Жол көрсеткіш /
Ақтөбе /
Оқиғалар
Оқиғалар
Облыс басшысы қайта тағайындалды
Кеше Ақтөбе облысына ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин келіп, облыстың жаңа әкімін тағайындау жөніндегі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығын жариялады.
Алдымен ҚР «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес, облыс әкімін тағайындау туралы мәселе облыстық мәслихаттың қарауына шығарылды.
«Елге Президенттің тікелей тапсырмасымен келіп отырмын, — дей келе, Аслан Мусин мәслихат алдында Елбасының ресми құжатын оқып берді:
«Ақтөбе облысының мәслихатына:
Құрметті депутаттар, Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабының 4-тармағына сәйкес, Ақтөбе облысының әкімі лауазымына тағайындауға келісу үшін Елеусін Наурызбайұлы Сағындықовтың кандидатурасын ұсынып отырмын.
Елеусін Наурызбайұлы Сағындықов 1947 жылы туған, Ақтөбе педагогикалық институтын, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бітірген, экономика ғылымдарының докторы, профессор, мемлекеттік басқару органдарындағы басшы лауазымдарында мол жұмыс тәжірибесі бар. Қолдауларыңызды сұраймын.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев».
Депутаттар бірауыздан келісім берді.
— Егемендік жылдары жеткен жетістіктер, ел экономикасының дамуы — Елбасымыздың экономикалық даму моделінің дұрыс таңдағандығынан екені даусыз. Облысымызда Елеусін Наурызбайұлының басшылығымен осы стратегияны іске асыруда басты салаларда қарқынды даму қамтамасыз етілді. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің нақты көлем индексі өсті. Әлеуметтік салада тұрақты даму орнады. Денсаулық сақтау мен білім беру салаларында қаржыландыру еселеп артты. Облыстағы саяси ахуал тұрақтандырылды. Тиімді ел басқарудың басты индикаторларының бірі — демографиялық өсу қарқынына қол жеткізілді. Қоғамның экономикалық әлжуаз топтарына жүйелі қамқорлық жасауда өзге өңірлерде жоқ шешімдер қабылданды. Осы аталған істердің нәтижесі ретінде жақында ғана өткен президенттік сайлауда Ақтөбе облысының дауыс беру нәтижесі көрсеткішін халықтың елде жасалып жатқан істерді қолдайтындықтарының бұлтартпас айғағы ретінде келтіруге болады.
Сондықтан Елбасының Елеусін Наурызбайұлын облыс әкімі лауазымына ұсынуы Ақтөбе облысына көрсетілген зор сенім деп бағалап, қолдауға шақырамын», — деді депутат Қайырбек Тоқтаров.
Депутат Қуаныш Елубаев та әріптесінің сөзін қостады. Е.Сағындықовтың 2004 жылы облыс тізгінін қолына алғаннан бастап 7 жылдан бері аймақтың қарқынды дамуын қамтамасыз етіп, Елбасының тапсырмаларын нәтижелі жүзеге асырып келе жатқандығын тілге тиек еткен Қ.Елубаев Е.Сағындықовтың кандидатурасын барлық депутаттар бірауыздан қолдайтындықтарын айтты.
***
Бұдан соң А.Мусин облыс активі алдында Елбасының Жарлығын жария етіп, Елеусін Сағындықовтың өңір басшысы болып тағайындалғанын мәлімдеді.
— Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев маған үлкен сенім артып отыр. Елбасына рақмет айтқым келеді. Нұрсұлтан Әбішұлының қол астында жұмыс жасап келе жатқанымды өмірімнің бақытты кездері деп есептеймін және бұдан былай Елбасының сенімін ақтау үшін бүкіл күш-жігерімді, білімімді, тәжірибемді аямай қызмет етуге дайынмын дегім келеді.
Аслан Есболайұлы, бірлігі мықты ақтөбеліктердің Мемлекет басшысының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасын, одан өзге жоспарларды да орындауға толық мүмкіндігі бар екендігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жеткізуіңізді сұраймын. Елбасының тапсырмасын арқалап біздің өңірге келген Сізге де үлкен алғысымды білдіремін, — деді Елеусін Сағындықов.
Одан соң халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ақтөбе филиалының төрағасы Кемейдолла Төлеубаев сөз алды. «Мен осы жасыма дейін Ақтөбенің өз перзенті келіп, Ақтөбенің әкімін орынтағына отырғызып жатқанын көргенім жоқ, бұл бір мерейлі сапар болды», — дей келе, Н.Назарбаевқа ақтөбеліктердің алғысын жеткізуді сұрады.
«Өткелде ат ауыстырмайды». Біздің Президент осындай үлкен мемлекетті басқаруға лайықты дана адам екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Елеусін Сағындықовтың алдында жоспар көп, Маяковскийше айтсақ, «планов громадье», оны халық қолдайды, біз оны қолдауға әзірміз», — деп жүрекжарды сөзін айтқан №20 мектептің директоры Мария Балябина өңір басшысына білім саласы қызметкерлеріне жасап жатқан жақсылықтары үшін алғыс білдірді.
Бұдан соң сөзді Аслан Мусин алды. Ол облысқа келген сапары туралы, елімізде, соның ішінде өңірде атқарылған игі істер туралы және алда тұрған мақсат-міндеттер туралы сөз қозғады.
— Жақында ғана президент сайлауы өтті. Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс берушілердің 95 пайызынан астамы сенім білдірді, бұл — дүниежүзінде болмаған жағдай. Елбасы сайлауда белсенділік танытқаны үшін Ақтөбе халқына, жерлестеріме рақметін, ризашылығын білдірді.
Сайлау тек Елбасының жеңісін ғана емес, Қазақстан халқының өз көшбасшысымен бірге екендігін, Елбасының соңғы 20 жылда жүргізіп келе жатқан саясатының дұрыс екендігін, халық өз көшбасшысына, өз болашағына сенетіндігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Елбасы басшылығымен жүргізілген реформалардың нәтижесінде экономика дамып, халқымыздың әлеуметтік тұрмысы жақсарды. Соңғы 10 жылда экономика деңгейі 12 есе өсті, жан басына шаққандағы ІЖӨ 9 мың долларға жетті, ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі тұрғындар үлесі 4 есе төмендеді. Мұғалімдердің жалақысы — 5 есе, дәрігерлердің жалақысы — 7, зейнетақы 6 есеге артты. Туу көрсеткіші 25 пайызға көбейді. Республика бойынша 45 млн. шаршы метр тұрғын үй, 450 аурухана мен емхана, 750 жаңа мектеп ашылды.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуындағы бұл жетістіктер Ақтөбе облысы тұрғындарының тұрмысына да тиімді әсер етті. Облыста соңғы он жылда жан басына шаққандағы жалпы аймақтық өнім 2,1 есе көбейіп, былтыр 1,12 трлн. теңгеден артты. Тұрғындардың нақты қаржылай кірісі 2001 жылдан бастап екі еседен астам көрсеткішке көбейді. Нәтижесінде ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі тұрғындар үлесі 13 есе төмендеді. Жан басына шаққандағы ЖАӨ 10 есе артып, 10 мың АҚШ долларын құрады, ал бұл республикалық орташа көрсеткіштен жоғары. Соңғы 10 жылда негізгі капиталға құятын инвестиция 5,5 есе көбейді, осы уақыт аралығында облыс экономикасына 2 трлн. теңге қаржы салынды. Шағын және орта бизнес кәсіпкерлік өнімі көлемі осы жылдары 24 пайызға артты. Облыста тек өткен жылы жалпы 6 мың орындық 38 балабақша, 60 мектепке дейінгі шағын орталықтар ашылды. Балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 85 пайызға жетті.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде аймақта соңғы 10 жылда ана өлімі 20 пайызға, бала өлімі 17 пайызға азайды, туберкулезбен ауыру 2,7 есе төмендеді. Туу көрсеткіші 1,6 есе артып, орташа өмір сүру жасы 5 жылға көбейді.
Индустрияландыру картасы аясында былтыр жалпы құны 180 млрд. теңге болатын 4 мыңнан астам жұмыс орнын ашқан 24 жоба іске асырылды. Ақтөбе қаласы Елбасының тапсырмасы бойынша Алматы, Астана, Шымкент секілді үлкен қалалардың қатарына енгізілді. Бұл жетістіктердің барлығы Елбасы жүргізіп отырған саясаттың жемісі, — дей келе, Аслан Мусин Ақтөбе облысының алдында тұрған бірнеше міндеттерге тоқталды:
— Уақыт облыс басшылығының мына бағыттар бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін талап етеді. Біріншіден, облыстың индустриялдық-инновациялық даму қарқыны өте жоғары. 2010 жылдың нәтижелері бойынша өнеркәсіп өндірісі көлемі 12 пайызға, өңдеу өнеркәсібі өнімі 52 пайызға артты. Осыған байланысты еліміздегі индустрияландырудың жедел дамуына сай өңірде энергия тапшылығы мәселесін шешіп алуымыз керек. Қазір облыс тұтынатын электр энергиясының үштен бірін импортқа шығарады. Мұнай мен газ қорынан өзге облыста елдегі хромның 100 пайызын, титанның — 70, мыстың 6 пайызын құрайтын пайдалы қазба бар, сонымен бірге жалпы көлемі 700 млн. тонна болатын фосфорит қоры да бар. Ал бұл — химиялық өнеркәсіпті дамытуға жол ашатын қазбаның мол кені. Үкіметтің болжамы бойынша, 2020 жылы облыста мұнай өндіру көлемі 8,5 млн. тоннаға, газ — 8,3 млрд. текше метрге жетеді. Алдағы он жылда облыс экономикасына түсетін мемлекеттік және жеке инвестиция көлемі 2 триллионға жетпек. Оның үштен екісі өңдеу өнеркәсібіне жұмсалмақ. Ал осы жобаларды облыстағы энергиямен қамтамасыз ету мәселесін шешпей, сәйкес инфрақұрылымсыз жүзеге асыру мүмкін бе? Облыс басшылығы бұл мәселелермен күн сайын және жүйелі түрде айналысуға тиіс.
Тағы бір маңызды міндет — шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің белсенділігін арттыру керек. Тұрғындардың экономикалық белсенді тұрғындарының шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысу көрсеткіші республикалық көрсеткішпен салыстырғанда 5 пайызға төмен. Шағын және орта кәсіпкерлік негізінен делдалдық қызмет саласында дамып келеді. Елбасының қазақстандық үлесті көбейту туралы тапсырмасы шағын және орта кәсіпкерліктің қатысуынсыз жүзеге асуы мүмкін емес. Сондықтан, бізге айналасында шағын және орта кәсіпкерлік дамитын ірі кәсіпорындар мен өнеркәсіппен тығыз жұмыс жасау керек. Бұл мәселе Ақтөбеде баяу жүргізіліп жатыр.
Үшінші мәселе — ауыл шаруашылығы саласына қатысты. Соңғы 10 жылда мал шаруашылығы өнімі көлемі 1,5 есе артты, ал өсімдік шаруашылығында өсім байқалмайды. Рас, климат өзгеріп, өсімдік шаруашылығында жасалған еңбектің көбі зая кетіп жатыр, соңғы 3 жылда барлық облыста дерлік қуаңшылық болып, мол ресурсымызды жоғалтып алдық. Соған байланысты Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы саласын түбірінен қайта қарау керек. Мал шаруашылығы, салыстырмалы түрде алғанда, тұрақты сала, егер оны өз деңгейінде дамытсақ, облыс кедендік одақ аясында ірі ет экспорттаушы бола алады деп ойлаймын. Аймақтың көкөніс пен бау-бақша өнімдеріне деген ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге де мүмкіндігі зор. Бұл мәселелермен жүйелі түрде айналысу керек.
Сумен қамтамасыз ету мәселесін де реттеу керек. Облыстағы 411 елді мекеннің 97-сі, яғни 24 пайызы ғана орталықтандырылған сумен қамтылған, қалған 308-і, яғни 74 пайызы орталықтандырылмаған сумен қамтамасыз етілген. 6 елді мекен суды тасып алады. Меніңше, бұл мәселелердің барлығының шешімін табуға облыстың толық мүмкіндігі бар. Барлық елді мекендерді газбен толық қамтуға да мүмкіндік бар. Ақтөбе облысының бюджеті соңғы 10 жылда 6,5 есеге артты. Жыл сайын республикалық бюджеттен де қомақты қаржы бөлінеді. Сондықтан аталған ірі мақсаттар мен міндеттер Ақтөбе облысы үшін қол жеткізуге болатын меже дегім келеді, өйткені біздің облыстың әлеуеті мықты. Президенттің басқа облыстармен салыстырғанда, Ақтөбе облысына деген көзқарасы жоғары. Сондықтан облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын күшейтіп, республикадағы ең мықты өңір ретінде көрсету сіздердің қолдарыңызда, жерлестер! — деді А.Мусин.
Бұдан кейін Федор Чемоданов пен Келдібай Еспағамбетов сөз алып, Нұрсұлтан Назарбаевқа ақтөбеліктердің алғысын айтып, қайтадан тағайындалған Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықовтың жұмысына сәттілік тіледі.
Жастар қонағы — ғарышкер-сынақшы мен жазушы-фантаст
Ауылда күндіз көшкен бұлттарды қуалап жарысып, түнде жұлдыз санамаған бала кемде-кем шығар. Аспан сырын білуге құмар жастар үшін облыстық планетарийде «Жұлдызды 50 жыл» атты апталық аясында үш күндік дәріс өтті.
Дәріс тыңдаушылар әуелі жұлдызды бөлмеде күннің батуы мен таңның атуын, қараңғылық орнаған кездегі жымыңдаған жұлдыздарды тамашалады.
Облыстық планетарийдің директоры Қорлан Бөлеков жазушы-фантаст Жүніс Сахиев пен ғарышкер-сынақшы Айдын Айымбетовті таныстырып, жастарды дәріс тыңдауға шақырды.
Жүніс Сахиев «Қазақ халқының жұлдызды әлемді тану тарихы» туралы дәріс оқыды. Қазақ халқының ертеден аспан әлемін зерттеп, зерделегенін, сол арқылы уақытын болжап, бағытын бағдарлап отырғанын әңгімеледі. Мәселен, бақыраш тәрізді Жетіқарақшы су төгілетіндей болып тұрса, уақыт кешкі сағат алтының болғанын көрсетеді. Үркер жоғары көтерілсе, күн салқындайды, жерге түссе, күн жыли береді. Таразы туса, таң суиды, Сүмбіле туса, су суиды. Жазушы жылдар бойы зерделенген осындай халық тәжірибесіне сүйене отырып, одан әрі жұлдыздар туралы аңыздар айтты.
Облыстық планетарийге келген жастардың бір тобы ғарышкер-сынақшы Айдын Айымбетовтің «Ғарыш әлемінің тарихы, Қазақстандағы ғарыш қызметі» тақырыбындағы дәрісті тыңдады.
Оқушылар мен студенттер жұлдыздар мен ғарыш туралы сұрақтарын қойып, жауап алды.
Марат ерекшеленген матч
Сенбі күні, 9 сәуірде Тараз қаласына барған «Ақтөбе» олжалы оралды. Онсыз да соңғы орында келе жатқан «Тараз» командасын тағы да бір қапаландырды.
Премьер-лиганың осы 6-турына дейін чемпионаттың мергендер көшін бастап келе жатқан Марат Хайруллин екпінін бәсеңдетпеген екен. Ол 36-шы және 63-ші минуттарда соққан екі голға тараздықтар еш жауап қайтара алмады.
Сөйтіп ақтөбеліктердің қарсыластар қақпасына соққан доптары 11-ге жетті.
Біздің «Ақтөбе» мен өз алаңында дәл осындай есеппен (2:0) «Атырауды» жеңген «Жетісу» 6-турдан соң 15 ұпаймен көшті бірге бастап келеді.
Өз алаңында Өскеменнен келген «Востокты» 2:0 есебімен жеңген «Локомотив» 13 ұпай жинап, үшінші орынға шықты.
Төртінші орында 12 ұпаймен «Ертіс» тұр. Өткен турда сырт алаңда «Қайратты» 3:1 есебімен ұтқан «Ертіс» бұл жолы өз алаңында «Қайсарды» 4:1 есебімен жеңді. «Ертіс» қарсыластар қақпасын ең дөп көздеген, ең көп көздеген команда, 13 гол соғып үлгі көрсетіп келеді.
Шымкентте «Ордабасыдан» 0:1 есебімен жеңілуге мәжбүр болған, бұған дейін үшінші орында тұрған қарағандылық «Шахтер» енді сол бұрынғы 10 ұпаймен бесінші орынға сырғыды.
Өз алаңында «Қайратты» 3:1 есебімен ұтқан «Тобыл» 7 ұпай жинап, алтыншы орынға шықты.
Ал 6 ұпайға қолы жеткен «Ордабасы» он бірінші орынды тастап, жетінші орынға жетіп келді.
Осындай 6 ұпайы бар «Восток» сегізінші орынды меншіктеді.
5 ұпайдан жинаған «Атырау», «Қайрат», «Қайсар» командалары осы ретпен тоғызыншы, оныншы, он бірінші орындарда тұр.
Ең соңғы, он екінші орынның иесі — сол бұрынғысынша «Тараз» командасы.
• Мергендер көшін 6 доппен біздің Марат Хайруллин бастап тұр. Одан кейінгі Серікжан Мужиковтің («Жетісу»), Анатолий Дороштың («Ертіс»), Таңат Нөсербаевтың («Локомотив») еншілерінде 3 доптан бар.
• 16 сәуір, сенбі күні өтетін келесі 7-тур ақтөбелік жанкүйерлерге матч өз алаңымызда өтетіндігімен ғана емес, тап «Ақтөбе» секілді 5 рет жеңіске жеткен «Жетісу» командасымен кездесетініміздіктен де өте қызықты болғалы тұр. Жігіттерімізге тек жеңіс тілейік!
Мұнайшылардың ТАҢДАУЫ — Елбасы!
Кездесуде сөз алған «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Б. Ордабаев пен партияның қалалық филиалының төрағасы С.Шынтасова көпшілікті сайлауға қатысуға шақырды.
— Бүгінде біздің еліміз әлемде өз орнын тауып, берік орнықты. Әр қазақстандық аяғына нық тұрып, болашаққа сеніммен қарай алатын күнге жетті. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбавтың елдің дамуына қосқан еңбегі зор. Ең бастысы ол болашақ дамудың бұлтартпас жолын салып берді, — деп өз сөзін бастаған «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Балғали Ордабаев тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерге тоқталды. Сөз арасында аталмыш компания басшылығы вахталық әдіспен жұмыс істейтіндердің жағдайын жақсартатыны туралы уәде бергендігін де еске сала кетті.
— Біз сіздерге арнайы келіп отырмыз. Сіздің ұжым дұрыс таңдау жасайды деп сенеміз, — деді ол.
«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ ұжымы сайлауға түгелдей қатысып, өз таңдауларын жасайтындығын мәлімдеді. Олар Елбасын қолдайтындығын білдірді.
С.МЫРЗАЛЫ.
«Арай» бағдарламасы үш ауданда
Елбасымыз күн тәртібінде жиі қозғап жүрген бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің бір көрінісі біздің өңірімізде өткен жылдан бастап «Арай» әлеуметтік серіктестігі бағдарламасы арқылы өмірге енді.
2010 жыл басталысымен-ақ көп ұзамай, яғни ақпан айында ресейлік «Лукойл» компаниясының атсалысуымен «Арай» әлеуметтік бағдарламасы бірінші болып Мұғалжар ауданында бастау алды. Расын айту керек, алғашында оған күмәнмен қараушылар аз болған жоқ. Өйткені осы кезге дейін талай несиелерден аузы күйіп, әртүрлі анықтамалар алу үшін сансыз мекемелердің табалдырығын қырық қайтара тоздырған, құжат дайындаумен күн өткізген тұрғындар көктен түскендей болған оңай олжаға қалай сенсін?!
— Бұл бағдарлама бұрын Маңғыстау облысында жүзеге асырылғандықтан, біз оның нәтижелерін, берер пайдасын алдын ала пайымдап біліп алдық, оның үстіне облыс әкімі Елеусін Сағындықов жобаның енгізілуіне қолдау білдірді, — дейді Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтов, — ол ең алдымен ауыл тұрғындарының өз бизнесін ашуын көздейді. 850 мың теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар береді екен. Содан кейін жұртшылық арасында кеңінен түсінік жұмыстарын жүргіздік, құжат дайындауға, басқа да шаруаларға байланысты көмегімізді олардан аяған жоқпыз.
Міне, арада өткен бір жыл алғашқы нәтижелерді шығаруға мүмкіндік берді.
«Капитал Плаза» бизнес орталығының конференц-залында осы аптада өткізілген баспасөз конференциясында сол алғашқы қадамдар сарапталып, алда атқарылар шаруалар реттері белгіленді.
Алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова ауылдарды көтеру, тұрғындардың кәсіпкерлікпен шұғылдануына қолдау көрсету бағытында жүргізіліп жатқан шараларға қысқаша тоқтала келіп, биыл екінші жылға қадам басқан «Арай» бағдарламасының игі жетістіктерге із ашып отырғанын айтты.
«ЛУКОЙЛ Оверсиз Сервис Б.В.» филиалы бас директорының орынбасары Владислав Михайлов жалпы кәсіпорынның жұмысы туралы баяндап, өздерінің аталған бағдарламаға қатысты ұстанып отырған бағыттарынан хабардар етті.
Осы жиын барысында былтырғы алғашқы қадам қорытындылары көпшілікке кеңінен таныстырылды. Мәселен, Мұғалжар ауданының 420 тұрғыны бастапқы хабарламадан соң жалпы өз жобаларын тапсырыпты. Комиссия өтініштерді таразылап қарап, олардың ішінен жалпы сомасы 45 млн. теңге болатын 57 жобаны жеңімпаз деп тапқан.
Соның нәтижесінде, қазіргі уақытта аудан бойынша 8 тігін шеберханасы, 6 шаштараз, 4 аяқ киім шеберханасы, 6 шағын наубайхана, 4 мал шаруашылығы орны, 3 спорт, 3 би, домбыра үйірмелері, 3 жылыжай, 2 дөңгелек жөндеу орталығы, 2 техникалық қызмет көрсету орны, 2 дәнекерлеу бригадасы, 2 тауық өсіретін ферма, 2 ағаш шеберханасы, 2 фотосалон және бір-бірден сәндік, денсаулық салондары, шөп дайындайтын бригада, шошқа өсірушілер, жиһаз жасаушылар, компьютерлік орталық пайда болды. Егер әлеуметтік топтарына қарай жіктейтін болсақ, осы елу жеті жеңімпаздың ішінде 8-і жастар, 5-і мүмкіндігі шектеулі жандар.
Атаулы бағдарламаның жүзеге асуында өзіндік орны бар «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС бас директоры Андрей Решетнев өзі басқаратын ұжымның тыныс-тіршілігі жөнінде де қысқаша айтып өтті.
«Қазақойл Ақтөбе» — біздің облысындағы Әлібекмола мен Қожасай мұнай-газ конденсатты кен орындарын игеруші жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып табылады. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ы мен Caspian Investments Resources Ltd («ЛУКОЙЛ Оверсиз» біріккен кәсіпорны және Mittal Investments) ЖШС-ға қатысушылар болып табылады.
«Қазақойл Ақтөбе» ЖШС осы өңірдегі мұнай-газ өндіру секторының ірі компанияларының бірінен саналады, ол мұнай өндіру саласындағы көшбасшылардың қатарында жоғары әлеуметтік және корпоративтік жауапкершілігімен біраз беделге ие болуда.
Жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісім-шартқа сәйкес біздің облысымыздың әлеуметтік қорына 1999-2008 жылдар аралығындағы кезеңде ғана 500 миллион теңгеге жуық қаражат аударылған.
Қайырымдылық пен демеушілік бұл серіктестіктің әлеуметтік бағдарламасы аясындағы басым бағыттар болып есептеледі. Компания денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет мекемелеріне үнемі демеушілік көмек көрсетіп келеді. Сондай-ақ жетім балаларды, дарынды жастарды, спорт саңлақтары мен ардагер ақсақалдарды да назардан тыс қалдырмауы — өзі тектес компанияларға үлгі болар жайт.
Тұрғындардың тіршілігі үшін қолайлы ортаны қалыптастыруды компания өз қызметіндегі негізгі басымдықтардың бірі деп түсінеді. Өндірістің қоршаған ортаға теріс әсерін азайту және өңір тұрғындарын «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету мақсатында 2006 жылы әзірленіп, бекітілген ілеспе газды кәдеге жарату бағдарламасына сәйкес жүйелі жұмыстар атқарылуда. Жоспарланған жаңа нысандар іске қосылғанда «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС ілеспе газды кәдеге жарату проблемасын толықтай шешіп, өңірді сұйытылған газбен және отын газымен қамтамасыз ете алады.
Аталған бағдарламаның аясында «ЛУКОЙЛ» компаниясы өзіне ерікті түрде ЛУКОЙЛ тобы қызмет ететін өңірлердің жергілікті тұрғындарының өміріне ғана емес, сонымен қатар жалпы қоғам өміріне әлеуметтік-жауапкершілікті қатысу міндеттемелерін қабылдап отыр. Бағдарламаны компания жер қойнауын пайдалану туралы келісім-шарттар бойынша орындалуы міндетті әлеуметтік міндеттемелерден тыс қаржыландырады.
Сонымен, бір жыл не берді? Бұл сұраққа байланысты біз жергілікті билік өкілдерін әңгімеге тартқанбыз.
Жазықбай Алданиязов, Батпақкөл селолық округінің әкімі:
— Біздер мұнай өндіретін мекенмен іргелес тұрамыз. Сондықтан да табиғат байлығын игерушілерден елдің күтері көп. Аталған бағдарлама бойынша гранттардың берілуі бір игі қадам болды.
Бір ғана мысал келтірейін. Арыстанбек Жумин деген азаматымыз осы грант қаржысына он бес баспақ сатып алып өсіруде. Алынған малды қыстан күйлі шығарды, жем-шөбі жеткілікті болды. Алдағы мақсаты мал санын көбейте беру. Ол осы істі бастағаннан кейін шаруаны атқара алатындығына сенімі оянды, қазір қажырлылықпен еңбек етуде.
Күләнді Шолтаева, Құмжарған селолық округінің әкімі:
— Біздің ауылымыздан шыққан алты жеңімпаз да қазір жеке шаруаларын жүргізіп жатыр. Олардың қай-қайсысының қызметіне де сұраныс табылып тұр. Мәселен, Едіге Сұлтанов доңғалақ жөндеу цехын ашып алды. Ауылда жүретін көліктер саны біраз екенін ескерсек, осы бағытта атқаратын жұмыстар жеткілікті. Үсен Жабаев аяқ киім жөндеумен шұғылданады. Оның қызметті сапалы әрі тез атқаратындығына көпшілік ризалық білдіруде. Ал Жасұлан Қалиев дәнекерлеу жұмыстарымен шұғылданады. Ақтоты Болтаева, домбыра үйірмесін ашты.
Биыл да грант алуға талаптанып жатқандар бар. Бірақ олар бұрыннан бар салаларды қайталамай, жаңа кәсіптер түрін ашпақшы.
Әлібек Қалмырзаев, Ақкемер селолық округінің әкімі:
— Біздің ауылдан бұл бағдарламаға байланысты біраз адам өтініш тапсырған еді. Содан алты азамат жеңімпаз атанды. Әрине, қаржы тегін берілді дегенмен, оның да сұрауы бар. Мәселен, тоқсан сайын қаржының жұмсалуы бизнес-жоспардың жүзеге асырылуы қадағаланып отырылады.
Бір қуаныштысы, бізде грантты жеңіп алғандардың бәрі де халыққа қажетті, сұранысқа ие шаруаларды іске асыруда. Мәселен, енді алдағы уақытта ақкемерліктер алыстан жиһаз іздемейді. Өйткені бізде қазіргі заман талабына сай үй жиһаздары жасалатын болды. Өзіміздің шеберлердің өнімдерін қазір жергілікті тұрғындар арнайы тапсырыстар беріп жасата бастады. Әлібек Тәжімбетов деген мүгедек бала өзінің ұсталық талантының қызығын көруде. Берілген грант арқылы жеке шаруасын бастап кеткен ол өз кәсібі арқылы жеке тіршілігін көтеріп келе жатыр.
Гүлмира Алтыбаева инкубатор ісін қолға алды. Сондай-ақ Мирлан Алтыбаев алма бағын өсіруді жоспарлауда. Алдағы уақытта ауылдағы 10 га аймақта алма ағаштары жайқалып тұратындығына, одан мол өнім алынатындығына сенімдіміз.
… Сонымен биылғы жылы «Арай» бағдарламасы облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың шешімімен Мұғалжар ауданымен қатар, Байғанин, Темір аудандарында да жүзеге асырылатын болды. Конкурсқа өтінімдер сәуір айы бойы қабылданады.
Баспасөз конференциясында сөз алған аудан әкімдері Бердіхан Кемешов, Бауыржан Қаниевтер бұл шараның ел игілігі үшін қызмет ететіндігін айтып, мұнай компаниялары басшыларына жұртшылық атынан алғыс сезімдерін білдірді.
— «Арай» әлеуметтік серіктестік бағдарламасы 2008 жылы ең үздік қадам ретінде Елбасының «Парыз» сыйлығымен атап өтілді, ал 2009 жылы Қазақстанның Азаматтық форумында бизнес тарапынан жүзеге асырылған ең үздік әлеуметтік жобаретінде «Таным» сыйлығымен марапатталды, — дейді «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджері Гаухар Борашева.
… Сонымен, биыл үш аудандағы ауыл тұрғындары «Арайдың» шапағатына бөленбекші. Кәсіп етуге ұмтылыңыз, ағайын!
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.
Қаланы немесе аймақты таңдаңыз:
Қонақ үй броньдау
Броньдау
Жаңалықтар