген жоғары мамандандырылған дәрігерлер (кардиолог, акушер-гинеколог, невропатолог, окулист) әлеуметтік-маңызды мәселелер бойынша кеңес өткізді.
БҚО ДСМ мамандары (кардиолог, дерматовенеролог, эндокринолог) денсаулық мектептерінде, қаланың жалпы білім беретін мектептерінде, «Сенім» ЖДО, Бөрлі ауылының ауылшаруашылығы колледжінде салауатты өмір салтын қалыптастыру, әлеуметтік-маңызды аурулардың алдын алу тақырыптарында тренингтер өткізді.
Жедел көмек көрсету мақсатында, қоғамдық шаралардың өткізілетін барлық жерлері медицина қызметкерлерімен қамтамасыз етілді.
«Менің Қазақстаным» арнайы пойызын қарсы алу рәсімінің соңында ҚР халық әртістері, еңбек сіңірген әртістердің қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Кейін, Абай алаңында мерекелік от шашу ұйымдастырылды.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында “...2015 жылға қарай Ұлттық инновациялық жүйе толыққанды жұмыс істеп, 2020 жылға қарай елде енгізілетін талдаулар, патенттер мен дайын технологиялар түрінде өз нәтижелерін беруге тиіс. Білім беру саласында Астана қаласында құрылып жатқан бірегей оқу орындары - «Жаңа халықаралық университет», «Арнаулы Қор» және қазірдің өзінде табысты жұмыс істеп жатқан «Интеллектуалдық мектептер» секілді жобалар ерекше басымдыққа ие болмақ. Мен олардың менің есімімді алуына келісімімді бердім. Олардың отандық білім беру жүйесінің флагманы болып, осы заманғы оқу бағдарламаларын кейіннен оларды бүкіл республика бойынша енгізетіндей етіп әзірлеу мен байқап көру жөніндегі басты алаңға айналуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажет" - деген еді.
Қаламыздың 5-шағынауданында бой көтеріп келе жатқан Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев атындағы (120 орындық жатақхана, 600 орындық) зияткерлік мектебінің құрылыс жұмыстары жақын күндері аяқталмақ. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында ашылатын Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев атындағы зияткерлік мектепке қыркүйек айының 12 жұлдызынан бастап үміткерлерден құжаттар қабылдау басталды. Физика, математика бағытында ашылатын зияткерлік мектептің шәкірті атанғысы келетін, осы пәндерге жетік, сабаққа алғыр кез келген оқушы байқауға қатысып, бағын сынай алады. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің интеллектуалды мектептері мамандандырылған білім беру ұйымдарында дарынды балалардың оқу ақысын төлеу үшін Елбасының «Өркен» білім беру гранты тағайындалды. Мамандандырылған білім беру ұйымдарында дарынды балалардың оқу ақысын төлеу мақсатында ұйымдастырылған грант иегерлерін арнайы байқау негізінде республикалық комиссия анықтайды.
Байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде мектептердің бағытына сәйкес келетін бейінді пәндер мен қазақ, орыс, ағылшын тілдері бойынша үміткерлер кешенді тестілеуге қатысады. Әр пән бойынша емтихандық тапсырма саны 15 сұрақты қамтиды. Орындалған дұрыс тапсырманың жауабы бір ұпай, дұрыс емес жауап 0 ұпаймен бағаланады. Балдың жалпы саны 75-ті құрайды. Кешенді тестілеу тапсырмасын орындауға 110 минут уақыт бөлінеді. Байқаудың екінші кезеңіне 40-тан жоғары ұпай жинаған үміткерлер жіберіледі. Бұл сынақта мектептердің бағытына сәйкес келетін бейінді пәндер бойынша жазбаша емтихан өткізіліп, тапсырманы орындау үшін әр пәнге 9 минут уақыт беріледі. Үміткер кешенді тестілеу мен жазбаша емтиханның қорытындысымен келіспеген жағдайда байқаудың әр кезеңінің нәтижесі жарияланғаннан кейін келесі күні апелляциялық комиссияға арыз беруге құқылы. Зияткерлік мектептердің желісін құру Қазақстандағы орта білім мазмұнының халықаралық мектептердің білім беру бағдарламаларымен салыстыра отырып, мұқият зерделеуге мүмкіндік бергенін атап өту қажет. Осы мақсатта орта білім мазмұнын зерделеудің нәтижесімен халықаралық сарапшылардың тарапынан айтылған нұсқаулардың негізінде бірқатар қорытындылар жасалыпты.
Оқушылардың жетістігі пән бойынша игерген теориялық білімі негізінде бағаланады. Көп жағдайда оқушы алған білімін өмірде қолдана алмайды. Сондықтан халықаралық бағдарламаларда пәнді игеруге берілген уақыттың 25 пайызы оқушының өзіндік жұмысына беріледі. Бұл тәсіл оқушылардың теориялық білімін практикада қолдануды үйренуіне көмектеседі. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқытылатын озық үлгідегі мектептің білім сапасына қойылар талабы да ерекше. Жоғары деңгейде жабдықталған мектепте арнайы байқаудан өткен жергілікті мұғалімдер сабақ береді. Сонымен қатар, шетелдік білікті мұғалімдер халықаралық жәрмеңкелерге қатысу арқылы жұмыс жасайтын болады деп жоспарлануда.
Әлемдік білім беру нарығында бәсекеге қабілетті педагогикалық ұжым мен оқушылар контингентін қалыптастыруды мақсат еткен зияткерлік мектептің шәкірті атануды барлық оқушы армандайтын шығар. Ендеше, ертеңге қанат қаққан талғамы жоғары, білімді бүлдіршіндер үшін сынға түсер сәт те жақын.
- Кеше қыркүйек айының 12-сінен бастап қаламыздағы №6 орта мектебінде 7, 8, 9-сынып оқушыларынан құжат қабылдай бастадық. 19-23 қазан аралығында байқауға қатысуға ниет білдірген өрендерге сынақ жұмыстары жүргізіледі. Қазан айының аяғында сынақ қорытындысы белгілі болмақ, - дейді Тұңғыш Президентіміз атындағы зияткерлік мектебінің менеджері Сәуле Өмірбекова.
Республикалық комиссия анықтайтын байқау негізінде биылғы оқу жылында өңіріміздің 504 өрені зияткерлік мектебінің шәкірті атанып, жоғары деңгейде білім алмақ. Арнайы комиссия қазан айында ауыл, аудандарды аралап, қабілетті, дарынды балаларды байқауға қатыстырмақ ниетте. Анықтама алу үшін №6 орта мектебі (Карев көшесі, 24-үй) 51-40 -99 нөміріне хабарласа аласыз.
Қаланы немесе аймақты таңдаңыз: