Жол көрсеткіш /
Ақтөбе /
Оқиғалар
Оқиғалар
ҰБТ: биылғы ерекшеліктер
Сенбі күні ұлттық бірыңғай тестілеу туралы кеңейтілген семинар-кеңес өтті. Жиынға Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің сыртқы емтихандар басқармасының бас сарапшысы Зинаш Жанділдина мен облыстық білім басқармасының бастығы Айгүл Арынғазиева қатысты. Сонымен қатар шараға Ақтөбе қалалық және аудандық білім бөлімдерінің басшылары, ҰБТ мемлекеттік комиссиясының төрағалары, тестілеу пункттерінің директорлары жиналды.
Семинардың негізгі мақсаты — ҰБТ-ны өткізу технологиясын түсіндіру мен үйрету. Биылғы ҰБТ-ның басты үш ерекшелігі бар. Бұл жөнінде Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің сыртқы емтихандар басқармасының бас сарапшысы Зинаш Жанділдина былай дейді:
— Біріншіден, тест спецификациясы өзгерді. Өте жеңіл сұрақтар алынып тасталды. Орташа деңгейдегі сауалдар көбейді. Күрделі сұрақтар өзгеріссіз қалды. Екіншіден, ҰБТ өткізу кезінде тәртіп бұзған оқушылар ескертусіз-ақ аудиториядан шығарылады. Және олардың тест жауаптары есепке алынбайды. Үшіншіден, тәртіпбұзушылық бойынша шешімді министрліктің өкілдері қабылдайды.
Жиында ҰБТ өткізу барысында кездесетін мәселелерге ерекше көңіл бөлінді. Әсіресе, тыңдаушыларға металіздегіштерді қолдану себептерін түсіндіруге баса назар аударылады. Бұл шара балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, тестілеу өткізу орындарына қойылған жарылғыш заттар туралы жалған хабарландырудан, ҰБТ-ны болдырмау әрекеттерінен сақтандыру мақсатында жүргізіледі.
(Материалдың толық нұсқасын газетіміздің келесі нөмірінен оқи аласыздар)
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.
Ақ халаттылар қолдау көрсетті
Сайлау
Өткен сенбі күні М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің акт залында «Біз Елбасын қолдаймыз!» атты акция өтті. Залда студенттер «Біз Н. Назарбаевқа дауыс береміз!», «Біздің таңдауымыз Ұлттың Көшбасшысы!», «Біз Елбасыға дауыс береміз!» деген плакаттар көтеріп, сап түзеп тұрды. Мұнда қала активінің өкілдері, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Ақтөбе қалалық филиалының төрайымы Сұлупан Шынтасова, қалалық мәслихаттың депутаттары, Саяси кеңес мүшелері, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері қатысты. Олар Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кандидатурасын қолдауға жиналғандарын мәлімдеді. 3 сәуірде Елбасыға бірауыздан дауыс беретіндерін паш етті.
М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің ректоры Ербол Бекмұхамбетов Елбасының арқасында Қазақстанның 20 жылдың ішінде зор даму жолынан өткенін, бүгінде әлемнің іргелі мемлекеттерінің бірі болып отырғанын мақтанышпен баяндады. Елбасының халықаралық беделін, саясаттағы әлемдік танымал тұлға ретіндегі еңбектері мен табыстарын айтып өтті.
— Біз, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, өзіміздің болашағымыздың жауапкершілігін жақсы сезінеміз және ертеңгі күнімізге, туған Қазақстанымызда тұрақтылық пен тыныштық болатынына сенеміз. Сондықтан да біз Елбасыға дауыс береміз! — деп аяқтады сөзін Ербол Жасұланұлы. Ректордың бұл сөзін қуаттап залдан «Біз Президентпен бірге қуатты Қазақстан үшін дауыс береміз!» деген асқақ үндер естілді.
Денсаулық сақтау саласының үздігі, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Марияш Әлдекова:
— ЕҰЫҚ-ға төрағалық еткенімізді, Саммит, әлемдік қысқы Азиада ойындарын өткізгенімізді, Тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде еліміздің экономикасын дамытып, саяси тұрақтылықты нығайтып, дүние жүзінің таңдаулы мемлекеттерінің қатарына қосылуымызды тегін құбылыс деуге болмайды. Мұны қазақ халқының ырысы, басына баянды бақ қонғанының белгісі деп білуіміз керек. Және осының бәріне тек қана еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлылығымен, даналығымен, данышпандығымен, білгірлігімен, қырағылығымен, біздің болашағымыз үшін тынымсыз еткен еңбегінің нәтижесінде қол жеткіздік. Біз мұны еш уақытта ұмытуға тиіс емеспіз. Сол себептен де біз Елбасын қолдаймыз, өзіміздің даусымызды береміз! Елбасын тек біз емес, бүкіл әлем қолдап отыр, — деді. Сонымен бірге денсаулық саласының ардагері Елбасының көрегендік саясатының арқасында Ақтөбе аймағының барлық сала бойынша көш бастап отырғанын, бұл бағаны Елбасы өзінің жақындағы аймаққа сапарында бергенін еске салды. Соңғы бес-алты жылдың өзінде аудандарда және Ақтөбе қаласында бүгінгі күннің талабына сай келетін бірсыпыра емдеу орындарының ашылғанын, көптеген жаңа денсаулық сақтау құрылыстарының салынғанын және де кейінгі жылдары емдеу мекемелерінің осы заманғы ең үздік жабдықтарды көптеп алғанын мақтанышпен айтып өтті. Залдан жастар «Елім менің — Қазақстан!» деп ұрандады.
Осы университеттің студенттерінен құрылған көркемөнерпаздар тобы жиналғандарды ел, Отан, жасампаз халқымыз туралы әсем әндер мен сазды күйлерге сусындатты. «Қара жорға» сияқты ұлттық билерге кезек берді.
Ақтөбе байланыс және электр техника колледжінің студенті, «Жас Отан» жастар қанатының басқарушы хатшысы Мақсат Зайыпов:
— Біз бүгінгі Қазақстан студенттері — Тәуелсіздіктің құрдастарымыз. Елімізбен бірге өркендеп өстік, азамат атандық. Мұның барлығы Елбасының көрегендік саясаты мен қамқорлығының арқасында болды. Біз университеттің студент жастары Елбасымыздың бастамасын іс жүзіне асырып, елімізді одан әрі өркендетуге дайынбыз. Жастар, Елбасымызбен бірге сенімді келешекке аяқ басайық! — деді.
Ал Ақтөбе ферроқорытпа зауытының цех бастығы Сергей Боровских Елбасының Қазақстан өнеркәсібін аяғынан тұрғызудағы сіңірген еңбегін атап өтті. Оның мысалдарын өзі еңбек ететін зауыттың өткені мен бүгінінен де көруге болатынын айтты. Мысалы, осындағы жаңа құрылыс №4 цехта ферроқорытуда ең үздік технология пайдаланылады. Оған бүкіл әлемдік тәжірибеде балама жоқ. Оның өнімділігі аса жоғары. Осы құрылыстың арқасында жаңа жұмыс орны көбейген. Бұл құрылыстың іргетасын Елбасы өз қолымен қалаған. Ол зауыт жұмысшыларына тың жігер, ерекше серпін берген.
— Біз тұрақты кәсіпорын, тұрақты жалақы, болашағымыздың берік болуын Елбасымыздың сындарлы саясатымен байланыстырамыз. Мен Президентіміздің биылғы халыққа Жолдауындағы «Кәне, болашақтың іргесін бірге қалайық!» деген сөзін есімнен шығармаймын, — деп аяқтады сөзін цех бастығы.
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Н. Назарбаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі қалалық штабтың төрағасы Ғалымжан Нұрышев Елбасының салмақты саясаты, еліміздің, әлемнің алдындағы қызметі туралы әңгімелеп, оның ең негізгілерін саралады.
Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздікке қолымызды жеткізді. Екіншіден, Қазақстанды бүкіл дүние жүзіне танытты. Үшіншіден, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, күні кеше Астана саммитін, әлемдік қысқы Азиада ойындарын өткізді. Алда Ислам ұйымының саммиті өткелі отыр. Мұның өзі Қазақстанның әлемдік орнының жоғары тұрғандығын көрсетеді. Қазақстанның экономикасының дамуына Батыс пен Шығыс бірдей көз тігіп, сүйсінуде, — деп қорытты сөзін Ғалымжан Жұмабайұлы.
Университетте өткен «Біз Елбасын қолдаймыз!» атты шара Ескендір Хасанғалиевтің «Ата мекен» әнін жиналғандардың орындарынан тік тұрып орындауымен аяқталды.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.
Мейрам сәні — 50 киіз үй, 3 тайқазан, 10 алтыбақан
1991 жылы 15 наурызда Елбасы Жарлығымен Наурыз мейрамы ресми мереке болып жарияланды. Міне, биыл ел тәуелсіздігімен қатар Ұлыстың ұлы күнін ресми тойлағанымызға да 20 жыл толып отыр. Наурызды ерекше салтанатпен мерекелеу туралы жоспарды бізге қалалық әкімдікте өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлова мәлімдеді.
Елімізде екі жылдан бері 21, 22, 23 наурыз — ресми демалыс күндері. Cондықтан да, қаламыздағы барлық алаңда Наурыз мерекесін тойлау 21 наурыз күні сағат 11.00-де басталады. Бұл күні Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы саябақта облыс әкімі Ақтөбе жұртын ресми құттықтайды. Одан соң әр алаңға бөлінген мәдениет мекемелерінің және оқу орындарының үздік шығармашылық ұжымдары өздерінің мерекелік бағдарламаларын ұсынады. Әрине, түрлі байқаулар мен ойындар ұйымдастырылады.
Қаламыз мерекеге сай безендірілуде: оннан астам алтыбақан құрылып, көшемізді сәндеуге қазіргі заманға сай көрнекі құралдар пайдаланылуда.
Биыл қала тұрғындары бірінші рет сәндік үшін құрылған үш тайқазанды тамашалай алады. Оның екеуі Бірлік пен келісім сулы-жасыл гүлзарында, біреуі Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті атындағы саябақта тұр.
Қала көшелерінде мерекелік көңіл күй орнаған: мекемелер мен кәсіпорын ұжымдары Бірлік пен келісім сулы-жасыл гүлзарында, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті атындағы саябақта, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион алаңында, «Қоныс» спорт сарайы алдында, Металлургтер мәдениет үйінде, «Мега Ақтөбе» сауда, ойын-cауық кешені алаңында, Пушкин атындағы саябақта, «Ретро» және «Авиатор» алаңдарында және қаланың басқа да жерлерінде киіз үйлер құрып жатыр. Барлығы 50 киіз үй тігіледі.
Ақтөбеліктер наурызды осы аталған жерлерде және қаланың селолық округтерінде екі күн бойы — 21 және 22 наурызда сағат 11.00-ден 16.00-ге дейін тойлайды.
Сондай-ақ әдеттегідей серуендеу орындарында қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындары — мейрамхана-кафелер шатырларын орнатып, ол жерлерде тұрғындарға ұлттық тағамдар — бауырсақ пен наурыз көже тегін ұсынылатын болады.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.
Ақтөбенің бастамасы Қазақстанды гүлдендіреді!..
Сәрсенбі күні республикамыздың белсенді жастары бас қосты. Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың төрағалық етуімен республикалық жастар форумы аясында «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасын өткізу бойынша тәжірибе алмасу жөнінде дөңгелек үстел өтті.
«Ақтөбе облысы жастарының бастамашылдығымен бастау алған «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» кең көлемді марафон-эстафета-акциясына республика жастарының қатысуы туралы» тақырыбында өткен басқосуға Білім және ғылым министрлігі өкілдері, басқа облыс делегациялары, білім беру ұйымдарының басшылары, Ақтөбе облысының былтырғы жастар марафонына қатысушылары келді.
Білім және ғылым министрілігі жастар саясаты департаментінің директоры Мадияр Қожахметов ел Тәуелсізігінің 20 жылдығына арналған «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» республикалық марафонының біздің өңірден бастау алғанын тілге тиек етіп, басқа облыстар да бұл марафонды Ақтөбе жастары секілді сапалы өткізсе деген тілегін білдірді. «Елбасының Жарлығымен республикалық деңгейде өткзілгелі отырған бұл марафон — жастардың осындай деңгейдегі ең бірінші бастамасы. Осы бастамаға белсенді қатысуға шақырамын», — деді ол.
Ақтөбе жастары өз тәжірибелерімен бөлісті. Марафонның Ақтөбе қалалық штабының мүшесі Р.Жұмабаева былтырғы марафон барысында жасалған жұмыстар туралы айтты.
— 2005 жылдан бастап республикамызда елді мекендерді көгалдандыру үшін «Жасыл ел» отрядтары жасақталып, жұмыс жасап келеді. Оған жастардың 20-30 пайызы қатысады. Яғни жастардың 70-80 пайызы еңбектен шет қалып отырды. Соған байланысты «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының «Жас отан» жастар қанаты жазғы уақытта ауыл-елді абаттандыру үшін «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасын өткізу туралы шешімге келді. Бірақ өз күшімізбен бұл идеяны жүзеге асыру мүмкін болмағандықтан, ұсынысымызды айтып, облыс әкімдігіне шықтық. Облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлы біздің бастамамызға қолдау көрсетіп, қаржы бөлетінін айтты, — дей келе, содан кейін арнайы қаулы қабылданып, соның негізінде жұмысты бастап кеткендерін, арнайы штабтар мен жастар жасақтары, топтары құрылғандығын, т.б. айтып өтті.
Хромтаудағы №4 КЛ білім алушысы Б.Нұрланның баяндамасы ерекше әсер етті. «Мемлекеттік дене тәрбиесі және спортты дамытудың 2007-2010 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасына сай жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, олардың спортқа деген құлшынысын арттыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Елімізде, облысымызда, қаламызда спорт саласы құрылғылары жаңартылды, дұрысталды. Біздің лицейдің оқушылары да бұған үлес қосты. Оқу орнымыздың дәнекерлеуші тобының білім алушылары дәнекерлеу цехында спорт жабдықтарын жаңарту, әрлеу, сырлау, өңдеу, сызық белгілерін орнату жұмыстарымен айналысты. Қала көшелерін, оқу орындарының айналасын абаттандырдық», — деді.
— Жастардың спорт жабдықтарын, спорт құрылғыларын жөнге келтіру, дәнекерлеу, әрлеу, спорт алаңдарын дұрыстау секілді бастамасы жақсы жұмыстың басы болды. Олар штабқа ұсыныспен шығып, спорт жабдықтарын жасауға материалдар алуға қаржы бөлуды сұрады. Соның нәтижесінде облыста бірнеше спорт алаңдары жаңарып, тұрғындардың игілігіне қызмет етіп тұр. Марафонға қосымша жастардың осындай идеялары мен бастамалары жөнінде келген қонақтарға айту жөн болар, — деді С.Нұрқатова.
«Атамекен» студенттік жасақтары жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ж.Тұртаев «Облыстағы студенттік құрылыс және «Жасыл ел» көгалдандыру жасақтарының жұмыстары жөнінде» сөз қозғады. Марафонның Мұғалжар аудандық штабының мүшесі Қ.Сатыбалдиева эстафетаны өткізудегі аудандық штабтардың ұйымдастырушылық және үйлестірушілік рөлі туралы айтты.
Дөңгелек үстелге еліміздің басқа өңірлерінен келіп қатысып отырған делегат мүшелері Елбасы Н.Назарбаев ризашылық білдірген ақтөбелік жастардың бастамасын бірауыздан қолдайтындықтарын, республика деңгейінде жалғастыруға дайын екендіктерін айтып тарасты.
М.САТАЕВА.
Малик Маненің екінші таймы
Міне, «Ақтөбе» үшінші жеңісіне де жетіп үлгерді. Өз жанкүйерлеріне Наурыз мейрамы арқасында мәртебелі тарту ұсынды.
Расын айту керек, ойынды қақпашысын былай қойғанда, 5 қорғаушы, 4 жартылай қорғаушы, жалғыз ғана шабуылшымен бастаған «Тобыл» әу бастан-ақ ұтуды емес, жеңілмеуді, ең болмағанда, тең түсуді ғана ойлаған секілді. Тіпті бұлай жасаудың реті де келген сияқты еді. Бірінші тайм көлденең доптан дін аман өтті. Оның үстіне екінші таймның 55-минутында қостанайлық Гридин біздің қақпамыздың торын бүлк еткізді.
Міне, осы шамада, дәлірек айтқанда, 58-минутта жасыл алаңға біздің Эмиль Кенжесариевтің орнына Малик Мане шықты. Бұған дейін құжаттарындағы әлдебір жетпестіктердің себебінен сапқа қосыла алмай жүрген сенегалдық 22 жастағы жігітке біздің жаттықтырушыларымыз бекерге «құда түспегені» бірден анық бола қойды. Қарсыластар қақпасына әуелі 78-минутта, сосын 87-минутта екі доп сүңгіткен Малик (біздіңше, Мәлік) «Ақтөбеге» кезекті жеңісті әперді.
Үш ойында 9 ұпай жинаған «Ақтөбе» бұл жолы да жеке-дара көш бастап тұр.
Бұдан соңғы үш команданың есебінде 6 ұпайдан бар. Олар — Қарағандыда павлодарлық «Ертісті» ірі есеппен (3:0) жеңген «Шахтер», Шымкентте «Ордабасыны» 1:0 есебімен ұтқан талдықорғандық «Жетісу», Тараз қаласына барып, «Тараздан» басым түскен (2:1) «Локомотив».
Бесінші орында бұл турда Өскеменде «Атыраумен» тең ойнап (2:2), үш ойыннан 5 ұпай жинаған «Восток» тұр. 4 ұпайы бар «Атырау» — алтыншы орында. Алматыда қызылордалық «Қайсармен» итжығыс түскен (0:0), жетінші орындағы «Қайраттың» да 4 ұпайы бар.
Ақтөбедегі жеңілістен соң «Тобыл» сегізінші орынға сырғыды, оның өкшесін «Ертіс» басып тұр. Оныншы орын иесі — «Ордабасы». Бұл үшеуінде де 3 ұпайдан бар.
Соңғы екі ойында да қарсыласымен тең ойнаған, 2 ұпай жинаған «Қайсарға» бұйырғаны — 11-орын. Үш турда да жеңілген, бір ғана гол соғып, өз қақпасына 6 доп жіберіп алған «Тараз» тізімнің нүктесін қойып тұр.
Мергендер көшін 3 голмен біздің Марат Хайруллин бастап келеді.
Қарсыластар қақпасына 2 доп соққандар әзірге 5 футболшы. Оның екеуі «Ақтөбе» шабуылшылары: Малик Мане мен Сергей Лисенков.
Енді жасыл алаңдарымыз Еуропа-2012 чемпионатының іріктеу турнирінің матчтары өтетіндігіне байланысты аз ғана тыныс алады. 26 наурызда, сенбі күні Қазақстан ұлттық құрамасы сырт алаңда Германиямен күш сынасады. Кешегі «Тобылмен» ойын кезінде жарақат алып қалған біздің Самат Смақов бұл матчқа қатыса алмауы мүмкін.
Ал Премьер-Лиганың келесі ойыны 31 наурызда, бейсенбі күні өтеді. «Ақтөбе» Астанада «Локомотивпен» кездеседі. Сол күнгі басқа ойындар: «Ордабасы»-«Тараз», «Ертіс»-«Восток», «Тобыл»-«Шахтер», «Атырау»-«Қайрат», «Жетісу»-«Қайсар».
Е.АҚАТҰЛЫ.
Қаланы немесе аймақты таңдаңыз:
Қонақ үй броньдау
Броньдау
Жаңалықтар