Оқиғалар
Алдымен сөз алған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов облысымызда Елбасының Жолдауына орай атқарылған ауқымды шаралар мен қол жеткен табыстарға, жүзеге асырылып жатқан жоба-жоспарларға кеңінен тоқталып, өз кезегінде Жайық өзенінің экологиялық жағдайы мен оңтүстік аудандарды сумен қамту сияқты күрделі проблемаларды шешуде белсенділік танытқан депутаттарға өз ризашылығын білдірді. Облыс аумағында іске асқан ірі жобалар туралы айта келіп облыс әкімі:
- Ағымдағы жылдың қаңтар-тамызында облыс өнеркәсібі 793,1 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Ол өнімнің нақты көлем индексі 97,1 пайызды құрады. Газ өндіру көлемі 12 млрд. 5 млн. текше метр, газ конденсаты 9 млн. 122 мың тоннаны құрады. Облыста Елбасының берген тапсырмасына сәйкес индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы қабылданды. Облыс бойынша 271,5 млрд. теңгеге 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Индустрияландыру картасы аясында биыл құны 89,8 млрд. теңге болатын 9 жоба іске қосылмақ.
Биылғы жыл ауыл шаруашылығы үшін өте ауыр болды. Көптен болмаған қуаңшылық, жаз бойғы аптап ыстық егін мен мал шаруашылығына үлкен қиындық әкелді. Елбасының тікелей қолдауымен және Үкімет басшысының нұсқауымен облыста астық қоры жасақталды. Негізгі азық-түлік тауарларының соның ішінде нан мен ұнның бағасына тұрақты мониторинг жүргізіліп, бағаның көтерілуіне жол берілмеуде. Дегенмен өңірімізде шешімін күтіп тұрған проблемалық мәселелер де бар.
Мен облысқа басшы болып келгенде ұстанған бағытым - облыстың елді мекендерін табиғи газға қосу болатын. Бұл мәселе қаржыға тірелетіні белгілі. Тек соңғы 2007-2010 жылдары бұл мақсатқа 48 млрд. 490 млн. теңге жұмсалды. Осы жылдары жалпы ұзындығы 968,3 шақырым газ құбырлары тартылды. Облыс бойынша газбен қамту 82 пайызға жетті. Келесі 2011 жылы Бөкей ордасы ауданының Бисен, Жәнібек ауданының Ақоба, Теректі ауданының Сарыөмір және Жайық өзенінің сол жағалауындағы елді мекендерге газ құбырлары тартылады. Оған барлығы 2 млрд. 792 млн. теңге қаржы қажет. Жобалық-сметалық құжаттары дайын, сараптамадан өткізілген. Аталмыш жобаны іске асыру үшін келесі жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлу жөнінде Мұнай және газ министріне хат жолданды. Екінші - жол мәселесі. Жол салу мен жол жөндеу жұмыстары қыруар қаржыны қажет ететіні белгілі. Жыл сайын республикалық маңызы бар жолдарды күрделі жөндеуден өткізудеміз. Чапаев-Жаңақала-Сайқын автожолының 76-113 шақырымына күрделі жөндеуді аяқтау, Деркөл ауылынан Орал-Тасқала-РФ шекарасына дейінгі жолды жөндеу және Алғай-Жалпақтал-Жұлдыз-Қарасу жолының 71-73 шақырымын Қараөзен ауылына кірме жолымен жөндеу үшін барлығы 4 млрд. 098 млн. теңге қажет. Үшінші мәселе - «Қазақстан Инжиниринг» акционерлік қоғамының 90 пайыз үлесі бар кәсіпорындардың жұмысын жандандыру. Біздің облыста «Омега» прибор зауыты, «Зенит» зауыты және «Гидроприбор» ғылыми-зерттеу институты» акционерлік қоғамы деп аталатын үш кәсіпорын бар. Қазіргі кезде «Қазақстан Инжиниринг» АҚ тарапынан қажетті көмектің болмауына байланысты олар өздерінің өндірістік әлеуетін толығымен пайдалана алмай отыр. Егер аталмыш өндіріс ошақтары толық қуатымен жұмыс жасап, тапсырыспен қамтылған жағдайда жергілікті жұртты тұрақты жұмыспен қамту көрсеткіші де әлдеқайда жақсарар еді. Сондықтан «Қазақстан Инжиниринг» АҚ тарапынан өз кәсіпорындарын тапсырыспен қамту бойынша жұмысын жандандыру қажет, - деген облыс әкімі аталған мәселелердің шешімін табуға Парламент депутаттарының қолдау танытуын сұрады.
Өз кезегінде ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев республика көлемінде ел игілігі үшін атқарылып жатқан ауқымды шаралар мен іске асып жатқан ірі жобаларға кеңінен тоқталды. Сонымен қатар тәуелсіздік алғалы 19 жылдың ішінде қол жеткізген толағай табыстарымызды саралаған М.Көпеев әлемдік деңгейдегі биік белестерден көрінуіміз Елбасымыздың сұңғыла саясаты мен ел-жұрттың ынтымағының арқасы екендігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ Сенат төрағасының орынбасары облыс басшылығының ұсыныс-тілектері бойынша мүмкіндігінше оң шешім қабылдануына атсалысатынын алға тартты.
Қашық дейтініміз, бір кездері Алаш арыстарының қазақтың дербес мемлекетін құру жөніндегі аяулы арманын тербеткен қалаға бүгіндері екі бірдей мемлекеттің әрі шекаралық, әрі кедендік тексерулерінен өтіп барып жетесіз. Ал Орынборды жанымызға ерекше жақын тұтатынымыз, бұл қала ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ автономиясының, яки қазіргі заманғы қазақ мемлекеттілігінің алғашқы астанасы. Сөйткен Орынбор қазір Ресейдің құрамында, орман-орыстың құзырында. Қайыр-хош, зады, есті кісі ескі жараны тырнамас болар...
Осы аптаның сәрсенбідей сәтті күні үшбу шаһарға жол түсіп, Алаш қайраткерлерін ардақтауға арналған екі-үш шараға қатысып қайттық. Бұл шаруаның басы-қасында бастан-аяқ Орынбор облысы губернаторының бірінші орынбасары Валерий Рогожкин жүрді. Ал Батыс Қазақстан облысының делегациясын облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаев бастап барды.
Сәске түске таман Орынбордың орталығындағы Пушкин көшесінің бойындағы 39-үйдің күнгей бетіне ілінген Алаш ардақтыларына арналған ескерткіш тақта ашылды. Өйткені бұл еңселі ғимаратта 1917 жылы бүкілқазақтық бірінші және екінші сиез өткен. Әрі үшбу ғимаратта 1913-18 жылдары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов сынды ұлтжанды азаматтар қазақы сананы ояту үшін «Қазақ» газетін шығарып тұрған көрінеді.
– Ресей Федерациясымен достық және үнемі тату көршілік қарым-қатынаста болу – Қазақстанның сыртқы саясатының ең басым бағыттарының бірі. Бүгіндері Кедендік одақтың қабырғасы қатып, буыны бекіп келеді. Бұған қоса біз таяу жылдары Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен біртұтас экономикалық кеңістікте өмір сүретін боламыз. Біздің мемлекет басшысының бұл ұсынысы Ресей Федерациясының президенті Дмитрий Медведевтің тарапынан да қызу қолдау тауып отыр. Демек, біртұтас экономикалық кеңістіктің екі елдің 170 миллион халқының ортақ игілігіне айналатынына сенім мол. Ал қазақтың либералдық-демократиялық сипаттағы алғашқы партиясы «Алаштың» қайраткерлеріне арналған бүгінгі шаралар екі елдің достығын бұрынғыдан бетер нығайтуға қызмет етері анық. Орынбор қаласында ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары өз ұлтын өзгелермен терезесін тең қылу үшін қоғамдық-саяси тұрғыдан көптеген іргелі істерге ұйытқы бола білді. Мәселен, мына ғимаратта Алаштың ардақтылары қазақты ұлт ретінде қалың ұйқыдан ояту үшін ана тілімізде газет шығарып, осы үйде жалпықазақтық екі бірдей сиез өткізген. Қазақ тарихының түгенделуіне Ресей тарапынан жасалып отырған бүгінгі жағдай – екі ел басшыларының арасындағы түсіністік пен екі екі ел арасындағы ынтымақтың айқын айғағы. Біз енді осындай достық пейілді жастардың санасына сіңіруіміз керек,- деді Алаш ардақтыларына арналған мемориалдық тақтаның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков. Ал ҚР Мәдениет министрінің орынбасары Ғазиз Телебаев Алаш қайраткерлеріне шетелде көрсетілген алғашқы құрмет үшін Ресей тарапына ризашылығын білдіріп, тақта орнатылған маңды болашақта Достық гүлзарына айналдыруды ұсынды. Орынбор қаласының дуанбасы (әкімі) Юрий Мищеряков үшбу ұсынысты қуаттап-қолдайтындығын сол жерде-ақ жария етті.
Арада шай қайнатымдай уақыт өткенде Чичерин көшесіндегі 75-үйге ілінген тақтаның да томағасы сыпырылды. Бұл үйде 1913-18 жылдары «Алаш» партиясының қабырғалы қайраткерлерінің бірі, қазақтың тіл ғылымының көшбасшысы, ұлттың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынов тұрған. Ретті жерінде айта кетелік, қазақ қайраткерлеріне Орынборда орнатылған қос тақтаны да Алматыдағы «Қазреставрация» мекемесі жасаған.
Түс ауа Орынбордың төріндегі «Кеңестер үйінде» «Ресей – Қазақстан қарым-қатынасы: тарихи және қазіргі кезең» атты алқалы жиын өтті. Басқосуды ашқан Орынбор облысы губернаторының бірінші орынбасары Валерий Рогожкин, - Ресей мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыс пен гуманитарлық-мәдени қарым-қатынастың қайырын Орынбор өңірі де көріп отыр. Орынбор облысы тауар айналымының үштен бір бөлігі Қазақстанның үлесінде. Ағымдағы жылдың алғашқы тоғыз айында өзара сауда-саттық 2009 жылдың тоғыз айымен салыстырғанда 25,0 пайызға артып, 1 млрд. АҚШ долларын құрады. Экономикалық интеграция қарқыны да кісі қызығарлықтай. Мысалы, 2010 жылы Орынбордың газ-химиялық кешенінде Қарашығанақтан жөнелтілген 6,4 млрд.
текше метр табиғи газ бен 1,5 млн. тонна газ конденсаты өңделді. Қазақстандық инвесторлар соңғы бес жылда Орынбор облысының экономикасына 170 млн. доллар инвестиция салды.
Бүгінгі таңда Орынбор өлкесінде 126 мыңға жуық қазақ тұрады. Бұл – облыс халқының 5,8 пайызын құрайтын көрсеткіш. Біздің облыста жергілікті қазақтардың 13 ұлттық-мәдени бірлестігі тұрақты жұмыс істейді.Мектептерде факультативтік сабақтар өтеді, үйірмелер бар.
Қазақ тілі 35 мектепте оқытылады, онымен 900-дей жеткіншек қамтылған. Қазақ тілінде «Жаңа Айқап» атты газет шығады. Қазақтың 1200 қыз-жігіті Орынбордың іргелі білім ордаларында таңдаған мамандықтарының қыр-сырын меңгеруде,-деді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық академиясының академигі Кенжеғали Сағадиев өз сөзінде әлемдік деңгейдегі саяси салмағы зор, әскери әлеуеті ересен, ғылыми-техникалық, отын-энергетикалық және көлік-транзиттік мүмкіндігі де айтулы Ресеймен Қазақстан әркез екі жақты тиімді қарым-қатынаста болуға пейілді екендігін айтып өтті. Сонымен қатар Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтының профессоры, философия ғылымдарының докторы Аманкелді Айталы мемлекетаралық тең дәрежелі көршіліктің тиімділігін тарқата әңгімеледі. Ал жиынды жүргізіп отырған Орынбор облысының мәдениет, қоғамдық және сыртқы байланыстар министрі Виктор Шориков сөз арасында: – Орынборда Ыбырай Алтынсарин мен Әліби Жанкелдиннің атында көшелер бар. Облыс бойынша қазақтардың 69 ұлттық-этнографиялық ансамблі бар екендігін және қаперіңізге саламын. Сондай-ақ біз жыл сайын қазақ күресінен жарыс өткізіп тұрамыз. Бұл жарысқа Орынбор өңірін мекендеген өзге ұлт өкілдерінің палуандары да білек сыбанып белсенді қатысады,-деп біраз қазақстандық үшін тың ақпаратты алға тартты. Ең бастысы аталмыш жиын барысында Орынбор мемлекеттік аграрлық университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Биғанша Әлімбаева, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Дмитрий Легкий, Алматыдағы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтынан келген профессор, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ысмақова, Орынбор мемлекеттік университетінің аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Татьяна Тугай және де басқа ғалымдар «Алаш» партиясының тарихы мен Алаш қайраткерлерінің мұрасын тереңдете зерттеу жөнінде пікір алмасты. Өзіміз қатысып, куә болған үшбу іс-шаралардан кейін бізге Орынбор бір мысқал болса да қазақыланып, біртабан болса да жақындай түскендей көрінді...
Райхан ИМАХАНБЕТОВА,
А.Байтұрсыновтың Алматыдағы мұражай-үйінің директоры,филология ғылымдарының кандидаты:
– Бүгінгі шаралар жиынтығы ҚР Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімовтің Ресейдің Премьер-министрі Владимир Путиннің атына жазған хаты негізінде қолға алынды. Ол хатта Орынбордағы «Алаш» партиясына қатысты қос ғимаратқа мемориалдық тақта орнатуға ықпал ету жөнінде баяндалған.
Юрий Мищеряков, Орынбор қаласының әкімі:
– Мұндай бірлескен шаралар екі бауырлас ел – Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достықты нығайта түседі.
Мен өзім Қарағанды облысында туып-өскендіктен, Қазақстан маған ерекше ыс¬тық. Соның ішінде Ахмет Байтұрсыновтай қа¬зақ зиялыларының есімдерін мәңгі есте қал¬дыру шараларын бірлесіп атқару – үлкен абырой. Міне, бұдан жеті-сегіз ай бұрын қолға алынған шаруа оңымен бітіп отыр. Мұндай шаралардың жүзеге асуы екі елдің одан әрі жақындасуына қызмет етеді. Қос мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Дмитрий Медведевтің бізге тапсырып отырғаны да осы. Орынбор облысының Қазақстанмен шекарасы 2 мың шақырымға жуық. Біз Қазақстанның бірнеше облысымен шектесеміз. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысымен тығыз қарым-қатынастамыз. Әсіресе, Орал мен Орынбор қалалары арасында жасалған келісімге сәйкес көптеген жұмыстар атқарылуда. Бір-бірімізге жиі барып, көкейкесті мәселелерді бірге талқылап, шешуге тырысамыз. Бұл дәстүр алдағы уақытта да жалғасады.
Конференцияны Батыс Қазақстан медицина колледжінің директоры М.Қ.Берген ашты. Конференцияда сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары М.Қ.Аймұрзиева білікті мамандарды қалыптастыруда жаңа ақпараттық технологияларды қолдану маңыздылығын жоғары бағалады.
Конференция барысында неғұрлым өзекті мәселелер қозғалды және оларды медицина колледждері тәжірибесінде шешу әңгіме арқауы болды.
- Дәрігердің қабылдауында туберкулез, жалпы гигиена ауызсу ластануының организмге әсері;
- Оқытудағы кейс технологиясын қолдануға модульдік хабардарлық тәсіл;
- Қынаптық босанулар технологиясы;
- Жүрек-өкпе реанимациясы;
- «Құнарлы тағам» және басқа да тақырыптарда мастер кластар өткізілді.
Білім алушының өзін-өзі бақылау әдістерімен модульдік оқытуды қолдану, оқытушылармен аралық бақылау, оқушылардың үлгеріміне жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Конференция жемісті өтіп, оған қатысушылар білікті кадрларды қалыптастыруға нәтижелі әдістерді пайдаланумен белсенді түрде тәжірибе алмасты.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі
Қаланы немесе аймақты таңдаңыз: