Жол көрсеткіш /
Ақтөбе /
Оқиғалар
Оқиғалар
Қазақстандағы ұлт саясатының ерекшеліктері
Халқымыздың ардақты азаматы, қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы ғалым, ұстаз Мұхтар Ғалиұлы Арын есімі Ақтөбе жұртшылығына етене жақын есім. Әсіресе, орта, алдыңғы буын өкілдері Ақтөбе өңірі тарихын, Тәуелсіздік жылнамасының алғашқы кезеңдерін осы өресі биік ерен тұлғаның өмірі мен қызметінсіз көз алдына елестете алмайды. Тарихтың жасаушысы халық десек те, сол халықтың алдыңғы шебінде дер мезгілінде атойлайтын біліктісі мен білектісінің табылуы да артық айғақты қажет етпейтін бұлтартпас ақиқат.
Биыл мамырдың 20-ында М.Арын сынды осындай тағылымды тұлға, біртуар азаматтың туғанына 75 жыл толғалы отыр.
Ақтөбе педагогикалық институтының өркендеп дамуына өлшеусіз үлес қосып, артында талай ұрпақ зердесінде өшпестей із қалдыра білген ұлағатты тұлғаның мерейлі жасын атап өту дәстүрге айналды. Осыдан бес жыл бұрын Мұхтар Ғалиұлының жетпіс жылдығына арналып өткізілген мерейтойлық шаралар институтымыздың жаңа тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі болған-ды. Биыл Мұхтар ағамызды еске алу шаралары мамырдың 13-14 күндеріне белгіленіп отыр. Алғашқы күні айтулы датаға орайластырып тәрбие мен білімнің бүгінгі күнгі көкейкесті мәселелеріне арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтпекші. Республика жоғары оқу орындарының жетекші ғалым-ұстаздары, мектеп мұғалімдері, білім беру мекемелерінің қызметкерлері профессор М.Арын мұрасын негізге алып, қазіргі кезеңде бүкіл педагогикалық қауымдастықты толғантып отырған мәселелер төңірегінде ой бөліспек.
Ғалым-ұстаздың өмірі мен қызметі негізінен кеңестік дәуірді қамтыды, соған сәйкес дүниетанымы мен өмірлік ұстанымында осы дәуірге тән құндылықтар жүйесінің көрініс табуы түсінікті жағдай. Тағдыр Тәуелсіздік туындатқан мүмкіндіктерді тәрбие мен білім беру жүйесіне көкейіндегі көксегендерін сыналап кіріктіруге, пайдалануға үлгертпеді. «Бес анығында» жазғанындай, тіл, дін, дәстүр, тарих, атамекенді әр адамның ұлттық қасиеттерінің жүйелі сипаттамалары ретінде қарастыруы – «қысқаша баяндалған дүниелер. Түгелдей тереңдетіп, бұдан да толық етіп баяндауды келер күндердің еншісіне» қалдырды. Өкінішке орай, жазмыш ойға алғанды орындауға мұрша бермеді. Әйтсе де, көрген, білген, түйгендерін тезистер түрінде болса да түйдектетіп айтып кетті, жазылып болмаса да жандырып жазып кетті. Бұрынғы да, бүгінгі де қоғамдық жүйелерде тұтқа болар қағидаттар мен ұстанымдарды сараптай келе, кісіліктің келбетін кескіндейтін, мәңгілік мәнге ие адами құндылықтарды Тәңірі деп таныған Тәрбиенің ұтқыр ұстыны мен түпкілікті мақсаты биігінде ұсынды. Ғұлама ұстаздың ұшқыр ойы мен тындырымды тәжірибесінен туындаған көрегендігінің көріністерін бүгінгі білім мен тәрбие беру ісінің көкейкесті мәселелерінің ол көтерген мәселелермен үндестігінен байқауға болады. Мәселен, профессор М.Арын «атадан балаға қалар рухани мұраның ең қасиетті сыбағасы — тіл. Ол екі ұрпақты қауыштырушы, ұштастырушы үлкен күш» — десе, бүгін бұл тұжырым қазақ тілінің барша қазақстандықтарды ұйыстырушы қабілетін мейлінше күшейту арқылы оны барлық отандастарымызға ортақ рухани құндылыққа айналдыру міндетіне ұласып отыр. Сол сияқты, ойшылдың «көптілділік — әр адамға тән қасиет, ол заңмен енгізілетін нәрсе емес. Көптілділік — әр адам бірнеше тілді білген жағдайда ғана іске асатын құбылыс» деген тұжырымы бүгінгі «тілдердің үштұғырлығы» бағдарламасымен үндесіп жатыр. «Мектеп — пәндерді оқытатын орын ғана емес, адамды тәрбиелейтін қасиетті орын», «нағыз тәрбие — жас ұрпақтың ойлау қабілетін қалыптастыруға үйрету» деген ұстанымдарының бүгінгі білім беру ісінде етек алып кеткен жаттандылықтан, жалаң ақпаратпен әуестенушіліктен сақтандыруға бағытталғанын айқын аңғаруға болады. Бүгін білім мен тәрбие беру ісін бүкілхалықтық іске айналдыру мәселесі көтеріліп, осыған байланысты біртұтас педагогикалық қоғам, педагогикалық жасақ құру жұмысы қолға алынып жатса, Мұхтар ағамыз кезінде бұл жөнінде «ең алдымен үлкенді түзеу керек. Ата-ана түзелмей жас ұрпақ, шәкірт түзелмейді» деген екен. Профессордың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани мұрасының өміршеңдігі туралы сөз қозғағанда осы тәріздес мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мерейтойға арналған ғылыми-практикалық конференцияда мұндай мәселелер төңірегінде келелі кеңес, салихалы сұбхат өрбиді деп ойлаймыз.
Биылғы мерейтойлық шараларға қадірлі қонақтарымызды күтудеміз. Мұхаңның үйіндегі жеңгей, балалары, немерелері, ағамыздың көзін көрген жолдастары келмекші. Дайындық жұмыстары аяқталып қалды. Мерейтой қарсаңында бес жыл бұрын ашылған «Профессор Мұхтар Арын кабинеті» қайта жарақтандырылып, тың экспонаттармен толықтырылуда. Мерекелік шаралар күндері кабинет жаңа, кабинет-мұражай нұсқасында қайта ашылмақшы. Сайып келгенде, Ақтөбе жұртшылығы «өзіміздің Абайымыз!» — деп ардақ тұтқан азаматты еске алу шаралары елдігіміздің, естілігіміздің тағы да бір айшықты көрінісі боларына сенімдіміз.
Кісіліктігі ерекше ел ағасы туралы Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтің «Мұхтар Арын тек жеткіншек буынға емес, бүкіл әлеуметке ұстаз еді. Ол тіл қозғалысы, тарихи зерде қозғалысы, дәстүрлі тәрбие қозғалысын бар болмысымен, зеректігімен пейілді қолдады, ол сол соқпақтың ай қасқа айдын жолға айналуына күш салып еді. Мұхтар — керек заманда туып, керекті шаруаға ат қосысып, келелі іс тындырып кете алған ел ардағы еді» деуі Мұхтар Ғалиұлының «Азаматқа халықтың ризашылығына бөленгеннен артық бақыт жоқ» деген ұстанымының айғағы іспеттес.
Ғалымжан НҰРЫШЕВ,
Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры.
Мұхтар Арын туралы ой -толғамдар
Мұхтар көп ішіндегі жай жақсы жігіттің бірі емес, бірегейі еді, және шын мәніндегі нар көтерер ауыр жүкті мыңқ етпей, халқы алдындағы өзінің перзенттік парызын көріп, мақтанышпен көтерген нағыз азамат жігіт еді.
Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ,
Қазақстанның халық жазушысы.
Мұхтар өз қатарынан көп ерекшелігі бар, дара тұлға болатын. Тағы да оның бейнесін көз алдыма елестетсем, о, ғажап, шеру тартып бара жатқан керуен басындағы белі қайысса да мыңқ етпейтін, ерен тұлғалы біртума қара нардай болып көрінеді де тұрады маған.
Әбдуәли ҚАЙДАР,
академик, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері.
Мұхтар Арын тек жеткіншек буынға емес, бүкіл әлеуметке ұстаз еді. Ол тіл қозғалысы, тарихи зерде қозғалысы, дәстүрлі тәрбие қозғалысына бар болмысымен, зеректігімен пейілді қолдады, ол сол соқпақтың ай қасқа айдын жолға айналуына күш салып еді. Мұхтар – керек заманда туып, керекті шаруаға ат қосысып, келелі іс тындырып кете алған ел ардағы еді.
Әбіш КЕКІЛБАЕВ
Қазақстанның халық жазушысы,
Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекет және қоғам қайраткері.
Шынында да Мұхтар Арынов Ақтөбе өңірінің рухани, ұлттық, мәдени дүниесінде аты ерекше аталатындай, ризалықпен сүйіне атайтындай көптеген іс тындырып үлгерген екен. Осы өңірде өткен батыр бабалары бар ма, майталман өнер иелері бар ма, күні кеше өткен Құдайберген мен Ахмет Жұбановтардай, Сақтаған Бәйішевтей аяулы перзенттері бар ма, баршасының есімдерін еске салудан бастап, күмбез-кесенелер орнаттыру, жиын-мәслихаттар өткізу сияқты нақты іс-қаракеттерге мұрындық болушы да, басы-қасында жүруші де Мұхаң екенін ешкім жоққа шығара алмайды! Бұдан 300 жыл бұрын өткен Тама Есет батырға кесене тұрғызуға, Шалқар ауданының бір қиырында жасап өткен Қазанғап күйшінің есімін елге таныта түсуге арналған әрекеттерге оның қанша күш-жігер жұмсағанын өзі де емес, өзгелер айтып тауыса алмайды.
Өмірзақ АЙТБАЙ,
академик.
Биік-биік армандарын соңындағы ұрпаққа аманат етіп, ертерек кеткен Мұхтар Ғалиұлы сынды адамның ұлы қасиеттері өзі тәрбие берген жастарға дарысын дер едім. Мұхаңның: «Заман өзгеріп келеді. Жастарды жаңа рухта бағыттау — біздің парымыз», — деген ұлағатты пайымы осындай аса мазмұнды істің нәтижесін нұсқағаны деп санаймын.
Фариза ОҢҒАРСЫНОВА,
ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері.
Ұлттық рухани дүниені құрайтын ұлттық рухтың ерекшелігін сыртқа шығаратын тіл, дін, салт-дәстүр т.б. сияқты шарттарды атап, олардың әрқайсысы жөнінде жеке-жеке ой толғағанда, лингвист Арыновтың тек өз пәнінің маманы болып қалмай ғылым көкжиегіне кеңірек көз салған жан-жақты ғалым екендігін сөзсіз мойындаймыз.
Рабиға СЫЗДЫҚ,
академик.
Мұхаң қазақ, неміс және орыс тілдерін жетік меңгерген ардақты ұстаз болатын. Оның ұлттық рухы мен намысы іштей ұштасып жататын. Мұхаң өз ақылын, қайратын және жүрегін бірлікте ұстап, қысқа өмірде өшпес із қалдырды.
Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ,
академик.
Еліміздің «Ақтаңдақтарының» мұраларын қалың қауымның игілігіне жарату, түрлі мәдени шаралар ұйымдастыру, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру сияқты ел мәртебесін көтеретін жұмыстарды ұйымдастырып, істің сапасына айрықша көңіл бөлетін, әлемге танымал, беделді ғалымдармен ой жарыстыратын ірі тұлға еді.
Мырзатай СЕРҒАЛИЕВ,
академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Өнер туралы сөз қозғағанда Мұхтар Ғалиұлы мүлде басқа Мұхтар болып сұқтандыратын. Бал сезімі бой бермей, көңілі асқақта, бір еркебұлан ақынша шалқып тұратын. Жердей төзімді, таудай зілді, теңіздей терең болып көрінетін. Өте сабырлы, асып-саспайтын мығым, нығыз жанның шабыттана сөйлегенін көріп, Мұхтардың нәзік жүрегінің лүпілін үнсіз тыңдап, жаным исінетін.
Ілия ЖАҚАНОВ,
сазгер, жазушы, публицист,
Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері.
«Бес анық» атты ұрпаққа мұра болып қалатын еңбегіндегі Мұхтар Ғалиұлының педагогикалық көзқарасы, тіл, дін жайлы тұжырым-түйіндері, тарихи топшылаулары ешкімге ұқсамайтын соны ойлардың өрісінде жатыр. Меніңше, осы кітап егемендік алған заманымызда болашақ ұрпағымызды тәрбиелеуде де құбылнама боларлықтай қасиеті бар еңбек екенінде дау жоқ.
Қалтай МҰХАМЕДЖАНОВ,
Қазақстанның халық жазушы.
Шағын бизнестің шаңырағы тіктеледі
Ақтөбеде шағын және орта бизнесті дамыту, оның көрсеткіштерін жақсарту және кәсіпкерлік қызметтен салықты толық жинауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар үздіксіз жалғасып келеді.
Ақпан-сәуір айларында қалалық әкімдікте жергілікті базарлар мен сауда үйлерінің басшыларының қатысуымен өткен бірқатар мәжіліс осы мәселелерге арналды. Басқосуларда қала әкімі Архимед Мұхамбетов қала бойынша салық басқармасы басшыларының алдына осы саланы тәртіпке келтіру міндетін қойып, базарлар мен сауда үйлерінің басшыларына шағын және орта бизнес нысандарын есепке алу жұмысын жүргізудегі жауапкершіліктері туралы ескерткен болатын.
Өткен аптада қала әкімі А.Мұхамбетов төрағалық еткен мәжілісте жұмыстың алғашқы қорытындылары шығарылды. Басқосуға Ақтөбе облысы бойынша салық департаментінің бастығы М.Райымқұлов, облыстық статистика департаментінің бастығы Ә.Боранбаева, ҚР Жер ресурстарын басқару жөніндегі Агенттігінің Өңіраралық жер инспекциясының, облыстық ІІД Жол полициясы басқармасының, Ақтөбе қаласы бойынша салық басқармасының басшылары, т.б. қатысты.
Ақтөбе қаласы бойынша салық басқармасының бастығы Б.Танабергеновтің қаладағы шағын және орта бизнес көрсеткіштерін жақсарту жөніндегі ақпаратына сенсек, өткен мерзім ішінде 160-тан астам жұмыс істемейтін заңды тұлға тіркелген, оларды экономикалық сотқа беру жөнінде жұмыс жүргізіліп жатыр. 90 күннен астам сауда қызметімен айналысатын жеке тұлғаларды тіркеу жөнінде белсенді жұмыс жасалады. Базарларда, сатушылар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тіркеу туралы куәлік қызметтің осы түрімен айналысатын 1120-дан астам адамға берілді. Жалдамалы жұмысшылар саны туралы да мәліметтер жиналып жатыр.
Базар басшыларының салық заңнамасының талаптарын сақтау, салық жинау толықтығын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың орындалу барысы туралы ақпараттары тыңдалды, олар қала басшылығына бұл жұмыстарды уақытында әрі толық орындауға уәде берді.
Бұдан соң салым алымдарының толықтығын қамтамасыз ету жөніндегі қалалық біржолғы талондар беру жөніндегі бөлімінің қызметі туралы мәселе қаралды. Бұл бөлім Ақтөбе қаласы әкімдігінің қаулысы бойынша 2011 жылдың 5 сәуірінен бастап қызмет жасап келе жатыр. Бөлім бастығы Г. Бисекешованың айтуынша, былтыр сәуір айы ішінде бөлім қызметкерлері қаланың 19 базарында 45 мыңнан астам біржолғы талондар берген. Сатушылардың бір күнгі орташа саны — 3900 адам, ал күн сайынғы түсімдердің орташа сомасы шамамен 745,0 мың теңге болды. Біржолғы талондар беруден сәуір айы ішінде бюджетке болжам жасалған 15,8 млн.теңгенің орнына 21,6 млн.теңге түсті, яғни 1 ай ішінде бюджетке түсім жоспары 5,8 млн.теңгеге немесе 136%-ға артық орындалды. Бұл — жұмыстың нәтижесі.
Г. Бисекешова бірқатар мәселелерге де тоқтала кетті, оларды шешу салық салу базасын кеңейтуге және қалалық бюджетті қосымша толықтыруға мүмкіндік береді. Әңгіме «Әмбебап» (Богословский тас жолы бойындағы автобазар), «Көл авто» базарындағы және басқаларындағы біржолғы талондар беру туралы болып отыр.
«Әмбебап» базары әкімшілігі берген мәліметтерге сәйкес сауда алаңы 270 орынға есептелген. Бірақ өткізілген мониторинг автокөлікті сату тек базар аумағында ғана емес, сонымен бірге трасса маңы мен орман алқабының жақын жатқан аумақтарында да стихиялы түрде жүргізіледі. Мұнда сатуға 700 автомашинаға дейін қойылады, ал алынған талондар 110-нан аспайды. Осы базар бойынша есептегенде орташа есеппен алғанда қалалық бюджет кірісінің шығындары күніне 112,0 мың теңге болып отыр (жылына 6,3 млн.теңгеге жуық).
Осы және басқа да базарлардағы кейбір сатушылар заңды бұзып, басқа арнайы салық тәртіптері (патент, жеңілдетілген декларация, жалпы белгіленген тәртіп) негізінде бюджетпен есептер жүргізетіндігін сылтау етіп, талондар алмағандығы белгілі болды. Заң бойынша, Б.Танабергенов түсіндіргендей, жеке және заңды тұлғалар, әлгіндей базарларда сауда қызметімен айналысатын жеке кәсіпкерлер жалпы белгіленген тәртіпті, не болмаса, арнайы салық тәртібін қолдануынан тыс бәрібір біржолғы талон алуға тиіс.
Мәжіліс барысында Ақтөбе облысы бойынша салық департаментінің бастығы М.Райымқұлов қалалық әкімдіктің шағын және орта бизнес көрсеткіштерін жақсарту жөнінде жасап жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталды, және оны өңір рейтингісінің жоғары болуына ықпал ететін көрсеткіштердің бірі деген тоқтамын айтты. М.Райымқұловтың айтуынша, қысқа мерзім ішінде салық салынатын базарларды кеңейту және бюджетке түсімдерді арттыру жөнінде көлемді жұмыстар жасалғанын тілге тиек етіп, базарлар мен сауда үйлерінің басшыларын заңнаманы мүлтіксіз орындауға, жалдау ақысын жинаумен шектеліп қана қоймай, әрбір кәсіпкермен нақты жұмыс жүргізуге шақырды.
Қала әкімі А.Мұхамбетов бұл жұмыс алда да үздіксіз жалғасатынын айтып, мәжілісті қорытындылады, салық басқармасына жұмыс жасамайтын жеке кәсіпкерлерді анықтап, олардың жұмысына тосқауыл қою, 90 күннен астам біржолғы талондармен жұмыс жасайтын жеке тұлғаларды тіркеу, т.б. жұмыстарды жалғастыру жөнінде тапсырмалар берді. Жол полициясы басқармасына, ҚІІБ, салық басқармасына, біржолғы талондар беру бөліміне базар аумағынан тыс жерде автокөлік құралдарының бей-берекет саудасына тыйым салу мақсатында Богословский тас жолы бойындағы «Әмбебап» базарына сенбі және жексенбі күндері бірлескен рейдтік іс-шаралар жүргізуді нықтады.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, базар басшыларына Ақтөбе қаласы бойынша салық басқармасында жеке тұлғаларды жеке кәсіпкер ретінде тіркеу жөніндегі жұмысты аяқтау, жалдамалы жұмысшылардың санын көрсете отырып, жалдаушылар бойынша мәліметтерді тапсыру, осы жылдың 1 тоқсан ішінде сатушылардың салықтық есебін тапсыруды 100% орындауы және
ҚР Әкімшілік кодексінің 212-бабын орындауды қамтамасыз етуі, салық заңнамасын бұзатын тұлғаларға сауда орындарына рұқсат беруден бас тартуы секілді талаптар міндеттелді.
Бюджетке өзгерістер енгізілді
Жақында қала әкімі Архимед Мұхамбетов, қалалық бөлімдер басшылары, селолық округтер әкімдерінің қатысуымен Ақтөбе қалалық мәслихатының кезектен тыс отыз бірінші сессиясы өтті. Онда қала бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, 2010 жыл ішіндегі қала бюджетінің орындалуы жөніндегі есепті бекіту, т.б. мәселелер қаралды.
Алдымен қалалық сайлау комиссиясының хатшысы Т.Нұртазин № 8 сайлау округі бойынша жаңадан сайланған депутат М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің ректоры Ербол Бекмұхамбетовке куәлік пен депутаттық белгіні тапсырды.
Ақтөбе қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы Х.Ізбастенова қалалық мәслихаттың жиырма сегізінші сессиясында қабылданған «2011-2013 жылдарға арналған Ақтөбе қаласының бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ақпарат берді. Қалалық бюджетке облыстық бюджеттен бірқатар шараларды іске асыру үшін трансферттер қаралатын болды.
Ақтөбе қалалық құрылыс бөліміне «Батыс-2» тұрғын үй массивінің 3-ықшам ауданындағы 9 қабатты жалдамалы №16 тұрғын үй құрылысын аяқтауға, К.Нокин даңғылының артындағы Сазды өзені арнасына шлюз құрылысына, Заречный-2 ауданында 240 орындық орта мектеп құрылысына, Ақжар-2 ауданында 150 орындық орта мектеп құрылысына, Садовое кентінде 100 орындық орта мектеп құрылысына 474,5 млн. теңге бөлінді.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 54,7 млн. теңге, соның ішінде, (314 адамға 15,0 мың теңгеден – 4,7 млн. теңге) Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен қатысушыларына біржолғы материалдық көмек беруге және аз қамтылған азаматтарға тұрғын үй көмегі үшін 50,0 млн.теңге бөлінді.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне Ақтөбе қаласының елді мекендерін абаттандыруға және көгалдандыруға, «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» облыстық жастар марафон-эстафетасын ұйымдастыруға, автомобиль жолдарын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуге 411 млн. 996 мың теңге бөлінді.
Қалалық білім бөліміне мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту үшін ғимарат алуға, жаңадан іске қосылатын білім беру нысандарын күтіп-ұстауға, білім беру мекемелеріне жалақы төлеуге 177 млн. 791 мың теңге бөлінді.
Сессияда, сонымен бірге, сатуға шығаруға ұсынылған жер учаскелерінің тізбесі бекітіліп, бірқатар комиссияларға өзгерістер енгізілді.
Инвестициялық жобалар игілікке жеткізеді
Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен өткен мәжілісте 2011 жылғы үдемелі индустриялдық-инновациялық даму Бағдарламасына енгізілген инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы қаралды. Мәжіліске осы жылға енгізілген жобалардың басшылары қатысты.
Елімізде ҮИИД бағдарламасы екі жылдан бері жүзеге асырылып келе жатыр, өңірлік жобалардың көпшілігі Ақтөбе қаласында орналасқан. Биыл бірінші тоқсанда 1 жоба пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін барлығы 20-дан астам жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Инвестициялардың жалпы сомасы — 11 млрд. теңге.
ҮИИД бағдарламасы аясында индустриялды-инновациялық жобаларды жүзеге асыру, осы заманғы бәсекеге қабілетті өндірістердің пайда болуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді, азық-түлік саласындағы бағаны тұрақтандыруға септігін тигізеді.
Қала әкімдігі жобалардың құрылыс барысын бақылап қана қоймай, оларды жүзеге асырудағы мәселелерді анықтауға және кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсетуге тырысады.
Мәжілісте 17 инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысы қаралды. Олар — «Южпромснаб» ЖШС-ның сыйымдылығы 375 тонна болатын мобильді битум сақтау қоймасы және поролон шығару, қайталама поролоннан бұйымдар шығару зауыты, «Тенуса» ЖШС-ның полимер-композициялық материалдардан бұйымдар шығаратын зауыт құрылысы, «ПолимерМұнайГаз» ЖШС полиуретанды қоспалар шығаратын цех, «Электрод и К – Актобе» ЖШС дәнекерлеу электродтарын өндіретін зауыт құрылысы, «Казтеплоэнергомонтаж» ЖШС жылу оқшауландырылған құбырлар өндірісінің зауыты, «КТП» ЖШС мобильді асфальт-бетон зауыты және қиыршық тас өндіретін зауыты, «БатысДамуЖол» ЖШС белсендірілген және белсендірілмеген ұнтақ шығаратын зауыты, «Анди» ЖШС тауарлы-сүт фермасы, «Килико-тун» ЖШС Ақтөбе қаласындағы көкөніс қоймасы, «ИСК «Дастан» ЖШС асфальт бетон өндіретін зауыты, «Әлем Тағам» ЖШС 5 гектарға жылыжай кешені, «ШИМ» ЖШС көлік-логистикалық орталығы, «Велес Актобе ЛТД» ЖШС дәрі-дәрмек шығаратын зауыты, «Ақтөбе металл емес құбырлар зауыты» ЖШС әйнек-пластикалық құбырлар шығаратын зауыттың 3-ші кезегі және «Кабиев и К» ЖШС «Дина» гипермаркетінің құрылысы.
Жобалардың әрқайсысының басшысы нысанды қаржыландыру және оның құрылысы, құрал-жабдықтар сатып алу және монтаждау, өнімді өткізу рыногын дайындау, жұмыс және нысандарды пайдалануға беру мерзімінің кестесі жөнінде баяндады. Негізінен жұмыс жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр, дегенмен жекелеген инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда бірқатар мәселелер бар екендігі де анықталды. Қала әкімі А.Мұхамбетов тиісті тұлғаларға осы мәселелер бойынша және инвестициялық жобаларды дәл жоспарланған күні пайдалануға беруді бақылауға алу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
«Жас толқын» жолға шықты
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасының ұйымдастыруымен облыстағы жас мемлекеттік қызметшілерге арналған семинар-кеңес өтті. Жиынға бірқатар қалалық және аудандық мемлекеттік мекемелерде жұмыс жасайтын жас мамандар шақыртылды.
Қалалық әкімдікте өткен семинар-кеңесте ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасының бастығы Нұрлан Сүйінбаев жиналғандарға «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының бастамасымен облыста белсенді жас мемлекеттік қызметшілерден құралған «Жас толқын» жастар клубының ашылғаны жайында сөз етті.
— «Жас толқын» жастар клубының негізгі мақсаты — 29 жасқа дейінгі мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік қызметкер емес жастар арасында тығыз байланыс орнатып, еліміздегі мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметке кадрлар даярлау, тәрбиелеу және оларды әлеуметтік маңызды қоғамдық қызметтерге тарту жолдары арқылы облыс жастары арасынан кадрлық резерв қалыптастыру, — деді Н.Сүйінбаев.
Жиында «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшесі, Ақтөбе политехникалық колледжінің оқушысы Ербол Шыма клубтың жұмысы туралы баяндады.
Семинар-кеңесте ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының түлектері — облыстық қазынашылық департаментінің бас маманы Гүлмира Қошқарина мен қалалық жер қатынастары бөлімі бастығының орынбасары Аслан Махатов жас мамандар алдында осы білім ордасы туралы өз ойларын айтты. Академияның жергілікті және мемлекеттік басқару магистрлерінің сөзінен ұққанымыз, жастардың мемлекеттік қызметте өсуі осы Академия табалдырығынан бастау алады. Түлектердің айтуынша, Академия құрылғаннан бері 400-ден астам әкімшілік және саяси мемлекеттік қызметшілер даярланыпты. Қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарынан 14000-ға жуық адам өткен. Бүгінде Академия түлектері ҚР Президенті Әкімшілігінде, Үкіметте, мемлекеттік басқарудың орталық және жергілікті органдарында жұмыс істеп жүр. Олардың ішінде министрлер мен вице-министрлер, ҚР мемлекеттік ведомстволарының басшылары лауазымында қызмет атқарып жүргендері де бар.
Семинар-кеңесте Ойыл аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Мұратбай Айдарбаев ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясында білімін жетілдіргісі келетіні жайында айтса, облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасы әкімшілік бөлімінің маманы Жанна Рахметова, облыстық спорт және туризм басқармасының бас маманы Дәурен Базаровтар жаңа клубтың ісіне сәттілік тілеп, қолдау танытты.
Семинар-кеңес соңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Ақтөбе облысы Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі Жақсылық Үмбетқалиев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы жылдың 1 сәуірдегі Жарлығымен жаңа редакцияда қабылданған Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс Кодексінің талаптарына түсіндірме жасады.
Мерекелеріңізбен медбикелер!
Бүгін — халықаралық медбикелер күні. Бұл күн медбике кәсібінің негізін қалаушы ұлыбританиялық медбике Флоренс Найтингейлді еске алу мақсатында бекітілген.
Бұл айқара бет денсаулық сақтау жүйесінің негізін құрайтын, дәрігерлердің көзге аса түсе қоймайтын көмекшілері, медбикелерге арналып отыр.
Мерекелеріңіз құтты болсын, медбикелер!
Мың баланың кіндік шешесі
«Жүкті әйелдің бір аяғы жерде…» деп айтылатын сөздің бекер еместігін жақсы білетін Айша Ізтілеуованың Қобда аудандық перзентханасында жұмыс істегеніне биыл 20 жыл. Еліміз егемендікке қол жеткізген жылы Ақтөбе медициналық училищесінен акушерлік мамандық алып шыққан Айша Төлепбергенқызы өзін тәуелсіздіктің құрдасы, алғашқы қарлығаштарының бірі санайды.
Кеңес өкіметі Ортақ деп атамай тұрғанда құлпынайы құлпырып өскен қырдың етегіндегі тұп-тұнық болып түзіліп, қыз көшіндей тізіліп тұрған, бұлақ суы сылдырап аққан жердің інжуі Баян ауылда туған кішкене қара қыздың ата-анасы ел-жұртқа мақтан ететін мамандықтың иесі болатынын білмеген еді. Сол 1969 жылы кішкентай ауылда 10 қыз, бір ұл дүниеге келеді. Ол кездері шекесі торсықтай ұл мен қызды бес-онға дейін топырлатып туған алтын аналарымыз «Бибі Бәтима пірім-ай, өзің жар бола гөр» деп үйде босана бергенін үлкендер жағы жыр ғып айтады. Анасы Рысты Айшаны дүниеге әкелгенде үйлеріне бөлімше орталығы Жарықтың амбулаториясынан келген Зияш медбике: «Осы ауылда биыл туған он қыздың ішінде мына бала болашақта әйел босандыратын акушер болады. Мен аузына түкірдім» — деп кіндігін кесіп кетіпті. Зияш акушердің айтқаны нысанасына дөп тиген оқтай болды. Бала кезінен мұғалім болуды мақсат еткен Айшаның арманы бойжетіп өскенде быт-шыт болып бұзылды — мектептен кейін екі жыл перзентханада тәжірибеден өткені оны акушерлік мамандық алып шығуға жетеледі.
1991 жылы Мәншүк Маметова атындағы Ақтөбе медицина училищесінен акушерлік мамандық алып шыққан 60 қыздың қазір жетеуі ғана өз мамандықтары бойынша Ресейде, Қазақстанда жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде Айша Төлепбергенқызы ғана аудандық деңгейдегі перзентханада акушер болып жүр. Алыста, өзі туған ауылда отырған анасы, бауырлары Айшаны сол үшін де мақтан тұтады.
— 1991 жылы сәуірдің төрті күні Қобданың перзентханасына жұмысқа қабылданғаным күні кешегідей есімде қалды. Бірінші кезекшілікке тұрған түні Лилия деген неміс әйелін жалғыз өзім босандырып алдым. Ол қазақ жігітінен шекесі торсықтай ұл туды, биыл сол бала 20 жасқа толады. Кейін олар Германияға көшіп кетті.
Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы. Мені училищеде оқытқан Раиса Скорокина, Алла Миронова деген дәрігерлер қазір Ресейде, Израильде жұмыс істейді. Олар әрқашан мені: «Әйел босандыратын маман — жаңа өмірдің куәсі. Сенің мойныңда екі есе жауапкершілік жүгі барын ұмытпауың керек. Өзіне сенімді, батыл, кез келген сәтте шешім қабылдағыш адам ғана акушер бола алады» деп үйретті. Кейін жұмысты бастағанымда да маған жол көрсеткен, ақылшы болған Мария Максименко, Күнзира Иралиева, Сәбила Шүйіншалина, Александра Луцева, Ирина Романова, Сергей Ляшенко, Нұрсәуле Мамаева сияқты білікті мамандардың мектебінен өттім. Менің жолымда әрқашан жақсы адамдар кездесті. Алдымен өмір берген, оқытқан әке-шешеме қарыздар болсам, содан кейін үйдегі шаруаны келістіріп отыратын ата-енеме ризамын. Жолдасым Бақтығали мен жалғыз ұлым Абылай менің 20 жыл бойы аптасына екі рет үйде емес, жұмыста түнейтініме әбден үйренді. Олар менің жұмысымның жауапкершілігін сезінеді, кезекшілігімде жүкті әйелдердің толғағы жеңіл болып, жақсы босанса, менің қабағым сол күні ашық болатынын жақсы біледі, — дейді Айша Төлепбергенқызы.
Ол 1993-1997 жылдары жыл бойы еңбекақы төленбей жатқанда да, жылу жүйесі істен шығып, электр жарығы перзентханада екі сағатқа ғана берілетін уақыттарда да тағдыр-талайына бұйырған жұмысын тастап кетпеді, бәріне төзді. Түн ішінде сығырайып барып сөніп қала беретін білтесі керосинге былғанған шамның жарығымен талай рет толғағы қысқан әйелді аман-есен босандырып алды. Қараңғыда шар етіп жылаған шарана мен шарасыз әйелдің жалғыз серігі, жанындай жақыны өзі екенін біліп, өмір мен өлім арасында арпалысқан талай күндер мен түндер өтті.
Айша Төлепбергенқызының өмірінде қызығы мен шыжығы мол жұмыстағы 20 жыл аса маңызды із қалдырды, мыңнан астам сәбидің кіндік шешесі атанды. Оның тәжірибесіндегі салмағы жағынан ең үлкен сәби 5 келі 600 грамм болып туған қобдалық Берік Қосжанов қазір Астанадағы Еуразия университетінде оқиды. Ал ең кішкентай сәби 1 келі 600 грамм болып дүниеге келген Айгерім Көшербаева қазір мектепте оқып жүр.
— Мен жұмысқа тұрған жылдармен салыстырғанда қазір жүкті әйелдер өте көп. Оған қатты қуанамын. Бүгінде араға 15-16 жыл салып, 40 жастан асқан әйелдердің жүкті болуы жиілеп кетті. Биыл қаңтар айынан бастап аудандық перзентханада 42 бала өмірге келді. Еліміз дамыған 50 мемлекеттің қатарына қосылуға талпынған осы уақытта медицина саласында да көп өзгерістердің болып жатқаны белгілі. Қазір ана мен бала денсаулығын Елбасымыз бірінші орынға қойып отыр. Бұрынғыдай емес, бүгінгі күні әйел босану жолдарын, әдістерін, босандыратын акушерді, бақылайтын дәрігерді өзі таңдайды. Босану кезінде жақындарының біріне жанында болуына рұқсат етіледі. Әйел босанған бойда сәбиін бірден кеудесіне жатқызамыз. Бұл әдістің ана мен бала арасындағы байланысты арттыруға, сәбидің ана кеудесінде жатып, емшекті өздігінен табуына септігі бар. Егер, анасы қандайда бір қиын жағдайда, операция арқылы босанған болса, баланы әкесінің кеудесіне салу тәжірибесі де қаралған. Бірақ, біздегідей аудандық деңгейдегі перзентханаларда бұл әдіс әзірге жүзеге асырыла қойған жоқ, — дейді Айша Ізтілеуова.
Айша Төлепбергенқызы туралы әріптестері, көрші-көлем, ортасы өте жақсы пікір айтады. Ол өзі еңбек еткен жылдары талай адамнан алғыс алды, талай рет тәжірибелі дәрігерлердің өздері оның епті қолын, елгезек мінезін, жұп-жұмсақ, жылы алақанын әйел босандыруға арналғандай деп бағалағанын естіп, мәртебесі көтерілді. Қазір бірінші санатты акушер маман абырой, бедел, жұрттың ықыласы, көпшіліктің алғысы, әріптестердің құрметі аяусыз еңбекпен, маңдай термен келетінін өзінен кішілерге үйретіп отырады. Училищеден кейін облысқа танымал Авраменко, Головков тәрізді гинеколог-дәрігерлерден қалалық перзентханада жұмыс істеуге шақырту алды. Бірақ, өзі туған өңірге, қаланың адамынан гөрі ауыр жұмыстың бейнетін көп көретін өз анасындай ауыл әйелдеріне қызмет ету парыз деп санады. Содан бері еңбек кітапшасына жазылған бір ғана сөйлем 20 жыл бойы бір перзентханада жұмыс істеп келе жатқанын білдіреді. Осы жылдар ішінде ол талай әйелдің өміріне арашашы болды, перзентханадан бала асырап алып кеткен талай әйелдің тағдырына куә болды.
— Адамнан адам шығу оңай дейсің бе? Әр әйел босанған сайын жанымыз көзімізге көрінеді, бірге толғатқандай боламыз. Сөйтіп туған баласын перзентханада қалдырып кететіндер де болады. Бірақ, қазір баласыз ерлі-зайыптылар саны өкінішке орай көп. Сондай отбасылар бірден құжаттарын дайындап, екі жақтың ризашылығымен баланы алып кетеді. Қазақтың «етегіңнен берсін, айналайын» деген сөзінің жаны барын өзге ұлттар да біледі. Бізден бала алуға келген әйелдердің кең етекті көйлек киіп келіп, баланы жалаңаш күйінде етегіне салып алып кеткенін талай рет көзім көрді. Кейін өздері де жүкті болып, армандарына қол жеткізген әйелдер де бар.
Мен өзімді бақытты әйелмін деп есептеймін. Әке-шешемнің үмітін ақтадым, азамат болып ұлымыз өсіп келеді. Атам мен енемнің тәлім-тәрбиесінен түйгенім көп. Көрші-көлем, достарым, ауылдастарым, әсіресе, үлкендер жағы «қолыңнан айналайын» деп көрген жерде алдымнан кесіп өтпейді, батасын береді.
Мереке қарсаңында мен өзіммен бірге осы жұмыстың ыстық-суығына бірдей көніп жүрген Ирина, Ботагөз, Зиванда сияқты әріптес қыздарымды құттықтағым келеді. Адамдардың ықылас-ниеті, алғысы бізді мерейлендіреді. Сондықтан, біздің қыздар әрқашан қызметіне адал болуды зердесіне жаттап үйренген, — дейді Айша акушер.
Айгүл ЖЫЛҚАЙДАРҚЫЗЫ.
Дәрігер дәрежесіндегі медбике
Жұмысы көрінбейтін, бірақ атқаратын міндеті зор, денсаулық сақтау саласының бір буыны — лаборанттар. Олар сараптама жасау арқылы науқастарға дәл диагноз қоюға көмектеседі. Рахима Жәрменова — осындай лаборант-медбикелердің бірі. Оның бұл істі меңгергеніне 27 жыл болыпты. Ресейдің Свердловск қаласындағы медициналық училищені тәмамдағалы бері Ақтөбедегі бұрынғы темір жол ауруханасы қазіргі «Апатты медицина теміржол госпиталі» АҚ филиалында абыройлы қызмет атқарып келеді. Бүгінде аталған госпитальдағы клиникалық-диагностикалық лабораторияның бас лаборанты. Қарамағында жиырма шақты адам бар. Осы мекемеде орналасқан аллергиялық орталықтың да жұмысын қоса атқарады. «Бұл мамандықтың қиыншылығымен қоса, қызықты сәттері де аз емес», — дейді ол.
— Жақында бір топ дәрігерлермен бірге, республикалық «Жәрдем» поезының құрамында болып, көптеген елді мекендерді аралап қайттық. Аға медсестра ретінде, қасымдағы 13 әріптесіммен бірге көптеген ауыл тұрғындарының денсаулығын тексеріп, сараптама жасадық. Поездағы соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар анализдерді 10 минуттың ішінде-ақ анықтап береді. Мұндай аппараттармен жұмыс жасауды тез меңгеріп алдық. Тұрғындар да дән риза болды. Елге көмегіміз тиді деп ойлаймын. Байғанин, Темір, Шалқар, Хромтау, Әйтеке би секілді аудандарға қарасты ауылдарды араладық. Біздің госпитальдың жоғары дәрежелі дәрігерлері қабылдау жүргізді, — дейді Рахима Мұхамбетқалиқызы.
Өз жұмысының жемісін көріп жүрген Рахима бүгінде ізбасарларын дайындап жатыр. Жаңадан келген медбикелерді үйретуден жалықпайды. Бұрын лаборанттар даярлайтын оқу орындары болмағандықтан, қарапайым медбикелерді қайтадан осы іске икемдеуге тура келетін.
— Біздегі оқу орындары тек соңғы жылдары ғана лаборанттарды даярлап шығаруды бастады. Оған дейін лаборант табу қиын болатын.
Өз ісім өзіме қатты ұнайды сондықтан, қандай қиын кез болмасын бас тартқан емеспін. Жылына 3-4 рет темір жол қызметкерлерін медициналық тексеруден өткіземіз. Оларды орталыққа шақыртпай-ақ, өздері жұмыс жасап жатқан аймақтарға барамыз.
Сырқаттанған барлық таныстары мен туыстары Рахиманы іздеп табады. Көрші-көлем, дос-жаран, өзі тұратын көшенің барлық тұрғындары оның көмегіне жүгінеді. Тіпті, өзі туған Хромтау ауданына қарасты Кредиковка ауылының тұрғындары да ат арытып Рахимаға келеді.
«Медбике болсам да таныстарыма құдды бір дәрігердеймін. Ешқайсысының көңілін қайтармай, көмектесуге тырысамын», — дейді ол.
Рахима Жәрменова қым-қуыт қызметімен қатар, үй шаруасына да үлгеріп жатады. Қолындағы сексеннен асқан екі қарттың да жағдайын жасап отыр. Жолдасы зауытта инженер. Қызының үлкенін құтты орнына қондырып, өзі әже болуға дайындалып жүр.
— Медбике болып қызмет істеу оңай емес, оның үстіне бүгінгі таңда науқастар өте талғампаз, кірпияз. Біздің саладағы басты күш медбикелерге түсетіні анық. Олар науқастарға ауыртпай ине шаншуға, бабын табуға тырысып-ақ бағады. Осы мереке қарсаңында әріптестеріме шыдамдылық пен сабырлық тілеймін. Денсаулықтары мықты болып, халыққа адал қызмет етіп, өз істерінің жемістерін көре берсін дегім келеді, — дейді Рахима Жәрменова.
Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.
Балалардың бабын табатын жан
Ақтөбе қаласындағы балалар стоматологиялық емханасы ашылған алғашқы күннен бері сол жерде жұмыс істеп келе жатқан Бақыт Берденова көңілі жайдары, жүзінен нұр шашып тұрған жан. Оны алғаш көргенде-ақ, балалар медбикесі болу үшін жаралған ба деп ойлап қаласың. 28 жылдың ішінде балалармен жұмыс істеудің қыр-сырын терең меңгерген. Қай баланың болмасын тілін тауып, тіс емдеу үстеліне отыруға көндіреді. Оның бұл шеберлігіне әріптестері де тәнті.
— Өз ісіңді шебер меңгеріп, оң нәтижесін көргенге не жетсін. Қызығы мен шыжығы мол жұмыста небір сәттерді бастан кешіресің. Біз балалармен жұмыс істейтін болғандықтан, ең бастысы мейірімділік танытып, әрқайсысына жылы шырай білдіріп, ата-аналарға да ілтипат көрсете білуіміз қажет.
Балаларға арналған жалғыз емхана болғандықтан, келушілер өте көп. Қаладағы барлық мектептердің оқушылары тегін емделеді. Ал жаз мезгілінде аудандардан келетіндер көбейеді. Тіпті, көрші мемлекеттерден келіп тістерін емдететіндер де бар, — дейді Бақыт Қуандыққызы.
120 мың баланы емдеуге арналған қалалық балалар стоматологиялық емханасы таңғы сегізден кешкі сағат сегізге дейін жұмыс істейді. Сондықтан да емхана қызметкерлері ерекше шыдамды әрі байсалды болуға тырысады.
— Соңғы кездері денсаулық саласындағы өзгерістерге байланысты жұмыс күрделеніп кетті. Негізгі міндетімізбен қатар, қағазбасты болуға да тура келеді. Веб-порталға келіп түскен мәліметтерді анықтап, қажетті жеріне жолдап отырамыз. Уақыт өткен сайын медбикелерге деген талап та күшеюде. Сондықтан заман талабына сай білім алып, біліктілігімізді жетілдірудеміз.
Емханадағы 21 медбикенің кәсіптік деңгейін көтеру мақсатында оқуға жіберіп отырамыз. Біздің қызметкерлердің 50 пайызы жоғары санатты, — дейді Б. Берденова.
Емхана соңғы үлгідегі барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Рентген, физкабинет сол секілді басқа да шетелдік аппараттар бар. Медбикелер жаңа технологияның тілін де шебер меңгеріпті.
— Медбикелер — медицина саласындағы негізгі буын, осы қызметті атқарып жүрген әр адамның көтерер жүгі де ауыр. Олар қай кезде де жеке басы мәселесін емес, науқастарға көмектесуді алдыңғы кезекке қояды. Әлеуметтік-психологиялық жағынан да оңай тимейді. Тіпті, кейбір қауіпті мекемеде жұмыс істейтіндердің денсаулықтары нашарлап, зардап шегіп жатқандары да бар. Сондықтан осы төл мерекеміздің қарсаңында барлық медбикелерді құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілеймін.
Бақыт Қуандыққызы өз ортасына беделді аға медбике ғана емес, отбасында да мейірімді ана. Жалғыз перзенті де анасының жолын қуып, дәрігер қызметін адал атқаруда. Он екі сағаттық жұмыстан шыққан ол өзін күтіп отырған тоқсан жастағы әпкесін бағуға кетеді. Жұмыста да, үйде де мейірімділік көрсетіп қолғабыс беріп жүрген Бақыт апайға біз де бақытты ғұмыр тілейміз.
Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.
Аялы алақан иелері
Бүгінгі таңда Шалқар ауданында 162 орта буын медицина қызметкері бар. Оның 97-сі аудан орталығында қызмет етсе, қалғандары селолық елді мекендерде міндеттерін атқаруда. Солардың бірі — ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары санатты бас медбике Света Ахетова өз мамандығын шебер меңгерген, ісіне мығым жан. Ол қарамағындағы әріптестерінің де біліктілігін арттыруды оң жолға қойған.
— Емхана медбикелері жоспарлы түрде қайта даярлау курстарында білімін жетілдіріп, 42 пайызы түрлі дәрежеде біліктілік санатын қорғап, жаңа үлгідегі медициналық құрал-жабдықпен қызмет көрсетуді толығымен меңгерді. Бүгінде медбикелердің мойнына артылған жүк екі еселенді. Науқастарға ем жасаумен қатар, қағаз жүзіндегі жұмыстарды тындыруға тура келеді.
Елбасымыз «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында профилактикалық шаралар мен денсаулық сақтау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметті жетілдіруге ерекше назар аударғаны белгілі. Бұл істе медбикелердің де үлесі ерекше. Ауруды ерте анықтау мен алдын алу бағытында қан айналым жүйесінің негізгі аурулары, қант диабеті, жатыр мойны, сүт безінің, тоқ ішектердің қатерлі ісік белгілерінің алдын алу мақсатында профилактикалық тексерістен өткізіп жатырмыз. Сонымен қатар, диспансерлік бақылауда тұрған науқастарды уақытылы қадағалау, түрлі жұқпалы аурулардан сақтану барысында жоспарлы егу шараларын жүргізу, науқастарға ем-шараларды үйде жасауда да медбикелердің еңбектері зор.
Ал жыл басынан бері емханада сегіз арнаулы әлеуметтік қызметкер өз жұмысын бастады, — дейді Света Ахетова.
Ауданда адам жанына араша болып жүрген осы қызмет иелерінің беделін арттырып, қолдау көрсету мақсатында шаралар өтіп тұрады. Мәселен, мереке қарсаңында жыл сайын аудандық бас дәрігер Жексенбі Аққабиұлының қолдауымен «Жыл медбикесі», «Аялы алақан» номинациялары бойынша конкурстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталады. Аудан медбикелері облыс әкімінің бастамасымен ұйымдастырылатын, облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Шапағат» сыйлығы бойынша да жеңімпаз атанып жүр. Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырған салтанатты шараның жоғарғы марапатына Тоғыз дәрігерлік амбулаториясының фельдшері Маттығұл Орманов лайық деп танылған.
— Медбикелердің жұмысы ынталандырылып, марапатқа ие болып жатқаны бізді жігерлендіре түседі, — дейді бас медбике. — Кімнің болмасын өз ісінен береке тауып, биіктен көрінгісі келетіні анық. Бүгінгі күнгі медбикелер жаңа заман талабына сай жан-жақты сауаттанған, өз ісіне жауапкершілігі жоғары, жанашырлық қабілеті зор, мәдениеттілігі басым, тиянақты болуы тиіс. Игілікті істе адал еңбегімен елге танылып, шипалы қолымен талай жанның сауығуына септігін тигізіп жүргендер де аз емес. «Өз мамандығының шебері» атанған медбикелер — Әлия Есалина, Рая Есжанова, Мәриям Жұқатаева, Күләш Уақбаева, Күлән Күсебаева, Сағира Нарықова, Ақнап Досалиналар қашан да ұжымның ұйытқысы, жас мамандарға жетекші болып келеді.
Медбикелерді, төл мерекелерімен құттықтай отырып, денсаулықты нығайту саласындағы еңбектері еленіп, әрдайым ел ризашылығына бөлене берсін демекпін.
Молдағазы АЛАКӨЗОВ,
Шалқар қаласы.
Қазына
Бүгінде ауылдықтардың алғысына бөленген фельдшер Қазына Достиева еңбек жолын Ақтөбе медициналық училищесін бітірген жылы Ырғыз өңірінде бастады.
Кейін жолдасы, жылқышы Қараш Жұбаназаровтың жұмысына байланысты мамандығынан бес жылдай қол үзе тұруға тура келеді. Отағасының ата кәсібіне құрметпен қарап, 1995-2000 жылдар аралығында жылқы баққан жұбайымен бірге қыс қыстауға, жаз жайлауға көшті. Жарасымды отбасының ортақ шешімдері зая кетпей, отағасы Қараш Жұбаназаров 1997 жылы «Ауданның үздік жылқышысы» атанды. Ал 2000 жылдан бастап қайтадан Белшер ауылы тұрғындарының денсаулығына арашашы болып, қыстың қытымыр боранды күндерінде де тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін селолық округ орталығына ат шанамен қатынап жүріп те қызметін қалтқысыз атқарған Қазынаға ауыл халқы да разы.
— Біз Қазынаның жұмысына әрдайым ризамыз. Ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайларын ескеріп, ең бір қиын науқас түрі болмаса, ауруларды да көп жағдайда аудан орталығына жібере бермейді. Өйткені жасаған емі оң нәтиже беріп жатады. Сондай-ақ, орталыққа барғанда да бірнеше дәрігердің қабылдауында болып, көп әуре сарсаңға түспейміз. Себебі, ауылдан Қазынаның қойған диагнозы дөп келіп жатады, — дейді ауыл тұрғыны Балымкүл Сегізова.
Көп алғысын арқалаған Қазына Достиқызы өз қызметі жайында былайша ой түйеді:
— Біздің жұмысымыз жауапкершілік пен қырағылықты, шыдамдылықты қажет етеді. Мысалы, қай адам болмасын жаны ауырғанда кірпияз, мазасыз болады. Соның бәріне түсіністікпен қарап, төзімділік танытуың керек. Бүгінде нәтижелі жұмыс жасауға мүмкіндік туды. Бұрын ем алушыларды үйден егетін едім. Әсіресе, көктем, күз мезгілдерінде тұмауға қарсы, мезгілдік егілетіндер көп болады. Қазір ауылдық кітапхананың бір бөлмесін медпункт етіп ашып берді. Толықтай болмағанмен, өте қажетті деген құралдармен жабдықталды. Дегенмен, біздің ауылда халық тығыз орналасқан. Көшіп келушілер болмаса, қоныс аударып жатқандар жоқ. Сондықтан, ауылымыздан өз алдына заманауи жабдықталған медпункт салынса нұр үстіне нұр болар еді. Бұл барлық ауыл халқының тілегі десем де болады, — дейді ол.
Өзінің кәсіби біліктілігімен қоса мейірімділігімен ауылдастарының жанына шипа бола білген, ел-жұртының алғысын арқалаған қарапайым ғана ауыл фельдшері — Қазына Достиева отбасында аяулы жар, ұл-қызына ардақты ана, бір әулеттің ибалы да үлгілі келіні болған ақ халатты абзал жан.
Айнұр ҚЫСТАУБАЕВА,
Ырғыз ауданы.
«ITFA-2011. Туризм. Саяхат. Спорт» (International Travel Fair of Aktobe) – IX Халықаралық туристік көрмесі
Бұл көрме Ақтөбе қаласында дәстүрлі түрде тоғызыншы рет өткізіледі. Ақтөбе облысы – айтарлықтай туристік мүмкіншілігі, қолайлы географиялық жағдайы, Қазақстанда ерекше қорғауға алынған нысандар тізіміне кіретін табиғи ескерткіштері бар, Батыс Қазақстандағы ірі өнеркәсіптік және іскерлік орталықтардың бірі. Аталмыш көрме Туризм және Спорт Министрлігінің іс-шаралар күнтізбесіне еніп, маңызды іс-шаралардың бірі ретінде қарастырылады. Көрме осы жолы да облыстың туристік кластері ретінде ұсынылады. Туристік фирмалар, қонақ үй және мейрамханалық бизнес, көліктік және сақтандыру компаниялары, демалыс базалары, туристік және спорттық құрал-саймандар өткізуші кәсіпорындар, мұражайлар, туризм мамандарын шығарушы оқу орындары Көрме экспоненттері болып табылады. Сонымен қатар, Көрме аясында «Шеберлер ауылы» халық қолөнер шеберлерінің III-ші Республикалық фестивалі өткізіледі. Кәдесый өнімі, қолөнер шеберлерінің бұйымдары қонақжайлылық индустриясының құраушы бөлігі болып табылады. Ақтөбе облысын халықаралық және ішкі туризмінің алаңы ретінде құлақтандыру, өңір алдында тұрған басты мақсаттардың бірі. Сонымен қатар, фестиваль аясында көкейтесті тақырыптар бойынша «дөңгелек үстелдер» мен семинар-кеңестер өткізілетін болады.
Қаланы немесе аймақты таңдаңыз:
Қонақ үй броньдау
Броньдау
Жаңалықтар