Жол көрсеткіш /
Ақтөбе /
Оқиғалар
Оқиғалар
Бақтыбайдың алтыны
Жақында қазақ күресінен Өскемен қаласында өткен Азия чемпионатында ақтөбелік Бақтыбай Қисықов 82 келі салмақта чемпион атанды.
Бұған дейін 75 келі салмақта өнер көрсетіп, Ресейде өткен әлем біріншілігінің жеңімпазы атанған Бақтыбай бұл жолы да боз кілемді бағындыра білді. Ол алдымен қырғыз Шыңғыс Шалабаевты жеңді, сосын Қазақстан құрамасының бірінші нөмірлі балуаны Дархан Жоламановтың жаурынын жер иіскетті. Жартылай финалда ресейлік Берік Дауытовты тізе бүктірді. Ақтық сында ирак Муртадха Камал Махмудпен күш сынасты. Оның да орайын келтірді. Жерлесіміз Ирак елі балуанының аяғын аспаннан келтіріп, Азия чемпионы атанды.
Бұл чемпионатқа әлемнің 12 елінен қазақ күресінің шеберлері қатысты. Биыл Йемен, Ирак елдері де балуандарын үкілеп, жарысқа қосты. Чемпионат қорытындысында Қазақстанның бірінші құрамы 7 алтын медальға қол жеткізіп, командалық бірінші оынды жеңіп алды. 2-3 орындарды Қырғызстан және Сирия командалары иеленді.
Бердібай КЕМАЛ.
Турэкспедиция және тиімді тәжірибе
Ұлы Отан соғысына жеті бірдей батырын, «Даңқ» орденінің толық иегерін берген Қобдаға ат басын тіреген адам Әлия Молдағұлованың кіндігі кесілген Бұлақты, аңыз-әфсанаға толы Абат-Байтақ кесенесінің кереметін, ерліктің мәңгілік өнегесіне айналған баһадүр Қобыландыға арналып салынған мемориалдық кешенді, Көкүйдің Ресейге жалғасқан орманын, Тайбурылдың тұяғы тиген Жиренқопадағы Жиренкөлді, Елек пен Қобданың қосылып аққан тұсындағы тұмса табиғаттың тамашасын көруге құмартады. Өткен аптада Қобда ауданының аумағында облыстық туризм және спорт басқармасы ұйымдастырған оқушылар экспедициясы осының бәрін жастарға көрсету, айтып жеткізу үлкен өнегелі іс болатынын дәлелдеді.
«Менің Отаным — Қазақстан» республикалық туристік экспедициясының екінші кезеңі биыл Қобда ауданынан бастау алыпты. Облыстың 10 ауданынан және Ақтөбе қаласынан келген 108 оқушы Қобда ауданында 4 күн болып, алдын ала ұйымдастырушылар жасаған маршруттар бойынша туристік сапарға шықты, бір түнді далада от жағып, шатыр тігіп өткізді. Туристік экспедицияға негізінен 10-сынып оқушылары және 1-2 курс студенттері таңдап алынды. Әр топтың құрамындағы 9 адамға тек ауданның көрікті орындарын көру ғана емес, тұрғындармен әңгімелесіп, көрген-білгендерін қағазға түсіру міндеттелді, олар жинақтаған материалдары арқылы облыс орталығында дайындалып жатқан өлкетану журналының шығарылуына үлес қосады.
— Республика аумағында оқушылардың туристік экспедицияларын жарыс түрінде ұйымдастыру дәстүрге айналды. Өткен жылы Көкшетауда болған экспедиция жұмыстарына біздің облыстың жеңімпаз оқушылары қатысты. Осы жолы да облыстық додадан жақсы нәтиже көрсеткен оқушылар Астанада болатын республикалық туристік экспедицияға жолдама алады.
Биыл туристік экспедицияны облысымыздағы табиғаты таза, жері тарихи ескерткіштерге бай Қобда ауданынан бастаудың мәні зор. Соңғы жылдары республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қобда ауданында көпшілік қызығатын жұмыстар жасалды. Балалар осы аймақтың тарихын, жағрафиялық орналасуын өз бетінше зерттеп, тұрғындарымен, ауданға тән ерекшеліктермен танысып, көңілдеріне түйгендерін қағазға түсіреді. Бұл ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, балалар мен жастардың туризмін дамыту мақсатында ұйыдастырылып отырған шара. Сондықтан экспедиция нәтижесінде облыста өлкетану ісіне бағытталған журналдың жарық көруіне мүмкіндік туады, — дейді облыстық туризм және спорт басқармасы бастығының орынбасары Жалғас Балғожин.
Қобдалықтар әр ауданнан келген оқушыларға, олардың жетекшілеріне жағдай жасауға тырысты. Жергілікті органдар балалардың қауіпсіздігіне, тамақтан уланып қалмауына, өрт пен су сияқты тілсіз жаудан қатер төнбеуіне, тәртіпке бағынуларына жауап берді. Экспедиция маршруты бойынша ауданның үш бағытына бір мезгілде бару көзделді. Ол үшін аудандық Мәдениет үйінің алаңына жиналған балаларға үш автобус берілді.
Бірінші бағыт — мәдени-танымдық туризм бойынша сапарға шыққан жастар Әлия ауылынан бастап, батырдың туған үйі тұрған Бұлақты көрді. Одан кейін Абат-Байтақ кесенесіне барып, оның жанындағы Ропповка ауылына ат басын тіреді. Бұл бағыт бойынша жолға шыққан жастар аймақтың тарихы мен мәдени жәдігерліктерін көріп білу арқылы республика аумағында туған жер тарихының кеңірек баяндалуына үлес қосады.
Отанымыздың табиғатының экологиялық тазалығын зерделеуді мақсат еткен оқушылар тобы экологиялық-өлкетану туризмі бағыты бойынша 50 шақырымдық сапар Қобда мен Калиновка, одан әрідегі Егіндібұлақ ауылдарына барды. Осы ауылдардың тазалығын, жыл өткен сайын көріктеніп келе жатқан табиғатын, жаңадан салынып жатқан үйлерді, бой көтерген ғимараттарды көрген жастар ауылдар тұрғындарының еңбекқорлығына, қарқыны мықты құрылыс жұмыстарына қызықты.
Ал 120 шақырымға созылған ең алыс сапар, Қобдадан 70 шақырым шыққаннан кейін, жол бойында кездесетін Ақырап ауылынан басталды. Ақырапта болған жас туристер Қызылжар, Жиренқопа, Сөгәлі ауылдарының тұрғындарымен кездесті, тыныс-тіршілігімен таныс болды. Бұл бағытқа сапар шеккен экспедиция мүшелері ұзақ жолға төзімділік танытуға, команда ішінде жұмыс істеуді, экстремалды жағдайда белсенді болып, тапқырлық танытуға үйрену үшін спорттық-сауықтыру туризмін таңдап алғандар еді.
Қобдаға 370 шақырым жол жүрген Байғанин ауданының жастарын Тобық Жармағанбетов атындағы мектептің тарих пәні мұғалімі Балғали Жазықов бастап келді. Облыстағы ең шалғай аудандардың бірі саналатын байғаниндік жастардың білімпаздығы таңдандырды. Олар Байғанин ауданының 80 жылдығында шыққан энциклопедияны ала келіп, оны «Қобда» энциклопедиясымен салыстырып көру арқылы аудандардың кешегісі мен бүгінгісін тануға тырысыпты.
— Байғанин ауданы 1928 жылдан 1940 жылға дейін Табын ауданы аталған. Кейін Нұрпейіс Байғаниннің құрметіне ауданға қазіргі атауы берілген. Қобданың да кеңес өкіметі кезінде Новоалексеевка аталғанын білеміз. Осындай бір ұқсастықтар біздің топтың үш бағытты сапардың мәдени-танымдық туризм бағытын таңдап алуына себеп болды. Қобда туралы бұрын да естігеніміз көп еді, енді, міне, өз көзімізбен көріп, жақсырақ біле түстік. Біздің балалар Әлия батырдың ерлігін, оның туған ауылын кітаптан оқу арқылы білетін еді. Осы сапарға шыққанда Ақтөбеден Қобдаға бастайтын жолдың бойындағы батыр ауылының тұсынан өткенде көруге асықты. Алдымызға қойған мақсатымыз орындалды, балалар жер-су туралы тарихқа бойлайтын жап-жақсы ақпарат алды, айтыла-айтыла аңыздай болған Абат-Байтақ мазарын көргенімізге қуандық. Жүрген жерлерімізде өзіміздің ауданымыз туралы да айта отыруды жөн санап, балаларға тарихымызды таныта түстік, — дейді Б. Жазықов.
Ақтөбе қаласындағы «Жас турист» орталығының атынан сапарға шыққан Әсемгүл Құбашева 6 оқушы екі-екіден бөлініп, топ үш бағытқа да қатысқанын айтты. Оның айтуынша, топта республикалық экспедицияға барып, өткен жылы облысты танытқан Алмас, Анатолий деген оқушылар бар. Болашақ мамандығын таңдап үлгерген білімпаз жасөспірімдер облыс аймағында ұйымдастырылатын туристік экспедицияларға, өлкетануға байланысты жұмыстарға қатыспай қалған емес.
Ауданды аралаған автобустар екі күндік сапардан кейін экспедиция мүшелерін Қобда аудандық Мәдениет үйінде қайтадан кезіктіріп, оқушылар сапардан жиған-тергендерімен бөлісті, әр топтың көшбасшысы алған мәліметтерін айтып жеткізді. Бұл басқосу жастардың алаңда ұйымдастырған би кешіне ұласты.
Айгүл БАЙМЕНОВА.
ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Сейсенбі күні «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Мемлекеттік органдардың биылғы жартыжылдықта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және оның алдын алуға байланысты атқарған жұмыстары сөз болған жиынға облыстық мәслихаттың хатшысы, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Балғали Ордабаев, облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова, департамент, басқарма басшылары һәм қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты. Жиынды қоғамдық кеңестің төрағасы Хайрулла Сүлейменов жүргізіп отырды.
Басқосуда сөз алған ҚР Бас прокуратурасының Ақтөбе облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті басқармасының есепке алу бөлімінің бастығы Құндыз Олжабаеваның айтуынша, жеті айда облыста сыбайлас жемқорлыққа қатысты 59 құқықбұзушылық тіркелген. Оның 43-і сотқа жіберіліпті. Бөлім бастығының мәліметінше, жауапқа тартылғандардың барлығына бірдей жаза қолданылмаған. Яғни көпшілігі ескерту алумен шектелген. Жалпы, тәртіп бұзғандардың елу пайыздан астамы шенеуніктер болса, 11 пайызы — құқық қорғаушылар, 7 пайызы білім беру орындарының қызметкерлері. Заңсыздыққа жол бергендердің арасында ішкі істер, әділет, ауыл шаруашылығы салаларының өкілдері де бар. Мемлекетке 24 миллион теңгеден астам шығын келіп, оның 5 миллионы кері қайтарылған.
Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Асқар Хамзин сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларының қалай жүргізіліп жатқанын сөз етті. Ол «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес», «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңдардың сақталуын қадағалау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылып жатқандығын айтты. Бұл мәселе жөнінде басқармаға сенім телефоны арқылы да хабарласуға болады.
Ал облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Патрис Нокин сандарды «сөйлете» отырып, жақсы баяндама жасады. Жартыжылдықта құқық қорғау қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекетіне байланысты азаматтардан 328 шағым түскен. Соған байланысты тексеру жұмыстары жүргізіліп, 55 қызметкер тәртіптік жазаға тартылған. Жемқорлыққа қатысты жауапқа тартылғандардың сегізінің шынымен де қолы «кір» болып шықты. Аталған мерзімде қылмыс саны 16,7 пайызға көбейіп, оның ішінде ауыр қылмыстардың саны артыпты…
Ведомстволық тексерулер 227 есептік-тіркеу тәртібі бұзылғанын көрсетті. Бұл өткен жылдың жартыжылдығындағы көрсеткіштен біршама көп. Соның ішінде 81 қылмысты жасыру дерегі анықталған.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабырдың айтуынша, басқарма мен барлық денсаулық сақтау нысандарында арнайы комиссия құрылып, жыл бойы атқарылатын жұмыстар бекітілген. Мәселен, Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің медицина орталығында, сондай-ақ Мәртөк, Байғанин, Хромтау аудандарында арнайы жиындар өткізілген. Басқарма мен облыстың емдеу мекемелеріне жыл басынан бері құзырлы органдар тарапынан 100-ден астам тексеру жұмыстары жүргізіліпті. Тексеру кезінде анықталған кемшіліктер басқарманың медициналық кеңесінің арнайы отырысында талқылынып, жауапқа тартылғандарға тәртіптік жаза қолданылған. Мәселен, мемлекеттік сатып алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы заңдар талаптарының бұзылуына байланысты облыстық қан орталығының директоры қызметінен босатылған. Ал кәсіпорынның ақылы қызметінен түскен қаржыдан заңсыз төленген төлемдер кері қайтарылып, келтірілген шығын толық өтелген.
Сондай-ақ биылғы алты айда азаматтардан 60 шағым түскен. Оның ішінде медициналық қызмет сапасына қатысты 22 арыз болса, медициналық этика, деонтология мәселері бойынша — 19, ал 6 шағым негізсіз деп саналған.
Бұдан кейін салық басқармасы бастығының орынбасары Ербұлан Жаңбыршин сөз алып, атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Жиын барысында баяндамашыларға ұсыныстар мен ескертулер де айтылды. Мысалы, қоғамдық кеңес мүшесі Келдібай Еспағамбетовтің Құндыз Олжабаеваға қаратып айтқан мемлекеттік тілде ақпарат беру туралы сыны өзге де басшыларға «Қызым, саған айтам, келінім сен де тыңда» дегендей болды..
Жиынды қорытындылаған Балғали Ордабаев қоғамның дерті — жемқорлықпен күресте «Нұр Отан» партиясының иығына түсетін жауапкершіліктің ауыр екенін тағы бір мәрте ескертті.
Жиын соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мақсатында қаулы қабылданды. Алдағы уақытта жұмыс осы құжат негізінде жалғасын таппақ.
Кәмшат ҚОПАЕВА.
ӨРЕСКЕЛ ЕКІ ҚАТЕЛІК
Жолымызды кесті
Чемпиондар лигасының үшінші кезеңінің қарымта матчында «Ақтөбе» командасы Тель-Авивте жергілікті «Хапоэльмен» кездесті. Мұның алдында Ақтөбеде 1:0 есебімен жеңіске жеткен жерлестерімізге тең ойын немесе кемінде бір доп айырмашылығымен ғана жеңілу керек еді. Өкінішке қарай, 1:3 есебімен тізе бүгіп, ебірейлерге екінші рет есе жібердік. Олай дейтініміз, өткен жылы да жеребе Израильдің «Маккаби» командасымен жолықтырып, екі ойынның қорытындысында оларға жол берген болатынбыз.
Сондықтан ақтөбеліктер «не бүк, не шік» шығуға тырысты. Дегенмен алаң иелері «шаңыраққа қара» дегендей, ойынның алғашқы минутында-ақ шабуылға шықты. Оң қанаттан желдей ескен Омри Кенди Сидельниковпен жекпе-жекке шығуға мүмкіндік алды. Бірақ біздің Андрей ерледі. Дер кезінде алдынан жүгіріп шығып, Омридің тепкен добын жанталаса қайтарды. Іле-шала ақтөбеліктер жауапты қарсы шабуылға шықты. Сол қанаттан айып алаңына жақындаған Иван Перичті қорғаушылар жібермеді.
Алғашқы минуттар осылайша алма-кезек шабуылмен өтіп жатты. Жерлестеріміз ештеңеден қысылар емес, Ақтөбеде жүргендей. «Тіфә, тіфә!» деп қоямыз.
Марат Хайруллин, Иван Перич, Евгений Аверченконың жақсы шабуылы нәтиже бере қоймады. Әттең, әттең.
Алайда израильдіктер қарап қалмады. Алма-кезек шабуылдың бірінде, дәлірек айтқанда, 16-минутта Еран Зайтхави жерлестеріне қуаныш сыйлады. Бұл жерде оң қанаттан берілген пасқа біздің қорғаушылар кедергі жасай алмады, өкінішті-ақ. Есеп 1:0.
Гол жіберіп алған біздің ойыншылар жанталаса алға ұмтылды. Шабуыл өті негізінен оң қапталдан Тити Эссомба арқылы жүрді. Алаң иелерінің ойыншысы Гал Шиш амалсыз Эссомбаны құлатып, «сары қағаз» алды. Ақтөбеліктер қарап қалмай, жауап гол соғар деп үміттеніп отырғанымызда Марат Хайруллин аяғының астындағы допты қарсыластарға беріп қойды. Мұндай сәтті ұтымды пайдаланған Бен Шахарға есепті ұлғайту ғана қалды. Сидельников жанұшыра жүгірді, алдынан шықты, енді не істейді. Ал Бен Шахар Андрейді алдап өтіп, бос қақпаға допты тастай салды. Жанкүйерлер Блумфилд стадионын теңселтіп жіберді.
Бұдан кейін біздің қорғаушылар жиі қателесті. «Хапоэльдің» кезекті бір шабуылында сенім артып жүрген қорғаушы Халифа Ба келген допты қайтармақ болды ма, әлде қақпашыға қарай тастағысы келді ме тепкен добы зымырап артқа қарай ұшты. Алға шығып кеткен Андрей Сидельников допқа қарай жүгірді, жете алмады. Доп қақпаға еніп кетті. Осылайша есеп 3:0-ге жетті.
Бұдан кейін қонақтар күшке мінді. 44-минутта Вермут Гил қауіп төндірді. Алдынан жүгіріп шыққан Сидельников қауіпті доптың бағытын біліп қағып алды. Бір сәт ойыншылардың жүйкесі сыр бере бастады. Вадир Валид иен Халифа Ба керісемін деп жүріп екеуі де «сары қағаз» алды. Дегенмен жерлестеріміздің салы суға кете қоймады. Дүркін-дүркін шабуыл ұйымдастырды. Марат Хайруллин мен Тити Эссомбаның алаң иелерін қобалжытқан шабуылы сәтсіз болды. Осылайша ойынның алғашқы жартысы 3:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды.
Кездесудің екінші жартысы. Алаңға Евгений Аверченконың орнына Мұрат Тілешев шықты. Енді екі шабуылшы – Иван Перич пен Мұрат Тілешевке үміт арттық. Бізге екі гол керек. Хайруллинннің көмегімен Мұрат оң қанаттан әдемі-ақ шықты. Алайда Мұраттың соққысы сәтті болмады. Эмиль Кенжесариев сол қанаттан тым жақсы шығарды. Тағы да сәтсіздік. Тағы да шабуыл, бұл жолы Перичке қолайлы жағдай болмады. Ауттан Мұраттың берген добын Хайруллин қақпаға бағыттап еді, қиыс кетті. Жалпы, екінші кезеңде жігіттеріміз барын салды. Қорғаныста жүрген Петр Бадлоға тәртіп бұзғаны үшін «сары қағаз» көрсетілді. Бас бапкер Владимир Муханов Никита Хохловтың орнына Антон Чичулинді шығарды. Қалайда жауапты екі гол соғу міндеті қойылғаны айтпаса да түсінікті. Бірінші таймдағы өрескел екі қателіктің орнына жауапты екі гол соғыла ма? Осы ойымызды сезгендей Эмиль Кенжесариев допты алға асырумен болды. Марат Хайруллинге допты дәл тастады. Гол күткен көңіліміз басылып, дүр сілкініп орнымызға қайта отырдық. Сексен жетінші минутта сол қанаттан Марат Хайруллин тамаша пас асырды. Тілешев еңкейіп барып баспен ұрды. Қақпашы қағып алды, Бізге де қуанышты сәт туды. Сексен тоғызыншы минутта бұрыштан Хайруллин берген допты мерген Мұрат Тілешев қақпадан бір-ақ шығарды. Қуанышымызда шек жоқ. Енді бір гол керек. Стадион ығы-жығы, у-шу, Шабуыл үдей түсті. Іле-шала Марат өзі соқты, болмады. Өкінішке қарай, төреші қосқан екі минут та жәрдем бермеді. Өкінішті-ақ. Осылайша 1:3 есебімен жеңіліс таптық. Әттең, өрескел екі қателік чемпиондар лигасының кезекті кезеңінен бізді тыс қалдырды.
Ойын соңында болған баспасөз конференциясында бас бапкер Владимир Муханов қарсыластардың жақсы ойнағанын, бірақ бұған қарап біздің футболшыларды нашар ойнады деп айтуға болмайтынын айта келіп, Халифа Баның өрескел қателігін атап өтті. Енді рейтингімізге қарай Еуропа лигасына қосылуға үміттенеміз.
Бердібай КЕМАЛ,
Тель-Авив, Израйльден.
Алыстан соғылған екі гол ақтөбеліктерге жеңіс әкелді
Жексенбіде футболдан Қазақстан чемпионатының XXI турында «Ақтөбе» командасы «Таразды» қабылдады. Чемпиондар лигасы мен Премьер лига ойындарының қат-қабат келгеніне қарамастан жерлестеріміз шаршағандықтарын білдірмеді.
Ойын алдында жанкүйерлер бірсыпыра футболшыларымызға демалыс беріліп, запаста отырғандар шығып қалар деп ойлаған болатын. Себебі «Ақтөбе» Грузиядан келісімен Павлодарда «Ертіспен» кездесті. Араға санаулы күн ғана салып, Израильдың «Хапоэлін» жеңді. Жеңіске қол жеткізу ауыр болды, көп күш жұмсауға тура келді.
Бірақ ойын басталысымен ақтөбеліктер шабуылға шықты. Кездесудің алғашқы минутында-ақ Марат Хайруллин оң қанаттан допты әдемі асырып еді, Иван Перич сәл ғана жете алмай қалды. Қонақтар іле-шала жедел қарсы шабуыл ұйымдастырды. Тараздық Олег Недашковскийдің алыстан ұрған добы Андрей Сидельников қорғаған қақпаның маңдайшасынан қайтты. Қорқыныштан демдері шықпай қалған жанкүйерлер «Уф» деп орындарына отырысты. Қонақтардың легионері Уром Милосавлевичтің баспен бағыттаған добы да қауіп төндірді. Міне, осындай жағдайға шыдай алмады білем, біздің капитан Самат Смақов доппен жұлқына шығып, қарсыластар алаңын бетке алды. Қақпаға 20-25 метрдей қалғанда шірене тепті. Қарсыластар ойыншыларының аяқтарының арасынан зулай өткен доп қақпаның оң жақ төменгі бұрышынан бір-ақ шықты. Мұны күтпеген қақпашы Мұрат Мұқашев дәрменсіз қалды. Гол! Есеп — 1:0. Бұл ойынның 12-минуты еді.
Бұдан кейін де жерлестеріміз қарсыластар алаңынан шықпады. Бұл ойында Андрей Карпович қақпаны алыстан көздеумен болды. Оның бір соққысы маңдайшадан қайтты, енді бірін қақпашы әрең қайтарды. Тити Эссомба қонақтардың ойыншыларын өзіне ілестірмей, шыр айналдырды. Бірінші тайм аяқталуға үш-төрт минут қалғанда Эмиль Кенжесариев мергендік танытты. Эмильдің алыстан ұрған добы қақпада тулап жатты.
Соғылған екі голды місе тұтты ма, әлде күшті кейінге қалдырайық деді ме, біздің ойыншылар ойынның екінші жартысында допқа алаңның ортасында ғана иелік етумен жүрді. Алаң иелерінің осындай саябырсыған шағын қонақтар қапы жібермеді. Алик Хайдадов қақпа маңына көтере пас асырды. Олег Недашковский көлбеңдеп келген допты баспен қақпаға ытқытты. Оған ешкім кедергі болмады. Сидельников орнынан қозғалмастан қалды.
Бұдан кейін ақтөбеліктер бірнеше мәрте қарсыластар қақпасын торуылдаумен болды. Бірақ есеп өзгермеді — 2:1.
Бүгін сүйікті командамыз Тель-Авивте «Хапоэльмен» қарымта кездесу өткізеді. Арнайы Израильге аттанған тілшіміздің репортажын газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар. Әзірге ақтөбелік футболшыларға тек жеңіс тілейік!
Бердібай КЕМАЛ.
Қаланы немесе аймақты таңдаңыз:
Қонақ үй броньдау
Броньдау
Жаңалықтар