Жол көрсеткіш /
Ақтөбе /
Оқиғалар
Оқиғалар
«Өз ағашыңды отырғыз!»
Бұл күні қала мектептерінің оқушылары, басқа да кәсіпорын ұжымдары, сондай-ақ Ақтөбедегі барлық бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері көшет отырғызды. Атап айтсақ, ізгілікті шараға республикалық «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің тілшілері, облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің, жергілікті «Қазақстан-Ақтөбе», «Рика» телеарналарының ұжымдары түгел қатысты. Тіпті, кейбірі балаларын да ертіп келді. Мәселен, «Астана» телеарнасының меншікті тілшісі Маралбек Сағынғанов отбасымен бірге келіп, ұлы Жігер екеуі екі түп тал екті.
Бір жас қайыңды осы жолдардың авторы да отырғызды. Журналистер қолымен егілген жас көшеттер — осы саябақтағы ақ қайыңдар қатарын толықтырып тұр. Жас қайыңдар бір-екі жылда көтеріліп, көктеп, журналистер аллеясына айналады.
Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Анар Даржанова қатысқан ұжымдарға сертификат тапсырды.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.
«Ата жырда аруағы бар қазақтың…»
Даңғайыр жырау Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдығына арналған екінші республикалық жыршы-жыраулар сайысын жүргізу үшін арнайы Алматыдан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қырғызстанның А.Малдыбаев атындағы Халықаралық сыйлығының лауреаты, жазушы, белгілі айтыс ақыны, жыршы, манасшы Баянғали Әлімжанов келді. Екі күнге созылған шараны әдемі жүргізіп, шырайын кіргізген, арасында өзі де «Манастан» үзінді жырлап халық ықыласына бөленген Баянғалимен бірер ауыз тілдесудің сәті түсіп еді.
— Ал Ақтөбеге қош келіпсіз. Нұрпейіс атамыздың тойына орайластырылған жыршы-жыраулар сайысының тізгінін өзіңіз ұстадыңыз, не түйдіңіз?
— Жыршы-жыраулардың сайысы деген бір тамаша думан ғой, Нұрпейіс атамыздың тойына арнайы шақырған адамдарға рахмет. Бұрын-соңды Ақтөбеде болып жүрмін. 1989 жылдары айтысқа келдім, одан Тама Есет Көкіұлының, Есет Көтібарұлының тойларына қатыстым. Қобыландының тойында келдім. «Ақынға қара сөзден өлең оңай» демекші, әңгімемді осы той барысында ойыма оралған жыр жолдарымен бастағым келіп отыр:
Нұрпейіс атын
Естігем бала күнімнен,
Жырларын оқып,
Жаттаушы ем таза көңілмен,
Суреті оттай басылушы еді көзіме.
Жүзінен нұры,
Жүректен жыры төгілген.
Даланы кезген сақалы желмен желбіреп,
Аңыздардағы абыз аталардай көрінген.
Мәңгіге кеткен
Батырын мұңға мұнартып,
Мыңдаған жылдан
Аманат жырдан жүк артып,
Балбал тастарды шыққандай жарып қоңыр үн
Қазақтың сөзін
Ғасырға келер ұзартып.
Дүние, ғалам
Жайында кеткен ойға көп,
Жыраудың жыры
Жерге де, көкке, ойға дөп.
Жынданып жатқан
Жан-жаққа кейде қараймын
Нұрпейіс атадай
Нұрпейіл жандар қайда деп?!
Нұрпейісті көрген қазақтың атақты ақын-жазушылары Сәбит Мұқанов,Әбділдә Тәжібаев, Дихан Әбілев, Қуандық Шаңғытбаев жырау жайында керемет естеліктер қалдырған. Жалпы көрсе көз тойғандай сымбатты, мәдениетті кісі болған ғой. Өзінің «Нарқызы» мен «Ақкенжеден» басқа қаншама жырларды жырлаған ұлы жырау. Біз бала күнімізде мектептен атын біліп, «Ер туралы жырын» жаттап өстік. Енді осындай халық ақынының мерейтойында жыршы-жыраулардың республикамыздың түкпір-түкпірінен келіп бас қосуы бір ғанибет болды. Сайысқа қатысушылардың жасына шек қойылған жоқ, соның өзі шараның сәнін кіргізді. Сонау Семейден келген қарт жырау, кәнігі жыршы Нығметжанов Дүйсенғазыдан бастап он үш-он төрт жастағы жас талап жыршылардың келуінің өзінде өнегелік мәні бар. Жыршылар жасы ұлғайған сайын кемеліне келіп, жыр қорларын молайта береді, орындау шеберліктері жетіле түседі. Кейінгі толқын үшін мұның маңызы зор. Көзімен көріп, құлағымен естіп, талай нәрсені көңілдеріне түйіп қайтады.
Осы сайыстан байқағаным – жыршы-жырауларды тыңдайтын халық бар екен. Соған қуандым. Өйткені жырды екінің бірі түсіне бермейді. Бұл да дәстүрдің үзілмегендігінің көрінісі. Сайысқа қатысқан жастардың сөзді түсініп айтуы, әуен таңдай білуі, домбыра тартыстары жақсы, бұлардың қай-қайсысы да осал емес, республикалық сайыстарға бұрыннан түсіп жүргендер.
Облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлы тойда жүлдеге екі автокөлік қосты, бұл да Нұрпейіс атамызға деген, осы бір киелі өнерге деген құрмет деп білемін.
«Жыраулық өнер неге керек?» деп те ойлайтындар бар. Интернет бар, басқа да дүниелер олардың орынын ауыстырып жатыр дейміз ғой. Бірақ ғасырдан ғасырға жеткен жыраулық өнердің орны бөлек екенін естен шығармауымыз керек. Бұл — атадан балаға мирас болып қалған өміршең өнер. Жырлардың энергетикалық қуаты мықты. Нұрпейіс, Мұрын жыраулар жырлаған тарихи жырлар ұрпаққа аманат, оларды ілгері жеткізу – біздің міндетіміз. Жасымыздан өлең-жырға құмартып өстік. Бала күнімізде әкем Тақан «Қазақ эпосы» деген кітаптағы 7 жырды мәнерлеп оқып отырады. «Алпамысты зынданнан қашан шығарасың?» деп жылайтынмын. Осы батырлар туралы жырлар бойымызға қуат беріп, жігерімізді жаныды. Қазір жыраулық өнер сияқты ата мұрамызды насихаттайтын мемлекеттік бағдарлама жоқ. Әлемде жыраулық өнерді зерттеп-зерделеуге деген құлшыныс сезіледі. Француздардың ең соңғы жыршысы бұдан бір жарым ғасыр бұрын дүниеден өтіпті. Өркениетті ел болса да, ұлттық мұрасынан қол үзіп қалып отыр. Ал Еуропа елдерінде жыраулық дәстүр мүлде жоқ. Сондықтан біз осы жыраулық өнердің өркендеуіне үлес қосуымыз керек, қолда барды қадірлеп, одан айырылып қалмауымыз керек.
— Баянғали, сізді айтыс ақыны әрі манасшы ретінде халық жақсы біледі. Бұрынғы-соңғы айтыстар хақында өз көзқарасыңызды білдірсеңіз. Қазір айтысқа қатысып жүрсіз бе?
— Бұл бір ұзағынан толғайтын әңгіменің тақырыбы. Талай жерде айтып та жүрмін. Атүсті айтылатын нәрсе емес, кейін бір реті келгенде айтармын.
Айтыс туралы қысқаша айтсам, оны елуге келгеннен кейін қойдым. Бас-аяғы 216 рет айтысқа қатысқан екенмін. «Алаш және «Манас» деген кітап шығарып, соның ішіне 40 айтысымды енгіздім. Олардың арасында Ақтөбеде өткен айтыстардан да бар. Осы жылы «Аңыз бен аспан» деген кітабым жарық көрді.
Қазір немен айналысып жүргенімді айтсам, өзімнің шағын киностудиям бар, кино түсіріп жүрмін. «Ән мен анаша» деген қысқа метражды фильмді бұрынырақта түсіргенмін. Жақында «Аран» атты фильмімді аяқтадым. Жемқорлық туралы осы фильмімнің су жаңа дискісін Ақтөбеге алып келдім. Драматургияда да өзімді сынап көрген адаммын, бұл фильмнің сценарийін де өзім жаздым, режиссер ретінде өзім түсірдім, әрі рольге де өзім түстім. Фильмнің қаншалықты дәрежеде шыққанына баға беретін көрермен, сондықтан қалған әңгімені солардың еншісіне қалдырдық.
— Айтыс ақыны, жыршы Баянғалидың кино түсіргенінен хабарымыз жоқ еді, мұныңыз қызық жаңалық екен. Ақан Сатаевтың «Ағайынды» фильмінде ойнаған үш ағайынды жігіттің бірі, Кука роліндегі Нұрлан Әлімжановтың сіздің ұлыңыз екенін білеміз. Бүгінде көркем келбетімен, өнерімен көрермендердің көзайымына айналған киноактер, сазгер балаңыз туралы бір-екі ауыз айтсаңыз.
— «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген қағиданы ұстанамыз ғой. Баламның өмірдегі, өнердегі қадамдарына қуанамыз, «тәубе» дейміз. Өзі елгезек, еңбекқор, тіл-көзден аман болсын. Жұрт балаңды танып жатса, жақсы көріп жатса, ата-ана үшін одан артық қуаныш бар ма? Алматыда баламмен бірге тұрамыз, немерелеріміз бар, шүкір. Жастайынан халықтық өнерге сусындап өскен Нұрлан екеуміз шығармашылық адамдары ретінде бір-бірімізді түсінеміз, біріміз әнін, біріміз сөзін жазып жүрміз. Қыздарымның кішісі Ақкенжем де өнер саласында, актриса, «Хабарда» телебағдарлама жүргізеді.
Ал менің кино саласындағы жұмыстарыма таңданатын ештеңесі жоқ. Бір кездері «Қазақфильмде» жұмыс істегенмін. Ұлттық тақырыптағы бірнеше деректі фильмнің сценарийін жазғанмын. Марат Нәбиев деген кәсіпкер азаматтың көмегімен шағын киностудия ашып алдым. Оған әйгілі Балуан Шолаққа бата берген Паң Нұрмағанбеттің атын бердік. «Ән мен анаша» атты музыкалық комедиядан кейін «Жер шоқтығы – Көкшетау» деген деректі фильм түсірдік. Басқа да дайын сценарийлерім бар. Қазақ ертегілерінің желісі бойынша көркемфильмдер түсірсем деген ойым бар.
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.
Жыр дүлдүлінің тойы
Облыс орталығында басталған қазақтың атақты ақыны, жыршы-жырауы Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдық мерейтойы өткен жұма күні, өзінің туған жері Темір ауданында жалғасты. Екі күнге белгіленген бұл тойға темірліктердің жан-жақты дайындалғанын байқауға болатын еді. Аудан орталығы Шұбарқұдық кенті мерекелік сән-салтанат жағдайына келтірілген. Күрделі жөндеуден өткізіліп, алдындағы алаңға ақынның ескерткіші орнатылған аудандық Мәдениет үйі, кенттің батысында, Ойылға қарай шығар жолдың оң қол жағындағы жазықтыққа қаз-қатар тігілген ақ шаңқан киіз үйлер, «Хан шатыры» түріндегі далалық сахына той қонақтарын қарсы алуға дайын тұрды.Мұнымен бірге ақынның кіндік қаны тамған Сүлікті іргесіндегі Ақсай ауылы да той өткізу қамымен күбініп жатты. Нұрпейіс тек бір ауданның, облыстың емес, исі қазақтың ақыны. Екі заманды көрген атамыз қазіргі Темір, Байғанин аудандарының өңірін кең жайлағаны белгілі. Тек бұл емес, Ақтөбенің барлық аймағы Сүліктінің сүлейіне шет болмаған. Ақынның тойына көрші Байғанин, Мұғалжар, Ойыл, Алға, басқа да аудандардан үлкен делегация келіп, арнайы киіз үй тігуінің, еліміздің Астанасынан, оңтүстігі мен солтүстігінен, батысы мен шығысынан, Арқадан ірі өнер қайраткерлерінің, әдебиетші-ғалымдардың қатысуының осындай реті бар. Оның үстіне мұнда екі күн бойы ақынның мерейтойы құрметіне «Арқалы жырау жырласын» атты екінші республикалық жыршы-жыраулар сайысын өткізу белгіленген болатын. Осы додаға өзіміздің Ақтөбемен бірге, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Қостанай, Алматы, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарынан бұған дейін жүйріктігімен елге танылған жыршы- жыраулар келді. Ақынның асында ат жарыстың барлық түрінен бәйге өтетінін және ірі жүлде белгіленгенін естіген әйгілі атбегілер арнайы автокөліктерге тиеп жүйріктерін жеткізді.
Осындай ұлы салтанат басталар алдында, ертеңгілік Шұбарқұдық кентіне облыс әкімі Елеусін Сағындықов арнайы келіп, аудандық Мәдениет үйінің алдындағы ақын ескерткішіне гүл шоғын қойды, даңқы шартарапқа тараған ақын атамыздың 150 жылдық мерейтойының шымылдығын ашты:
—Әйгілі ақын, жыршы-жырау Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдық мерейтойы облыс көлемінде кеңінен аталып өтті. Енді, міне, Темір ауданының Шұбарқұдық кентінде, өзінің кіндік қаны тамған жерде ақын атамызды еске алып отырмыз. Осы қуанышты күн бәріңізге құтты болсын!
Нұрпейіс Байғаниннің шығармаларымен, өмірбаянымен бала күннен, мектепте оқып жүрген кезден таныспын. «Нарқыз», «Ақкенже» сынды дастандарымен бірге, ақынның айтуымен баспа көрген «Қобыланды», «Қарасай-Қази» жырларын жаттап өстім. 1999 жылы біздің қаламызда, «Нұрдәулет» мешітінің жанында ескерткіш орнатылды. Ол уақытта қаланың әкімі едім. Ескерткішке ақынның бір шумақ өлеңін жазып қоюға, ұсыныс білдірген едім.
Облыс басшысы ақын атамыздың әр кезеңде өткен мерейтойларының қалай аталып өткенін жақсы білетінін айта келіп, тойдың бұл жолы тіпті ерекше, табысты өтетініне сенім білдірді. Сол жерде «Арқалы жырау жырласын» атты екінші республикалық жыршы-жыраулар сайысының жеңімпаздарының бас бәйгесіне екі жеңіл автокөлік бөлді. Аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің бұл шараға 1 млн. теңге ғана қарастыруға шамасы жеткен еді.
Экономикадағы өрлеудің көріністері
Мұнан кейін Елеусін Наурызбайұлы елдің дамуында, экономиканың өрлеуінде даңқты жерлес ақынымыздың мұралары арасында рухани байланыс барлығын айта келіп, облыстың, ауданның қол жеткен табыстарына тоқталды. Жаңа дәуірде елдің ертеңіне ие болатын жастарға бағытталған облыс көлеміндегі қамқорлықтардың, оларды еңбекке баулудағы жұмыстардың маңызын айрықша атап өтті.
Осы жерде ақындар мерейтой иесіне арнаған жыр шашуларын шашты. Тойға ақынның ұрпақтары, ұлы Момын Байғанин, келіні Манар, немере-шөбелері де келіп тұр еді. Той алдында ақынның немересі, Момынның ұлы Ерболат Нұрпейіс атындағы қор құрып, Түркиядан атасының әсем безендірілген «Нарқыз» атты кітабын шығарды. Осы кітапты ақынның ұлы алғыс айтып, облыс әкімі Елеусін Сағындықовқа, аудан әкімі Бауыржан Қаниевке ескерткішке ұсынды. «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» акциясына қатысқан Шұбарқұдық гимназиясының оқушысы Гүлсана Абдуллина сөз алып, мектеп оқушыларын еңбекке тартудағы бұл шаралардың аса тиімді болғанын айта келіп, алда да жалғастырылса деген тілек білдірді. Облыс әкімі бұл ұсынысты мақұлдады. Біздің облыс аталған шараны республикада бірінші болып ұйымдастырды. Мұны Елбасының өзі қолдады. Облыстан 70 мың жас осы шара бойынша еңбекке тартылды. Шара тиянақталып, айрықша көзге түскендерге 64 автокөлік, 2 мың «Ноутбук», 2 мың жолдама берілді.
Экономиканың дамуы жөнінен облыстың еліміз бойынша бірінші орында екенін таяудағы сапары кезінде Елбасы да айтқан болатын. Мұның көрінісін Темір ауданынан, оның орталығынан да аңғаруға болатын еді. Облыс әкімі «Жол картасы» бағдарламасы бойынша өткен жылы күрделі жөнделген, Нұрпейіс атамызға арналған той салтанаты өткелі тұрған Нұрпейіс Байғанин атындағы аудандық Мәдениет үйін көрді. Қомақты қаржыға күрделі жөнделген бұл екі қабатты мәдениет ошағында аудандық мұражай, орталық кітапхана, теннис корты орналасқан.
Облыстың басшысы ауданның орталығындағы бірқатар жаңа нысандар мен әлеуметтік- мәдени орындарды аралап, көрді. Олардың жұмысына, бүгінгі тыныс-тіршілігіне ықылас қойды, қызмет атқаратын адамдардың мұң-мұқтажын тыңдады, ұсыныс-пікірлерін білді.
Оның ішінде «Қарлығаш» балабақшасы осы жылы типтік үлгіде салынған болатын. Құрылысқа 30 млн теңге бюджеттен, 17 млн. теңге демеушілік көмек арқылы түскен қаржыдан жұмсалды. Балабақша 75 балаға арналған, үш топта тәрбиелейді. Балабақша әсем жиһаздар, спорттық құрал-жабдықтар, түрлі ойыншықтар алған. Осы заманға сай керекті техникалық құралдар, теледидар, музыкалық орталық, компьютер, бәрі бар. Асхана, медициналық, психолог кабинеттері қарастырылған. Ауласында ойын алаңы бар.
Шұбарқұдық кентінде осыдан 8 жыл бұрын Отбасылық балалар үйі ашылғанын көпшілік жақсы біледі. Ол 10 балаға арналған еді. Қазіргі уақытта олардың ішінен 5 бала өз ата-анасының қамқорлығына қайтарылған. Ал 3 бала тәрбиеленіп шығып, өмірден өз орындарын тапқан. Олардың арасында отбасын құрғандары, жоғарғы, арнаулы орта оқу орындарында оқып жатқандары да бар. Мәселен, Елена Шихорина өткен жылы 11-сыныпты аяқтап, қазіргі уақытта аудан әкімдігінің қолдауымен, ақылы бөлімде Ақтөбе гуманитарлық колледжінде білім алуда. Облыс әкімі осы студентке арнайы сыйлық берді. Бұл күні қазіргі таңда балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 6 тәрбиеленуші облыс басшысының қолынан сыйлық алды.
Осында тәрбиеленушілермен кездесу кезінде облыс әкімі «Еуразияда» біздің облыстан оқитын балаларға 200 грант бөлінгенін хабарлап, егер жағдайы қиын балалар болса, барлық шаралар қарастырылатынын айтты. Әр баланың жеке-жеке жағдайларын сұрады. «Әлия жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ғимаратына орналасқан «Дүние» гуманитарлық-техникалық колледжінің Темір аудандық оқу консультациялық орталығында, Темір аудандық психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінде, бокс үйірмесінде болған кезде де оқу- тәрбие жұмысына ықылас қойды. Шұбарқұдық гимназиясындағы кездесу де жылы жүзді өтті. Мұнда ауданның барлық аймақтарынан 272 бала оқиды. Оқу орынының басшысы Дидар Айтбайқызының мәлімдегеніндей, гимназия 2001-2009 жылдары аудандық олимпиада қортындысы бойынша «Жетекші мектеп», 2004 жылы халықаралық «Әдемі мектеп» байқауының екінші орын жүлдегері, 2005 жылы облыстың ең үздік мектебі байқауының жеңімпазы, 2009, 2010 жылдары «Облыстың үздік инновациялық мектебі» атағын иеленді. Мұнда ұлттық өнердің түр-түрі дамыған. Осы бағытта түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Ағашқа өрнектеген мектеп оқушысының өнер туындысы осы кездесуде облыс әкіміне ескерткіш ретінде ұсынылды.
Қопа ауылында облыс әкімі ауылдық клуб үйін ашты. Бұл жаңа ғимарат 150 орындық. Айналасы қоршалып, көгалдандырылған. Облыстық мәдениет басқармасының демеушілігі арқылы орындықтар алынды. Материалдық техникалық базасын нығайтуға аудандық бюджеттен 540,0 мың теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржыға клубқа саз аспаптары, құрал-жабдықтары, керекті жиһаздар алынады. Таяуда осы ғимарат ішінен кітапхана ашу жоспарланып отыр. Оған аудандық орталықтандырылған кітапхана бөлімінен жиһаздар мен компьютер бөлінді.
Бұл жерлердің өткен тарихы облыс әкіміне бұрынан аян. Осында кездесу кезінде әңгімелегеніндей, оқу орнында оқып жүрген кезінде тап осы ауылда тәжірибеден өткен. Комбайн жүргізіп, еңбек еткен. Өзі оқыған оқу орны мен ауылдың арасындағы 6 шақырымды талай жүгіріп өткенін еске алды. Ол кездегі өмір мен қазіргі жағдай жер мен көктей еді. Ауылға газ жеткізілді. Клуб үйі сынды тәуір құрылыстар салынды. Ауыз су үшін құбыр тарту сияқты, ұсақ-түйек мәселелер де шешіледі деді облыс әкімі. Бұл жердегі тұрғындар өздеріне облыс әкімі тарапынан жасалған қамқорлыққа дән риза. Соның көрнісі болу керек, осы жерде ауыл ақсақалдары облыс әкіміне шапан жауып, ат мінгізді. Бұған Елеусін Наурызбайұлы ризашылығын білдіріп, сол бойда шапанды ауылдың үлкен ақсақалына, атты ауылдың әкіміне «аз қамтылған отбасына берерсің», — деп тапсырды.
Облыс әкімі аралап көрген игілікті істер — топырағына өнер дамыған, Нұрпейіс сынды атақтылар шыққан Темір ауданының бүгінгі еңбек майданында, мәдениет пен экономиканың дамуында да биік екенін дәлелдегендей болды.
Жыршы-жыраулар сайысы
Мерейтой иесінің қаншалықты заңғар екеніне тойдың бірінші күні аудандық Мәдениет үйінде, екінші күні кенттің сыртындағы дала сахнасында жалғасқан екінші республикалық жыршы-жыраулар сайысында тағы бір көзіміз жетті. Республиканың барлық өңірінен келген 15 жырау Нұрпейіс ақынның жыраулық мұрасын ақтара жырлады. Бұл додаға қатысқандардың үлкені жетпістің үстіндегі ақсақал болса, ең кішісі он екі жастағы бала болды. Жүйріктер әрқайсысы жарты сағаттан ақын шығарған немесе жырлаған жырлардан үзінділер орындады. Бұл жерде олардың жырды меңгеруі ғана емес, орындау шеберліктері де сынға түсті. Қазылар алқасы да ығай мен сығай еді. Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің дәстүрлі өнер кафедрасының меңгерушісі, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Алтын адам» қоғамдық қорының мүшесі Балтабай Ыбыраев, «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілі шектеулі серіктестігінің директоры, белгілі ақын Мейірхан Ақдәулетұлы, облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау инспекциясының директоры Бекарыстан Мырзабаев, белгілі айтыс ақыны Нұрлыбек Қалауов. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинова, аудан әкімі Бауыржан Қаниев те осы қазылар алқасының құрамына енді. Жыршы-жыраулар сайысын белгілі ақын, республикалық айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, Қырғызстанның А. Малдыбаев атындағы халықаралық сыйлығының лауреаты Баянғали Әлімжанов жүргізді. Өзі де «Манас» жырынан үзінді орындап, көрермендерді тәнті етті.
Осылай басталған жыршы-жыраулар додасы екінші күні мәреге жетті. Ақтөбелік Демеубай Жолымбетовке, Қызылорда облысынан келген Күнсұлу Түрікпеноваға бас бәйге беріліп, екі жеңіл көлікті иемденді. Бірінші орын Семей облысының жыршысы Дүйсенғазы Нығметжановқа беріліп, ақшалай сыйлық тапсырылды. Маңғыстау облысының жырауы Аманбек Сәуірбаев екінші орын алды. Үшінші орын ақтөбелік Жетес Жәмеков пен Батыс Қазақстаннан қатысқан Сұңғат Жанаевқа бұйырды. Ең жас қатысушы, 12 жасар Ақкенже Құлымоваға және алматылық Жеңіс Елемесовке ең жас жыршы, ақтөбелік Өмірхан Жетесовке «Үкілі үміт» сыйлығы тапсырылды.
Қостанайдың қара аты қара үзіп келді
Мерейтойдың екінші күні ауыл сыртындағы арнай дайындалған алаңда ат жарыс өтті. Аламан бәйге, құнан жарыс, тоқ бәйге, тай жарысқа қатысып , озып келген сәйгілік иелеріне жүлделері таратылды. Аламан бәйгеге тігілген жеңіл автокөлікті бірінші боп келген Қостанайдың қара аты алды. Осымен бір мезетте спорт жарыстары да қызды. Мұнда ауданның өзінен 16-ы және Байғанин, Ойыл, Мұғалжар, Алға аудандарынан, барлығы 20 киіз үй тігілген еді. Осы үйлерде қонақтарға және Шұбарқұдық кентінен тойға қатысқандарға ас берілді. Ақтөбеден және аудандардан барған өнерпаздар, жергілікті көркемөнерпаздар қауымы екі күн бойы өз өнерлерін көрсетті.
Нұрпейіс Байғанин тойы Ақсай ауылында қатар жүрді. Мұнда ақынның ұрпақтары көп тұрады. Ауылдағы ақын ескерткіші ең қастерлі орынның бірінен саналады. Той күні осы ескерткішке гүл шоғы қойылды. Оған ақынның ұлы Момын мен келіні Манар, немерелері, шөберелері қатысты. Осы салтанат ауылдың мәдениет үйінде жалғасты. Кездесу кезінде ақсайлықтар ақынның ұлына шапан жауып құрымет көрсетті. Белгілі домбырашы Момын Байғанин жерлестеріне әкесі туралы естеліктер айтып, күй тартып, әкесінің және өзінің күйлерін орындап берді. Нұрпейіс ауылының ақсақалдары батасын берді.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.
Ақын бабаға тағзым
Нұрпейіс бабаның тастан қойылған еңселі ескерткіші бұл жерде ерекше адам жатқанын білдірткендей. Момын аға әке бейіті басында ерекше күйге еніп, толқынысты сәтті бастан кешіріп тұрды. Ол өзінің асыл әкеден сегіз жасында қалғанын, бірақ бала болса да, үлкен өмірге жолдама алып қалғандай күйде екендігін тебірене айтты.
Ұлы ақынның баласы өнер аулынан алыстап кете қойған жоқ. Ол ел-жұртқа ықылас-ынтасын күй тілімен жеткізді, әкенің шығармашылық ғұмырын осылайша жалғастырды.
Нұрпейіс Байғаниннің әдеби хатшыларының бірі журналист Ахмет Ескендіров болғаны белгілі. Оның ақынның аузынан «Қобыланды батыр» жырының 9300 жылдық нұсқасын 1940 жылы латын әрпімен жазып алғаны, содан кейін тасқа басылып, Қазақ КСР ҒА орталық ғылыми кітапханасында сақтауға берілгені де шындық. Міне, осындай еңбек сіңірген хатшы Ахметтің баласы, бүгінде өзі де зейнеткерлік жасқа жеткен Темірболат Ескендіров бұл күні Момын ағамен иықтасып қатар жүрді. Әкесімен аса сыйластықта болған, замана ағыстарының бір белдеулерінде қол ұстасқандай қатар жүрген Нұрпейіс ақын рухына осылайша құрмет көрсету ол үшін ерекше мәртебе болғанын көпшілік айтқызбай-ақ түсінді.
Ақын баба бейіті басында республиканың мәдениет қайраткері Еркін Құрманбек, белгілі айтыс майталманы Баянғали Әлімжанов сөз алып, өнердің ерен тұлғасы, оның кейінге қалдырған тәлімі туралы тағылымдық әңгімелер айтты.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.
Қытай инвесторларымен кездесті
Бұған дейін дейін облыстағы бірқатар ірі кәсіпорындарды аралаған делегация бұл жолы қытай компанияларының өкілдерімен кездесіп, олардың тыныс-тіршілігімен танысты. Жиында сөз алған Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының кәсіподақ төрағасының орынбасары Цзин Цюньшэн облысқа жасаған сапарларының сәтті болғанын, екі күнде кәсіпорындарды аралап, көп жағдаймен танысқанын айтты. Бұндай жүздесулердің екі ел кәсіподақтарының арасындағы байланысты жақындата түсетінін жеткізді. Облыстағы қытай және екі елдің бірлескен компаниялары негізінен мұнай саласында жұмыс істейді. Жиынға қатысқан бірқатар мекемелер осы бағытта атқарып жатқан жұмыстарын сөз етті. Мәселен, «Восток-Нефть» ЖШС-ның өкілі мекемедегі 1000 жұмысшының 900-і жергілікті жердің азаматтары екенін, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына баса назар аударылатынын айтты. Мұнайшылар мерекесіне орай түрлі шаралардың ұйымдастырылатынын жеткізді. Оның ішінде футбол, өзге де спорттық сайыстарға жұмысшылар белсене қатысады екен. Ал «Ұлы қабырға» Қазақстан-Қытай бұрғылау компаниясының кәсіподақ ұйымының төрағасы Бекболат Омаров кәсіподақтың атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.
— Кәсіподақ ұйымының міндеті — кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау. Және өндірісте орын алған түрлі сұрақтарды кәсіподақ арқылы тиімді түрде шешу. Әрине, ірі өндіріс орны болғаннан кейін біздің компанияда да жұмысшылар тарапынан әр түрлі мәселелер туындап жатады. Әсіресе, негізгі сұрақ еңбекақы төңірегінде өрбиді. Осыдан біраз уақыт бұрын мекемеде жалақыға байланысты мәселе көтерілді. Осы кезде кәсіподақ арнайы комиссия құрып, компания басшылығымен келісім жүргізіп, сұрақтарды тиімді түрде шешіп берді. Мәселен, өткен жылы орташа жалақы 100 мың теңге болса, биыл 120 мың теңгеге көтерілді. Ал ең төменгі жалақы былтыр 80 мың теңге болса, биыл 90 мың теңгеге өсті. Қазір компанияда 53 қытай және 2000 өз облысымыздың азаматтары еңбек етеді. Биыл компания жоғары оқу орнын үздік бітірген 50 жас маманды жұмысқа қабылдамақ, — деді.
Сондай-ақ кәсіподақ ұйымының басшысы бұндай кездесулердің маңызы өте зор екенін жеткізді. Мәселен, аймақтағы қытай компанияларында жұмысшылар мен жұмыс берушілер тарапынан түрлі түсініспеушіліктер орын алуы мүмкін. Осы кезде компанияның жоғарғы басшылығына кәсіподақ арқылы мәселені айтып, келеңсіздікті дер уақытында шешуге болады. Әрі, көрші елде кәсіподақ ұйымының жұмысы бізге қарғанда әлдеқайда басқа. Өйткені Қытайда кәсіподақ Үкіметтің бір мүшесі саналады екен.
Жиын барысында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның бас директорының көмекшісі Жұмабек Өтегенов компания 13 жылдан бері облыстың әлеуметтік дамуына ықпал етіп келе жатқанын айтып өтті.
Басқосу соңында облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Түрікпенбай Айжарықов қазіргі күні өңірде жиырмаға жуық мұнай компаниясы жұмыс істейтінін жеткізді. Алайда олардың сегізінде ғана кәсіподақ ұйымы бар екен.
— Мекемеде кәсіподақ болса, жұмысшыны жұмыстан шығарарда кәсіподақтың келісімі керек. Және өзге де жағдайлар орын алған кезде кәсіподақ араласады. Ал өз пайдасын ойлаған мекемелер кәсіподақтың болғанын қаламайтыны белгілі. Сондықтан қазір ұйымға кірмеген мекемелерге ұсыныс жіберудеміз. Сонымен бірге былтыр Жезқазған қаласында Елбасының қатысуымен үлкен жиын өтті. Осы басқосуда ұжымдық келісім-шарт жасау міндеті қойылды.Яғни, ұжымдық келісім-шарт — ұжымды да, жұмыс берушіні де қорғайтын және кепілдік беретін құжат. «Еңбек кодексінде» қаралмаған мәселелер осы шартта қаралады. Мәселен, еңбек ақы, еңбек демалысы, емдеу-сауықтыру, жұмыс тәртібі, жұмыс беруші тарапынан берілетін әлеуметтік көмектер, осының барлығы ұжымдық шартта көрсетіледі. Яғни, жұмыс берушімен кәсіподақтың өзара келісімі арқылы осы шартта көрсетілген мәселердің барлығы шешіледі. Облыстағы кәсіподағы бар мекемелердің барлығында ұжымдық шарт бар. Осыған орай облыстық штаб жұмыс жасайды. Штабқа облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова төрағалық етеді,— деді.
Алдағы уақытта «Еңбек кодексіне» байланысты республикалық жиын өтпек. Осы басқосуда түрлі мәселелер қаралады екен.
Жиын соңында қатысушылар бұндай кездесулердің алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтып тарқасты.
Кәмшат ҚОПАЕВА.
Қаланы немесе аймақты таңдаңыз:
Қонақ үй броньдау
Броньдау
Жаңалықтар