Жол көрсеткіш /
Ақтөбе /
Оқиғалар
Оқиғалар
Алау Эстафетасы
1. Сағындықов Е.Н.
2. Лончаков Ю.В.
3. Сағандықов Р. С.
4. Жұмабаев К.С.
5. Сюй Кэцян
6. Ізғарин К.Е.
7. Таңатаров Т.Ш.
8. Байтурин М.Ә.
9. Әділов Ә.С.
10. Райымбергенов А.И.
11. Дербісалин А.
12. Базылбеков М.М.
13. Байниязов А.А.
14. Ізбай А.Қ.
15. Болатова Г.И.
17. Мұхамбетов Е.Т.
18. Отарбаев С.И.
19. Шалтақов Қ.С.
20. Тілеуов Б.И.
21. Шарафутдинов Т.А.
21. Бейісова Т.К.
22. Жандабергенов Б.Ж.
24. Айжанов Ж.Ш.
25. Зубков В.В.
26. Ақшолақов С.К.
27. Балмағамбетов Ә.
28. Джафаров Г. М.
29. Ісмағамбетов Р.С.
30. Байманов Р.Т.
31. Грибовский А. П.
32. Шатаев Т.М.
33. Айтбаева С.Е.
34. Байлиева Р.О.
35. Байқұлова А.Ж
36. Көшербаева Г.М.
37. Бимурзин С.
38. Сүлейманов А.А.
39. Жолмағамбетов О.С.
40. Жиенбаев А.Б.
41. Сейтімова А.С.
42. Қали Ә.Ш.
43. Қазиев М.Ж.
44. Гончаров Е.В.
45. Бердіғалиев Б.
46. Әміржанов Е.А.
47. Жәнібекова О.С.
48. Қалжанов Н.Т.
49. Жекеев М.Қ.
50. Майкеев О.В.
51. Жиенбаев А.Б.
52. Атраубай С.С.
53. Абдрахманов Е.Ж.
54. Бердалин Б.Ж.
55. Ургешбаева А.О.
56. Липириди И.Н.
57. Жақсыбаев А.Б.
58. Сарбасов А.Ж.
59. Қисықов Б. К.
60. Шахаров А.Б.
Тағы бір жоба жүзеге асты
Ақтөбеде тағы да бір инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында «Ақтөбе металл құрастырмалары зауыты» ЖШС қолданыстағы зауытын жаңғырту бойынша жұмыстарды аяқтады. Осыған байланысты іс-шараға Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов қатысып, өндірістегі жаңарулармен танысты.
А.Мұхамбетов мәлімдегендей, Ақтөбе экономиканы индустрияландыру мәселесінде көпшілікке танылған көшбасшы болып табылады. Тек осы жылы ғана облыс орталығында қаланың одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін үлкен маңызы бар 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Алдағы 2011 жылы үдемелі индустриялық инвестициялық дамыту бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде қосымша дайындық жасалынды. Алдағы жылы Ақтөбеде 14 шақты инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бағдарламаны қалыптастыра отырып, әкімдік жобаларды таңдауға мұқият қарады. Тек өнім көлемі мен жұмыс орындары ғана емес, сонымен бірге өнімнің бәсекеге қабілеттілігі, қажеттілігі, өткізу рыногының болуы, өндірістердің бірін-бірі қайталамауы да ескерілді.
«Ақтөбе металл құрастырмалары зауыты» ЖШС жұмыс істеп тұрған зауытын жаңарту жобасы да қаланы үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Инвестициялар көлемі 350 миллион теңгені құрады.
Кәсіпорынның бас директоры Қайрат Қойлыбаев баяндағандай, «АМҚЗ» ЖШС 1968 жылдан бері жұмыс істейді. Жөндеу-механикалық зауыт базасында 2003 жылы өз жұмысын қайта құрды. Бұл уақыт аралығында біраз жұмыс атқарылды.
Бірақ ауқымды қайта жарақтандыру және жаңа осы заманғы құрал-жабдықтарды пайдалануға беру жоғары сапалы металл құрастырмаларын өндіру жөніндегі жаңа технологиялық желіні қалыптастырды.
Қайта жарақтандыру барысында зауыттың өндірістік қуатын ұлғайту, осы заманғы технологиялық процестер мен бағдарламалық жұмыстарды енгізу, өнімнің жаңа түрлерін меңгеру, зауытішілік логистиканы оңтайландыру және өндірістің тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыстар жүргізілді. Жаңа корпус тұрғызылды, 1000 КВт аралық станция құрылысы және басқа да көптеген жұмыстар атқарылды.
Зауытты техникалық дамытудың бекітілген жоспарына сәйкес осы заманғы жоғары технологиялық және дәлдігі жоғары құрал-жабдықтармен қайта жарақтандыру, жабдықтау да іске асырылды.
Атқарылған іс-шаралардың арқасында кәсіпорынның жоғары сапалы металл құрастырмаларының өндірістік қуаты екі есеге өсіп, айына 1000 тоннаға жетті.
Шығарылатын өнімнің негізгі түрлерінің арасында базальтты талшықты жылытқышы бар «сэндвич» типіндегі қабырға және төбе жабатын панельдер бар. Олар тұрғын үй, қоғамдық және өндірістік ғимараттардың сыртқы қабырғаларына, төбелеріне, шатырларына және қабырғалар арасына арналған.
Зауытта биіктігі 200-ден 1300 мм-ге дейін болатын дәнекерленетін болат двутаврлар, мұнай, мұнай өнімдерін, ауыз су және техникалық су, қышқылдар басқа да сақтауға арналған жер асты және жер бетіндегі көлбеу және тік сыйымдылық ыдыстарын шығарады. Сонымен қатар қоймалар, өндірістік цехтар, сауда кешендері сияқты өнеркәсіптік металл құрастырмалар әзірлейді.
Қала әкімінің баспасөз қызметі.
Ел тілегі
Қазақстан Республикасының Президенті
Ұлт көшбасшысы
Н.Ә.Назарбаевқа
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Осыдан он тоғыз жылдан астам уақыт бұрын Тәуелсіздікті тәу етіп, ежелден еркіндік аңсаған халқымыз ұлтымыздың үміті, мұраты анық, іс-қимылы қанық Елбасын таңдады.
Халқымыздың таңдауы қалт кетпегеніне көз жетті. Кешегіміз қаһармандыққа, бүгініміз жасампаздыққа, ертеңіміз келешегіміздің кемелін келтірер батыл бастамаға толы. Төрткүл дүниеге танылып, төбедегі келді. Әлем алдында еліміз – еңселі, халқымыз – қадірлі. Екінші мыңжылдық барша қазақстандықтардың дүркіреген дәуірі, жарқыраған жұлдызы болып басталды.
Сан ғасырлар бойы «Мәңгі ел» орнатуды армандаған көне ғұн-түрік билеушілері жете алмаған сән-салтанатқа «Назарбаев-Қазақстан жолы» арқылы жеттік.
Бұл – бұрын-соңды әлемнің бірде-бір мемлекеті жүріп көрмеген жол.
Сіздің болашақты қапысыз болжайтын табанды және саяси бағытыңыз, жаһандық түйіндерді шешуде тізгінді тең ұстайтын мәмілегер саясатыңыз бен даналарға сай ақыл-парасатыңыздың нәтижесінде Қазақстан әлемдік қауіпсіздіктің кіндігіне айналды.
Елордамыз – Астана төрт мұхиттың арасындағы дүние жүзі саясаткерлері мен мәдениет және дін қайраткерлерінің, алпауыт іскерлердің Жерұйығы болып танылды.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Бүгінгі күні Ақтөбе облысының жұртшылығы республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкілеттіктер мерзімін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзарту туралы мәселені қызу талқылауда. Қазір республикалық референдумға қатысу құқығы бар ақтөбеліктердің басым көпшілігі референдум тағайындау туралы бастамашыл тілектерін білдіріп, тиісті параққа қол қойды.
Біздің жерлестеріміз Сіздің барлық бастауларыңызға әрдайым қостаушы болады.
Біз Қазақстан халқының Елбасы, шынайы Ұлт Көшбасшысы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев деп білеміз.
Сіз – Ұлы Даланың ұлы реформаторларының тежеусіз, теңдессіз, рухани мұрагерісіз.
Қазақ Елін одан әрі гүлдендіретін де, ырысымызды тасытып нәрлендіретін де, абыройымызды асырып сән беретін де Тұңғыш Президентіміз – Нұрсұлтан Назарбаев! Сондықтан барша қазақстандықтардың тапжылмайтын таңдауы да, қапысыз қалауы да – Нұрсұлтан Назарбаев!
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Сіз бірлік пен ынтымақты, сабырлылық пен парасаттылықты мұрат еткен халқыңыздың жүрек қалауына сай жалпыхалықтық референдум өткізу туралы шешім қабылдайды деп сенеміз. Бұл – ондаған, тіпті жүздеген жылдардан соң да құрыштай берік Қазақ Мемлекетінің іргесін бекіткен тарихи шешім болып қала бермек.
Қазақстанның, Тәуелсіздігіміздің тағдыры Сіздің қолыңызда.
Біз Сізге сенеміз!
Сіз – біздің Елбасымыз!
Сіз – біздің Көшбасшымыз!
Құрметпен,
1. Нұрқайыр Телеуов
Ақтөбе облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы
Ақсақалдар Кеңесінің төрағасы.
2. Кеңес Баймұханұлы Бірманов
Ақтөбе облысы ардагерлер Кеңесінің төрағасы.
3. Элеонора Бердібаева
«Қазақстан студенттері республикалық альянсы»
филиалының төрайымы.
4. Әсел Саматқызы Бөлекова
«Нұр Отан» ХДП АОФ «Жас Отан»
жастар қанатының атқарушы хатшысы.
5. Базарбай Нұрғалиұлы Иманов
«Руханият» саяси партиясы
облыстық филиалының төрағасы.
6. Балғали Құрманғалиұлы Ордабаев
референдумның бастамашыл тобының жетекшісі,
«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы,
облыстық мәслихат хатшысы.
7. Николай Дмитриевич Выходец
Қазақстан патриоттар партиясы
облыстық филиаланың төрағасы.
8. Аслан Нұрқасымұлы Балқасынов
ауған соғысы интернационалист-жауынгерлер
қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
9. Түрікпенбай Жұбанұлы Айжарықов
облыстық кәсіподақ кеңесінің төрағасы.
10. Бауыржан Әбдірашұлы Есмахан
«Нұр Ғасыр» облыстық мешітінің имамы,
Дін басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкіл-имамы.
11. Николай Гузев
Қасиетті Никольский кафедралдық соборының аға попы.
12. Ғалым Мүсенұлы Қамысбаев
«Ардагер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
13. Келдібай Еспағанбетұлы Еспағанбетов
Бейбітшілік және Келісім Кеңесі облыстық
филиалының төрағасы, «Агро» шаруашылық
және фермерлік ассоциациясының төрағасы.
14. Асылбек Оңдасынұлы Қуанов
«Әділет» демократиялық партиясы
облыстық филиалының төрағасы,
Ақтөбе заң колледжінің директоры.
15. Вальтер Райнгольдович Леммле
«Возрождение» неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы.
16. Абай Исламұлы Мырхин
««Смеда» шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту Агенттігі»
қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Ақтөбе облысы бойынша бастамашыл топ мүшелері:
17. Ғалымжан Жұмабайұлы Нұрышев
Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтының ректоры,
облыстық мәслихат депутаты.
18. Дидар Айтбайқызы Алмағанбетова
Темір ауаны Шұбарқұдық гимназиясының директоры.
19. Александр Александрович Пашкевич
Ақтөбе қалалық техникалық шығармашылық
орталығының директоры.
20. Наталья Николаевна Смоленкова
Ақтөбе қаласы жедел медцициналық көмек ауруханасы
реанимация бөлімінің дәрігері.
21. Біржан Бөлекбайұлы Абдуллин
Қобда ауданы Егіндібұлақ дәрігерлік
амбулаториясының меңгерушісі.
22. Құдайберген Елтекұлы Бекенов
«Желдорфармация» ЖШС президенті,
облыстық мәслихат депутаты.
23. Зәпен Жақсыбайқызы Жұмабаева
Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін көтеру және
қайта даярлау орталығының директоры.
24. Тәттігүл Жақсыбайқызы Талаева
Ақтөбе облысы Азаматтық Альянсі төрайымы,
іскер әйелдер облыстық Ассоциациясының төрайымы,
«Тандем» ТРК директоры, облыстық мәслихат депутаты.
25. Юлия Николаевна Савченко
«Мұғалім» репетитор мектебінің директоры.
26. Дания Мәдиқызы Еспаева
«Банк Тұран Әлем» АҚ АФ директоры,
облыстық мәслихат депутаты.
27. Глеб Анатольевич Щегельский
Метрология және стандарттау департаментінің директоры.
28. Төлеген Шәріпұлы Таңатаров
«Trans-MostGroup» ЖШС Бас директоры,
Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты.
29. Александр Федорович Чемоданов
Әйтеке би ауданы «Құмқұдық» ЖШС директоры,
облыстық мәслихат депутаты.
30. Зағыпар Отарбаев
Қобда ауданы Егіндібұлақ ауылдық округі
«Тез» шаруашылық қожалығының басшысы.
31. Қуаныш Далабайұлы Илюбаев
«Нұр Отан» ХДП АОФ жемқорлыққа қарсы Кеңес төрағасы.
32. Бекет Есенжол Есенжолов
еңбек ардагері.
33. Мақсұт Керейұлы Балғынов
еңбек ардагері.
34. Гайк Вардгесович Тертерян
армян этномәдени бірлестігінің төрағасы,
«Урарту» ЖШС директоры.
35. Жанболат Бақиұлы Тортаев
«Атамекен» студенттер құрылыс жасағы
облыстық Штабының төрағасы.
36. Сағынғали Айчанұлы Тәженов
Алға аудандық ауруханасының бас дәрігері.
37. Төлеген Құлатайұлы Шәудір
Байғанин ауданы «Мерей и К» ЖШС директоры.
38. Аманғос Сансызбайұлы Төлеуов
Қарғалы ауданы «Степное» ЖШС директоры,
облыстық мәслихат депутаты.
39. Назым Болатқызы Құсайынова
«Жансерік» шаруа қожалығының директоры,
Мәртөк аудандық мәслихатының депутаты.
40. Аманжол Шұңғылұлы Адаев
Мұғалжар ауданы «Шапағат» жеке ауруханасының бас дәрігері.
41. Гүлжан Тәуірбайқызы Дулатбаева
Темір аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы.
42. Ғазиз Займолдаұлы Займолдин
«Ойыл аграрлық колледжі» МК директоры.
43. Расбай Қылышбайұлы Есмұханов
Ойыл ауданы Сарбие селолық округінің әкімі.
44. Елена Павловна Юшкевич
Хромтау қаласы №2 орта мектебінің директоры,
Хромтау аудандық мәслихатының депутаты.
45. Равиль Рафкатұлы Туюшев
Шалқар қаласы №5 орта мектебінің директоры.
**** ***
Елбасының саясатын қолдаймын
Бүгінде Қазақстан Еуропаның төріне шықты. Әсіресе, 56 елдің басын қосқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Саммитінің Астанада өтуі біз үшін үлкен дәреже және мақтаныш.
Менің Алғаға Қарақалпақстаннан қоныс аударғаныма біраз жылдың жүзі болды. Оған өкінбеймін. Елбасының салиқалы саясаты арқасында елімізде ынтымақ – бірлік қалыптасты. Көршілес Қырғызстан, Тәжікстан, Кавказ елдерінде орын алып отырған алауыздықтардан, қақтығыстардан аулақпыз. Еліміз – аман, жұртымыз – тыныш, балаларымыздың ұйқысы бұзылған жоқ. Берекеміз кіріп, ел тірлігінің күннен-күнге ілгері басып келе жатқанын барлығымыз да байқап, көріп жүрміз.
Мұнда Президентіміз жүргізіп отырған сарабдал саясатының ықпалы зор екенін қазақстандықтардың бәрі мойындап отыр. Шығыс Қазақстанда бастамашыл топтың жиын өткізіп, Елбасының Президенттік өкілеттігін созу үшін бүкілхалықтық референдум өткізу қажеттігін мәселе етіп көтергенін толық қолдаймын. Бүгінгі күні Елбасына тең балама жоқ деп ойлаймын. Мұны барша қазақстандықтар қолдайтынына сенімдімін.
Шектібай ӘЛЕНОВ,
Алға қалалық округі әкімшілігінің бас маманы.
***
Берекелі бірліктің жемісі жалғаса берсін…
Өскеменде өткен форумның бастамасын сол күні-ақ теледидардан көріп, қуаттағандардың бірімін. Жиырма жасқа қадам басқан жас мемлекеттің табысы бүгінгі күні талай елдің таңдайын қақтырып отыр. Мұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тынымсыз, ерен еңбегінің арқасы екеніне де ешкімнің дауы жоқ. Кеңес Одағынан еншісін алған елдердің ішінде «бейбітшілік аралы» атанған Қазақстандағы баянды тұрақтылық сол табыстың бастауы. Өйткені халқымыз «бірлік бар жерде, тірлік бар» деп тегін айтқан жоқ. Қандай ауыр кезеңді бастан өткізсек те, «өткелде ат ауыстырған жоқпыз». Көреген басшы, сарабдал саясаткер, кемел келешекке көз жіберген Нұрсұлтан Әбішұлының бастаған идеясын толық аяқтауға қабілеті де, қуаты да жетеді. Өйткені Өскемен форумы халықтың көкейіндегі ойын дөп басты. Сондықтан, ойылдықтардың да бұл бастаманы қуана қолдайтынына еш күмәнім жоқ.
Бақытжан ӘЛЖАНОВ,
зейнеткер,
Ойыл селосы.
***
Жүрекке жол табар таңдау
ҚР Орталық сайлау комиссиясы бекіткен облыс бойынша бастамашыл топтың мүшесі Зәпен Жұмабаева аудан тұрғындарымен кездесті. Ол еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзарту мақсатындағы бүкілхалықтық референдум өткізу жөніндегі республикалық бастамашыл топтың ұсынысын жеткізді.
— Замананың саналуан сынынан аман алып шыққан, биіктен-биікке бастап келе жатқан, елі сүйген, елін сүйген Елбасының қазақ халқы алдында еңбегі ұшан-теңіз, — деді З.Жұмабаева. — Бүкілхалықтық референдум өткізу жөніндегі республикалық бастамашыл топтың ұсынысын өте дұрыс бастама деп санап, оны қолдауға шақырамын.
Шығыс Қазақстан облысының бастамашыл тобы ұйымдастырған жиынға делегат болып қатысқан №5 Шалқар орта мектебінің директоры Равиль Туюшев шығыста бар қазақтың жүрегіне жол табатын ел таңдауының жасалғанын айтты. Өскемен жеріндегі белгілі тұлғалардың халқымызға атақ пен абырой әперген, ұлты үшін туған ұлы қайраткер Нұрсұлтан Әбішұлының елге сіңірген зор еңбегі туралы айтқан жылы сөздерін жеткізді.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразбай Әділбаев жиналған тұрғындарды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың желтоқсанына дейін ұзарту мақсатында бүкілхалықтық референдум өткізу жөніндегі бастамашыл топтың Үндеуін бірауыздан қолдауға шақырды.
«Нұр Отан» ХДП Шалқар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлсара Сейітова «Нұр Отан» партиясы бұл бастаманы бірауыздан қолдайтынын айта келіп, партия мүшелерін өз қолдарын беруге шақырды.
Қыдырәлі ӘЛИН,
Шалқар қаласы.
***
Кәсібімнен қолдау табамын…
Станислав КИМ,
«Са-Нұр» ЖШС атқарушы директоры. Қобда ауданы.
— Мен Қазақстанда тұратын кәріс ұлтының өкілі ретінде де, кәсіппен айналысып жүрген тұлға ретінде де Президент өкілеттігінің мүмкіндігінше ұзартылуын қалаған болар едім. Біріншіден, бізге, өзге ұлт өкілдеріне Қазақстан тәуелсіздік алған 19 жылдың ішінде ұлттық немесе діни мәні бар қысым көрсетілген емес. Біз, қазақтармен бірге еңбек етіп, бірге той тойлап, өмір кешіп келеміз. Осы елде тұратын бірде-бір кәрістің қазаққа ренжіген кезін көрмедім. Ол, әрине, Елбасының ұстанған саяси көзқарасының арқасындағы татулық пен береке-бірліктің нәтижесі.
Ал осы тұрғыдан алып қарағанда Ресей әлдеқайда артта қалды. Олардағы ұлтаралық мәселе күннен-күнге қиындап барады, астанасында болған күні кешегі қақтығысты да саясаткерлер ұлттық мүддені қолдайтындардың теріс әрекетінен туындады деп бағалап отыр. Мен сияқты азиатқа Мәскеудің көшесінде емін-еркін жүру өте қауіпті. Ал Қазақстанның әр қаласынан өзінің ісін ашып, бизнесін өркендетіп тұрған кез келген ұлттың өкілін кезіктіресің.
Екіншіден, бизнестің, кәсіпкерліктің саласында жүргендер Президент өкілеттігінің ұзартылғанын құба-құп қолдайды. Себебі, саяси тұрақтылық бар жерде ғана бизнес шарықтайды. Ал қырғыздардағыдай қоғамдық тартыс-талас болып жатқан жерге қандай кәсіпкер ақшасын салады? Салған ақшаның қайтарымы болуы үшін де елде тұрақтылық болуы керек. Сондықтан, мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел билігінде ұзағырақ отырғанын қалаймын.
***
Қазақстан ұлы державаға айналды
Марс ШЫНТАСОВ, Шәмші Қалдыаяқов ауылының ардагерлер
кеңесінің төрағасы.
Қарғалы ауданы.
— Тәуелсіздігіміздің жиырма жылын ой елегінен өткізсек, бұл уақыттың халқымыздың тағдырын шешуде маңызды шешімдер қабылданып, тарихи төңкерістер кезеңі болғанын айтуға болады. Осы жылдар ішінде Қазақстан бүтіндей бір империяның кішкентай бір бөлшегінен ұлы державаға айналды.
Бүгінде әлемнің дамыған елдерімен иық түйістіретін дәрежеге жетуіміз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ынта-жігері, күш-қуатының арқасы деп білуіміз керек. Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет өзінің мемлекеттік шекарасын заңды түрде бекітті. Енді өз ұрпағымызды көрші елдермен жер үшін жанжалдасу сияқты келеңсіз жағдайлар алаңдатпайтын болды.
Осы жылдарда өткізілген экономикалық жаңғыртулар Қазақстанды әлемнің қарқынды дамыған мемлекеттері қатарына қосты. Әлемдегі ең ірі, ең беделді ұйымға төрағалық етіп, Астана Саммитін өткізу де Қазақстанның абырой, беделін одан әрі асқақтата түсті. Мұның өзі еліміз үшін, Елбасымыз үшін баға жетпес зор жетістік. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның таңданарлық жетістігі «Назарбаев феноменімен» тікелей байланысты. Сондықтан да еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту туралы бастаманы өз басым қолдаймын.
***
Пошта саласы өрлеу үстінде
Нағима БАЯУБАЕВА,
Ырғыз аудандық пошта торабының нұсқаушысы.
— Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейінгі ұзарту жөніндегі бастаманы қолдаймын. Себебі, бүгінгі күні әлемнің алпауыт елдері қызығы да қызғана қарайтын біздің еліміздің осындай дәрежеге жетуі Елбасымыздың ерен еңбегі мен салиқалы саясатының нәтижесі.
Мен өзім пошта саласында қырық жылға жуық уақыт аралығында еңбек етіп келемін. Осы жылдар аралығында пошта саласы небір-небір қиындықтарды басынан өткерді. Қазіргі күні мұның бәрі ұмыт болды. Дамудың неше түрлі сатысынан өткен пошта саласы қазіргі күні заман талабына сай өрлеу үстінде. Сонымен қатар ел экономикасының өркендеуі нәтижесінде біздің ауданымызда да әлеуметтік нысандар көбейіп, халқымыздың әл-ауқаты артып келеді. Тұрмысымыз түзеліп, жақсы жетістіктерге қол жеткіздік. Әрине, әлі де атқарылар жұмыстар жетерлік. Елбасымыздың тынымсыз еңбегі алда да талай асуларды бағындырары сөзсіз. Демек, қазақ елінің кез келген азаматы аянбай еңбек етіп, Елбасымен бірге болашақты бағындырары анық.
***
Ауылдықтардың әл-ауқаты артты
А.БАҚАЕВ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Темір ауданы.
— Ел, халқының бейбіт күн кешіп, тыныш өмір сүруі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының сындарлы саясатының арқасы деп білеміз. Себебі, егемендікке қол жеткізіп, тәуелсіздігімізді алған жылдардан бері ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсара түсті. Атап айтсақ, соңғы бір жарым жыл ішінде ауданда 10 балабақша, 4 мектептен тыс мекеме салынып, халық игілігіне берілді. Сондай-ақ ауданымызда облыстық деңгейде жарыстар өткізуге болатандай етіп салынған бірқатар спорттық кешендер де бой көтерді. Атап айтсақ, жасанды шөп төсеніші бар стадион, үлкен теннис корды бүгінгі жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттырып отыр. Соңғы жылдары ауданымызда жекенің қолына өткен бірқатар мәдени нысандар мемлекет меншігіне қайтарылып, заман талабына сай жабдықталып, ел игілігіне берілді. Жаңадан мәдениет үйлері бой көтерді. Бұл жетістіктердің барлығы ел экономикасының күн сайын қарыштап дамуының белгісі. Елдің дамуындағы мұндай жетістіктерді Елбасынан айырып елестету мүмкін емес. Сондықтан да Президенттің өкілеттігін ұзарту туралы ұсыныс халықтың саналы қадамы деп ойлаймын.
***
Жаңа бастама — экономиканың табысты дамуының негізі
Бауыржан ЕРДАУЫЛҰЛЫ,
Байғанин аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы.
— Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзарту туралы бастамашыл топтың ұсынысы өте құптарлық іс деп ойлаймын. Бұл шешім қол жеткен жетістіктерімізді одан әрі дамыту, нығайту, жаңа бастамаларға жол ашу болып табылмақ. Ең қиын уақыттарда біздің Президентіміз мемлекеттің тағдыры алдындағы жауапкершілікті өте терең түйсікпен сезіне білді. Көптеген қиын кезеңдерді Елбасымен бірге жеңіп шықтық. Алда әлі талай асу бар. Сондықтан елді көреген көшбасшының басқаруы керек-ақ.
Жұмыссыздық мәселесінің шешілуі, экономикалық, әлеуметтік жағдайымыздың күннен-күнге жақсаруы елімізде жүргізіліп жатқан салиқалы саясаттың арқасы. Қазақстан халқы үшін өз кезегінде референдумның өтуі — мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық табысты дамуының негізі. Қазақстан халқы ғана емес, әлемдік қоғамдастықтардың өзі тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президентінің сарабдал саясатын мойындап отыр. Сондықтан біз де референдумды қолдаймыз!
Өткен жылы «Жол картасы» бағдарламасы аясында ауданда 13 әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өтті. Ғимараттың күрделі жөндеу көргені өз алдына, қаншама азаматтар жұмысқа тартылды. Сол сияқты, аудан орталығында ауыз су құбыры жөнделді. Ал ауданды газдандыру жұмыстарына республикалық бюджеттен бөлінген қаржы 3 миллиард теңгеден асады. Бұның барлығы елдің әлеуетін жақсарту үшін жасалып жатқан игі қадамдар. Аудан халқы өзінің көшбасшысын бірауыздан қолдайды деп ойлаймын.
****
Мәртөктіктер бірауыздан қолдайды
Нұргүл ҚҰРАМЫСОВА,
Мәртөк аудандық «Нұр Отан» халықтық- демократиялық партиясы филиалы төрағасының орынбасары
— Менің ойымша, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығын 2020 жылға дейін ұзарту өте дұрыс шешім. Себебі тарих жылнамасына көз тіксек, еліміз сан ғасырлар бойы жете алмаған жетістікке жетті. Көптеген белестерді бағындырып, халықтың жағдайының мейлінше жақсаруына үлес қосты.
Қазір «Нұр Отан» ХДП-ның аудандық филиалы да бұл іске өте ыждағаттылықпен атсалысуда. Мәртөк ауданының халқы Елбасын бір ауыздан қолдап, дауыс бергені біз үшін үлкен мәртебе. Себебі 1990 жылдардағы қысылтаяң шақтарды көріп өскен ұрпақ, бүгінгі гүлзарланған Қазақстанның жетістіктерін Елбасымен тығыз байланыстырады. Оны тіпті бүкіл елді бір арнаға тоғыстырып, әр баласын ақылымен еңбекке жетелеген елдің әкесіндей болды десе де артық айтқандық емес болар. Сондықтан да, халық өзінің бүгінгі басшысына шексіз сенеді. Осыдан жиырма жыл бұрын біз өз елімізде еуразиялық диалог пен ынтымақтастықтың бастауы болар, барша қазақстандықтардың табысына айналар ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететіндігіміз бен Астана Саммитін өткізетіндігімізді білген де жоқпыз. Жоқшылықтан тоқшылыққа халқын сүйреген Елбасына сенім артқан халықтың да тыныштық пен бірлік үшін дауыс беруі өте орынды деп түсінемін. «Нұр Отан» партиясы әрбір қазақстандықтың ойы мен қажеттілігін жалпы арнаға тоғыстыру мақсатында әлі де көптеген істерге мұрындық болмақ.
***
Талдысайлықтардың түйінді шешімі
Шернияз БАЙМҰҚАШЕВ,
Талдысай орта мектебінің директоры. Қобда ауданы.
— Желтоқсанның 23 күні Өскемен қаласында қазақтың болашағын ойлаған жұрт жиналып, Елбасы Н. Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде пікірлерін ұсынды. 320 адамнан құралған ынталы топ жұмыс істегенін, онда қатысқан 850 адамның бәрі бірауыздан Елбасының саяси өкілеттігін референдум арқылы ұзарту керектігін жария етті. Осы ұсынысты біздің ауылдың тұрғындары да бірауыздан қолдап отыр.
Назарбаев билігінің қазақ үшін тарихта болып көрмеген белеске айналғаны мәлім. Кешегі Астана Саммиті оның шарықтау шегі болды. Қазір қазақ елі әлемді өзіне қаратып отыр. Егер, Назарбаев билігі сайлаусыз ұзартылатын болса, ол өзі діттеген көптеген бағдарламаларды жүзеге асыруға бел шешіп кіріседі.
Биыл біздің ауылда екі қабатты жаңа мектеп ғимараты тұрғызылды. Оқу жылының басынан бастап әлемдік «Бейбітшілік корпусы» ұйымы арқылы Америкадан оқушыларға ағылшын тілін оқытатын волонтер-мұғалім алғыздық. Мектебіміз соңғы технологиямен, жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Өткен оқу жылында төрт «Алтын белгі» иегерін бергеніміз кішкентай ауылдың мектебі үшін зор мақтаныш еді. Қазір ол түлектеріміз Астана төріндегі беделді оқу орындарында грант негізінде оқып жатыр.
Осы жетістіктердің бәрі де тәуелсіздіктің жемісі десек те 20 жыл бұрын тәуелсіздік алған посткеңестік елдер үшін біздің еліміз жеткен белес арман ғана болып қалуда. Яғни, бұл дегеніміз — тәуелсіз елдің ғасырларға татитын 20 жылдық жолы үшін жауапты болған Назарбаевтың тікелей еңбегі. Егер, билік басында Нұрсұлтан Назарбаев әлі де 10-20 жыл отыратын болса, Сингапур мен Түркияның жүріп өткен жолындай әлемдік деңгейде дамыған үлкен мемлекетке айналарымыз сөзсіз.
***
Ел таңдауы – бір тілек
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзарту мақсатындағы бүкілхалықтық референдум өткізу жөніндегі бастама Шалқар өңірінде кеңінен қолдау тапты.
Шалқар қаласындағы №5 орта мектептің директоры Равиль Туюшев Шығыс Қазақстан облысында өткен алқалы жиынға қатысып қайтқан еді. Ол сапардан оралысымен жұртшылықпен кездесіп, келешек мүдесіне жасалған ізгі қадамның мәні мен мағынасын, жүздесуден алған әсерлерін кеңінен бөлісті.
Аудан тұрғындары Елбасымыздың сара саясаты нәтижесінде көптеген игіліктер жүзеге асып жатқанын жақсы біледі. Мәселен, біздің ауданның өзінің жыл соңында бір мезетте жеті нысан ашылды. Олардың қатарында Сарысай, Қарашоқат елді мекендеріндегі балабақшаларды, Шалқар қаласындағы Қазанғап атындағы саз мектебі ғимаратын, тіс емханасын, мал сою цехын, «Сұңқар» сауда үйін атауға болады.
Мұның бәрі кәсіпкерлікті қолдау, нақты көмек көрсету нәтижесінде өрістеген істер екені анық.
Жақында ғана Президентіміз ақ жол тілеген Ақтөбе облысындағы екі ірі жобаның біреуі – Шалқарға тиесілі. Құны 500 млрд. теңге болатын «Бейнеу – Бозой – Қызылорда – Шымкент» арналы газ құбырының құрылысы өзіміздің Бозой жерінен бастау алмақшы. Ұзындығы 1475 шақырымға созылатын газ құбыры құрылысында 3500 адам жұмыс істемекші. Міне, осындай шаруалар қолға алынып жатқанда шалғайдағы өңірдің өзінде жұмыссыздық, басқа да келеңсіз жағдайлар туралы қандай әңгіме айтуға болады?
Біз кешегіден бүгіні өркендеген, ертеңі одан да көркем болатын елдің перзенттеріміз. Ал соның көшбасында Нұрсұлтан Назарбаев сынды әлем таныған ірі тұлға тұруы жүрегімізге мақтаныш сезімін тудырады. Ендеше ел таңдауы бір тілекке тоғысуы да заңдылық деп білеміз.
Серікбай ТӨЛЕМІСОВ,
Шалқар аудандық мәслихатының хатшысы.
Бетті әзірлеген Арайлым НҰРБАЕВА.
Құрметті православ христиандары!
Сіздерді ең жарқын рухани мерекелердің бірі – Рождествомен шын жүректен құттықтаймын!
Әрбір православиелік адам үшін қасиетті болып табылатын бұл күн айналадағыларға құрмет пен сүйіспеншілікті, риясыздықты насихаттайды, осы жолдағылардың жүрегін мейірім шуағына толтырады, сенім мен үміт, мейірбандық пен махаббат сезіміне бөлейді.
Қазақстандықтарға қоғамдағы келісім мен моральдық тұғырнамаларды нығайтуға қызмет ететін және мәңгілік адами ақиқаттарды бойына сіңірген діндердің қасиеті ерекше жақын. Сондықтан да Рождество және Құрбан Айт секілді мерекелер біздің елімізде шын мәнінде халықтық сипат алды және біздің көп ұлтты халқымыздың рухани байлығын көбейтеді.
Қазақстан бүгінгі күні өз дамуының бірегей моделімен заңды түрде әлемдік қауымдастықтың назарын аударып, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің үлгісі болуда. Нақ біздің еліміз осынау мазасыз және тұрақсыз дүниеде бітімгерлік келісім мен әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің съезін өткізу орталығына айналды. Соның барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған дана және алысты көздеген саясатының заңды нәтижесі екені хақ. «Біздің тәуелсіздігіміздің жолы – бұл ортақ Отанымыздың тағдыры үшін барлық жүз қырық этностың жауапкершілік жолы». Мемлекет басшысының бұл тұжырымды сөздері егеменді Қазақстанның тұрақтылық пен ілгерілеу жолындағы қозғалыстарын айқын бейнелейді.
Қымбатты ақтөбеліктер!
Біздің облысымыз тоқсаннан астам ұлттар өкілдерінің туған үйіне айналды, олардың әрқайсысы ата-бабаларының діндерін уағыздау мүмкіндігіне ие. Бүгінгі күні аймақта оннан астам конфессияны ұсынушы жүз он діни бірлестіктер қызмет етеді. Біздің барлығымыз діни және этникалық сенімдерімізге қарамастан, жаңа Қазақстанды бірге құрудамыз. Жаңа өмірдің жарығын бойына сіңірген жарқын Рождество күндері ойлаған ойларымыздың жүзеге асуына күш беріп, бейбітшілік пен мейірім шуағын төксін, жұмыста және отбасымызда өзара түсіністік пен келісім сыйласын.
Барлығыңызға зор денсаулық, табыстар мен игіліктер, бақыт тілеймін!
Облыс әкімі Елеусін САҒЫНДЫҚОВ.
«Қояннан» қорықпаңыздар дейді қоян жылы туғандар
1. Қоян жылын әдетте қысы қаһарлы, халыққа қолайсыз жыл деп жатады. Бұл жағымсыз жыл деген пікір емес пе? Бұған қалай қарайсыз?
2. Қоян жылдарының ішінде қай жыл есіңізде ерекше қалды? Несімен?
3. Алдағы жылдан не күтесіз? Қоян жылының «иесі» ретінде жұртқа қандай кеңес бересіз?
1939 жылы туған Қадыржан қажы ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ,
зейнеткер
1. Аллаһтағала хайуанаттарды адамзатқа пұл болсын деп жаратқан. Ал жан-жануарлардың ішінде қоян харамға емес, адалға жатады. Өйткені ол шөп жейді, еті таза. Жесең — азық, кисең — киім. Бас киім де, сырт киім де қоянның терісінен жасалады. Ал қоян жылы қатал дегенге келер болсақ, қыстың қоянға қатысы жоқ. Алланың әмірімен болатын табиғаттың мезгілдері, құбылыстары, тосын жағдайлар қоян жылына қатыссыз-ақ айналып келіп отырады. Сондықтан адамдар шаруаны ұйымдастырудағы, қыс мезгіліне дайындықтағы кемшіліктерін қояннан іздемесін деймін.
2. Қоян жылдарының қай-қайсысын да жаман деуге болмайды. Рас, 1964 жылы қыс қатты болды. Қар қалың жауды. Төтеннен болған қатты қыс мезгіліне әзір болмағандар малдарын қырып алды. Ал 1987, 1999 жылдар да қоян жылдары. Бірақ бұл жылдары бәрі де ойдағыдай болды ғой. Осынысымен де есте қалды.
3. Қоян жылының берері көп. Қоян шөпті іздеп, талғап жейді. Сондықтан ізденімпаз болыңыздар. Ақшаны, байлықты ақылдан жоғары қоймайық. Иманы көп адам, мейірімді, инабатты адам — бай адам. Сондықтан иманды болайық.
1951 жылы туған Нағашыбай БАЛМАХАНОВ,
«Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-ның аудармашысы
1. Өзім қоян жылының бөтендігін байқамадым, әлде қоян жылы туғасын ба? Қарапайым халық үшін бағаның шарықтауы қиын соғуы мүмкін. Ал Назарбек Қожамсейітовтің болжауынша, қыс қатал бола қоймас. Тек қоян жылдары ғана емес, басқа жылдары да қатал қысқа кездесіп жүрміз ғой. Сондықтан қай жылы да әркім белін бекем бусын.
2. 1975 жылы Венгриядан әскери борышымды өтеп, елге оралдым. Қарашаның 9-ы. Ақтөбеде қақаған қыс, қар, үскірік аяз. Аудандық газетке жұмысқа қайта қосылдым. Аз уақыт өтпей, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Есет Әміржанов бастаған жастар Шығыс Қазақстанға шөп дайындауға аттандық. Ол жақтың қысы қыс-ақ екен, қалың қар, сықырлаған аяз. Соған қарамастан, буылған шөпті вагонға тиеп, ауылға жөнелтіп отырдық. Сол жетпіс бестің қысы көптің есінде қалса керек.
3. Алдағы жыл — ерекше жыл. Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл толады. Жас мемлекеттің мүшесі ретінде ішкі дүниеміз, рухани байлығымыз дамыған өркениеттен қалып қоймасын. Кезінде қазақтың тілі мен мәдениетін, өнерін зерттеп, дамуына үлес қосқан Л.Гумилев, П.Мелиоранский, В.Верещагин, Н.Хлудов, А.Затаевич сынды орыстың зиялылары мен оқымыстылары болды. Елдегі өзге ұлт өкілдері, тіпті өзіміздің қазақтарымыз солардан үлгі алса екен деймін. Жеке өміріме қатысты айтар болсам, алдағы қоян жылы «Әлеуметтік маңызды әдебиеттерді шығару» бағдарламасы бойынша орыс тілінен тәржімалаған антикалық, мифологиялық сөздігім баспаға берілуі мүмкін. Осы жаңалықты күтемін.
1963 жылы туған Гүлайым КЕНЖЕЕВА,
Алға ауданы, Қарағаш ауылы А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің мұғалімі
1. Қоян жылы қатты болады деп алдын ала дүрбелеңге түсудің қажеті жоқ. Қай жылдың да өзіндік қиындықтары болады. 1964 жылғы қиындыққа байланысты айтылған сөз, қалыптасқан ұғым болар деп ойлаймын.
Адамның қорқақтығын қоянға теңейді. Қоян жылы туғандар қорқақ келеді дегенге де келіспеймін. Мәселен, өзімді қояндай қорқақ адамға жатқызбаймын. Қоян әдемі, жағымды жануар. Әйтпесе ақындар «ақ қоян, сұр қоян, ор қоян» деп өлеңге қоспас еді ғой. Сондықтан қоян жылынан қорқудың қажеті шамалы.
2. Қоян жылдары туғандар алдағы жылды менің жылым деп қарсы алатын болар. Сондықтан қоянның қай жылы да мен үшін бағалы, ыстық. Әсіресе, мен үшін 1987 жыл аса қымбат жыл. Өйткені осы жылы үлкенім Салтанат дүниеге келді. Қазір қызымның өзі жоғары оқу орнын бітіріп, тұрмыс құрды.
3. Алдымен тілегімді қоян жылы туғандарға арнаймын: қояндай қайратты болайық, жан-жағымызға сүйкімді болайық. Барша жұрт өздері айтатындай, келер жылдан қояндай қорқып жүрмесін. Қорқатын болса, қыстың қамын жасасын, еңбек етіп, тұрмысын жақсарта берсін. Баршаңызға жыл жақсы жаңалықтар сыйласын.
1975 жылы туған Сағыныш НҰРБАЕВ,
№2 қалалық емхананың дәрігері
1. Өзім ес білгелі қоян жылының жамандығын байқамадым. 1964, 1975 жылдардағы қоянның қысы жұртты қояннан бетер қорқытып тастаған секілді. Жалпы жылдың жаманы жоқ, қиындықтар туып жатса, амалың жоқ. Қатал қыс пен қуаңшылық қай жылы да болып жатады. «Сақтансаң, сақтармын» деген, не нәрсеге де дайын болу керек қой. Әйтпесе, жазықсыз қоянды күстаналамайық.
2. Балалық шақта кім қандай жылы туған деп айтып жататынбыз. Сонда мен неге барыс жылы тумадым екен деп қынжылғаным бар. Себебі қоян жылы туғандарды балалар «қорқақ» деп мазақтайтын. Балалық қой, әйтпесе туған жылыңа қарап тұрған ештеңе жоқ шығар. Ал 1999 жыл мен үшін есте қалатын жыл болды. Осы жылы дәрігерлік диплом алып, Мұғалжар ауданындағы Родников ауылында еңбек жолымды бастадым.
3. Алдағы жылы 30 қаңтар-6 ақпан аралығында Астана мен Алматы қалаларында VII қысқы Азия ойындары өтеді. Осы Азиадада қазақстандық спортшылар қыстың сәні қоянға сай әдемі өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінсе деймін.
Сондай-ақ «Халықтың денсаулығы — елдің зор байлығы» дегендей, барша отандастарымыздың дендері сау болсын.
1987 жылы туған Жұлдызай ЖАРКЕТОВА,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің студенті
1. Әр жылдан баршамыздың жақсылықтар күтетініміз анық. Алдағы қоян жылын жағымсыз болады деп ойламаймын. Өйткені ауа райының қолайсыз жағдайлары тек қоянға тән емес шығар. Ми айналдырар аптап ыстық пен қуаңшылық, тіпті экономикалық дағдарыс қояннан басқа жылдарда да өтті ғой. Сондықтан қатал қыс пен қуаңшылықты қоянға ысырып тастай бермейік.
2. Мен есімді білгелі бір ғана қоян жылы өтті. 1999 жылы алтыншы сыныпта оқитынмын. Ғасыр алмасатын уақыт болғандықтан, жиырма бірінші ғасырдың басталуымен есімде қалды.
3. Жаңа жылдан күтер жаңалықтарым көп. Алдымен еліміз тыныш, несібеміз мол болсын. Дастарқандарыңызда ас мол болсын. Әрине, сәбізді де ұмытпаңыздар. «Қоян» ретінде айтарым, әсіресе, мен секілді жас отбасылары қояндай тату болыңыздар. Одақтарыңызды нығайтып, үйлеріңізді ұядай етіңіздер.
1999 жылы туған Аружан ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
№6 Хромтау мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы
1.Қазақша жыл санауды жақсы білемін. Әкем — барыс, анам — жылқы, апам — тышқан, сіңлім доңыз жылы туған. Келе жатқан жыл — менің жылым — қоян. 1999 жылы төл теңгеміздің туған күні — 15 қарашада дүниеге келгенмін. Айтпақшы, әжем Сара да 1951 қоян жылы туған. Әжем маған өзіме ұқсағансың дейді. Бірақ мен атамның қызымын. Қояндар бір орында тұрмайды ғой. Көп жүреді. Әжем екеуміз де сондаймыз. Менің әжемнен өзгешелігім — қорқақ емеспін. Ал әжем қатты қорқақ. Оны өзі де айтады. Бала кезінде биік қырларға, төбелерге шығуға қатты қорқыпты. Қоянға ұқсастығым — сәбізді ұнатамын.
2. Алда бірінші рет қоян жылын қарсы алғалы отырмын. Бұл жыл маған көп қуаныш сыйлап, есте қалатын болады деп ойлаймын. Қоянның көжегіндей сүп-сүйкімді інілі болсам деймін.
3.Алдағы жылдан күтерімді інілі болсам деп айтып қойдым. Сыныптастарыма, туған-туыстарыма, барлық адамдарға тек жақсылық тілеймін. Қоян жылы жақсы жыл болсын. Үлкендердің айтуынша, бұрындары қоян жылы халыққа қолайсыз болған. Бірақ қоян сүйкімді, адамдарға жақын және қолға тез үйренеді. Сондықтан алдағы қоян жылы халыққа жылы, жақын болсын.
Бердібай КЕМАЛ.
Қаланы немесе аймақты таңдаңыз:
Қонақ үй броньдау
Броньдау
Жаңалықтар