Оқиғалар
Ана мен бала қорғау қызметінің қызметін толық есепке алу және талдау үшін, ДДСҰ 0-ден 365 күнге дейінгі жастағы балалардың өлі туылғандығын және өлім-жітімін көрсететін фето-инфанттық өлімдердің (ұрықтық сәбилердің) көрсеткішін қолдануды ұсынған болатын.
Сәбидің перинаталдық, неонаталдық және неонаталдықтан кейінгі кезеңдегі өмірін сақтау - денсаулық сақтау саласының негізгі қызметтерінің нақты өзара әрекеттесуін талап ететін, ана мен баланы қорғау ісіндегі «Гордиев түйіні» акушер-гинекологтардың, неонатологтардың және педиатрлардың жалпы ортақ проблемасы.
Перинаталды көмекті енгізу проблемасының өзекті болуына байланысты, 2011 жылдың 25 ақпанында облыстық Ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Конференцияға облыстағы МҰ басшыларының емдеу ісі жөніндегі орынбасарлары, акушер-гинекологтар, неонатологтар, педиатрлар қатысты. Конференцияда сондай-ақ кейбір акушерлік ахуал кезіндегі диагностикалау және емдеу тәсілдерінің ерекшеліктері (Литвадағы Денсаулық ғылымдары университеті жанындағы Каунасс акушерия және гинекология клиникасының жұмыс тәжірибесі), перинаталдық проблемалар және оларды шешу жолдары, жатыр мойнының қатерлі ісігін ерте анықтауға арналған цитологиялық зерттеулердің талдауы сияқты өзекті мәселелер қаралды.
Осылайша өткізілген конференциядан күтілетін қорытынды - BABIES әдіснамасын тиімді енгізу, перинаталдық өлім-жітім көрсеткішін төмендету, сәби өлімінің көрсеткішін тұрақтандыру және әйелдер арасында профилактикалық тексерілу сапасын жақсарту.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі 2011-03-01
«Орал өңірі» газеті редакциясының ұжымы мұз астындағы балықты тұншығудан құтқару акциясын биыл да көтерді. «Биыл да» деп отырғанымыз, облыстық газет осынау игілікті шараға өткен жылы да мұрындық болып еді. Бейсенбі күнгі 30 градус аязға қарамастан біздің бастамамызды әріптестеріміз, атап айтқанда, «Қазақстан», «Астана», «Қазақстан-Орал», «ТДК-42» телеарналарының тілшілері де қызу қолдап әкетті. Акцияға Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың балық шаруашылығы мамандығын игеріп жатқан студенттері де белсене қатысты. - Біздің балықтардың көбі жергілікті, абориген балықтар, олардың өмір сүру ортасында бір литр судағы оттегінің мөлшері 4-4,5 мг болуы тиіс. Ал ағысты өзендердегі балықтарға ауа көбірек керек. Қыс кезі, өзен-көл суының бетін мұз құрсап, қалың қар жабуы балықтың тұншығуына, тіпті қырылуына әкеліп соғуы мүмкін, - дейді осы акцияға 10 студентін бастап келген ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың биотехнология, мал және балық кафедрасының доценті Марклен Шүкіров. Әрине, бетін аулақ қылсын, балығымыз әзірше қырылудан аман. Бірақ құтқару шаралары жасалмаса, жағдай ушығып кетуі әбден мүмкін. - 16 ақпан күнгі сынама нәтижесіне қарағанда оттегінің мөлшері Жайықта - 3,20 млг/л, Шаған өзенінде - 3,04 млг/л, ал Деркөлде 4 млг/л болды, - дейді Батыс Қазақстан облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының жетекші маманы Динара Имашева. Мұндай сынама аптасына екі мәрте жүргізіледі екен. - Балық қорғау, тұншығудан құтқару шаралары - біздің жылда, күнделікті атқарып жүрген шаруамыз ғой. Кеше ғана дәл осы мақсатта облыстық бюджеттен бөлінген 1 млн. теңгені игеру үшін тендер өткізіліп, оны «Есбосынов» жеке кәсіпорны жеңіп алды. Олар да қызметіне кірісіп кетті, - дейді облыстық балық инспекциясы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Әли Ниязов. - Дегенмен осы маңызды мәселеге жұртшылықтың назарын аударып, бізге қолғабыс көрсеткені үшін «Орал өңірі» газетінің редакция ұжымына көп рақмет айтамыз. Акцияға қатысушылар тиелген бірнеше автокөлік Шаған өзенін бетке алдық. Балық шаруашылығы мамандығына оқып жатқан студенттер облыстық балық инспекциясымен бұрын да қоян-қолтық араласады екен. Мұз оюға жұмылған журналистер мен студенттерді көлікпен, құрал-жабдықпен қамтамасыз еткен балық инспекциясы басқармасының қызметкерлері өзен бетінде ойық оюдың, ол тез қатып қалмас үшін оған қамыс-қоға салудың отырғызудың жөн-жосығын көрсетті. Әсіресе, сүйменмен қалыңдығы құлаштай мұзды әп-сәтте тесіп шығудан инспекция қызметкері Дмитрий Кожевников алдына жан салмады. Мұз бетіндегі қар өте қалың екен. Күртіктеп жүре алар емеспіз. Балық қорғау инспекциясының бас маманы, мемлекеттік инспектор Ғарифолла Зинуллин мұздың қалыңдығын өлшеп көріп: «50-55 сантиметр болады екен, қардың қалыңдығы 30 см-ден кем емес. Мұз бен қар жабынның қалыңдығы су астына ауа жібермейді. Мына акция дер кезінде басталған шара болды!» деп қуанулы. «Жас келсе, іске» дегендей, студенттер де қарап қалмады. Қимылы ширақ, ісі өнікті бір-екеуін әңгімеге тарттық. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да балық шаруашылығы мамандығын игеріп жатқан 3-курс студенті Ерген Шайхиев Теректі ауданына қарасты Социализм ауылында туып өсіпті. Оның курстасы Асылхан Нұрғалиев Жаңақала өңірінен екен. - Бұл мамандықты бала күнімнен өзім таңдадым. Болашақтағы жоспарым - өзімнің туған жерім Жаңақала ауданынан тоған шаруашылығын ашып, жергілікті халықты арзан балықпен қамтығым келеді. Жеке фирма ашып, бизнеспен айналыссам деймін, - дейді Асылхан. Осы кезде біздің балық құтқару акциясына қатысушылардың тобына тың күш келіп қосылды. Қолында мұз тескіш моторлы бұрғысы бар жігіттердің қимылына тіпті көз ілесер емес. Бұл жұмысқа әбден төселіп, маманданып алғаны көрініп тұр. Жақындап келіп таныссақ, биылғы қыста балықты тұншығудан қорғау шараларын өткізу үшін ұйымдастырылған тендерді жеңіп алған «Есбосынов» ЖК-ның жігіттері екен. - Кеше ғана біз балық құтқару шараларын жүргізу үшін облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық басқармасымен келісімшартқа отырдық. 16 ақпаннан бастап әрқайсысының құрамында 4-5 адамы бар үш бригада іске кірісті. Біздің міндетімізге Ақжайық, Зеленов және Теректі аудандары аумағындағы 10 су қоймасын бақылау кіреді, - дейді №1 балық құтқару бригадасының жетекшісі Нұрлан Шекебаев. Американдық моторлы бұрғыдан жұмыс қалмайды екен. «Күніне 300-400-ге дейін ойық оямыз мұнымен» дейді Нұрлан Хамитұлы. Ақпанның 16-сынан басталған құтқару жұмыстары наурыздың ортасына дейін созылмақ. Егер қажет болса, құтқару жұмыстары одан әрі жалғасады. ...Таңертең басталған акция түске таман саябыр тартты. Біркелкі ақ қар жапқан өзен беті айқыш-ұйқыш ізге, су астындағы балыққа аса қымбат ауа сыйлаған ойыққа толды. Инспекторлардың бірі акция кезінде 523 ойық, 10 суат (көлемі 1х1 метр болатын үлкен ойық) жасалғанын қағазға түсіріпті. - Ұлы мәртебелі Тәуелсіздіктің биылғыдай мерейтой жылында біз ел назарын аударатын пайдалы акциялардың әлі талайына ұйытқы боламыз! - дейді «Орал өңірі» газетінің қызметкерлері.
Мемлекеттік бағдарлама міндеттерін шешу үшін аймақтық бағдарлама бекітіліп, оны жүзеге асыруға 2005-2010 жылдары 75 млрд. теңге бағытталды, оның 55,0 млрд.теңгесі жергілікті бюджет қаржысынан, 20,0 млрд.теңгесі республикалық бюджеттен бөлінді. Облыстың денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың артуы нәтижесінде 2010 жылы облыстың 1 тұрғынына қаржыландыру көлемі 2004 жылғы 8700 теңгеге қарсы 31500 теңгені құрады, бұл өз кезегінде медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Аталған бағдарламаны іске асыру жылдары облыста 58 денсаулық сақтау нысаны салынып, оның ішінде «100 мектеп және 100 аурухана құрылысы» бағдарламасы шеңберінде 6 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталды. Жалпы сомасы 14 млрд. теңгеден астам қаржыға 238 медицина ұйымы күрделі жөндеуден өтті. Жалпы сомасы 6,0 млрд. теңгеге 36 мың бірліктен астам медициналық жабдықтар сатып алынды. Облыста БҰДСЖ шеңберінде денсаулық сақтау нысандарын мемлекеттік нормативке келтіру бойынша әкімшілік реформалар жүргізілді. Ауыл тұрғындарын дәріханалармен қамтамасыз ету 21%-ға дейін артты. Облыста науқастарды тәулік бойғы стационарларда госпитализациялаудың 10%-ға дейін төмендеуі, күндізгі стационарларда госпитализациялаудың 63%-ға дейін артуы, облыстың 6 медицина ұйымында оңалту емі бөлімшесінің ашылуы, кардиологиялық, травматологиялық, нейрохирургиялық, неврологиялық, онкологиялық науқастарға жоғары мамандандырылған медициналық көмектің енгізілуі - БҰДСЖ-ны іске асыру нәтижесі болып табылады. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде әлеуметтік маңызды аурулар ауыртпалығын төмендетудің қаралуына байланысты облыста скринингтік тексеру жұмыстары жалғасты. Қорытындысында 2010 жылы медициналық-демографиялық көрсеткіштер тұрақталды, тұрғындардың туу деңгейінің өсуі және жалпы өлім-жітім көрсеткішінің тұрақталуы есебінен тұрғындардың табиғи өсімінің көрсеткіші 8,4-тен 8,8-ке дейін артты. Ана өлім-жітімінің көрсеткіші 24,3-тен 8,3-ке дейін және сәби өлім-жітімі 14,7-ден 13,8-ге дейін төмендеді (республикалық көрсеткіш - 16,7). 2010 жылы туберкулезбен сырқаттанушылық 9,2%-ға төмендеп, 100 мың тұрғынға 95,4-ті құрап, республикалық көрсеткішке сәйкес болды. Туберкулез бойынша өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға 14,5-тен 10,6-ға дейін кеміді. Қатерлі ісік ауруларымен 5 және одан астам жыл өмір сүріп жатқан науқастардың үлес салмағы, ауруды ерте сатысында анықтаудың жақсаруымен байланысты 51,2%-дан 53,1%-ға дейін артты және қатерлі ісік ауруларынан өлім-жітім - 140,0-ден 138,0-ге дейін төмендеді. Дәрігер мамандардың жетіспеушілігі облысымыз үшін ұзақ жылдардан бері күрделі мәселе болып келеді, сол себепті де жергілікті атқарушы органдармен әлеуметтік жеңілдіктерді ұсыну есебінен кадр жетіспеушілігін шешу жөнінде жоспар әзірленді. 2010 жылы облысымызға 50 жас маман келді, олардың ішіндегі тұрғын үйге мұқтаж 37 маман жаңа тұрғын үйлермен қамтамасыз етілді, аталған шаралар нәтижесінде дәрігерлермен қамтамасыз ету 10 мың тұрғынға 26,7-ге дейін өсті. 2011 жылы келесі міндеттердің орындалуы қамтамасыз етілуі тиіс: 1. Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларын, 2011-2015 ж.ж. арналған «Саламатты Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасының және 2011-2015 ж.ж. арналған Стратегиялық жоспар іс-шараларының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету. 2. БМСК деңгейінде диспансеризациялауды, сауықтыруды, патронажды көмекті күшейтуді, жалпы тәжірибе дәрігерін кеңінен енгізуді қамтамасыз етумен 2011 жылды «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек жылы» деп жариялау. 3.Балалар мен әйелдерге, сондай-ақ әлеуметтік елеулі аурулармен ауыратындарға медициналық көмек көрсету - басымды бағыт болып белгіленсін. 4. Тұрғындардың Ұлттық скринингтік бағдарламасын сапалы және тиімді жүргізуді қамтамасыз ету. 5. Салауатты өмір салтын насихаттау және адамның өз денсаулығына ынтымақты жауапкершілігі қағидатын енгізу арқылы қауіп факторларын және өмір сүру ұзақтылығын төмендетуге әсер ететін себептерді жою бойынша түсінік және санитарлық-ағарту жұмыстарын күшейту. 6. Бірыңғай Ұлттық денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту және жетілдіру. 7. Кадрлардың біліктіліктерін үздіксіз арттыру.
Орал қалалық «www.infoportal.kz» сайты жариялаған бәйге қос бірдей жерлесімізге осындай мүмкіндік берді. Қаңтардың 27-сі күні «Жайық Пресс» ЖШС-ның ақпараттық қолдауымен және облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен жарияланған «Азиада-2011 бізге несімен маңызды?» атты эссе байқауының жеңімпаздары белгілі болды. Марапаттау салта¬натында сөз алған «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин бұл байқаудың маңызына жан-жақты тоқтала келе, 15 қатысушы өз бақтарын сынағандығын, байқаудың әділ өтіп, қос жеңімпаздың әрқайсысына сайт арқылы 300-дей дауыс берілгендігін тілге тиек етті. Салтанатты рәсім соңында жеңімпаз атанған жаңақалалық мектеп оқушысы Әйгерім Өтешқалиева мен оралдық жас Дархан Қадырәлиевке Азия ойындарының ашылу салтанатына қатысу жолдамалары тапсырылды.
Қаланы немесе аймақты таңдаңыз: