Жол көрсеткіш /
Ақтөбе /
Оқиғалар
Оқиғалар
Қымбатты ақтөбеліктер!
9 мамыр — Жеңіс күні
Құрметті соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері!
Сіздерді Ұлы Жеңіс күнімен ыстық ықыласыммен құттықтаймын!
Барша бейбітшіл адамзат өмірінде бүгінгі мерекенің алатын орны өзгеше. Бұл осыдан 66 жыл бұрын бүкіл әлемге қайғы мен қуаныш жасын қоса жұтқызған ерекше күн еді. Адамзат баласы ізгі ниетпен мерекелейтін Ұлы Жеңіске еліміздің айтулы үлес қосқанын біз әрқашанда мақтан тұтамыз.
Жеңіс күні барлығымыз үшін бостандық пен тәуелсіздік туының астына біріккен халықтардың мерекесі, ел даңқының биік шыңы болып табылады. Аға ұрпақтың жанқиярлық ерлігі мен еңбегі және қажырлы табандылығының арқасында Жеңіс салтанат құрды.
Барлық бейбітсүйгіш елдер секілді біздің өңірдің халқы да жау әскерін талқандауға лайықты үлес қоса білді. Даңқы асқан 312-атқыштар дивизиясы мен 101-ұлттық бригада біздің қалада жасақталып, майданға 122 423 ақтөбелік аттанды. Соғыс даласында 36 192 жерлесіміздің денесі қалды. Олар біздің жадымызда мәңгі сақталады.
Ақтөбеліктер соғыста да, тылда да Ұлы Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосты. Олардың даңқты істерін бүгінгі күні кейінгі ұрпақ лайықты табыстармен жалғастырып келеді.
Қымбатты ардагерлер!
Біз Жеңістің қандай бағаға түскенін ешқашан ұмытпаймыз. Сіздердің бақуатты да мамыражай тірліктеріңіз үшін мемлекеттік және аймақтық деңгейде барлық жағдайды жасаймыз.
Құрметті ақтөбеліктер!
Сіздерге зор денсаулық, жарасты көңіл күй, баянды бақыт, отбасыларыңызға береке-бірлік тілеймін!
Облыс әкімі Елеусін САҒЫНДЫҚОВ
Құрметті ақтөбеліктер!
Қарулы күштер сарбаздары мен ардагерлер!
Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын!
Бұл мереке — жауынгерлік ерліктің нышаны, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан әскери дәстүрлер сабақтастығы. Бұл Күн азаматтарды отансүйгіштік рухқа шақырады. Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оқшауланған аумақтағы соғыс жауынгерлеріне, сондай-ақ, Қарулы күштер қатарында қызмет еткен немесе әскер қатарындағы офицерлер мен сарбаздарға әрқашанда құрмет көрсетіп, қадір тұтамыз.
Атамекен—Қазақстанның бүгінгі айбынды қорғаушылары бабалар ізімен Отанымыздың, оның әрбір азаматының қауіпсіздігін қорғауға дайын екендігін танытып жүр. Осы орайда, ата-бабаларымыз бен аға ұрпақтың даңқты жолдарын ардақтаған ақтөбеліктер де мемлекеттің қорғаныс қуатын күшейтуге лайықты үлесін қосып келеді.
Қадірлі жерлестер!
7 мамыр кәсіби мереке аясынан шығып, туған жері мен оның тарихын құрметтейтін батыл да қайсар жандардың, барлық қазақстандықтардың мейрамына айналды.
Осындай тамаша күні Сіздерге мықты денсаулық, бақытты отбасы өмірі мен барлық істерде жаңа жетістіктер және сәттілік тілеймін.
Отан қорғаушылар күні әрдайым бейбітшілік пен береке мерекесі бола берсін!
Облыс әкімі Елеусін Сағындықов.
«Отан, маған сен қымбатсың бәрінен…»
Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында облыстық Достық үйінде этномәдени бірлестіктер белсенділері бас қосқан дөңгелек үстел өтті. Бұл шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақтөбе облыстық атқарушы хатшылығының меңгерушісі Жамбыл Баймұханов қатысып, сөз сөйледі.
Жамбыл Баймұханов:
— Қазақстанда сандаған ұлттардың өкілдері өмір сүріп жатыр, олардың түрі — әртүрлі болғанымен, тілегі — бір. Тілегі ортақ болғандықтан да, Қазақстанның көп ұлтты халқы бір-бірімен тіл табыса алып, татулығымен, бірлігімен әлем жұртына үлгі-өнеге көрсетіп отыр. Біздің еліміздің тарихы достықпен, бірлікпен өріліп келеді. Бұл — үлкен бақыт, үлкен мақтаныш, — дей келіп, 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының ел өміріндегі рөлі, маңызы жөнінде атап өтті.
Сонымен қатар ол облысымызда тіркелген 18 этномәдени бірлестіктің қоғам өміріндегі оқиғаларға белсенді араласып отырғанын атап өтіп, олардың жұмысына жан-жақты қамқорлық көрсету мақсатында облыстық әкімдік тарапынан жасалып жатқан істер жөнінде әңгімеледі.
Дөңгелек үстелде сөз алған «Бірлік» ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрқайыр Телеуов:
— Әлем тарихына көз жүгіртсеңіздер, тәуелсіздікке қол жеткізе тұра, аз уақыт ішінде сол тәуелсіздігінен айырылып қалған мемлекеттер бар. Тағдыр ұсынған азаттықты, бостандықты бағалай алмай, өзара қырқысып, соғысып жатқан елдер де бар. Уақыттың қатал сынағынан мықтылар ғана өтеді. Ал біздің мықтылығымыз — татулығымызда, — деп атап өтті.
Дөңгелек үстел жиынында этномәдени бірлестіктер жетекшілері сөз сөйлеп, мерекеге орай жақсы тілектерін жеткізді. Ал болгар ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Павел Маглели өзінің «Отан, маған сен қымбатсың бәрінен» — деп басталатын өлеңін оқыды.
И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.
Елбасы алғысы
Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының конференц-залында сайлау өткізу жөніндегі облыстық және қалалық штаб мүшелеріне, «Жас Отан» жастар қанаты белсенділеріне, демократиялық күштердің қоғамдық коалиция өкілдеріне, сондай-ақ БАҚ қызметкерлеріне ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хаты тапсырылды.
Қазақстан халықының игілігі мен гүлдене беруіне бағытталған Елбасы саясатын, саяси және экономикалық бағыттарын қолдаған азаматтарға өз ықыласын білдірген Мемлекет басшысы өз марапаттауында ең ізгі тілектерін білдіреді.
«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Балғали Ордабаев Алғыс хаттарды 300 ақтөбелікке тапсыра отырып, 3 сәуір күнгі сайлауда қандай кезеңде де сара саясатымен елді ілгері бастап келе жатқан көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың халық қолдауына жоғары дәрежеде ие болуы жарқын болашақтың кепілі екендігін атап көрсетті.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.
Мемлекеттік сатып алу: www.goszakup.kz веб-порталына кіріңіз!
Ақтөбеде «Электрондық коммерция орталығы» ЖШС ұйымдастыруымен және облыстық әкімдіктің қолдауымен жергілікті кәсіпкерлерге арналған электрондық байқау өткізу жөніндегі үш күндік семинар өткізіліп жатыр.
Кеше «Электрондық коммерция орталығы» ЖШС методология департаментінің директоры Қуат Сұлтан, бизнесті дамыту қызметінің басшысы Дмитрий Двойнев пен облыстық қаржы басқармасы бастығының орынбасары Дастан Бимағамбетовтің қатысуымен «Мемлекеттік сатып алу саласындағы инновациялық электронды технологияларды дамыту» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Мәжілісте электрондық мемлекеттік сатып алудың артықшылықтары туралы айтылды.
«Электронды коммерция орталығы» ЖШС — ҚР Үкіметінің шешімі бойынша мемлекеттік сатып алу саласында бірыңғай оператор болып белгіленген еліміздің озық ІТ компанияларының бірі.
— Мемлекеттік тапсырыстар орналасатын веб-портал ашылды. Порталда мемлекеттік 20 мың тапсырыс беруші, 92 мыңнан астам пайдаланушы тіркелді.
Бұл жобаны жүзеге асыруымыздың негізгі мақсаты — сыбайлас жемқорлықты барынша азайту. Электрондық форматтағы мемлекеттік сатып алу алаңы — www.goszakup.kz веб-порталы жұмыс жасап келе жатқан үш жыл ішінде бюджеттің 46 миллиард теңге қаржысы үнемделді, — дейді Д.Двойнев.
Соңғы айда веб-порталды 1,9 миллионнан астам адам қарап шыққан, олардың көпшілігі — қазақстандықтар, қызығушылық білдірген ресейліктер мен украиндықтар саны да баршылық.
— Болашақта Қазақстанмен бірге бірыңғай кедендік одаққа кіретін Ресей мен Белоруссия мемлекеттерінің мемлекеттік тапсырыстары бір жүйе бойынша жүргізілетін болады, бұл қазақстандық кәсіпкерлер аталған екі елдің мемлекеттік сатып алуларына қатысуға жол ашады. Рыноктың кеңеюінің бізге тиімді тұсы — отандық кәсіпкерліктің бәсекеге қабілеттілігін арттыратыны, — дейді Қ.Сұлтан.
Д.Двойневтің айтуынша, Ақтөбе мемлекеттік сатып алу саласы бойынша белсенді жұмыс жасап отырған аймақтардың бірі. «Жергілікті билік электрондық мемлекеттік сатып алудың біздің өмірімізге ерте ме, кеш пе, әйтеуір тұтастай енетінін жақсы түсінеді және соған сай кәсіпкерлерді оқытуға мүмкіндік беріп отыр. Оның бір куәсі — Ақтөбеде өткізіліп жатқан электрондық байқау жөніндегі кәсіпкерлерге арналып өткізіліп жатқан семинар», — дейді Д.Двойнев.
М. РАХАТҚЫЗЫ.
Ескерткіш-белгі орнайды
Сейсенбі күні Ақтөбе қаласы Тұрғындар қалашығындағы алаңға Чернобыль апатынан зардап шеккендерге ескерткіш-белгі орнатуға арналған шара өтті. Салтанатты шараға облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Ахат Мырзалин, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының өкілдері мен «Чернобыль құрбандары» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, апат зардабын жоюға қатысқандардың жесірлері, тума-туыстары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, ардагерлер, жастар қатысты.
Кезінде бұл апаттың зардабын жоюға екі мың ақтөбелік қатысты. Қазір олардың тек 278-і ғана қалды.
— Осыдан жиырма бес жыл бұрын Чернобыль қаласында мыңдаған адамның өмірін қиған ең ірі апат орын алды. Сол апатты жоюға 800 мың адам қатысты. Оның ішінде 32 мың қазақстандық болды. Қазіргі күні елімізде олардың 4519-ы ғана қалды. Біз батырларымыздың ерлігін ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Жақында Чернобыль қаласындағы апатқа байланысты Украинада көптеген мемлекеттің басшылары қатысқан үлкен жиын өтті. Сол жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қаруды, атом энергиясын пайдалануда дүниежүзілік бақылаудың болуы қажеттігі жайында өз ұсынысын айтты. Мен облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың және өз атымнан осы апатты жоюға қатысқан азаматтарға, бұл күнде бақилық болған жерлестеріміздің жесірлері мен тума-туыстарына үлкен алғыс айтамын, — деді облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Ахат Мырзалин.
Салтанатты шараға жиналғандар Чернобыль апатын жоюда қазаға ұшырағандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұдан әрі осы апатты жоюға қатысқандардың бірі, ардагер Сафиолла Зарманов сөз сөйледі.
— Еліміз бойынша Ақтөбе облысында ғана Чернобыль апатын жоюға қатысқан тұлғалар және олардың жесірлері коммуналдық төлемдерді төлеуден босатылды. Қазір біздерге барлық жағдай жасалуда. Ай сайын қалалық бюджеттен бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік жәрдемақы аламыз. Ел ішінде ем алу үшін ақысыз жолдама беріледі. Облыс орталығындағы «Ардагер» емханасының қызметкерлері де біз үшін ақысыз ем жүргізеді. Чернобыль апатына қатысқан жерлестеріміздің атынан облыс басшылығына үлкен рақметімді айтамын, — деді ол.
«Алақай» қуыршақ театры ғимаратының қарсы алаңына қойылатын ескерткіш-белгінің биіктігі 2 метр 40 сантиметр болады деп күтілуде. Ескерткіш авторы, мүсінші Жеңіс Жұбанқосов тарихи маңызы бар ескерткіштің құрылымы жайында былай дейді:
— Ескерткіштің композициясын ойластыруға көп уақыт жұмсадым. Чернобыль апаты жайында кең көлемде мағлұмат алдым. Осы апатты жоюға қатысқандардың әңгімесін тыңдадым.
Ескерткіш екі бөліктен тұрады. Оның тұғырының биіктігі — 60, ені — 1,20 сантиметр. Граниттен құйылды. Ескерткіштің өзі қатты материалдан құйылып жасалды. Жоғарғы бөлігі цилиндр тәрізді. Өйткені композициялық құрылымында радиациялық белгіні адамның өз қолымен жауып тұрғандай етіп бейнеледім. Ескерткіште Чернобыль апатын жоюда қазаға ұшырағандарға тағзым ету жайында қазақша, орысша сөздер жазылады. Бір ай шамасында ескерткіш белгіленген орынға қойылады. Менің жұмысымды жүзеге асыруда қолдау көрсеткен жергілікті билік өкілдеріне алғысымды білдіремін, — деді ол.
Бұдан әрі салтанатты шараға жиналғандар «Алақай» театрында Чернобыль апаты зардабының 25 жылдығына арналған еске алу шарасына қатысты. Салтанатты шарада 8 жауынгер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталса, жесірлерге қаржылай көмек көрсетілді.
Арайлым НҰРБАЕВА.
Қаланы немесе аймақты таңдаңыз:
Қонақ үй броньдау
Броньдау
Жаңалықтар