Ақтолағай алыстан шақырады
Бұқаралық-ақпараттық құралдары өкілдерінен құрылған туристер тобы бұл жолы Байғанин ауданына бет алды. Бұл өлкеде ауыз толтырып айтатын табиғи, тарихи орындар жетерлік. Ақбота-Сәңкібай тауы, Кұлшардың шоқысы, Алатау, Үйтас секілді табиғат жаратылыстарын көретін көз керек. Ал көрген адамға ұмытылмас әсер қалдырады.
Сонымен, сапарымызды аудандық мұражайдан бастадық.
Мұражайға кіре берісте ілінген картадан аудан территориясының орасан үлкен, бір елді мекені мен екіншісінің арасы 200-300 шақырымға созылып жатқан байтақ дала екенін көруге болады. Ал әр жәдігер өлкенің тарихы мен табиғатынан сыр шертеді. Сақ жауынгерлерінің жебелерінің ұштары, неолит дәуіріндегі тас қашайтын құралдар, қыш құмыралар, Андронов мәдениетінен қалған заттардың тарихының өзі бір-бір әңгіменің өзегі. Мәселен, мына бір тақияны Жібек жолы бойындағы саудагерлерден Рахметолла есімді бай үш жасар қызына бір тайлаққа сатып әперген.
Белгілі Барақ батырдың найзасының ұшы, мыс табағы мен құманын, сол секілді оның ұрпағы Дәуіт батырдың тайқазанын да осы мұражайдан табасыз. Жергілікті шеберлердің қолынан жасалған зергерлік бұйымдар да жеткілікті.
Ал осы өлкеден табылған соңғы жәдігерлердің бірі — алтын сақа. Оны Жарқамыс ауылына жақын маңдағы Қаражар жайлауында мал бағып жүрген қойшы тауып алған. Анадайдан күнге шағылысып жатқан затты көрген ол, алғашқыда әйнек болар деп мән бермеген. Кейін жақындап барып қараса, асыққа ұқсас затты байқайды. Көң қатып жатқан кез болса керек, айналадан үшкір зат тауып алып, қазып келіп қалса, алтын сақа болып шығады. Содан оны ауылға алып келеді. Қазір бұл жәдігер Астанадағы ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында сақтаулы. Ал оның кішкентай нұсқасы мен суретін осы жерден көруге болады.
— Халықтың әлеуметтік жағдайы қиындау кезде мұражайларға аса мән берілген жоқ. Табылған алтын сақаны сол кездегі Мәдениет министрі Иманғали Тасмағамбетов өзіне алдырды. Кейін бізге суреті мен көшірмесін беріп жіберді. Бұл біздің даладан табылып отырған екінші алтын асық. Бұған дейін табылған біреуі жоғалып кетті, — дейді аудандық мұражай директоры Ләззат Жаулина.
Байғанин өңірінде табиғат туындыларынан бөлек, адамдардың қолымен жасалған 200-ден астам тарихи ескерткіштер және бар.
— Біздің өлке көп зерттеуді қажет етеді. Бұл жаққа археологтар аяқ басып көрген емес. Табиғаттың өзі жаратқан қаншама кереметтеріміз бар. Мәселен, Ақбота-Сәңкібай тауларының өзі неге тұрады. Ол туралы бірнеше аңыз бар…
Ақбота — Сәңкібай есімді сан мыңдаған жылқы айдаған байдың қызы. Ауыл азаматтары Әбілқайыр хан ауылына маңызды жиынға кеткен кезде, ауылды қалмақтар шауып, намысқой Ақбота серіктерімен бірге жаудың соңынан қуады. Сол ұрыста қаза табады. Кейін ата-анасы, елі батыр қызға мәңгілік мекен ретінде алыстан көзге шалынатын аппақ төбе басын таңдаған деседі, — деп әңгімесін түйіндеді мұражай директоры.
Ақтолағай — борлы үстірт
Мұражайдан шыққан соң аудан орталығынан 200 шақырымдай жерде орналасқан борлы тауларды бетке алдық. Халықаралық маңызы бар оңтүстік Ақтолағай үстірті — геологиялық және геоморфорлогиялық объект. Республикалық табиғи қорықтар қоры қатарына енген Ақтолағайдың сұлулығы барлық зерттеушілерді таң қалдырған. Тіпті, бұл жерге АҚШ-тан, Германиядан мамандар арнайы келіп зерттеу жүргізген.
Борлы үстіртке адам барып жарытпайтындығын жолдың жоқтығынан-ақ байқауға болады. Біз мінген автобус жыраларды жағалай отырып, түн ортасында таудың етегіне әрең жетті. Жолшыбай көлігіміз құмға батып, шақырымдап жаяу жүрген кездеріміз де болды. Бірақ аппақ болып созылып жатқан жоталарды көргенде жол бейнетін ұмытып кетесің. Әр таудың өзіне тән атаулары бар. Мәселен арасындағы ең биігі — Құлшардың шоқысы. Бұлай аталуының өз тарихы бар. Бізге келіп жеткен аңыз бойынша Адай руынан шыққан Құлшар есімді жігіт әділетсіздікке, патшаның қанауына қарсы болған. Сол кезде қуғын-сүргінге ұшырап, қамауға алынады. Кейін құрсаудан қашып шығып, осы борлы тауларды паналайды. Ол шыңның басына жасырынып, артынан келген қуғыншыларды атып өлтіріп отырған. Тауға шығатын бір ғана жол бар. Біздер де сол жалғыз аяқ сүрлеумен таудың басына шығуға тәуекел еттік. Жан-жағы тік жар болып келген таудың төбесінен қарағанда айналадағы көрініс тіпті керемет. Ал таудан түсу мінуден де күрделірек болып шықты. Тік жартастан аяғың тайып кетсе, жерге түскенше домалай беруің хақ…
Таудың екінші біреуін халық Алатау деп атап кеткен. Енді бірінің пішіні үлкен, қатпарлы тортқа ұқсаса, екіншісі түйеге, үшіншісі Хеопс пирамидасы секілді.
Ақ таулардың тізбегі ашық күні айналасына аппақ нұр шашып тұрғандай әсер қалдырады. Ал күн еңкейген сәтте кемпірқосақ тәрізді түрлі-түрлі түске боялады. Әсіресе, көктемде, айнала дала гүлдеріне толған шақта, бұл жердің әсемдігі көз тойғысыз. Таулардың етегінен басқа өңірлерде кездеспейтін алуан түрлі өсімдіктерді көруге болады. Бір барған адам тағы көргісі келеді де тұрады.
Атырау және Ақтөбе облыстарының шекарасында орналасқан борлы үстірт бір кездері теңіздің түбі болған. Сондықтан да дәл осы жерлерде тасқа айналған ұлулардың, кораллдардың, теңіз кірпілерінің және басқа ондаған миллион жыл бұрын тіршілік еткен теңіз фаунасы өкілдерінің көптеген қалдықтарын табуға болады. Ежелгі акулалардың, ихтиозаврлар мен динозаврлардың сүйектері мен тістері, бүгінгі күні табиғатқа беймәлім өсімдіктердің қалдықтары, тасқа айналған ағаштар — бұл сан алуан түрлерді тізбектеп өту мүмкін емес. Бұл бір уақытта осы жерде қайнаған тіршіліктің болғандығын аңғартады. Ал қазір Ақтолағай даласы адам аяғы сирек басатын мекен. Шөлді және сортаң топырақты ұшыра соққан жел мен күннен қорғайтын көлеңкелі орын табуға болатын таңданарлық тұрпаттағы аққарлы жартастар — қызықты оқиға іздеушілерге таптырмайтын орын.
Кең байтақ Ақтолағай бір кездері туристердің дамылсыз ағылатын ертегі әлеміне айналарына сенгіміз келеді. Сол уақытта бұл жер Байғанин ауданының экономикасын көтеруге үлкен септігін тигізері сөзсіз.
Үйтас
Биіктігі үйдің көлеміндей болатын тастарды көргенде, жапан да жазық далада бұл тастар қайдан пайда болған деген сұрақтың мазалайтыны рас. Бірақ оның жауабын әлі ешкім нақты таба қойған жоқ. Тастар халық тұрып жатқан жер бедерінен 40 метр тереңдікке орналасқан. Көлемі жағынан әртүрлі алты тас әлі де ғылыми жағынан зерттелмеген. Біреулер құлаған метеорит десе, енді біреулер теңіз түбіндегі тастар деген болжам айтады. Не десе де, бұл тастарды ауыл адамдары ерекше құрметтейді. Жаңадан отбасын құрған жас жұбайлар осы жерге соғады. Бұл тасқа келгендер тез арада баспаналы болады деген сенім де қалыптасқан.
Осы жолдың бойында Күлдірдің тақыры атты жер де бар. Туристерді туған өлкенің тау-тасымен таныстырып келе жатқан облыстық өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі Күнзия Үмбетова бұл жерге байланысты халық арасында айтылып жүрген аңыздардың көп екендігін айтты.
Сапарлар әлі де жалғасады
Тауға жеткенше дегбірсізденген жолаушылар кері қарай жүргенде соқпақты жолдың қиыншылығын қаперіне де ілген жоқ. Таудан керемет күш-қуат алған туристер әсерлерінен айығар емес.
Мұндай сапарлар әлі де үш ауданда жалғасатын болады.
— Екі жылдан бері өлкеміздегі ішкі туризмді дамыту мақсатында жарнамалық сипаттағы туристік саяхаттар ұйымдастырылып келеді. Биыл жоспарға сәйкес Мәртөк ауданы, Мұғалжар таулары мен Қарғалының әсем табиғатын тамашалайтын боламыз. Біздің мақсатымыз, жергілікті туристік өнімдерді қалыптастырып, бағыттарды белгілеп, қаржы көздерін табу. Туризм дамыса, жергілікті тұрғындарға көмегі тиері анық. Халыққа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік жағдайлары түзеледі. Өлкемізде халқымыздың салт-дәстүрін насихаттайтын тарихы мен табиғатынан сыр шертетін орындар өте көп. Тіпті сырттан келмей-ақ қойсын, қаланың қауырт тірлігінен шаршаған жұрт ауылға барып қымыз, шұбат ішіп, қазы-қарта жеп, жылқыға, түйеге мініп серуендеуден бас тартпасы анық. Сол секілді ұлттық қолөнер бұйымдарын жасайтындар кәдесый сатумен де айналысуына болады, — дейді облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары Жалғас Балғожин.
Туризм саласын дамыту еліміздегі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енген. Экономикамыздың басым секторы қатарынан саналады. Жыл сайын қаражат көздері қарастырылып отыр. Мәселен, биыл бюджеттен 17 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген. Ал бір бағыттағы туристік саяхат ұйымдастыруға 450 мың теңге беріледі екен.
— Біздің мақсат — ақпараттық құралдар арқылы өлкеміздің көркем жерлерін халыққа жарнамалау. Осындай табиғаты әсем жерлерге барамын деушілерге саяхат ұйымдастырамыз. Бірақ көп жерлерде инфрақұрылым әлі де дұрыс дамымаған. Сол кедергі болады, — дейді туристік саяхатты ұйымдастырушы «Эпоха» туристік фирмасы директорының орынбасары Жанна Назарбаева.
Жолдар әзір жөнделмейді
Байғаниннің жолы десе, елең етпейтін жолаушы жоқтың қасы. Аудан әкімі Бердіхан Кемешовтің айтуынша, аудан жолдары республикалық маңызға ие.
— Сондықтан да бұл жолдардың қашан жөнделетіні жөнінде кесіп айта алмаймыз. 2008 жылы біраз бөлігіне жөндеу басталып еді, кейін қаражаттың жоқтығынан тоқтатылды. Артынан «Батыс- Еуропа — Батыс Қытай» транзиттік дәлізі салынатын болған соң мүлдем тұрып қалды. Жолға өз бетімізше жөндеу жасауға біздің құзырымыз жетпейді. Бұл республикалық деңгейде шешілетін мәселе. Ал өлкемізде бір кездері туризм дамиды дегенге сеніммен қараймын. Облыста жасыл желек жамылған өзен-көлді орындар жеткілікті. Ал біздің өлке секілді жазира дала мен табиғаттың ғажайып мүсіндері бар мекендер көп кездеспейді, — дейді Б. Кемешов.
Р. S.Тек қана мал бағумен күнелтетін халық мекендеген өлке бір кездері инфрақұрылымы дамыған, жолдары сайрап жатқан, туристерден толастамайтын мекенге айналарына біздің де сенгіміз келеді.
Кеше Ақтөбе қаласындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев атындағы саябақта «Жас түлек-2011» қалалық мектеп бітіру кеші өтті. Саябақтағы мерекелік шараға қала және үш облыстық мектептерден 3 мыңға жуық түлек қатысты. Мектеп бітірушілердің 137-сі — «Алтын белгі» иегерлері. Олардың 49-ы — қала, 12-сі — облыстық, ал 76-сы — аудан мектептерінің түлектері. Салтанатты шараға облыс әкімі Елеусін Сағындықов, қала әкімі Архимед Мұхамбетов, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Балғали Ордабаев, облыс және қала әкімдерінің орынбасарлары және бірқатар басқарма басшылары қатысты.
Саябақтағы Ту тұғыр орналасқан мінбе маңына жиналған мектеп бітірушілерді Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының курсанттары күтіп алып, гүл сыйлады. Мереке «Әлия гүлі» халықтық би ансамблінің «Соңғы қоңырау» хореографиялық композициясымен ашылды. Мектеп бітіруші түлектерді облыс әкімі Елеусін Сағындықов мерекемен құттықтап, олардың алдағы өміріне сәттілік тіледі.
— Қымбатты жас достар, құрметті ата-аналар, бүгін бәріміз үшін ерекше күн. Бүгін — тарихи күн. Біздің қыздарымыз бен жігіттеріміз орта мектепті бітіріп, жаңа өмірге жаңа қадам басып отыр. Осы мерекемен барлығыңызды шын жүректен құттықтаймын! Биылғы мектеп бітірген уақыт ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Биыл орта мектепті 8555 бала бітіріп, өмірдің жаңа жолдарына қосылып жатыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл түлектердің саны отыз пайызға көп. Бұл — еліміздің қарқынды дамуының бір көрінісі. Еліміздің үлкен тұғырға шыққанын, халқымыздың әл-ауқаты көтерілгенінің дәлелін осыдан-ақ көруге болады. Сондықтан біз сіздерге сенеміз. Еліміздің болашағы сіздердің қолдарыңызда. Сендер қандай болсаңдар, еліміз де сондай болады. Осыдан жиырма жыл бұрын Қазақстанды әлемнің ешбір елі білген жоқ. Ал өткен жиырма жыл ішінде Қазақстанды бүкіл дүние жүзі елдері танып қана қоймай, абыройы асқақтаған ел ретінде мойындады. Еліміздің жаңа тарихында осындай жетістіктерге жетуімізге Тәуелсіздік жылдарында мектеп бітірген жастарымыздың қосқан үлесі орасан зор. Осы жастардың арқасында үлкен дәрежеге жетіп келеміз. Сол үшін мұны сіздерге мысал ретінде айтып отырмын. Әрине, бұл жетістіктердің басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Елбасының сындарлы саясатының арқасында Қазақстан әлемдегі ірі-ірі қауымдастықтардың төрінде отырып, төрелігін беріп келе жатыр, — деді Елеусін Наурызбайұлы.
Салтанатты шарада облыс басшысы мектеп бітіруші түлектерге аймақта Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мектеп бітіріп, қазіргі күні облыстың, республиканың түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүрген бір топ лауазымды тұлғалардың есімдерін атады. Олардың қатарында Қарғалы ауданының әкімі Айбек Сағиев, «Мир» бизнес орталығының бас директоры Всеволод Щегельский, облыстық білім басқармасының бастығы Айгүл Арынғазиева, Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының белді әртісі Жанболат Жұмағазин, Астана қаласы әкімшілік аппаратының басшысы Жанболат Мырзалин, т.б. бар.
Облыс әкімі биылғы ұлттық бірыңғай тестте жоғары көрсеткішке жеткен Ақтөбе қаласы мен Мұғалжар, Қарғалы, Ырғыз, Шалқар аудандары білім ордаларын, соның ішінде ең жоғары балл жинаған Темір ауданы Шұбарқұдық мектеп-гимназиясы ұстаздарының еңбегін ерекше бағалады. Сонымен қатар М.Құсайынов атындағы мектеп-интернат пен облыстық физика-математика мектеп-интернатының және облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының мұғалімдер ұжымына алғыс білдірді.
Бұдан әрі облыс басшысы биылғы ұлттық бірыңғай тест сынағында 124 балл жинаған Ақтөбе қаласындағы №20 мектеп-лицейдің түлегі Сергей Бланк пен Хромтау ауданы №2 мектеп-гимназиясының түлегі Жанна Байтуринаға «Алтын белгіні» және жеңіл автокөліктердің кілттерін табыс етті. Тағы бір көлік кілті ҰБТ нәтижесі бойынша орташа 109 балл жинаған Темір ауданы Шұбарқұдық мектеп-гиназиясының директоры Дидар Алмағамбетоваға табысталды.
Бұдан әрі облыс әкімі Елеусін Сағындықов пен Ақтөбе қаласы әкімі Архимед Мұхамбетов қалған 135 мектеп түлегіне «Алтын белгілер» мен ноутбуктерді табыс етті.
Мерекелік шара барысында түлектер бір-бірімен вальс биледі. Осы сәтте аспанға «Жас түлек-2011» және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне — 20 жыл» атты жазуы бар 3 мыңнан астам түрлі-түсті шар ұшырылды. Сондай-ақ, көкке ұшырылған көгершіндер мен түрлі-түсті орамалдар мерекенің ажарын келтірді.
Дидар Алмағамбетова, Шұбарқұдық мектеп-гимназиясының директоры:
— Биылғы оқу жылында Шұбарқұдық мектеп-гиназиясын 25 оқушы тәмамдап отыр. Ұлттық бірыңғай тест емтиханында 25 оқушының 23-і 100 және одан жоғары балл жинады. 7 оқушы «Алтын белгі», 7 оқушы үздік және 2 оқушымыз ерекше аттестат алды. Мұндай жетістікке үнемі дайындық пен оқушылардың талабының арқасында жеттік. Бүгінгі күні білім ордасында кәсіби білімі жоғары мамандар қызмет істейді. Бұл — үлкен еңбекпен келген жетістік.
Тоғжан Қоңыратбай, Байғанин ауданындағы Қ.Жазықов атындағы орта мектептің түлегі:
— Мен ұлттық бірыңғай тест емтиханында 112 балл жинадым. Енді құжаттарымды Астана қаласындағы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің инженер-технолог мамандығына тапсырмақпын. Сынақ емтиханын тапсырарда Жазықовтар отбасы, оның ішінде Лаура апайым мен ұстаздарым және ата-анам зор үміт күтті. Сол үміттерді ақтадым деп ойлаймын.
Нұржан Есенбаев, облыстық физика-математика мектеп-интернатының түлегі:
— Сынақ емтиханынан 116 балл алдым. Өте қуаныштымын. Мұнай саласын таңдап отырмын. Қазір бұл сала қарқынды даму үстінде. Өз күш-жігерімді жергілікті жердің мұнайын игеруге жұмсағым келеді. Құжаттарымды Алматы қаласындағы Қаныш Сәтпаев атындағы ұлттық университетке тапсыруды жоспарлап отырмын.
Сымбат Имағамбетова, Қобда ауданындағы И.Құрманов орта мектебінің түлегі:
— Бүгін мен өте қуаныштымын. Бізге мұндай құрмет жасаған облыс басшысы Елеусін Сағындықов ағаға үлкен алғыс айтамын. Болашақта журналист болғым келеді.
Қайсар Құсайынов, облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының түлегі:
— Ұлттық бірыңғай тесттен 112 балл жинадым. Болашақта инженер боламын. Барлық құрбыларымды бүгінгі мерекемен құттықтаймын!
Келді. Көрді. Ынтымақтасты
Қоныс» спорт сарайында «ITFA-2011. Туризм. Саяхат. Спорт» IX халықаралық туристік көрмесі және III «Шеберлер ауылы» қолөнер шеберлерінің республикалық фестивалі өтті.
Ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова Ақтөбе облысының туристік мүмкіндігін, қолайлы географиялық жағдайын және облыс аумағында Қазақстанда ерекше қорғауға алынған нысандар тізіміне кіретін табиғи ескерткіштер көптігін, Батыс Қазақстан аймағындағы ірі өнеркәсіптік және іскерлік орталықтардың бірі екенін атап өтті. «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе филиалының төрағасы Балғали Ордабаев қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аталмыш көрме Туризм және спорт министрлігінің іс-шаралар күнтізбесіне еніп, бұл жолы да облыстың туристік кластері ретінде ұсынылды.
Көрмеге туристік фирмалар, қонақ үй және мейрамханалық бизнес, көліктік және сақтандыру компаниялары, демалыс базалары, туристік және спорттық құрал саймандар өткізуші кәсіпорындар, мұражайлар, туризм мамандарын даярлаушы оқу орындары, үкіметтік емес ұйымдар қатысты. Барлығы 70-тен астам жәдігер қойылды.
Ақтөбе облысын халықаралық және ішкі туризмнің алаңы ету — өңір алдында тұрған басты мақсаттардың бірі. Басқармадағы туризм бөлімінің мәліметінше, былтыр біздің Ақтөбеге келген 70 511 туриске қызмет көрсетіліпті. Туристердің дені іскерлік мақсаттармен және демалуы үшін саяхаттайды екен.
Ішкі туризмге атсалысып жүрген «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес төрт жылдан бері барлығы 462 балаға «Ақтөбе-Бұлақ-Әлия» және «Ақтөбе-Әлия-Қобыланды» бағыттары бойынша саяхат ұйымдастырғанын, олардың басым бөлігі аз қамтылған отбасының балалары мен Алға балалар үйінің тәрбиеленушілері екенін айтты. Төраға биыл 8 маусымда осы бағыттар бойынша тағы да 100 баланы батырлар мекеніне саяхаттауға алып барады.
Көрме аясында қолөнер шеберлерінің III «Шеберлер ауылы» республикалық фестивалі өтті.
Маңызды міндеттердің бірі — кәдесый өнімдерін шығару нарығын құру және туристік кластердің инвестициялық жобаларын іске асыру бойынша әлеуетті инвесторларды анықтау. Ал қолөнер бұйымдары — туризм индустриясының ықпалды бөлігі.
Қазылар алқасы ағаштан ойып жасаған ет салатын табақтары үшін Павлодардан келген ағаш шебері Мелжан Сыдықовты, сымнан тоқыған батыр сауыты үшін Көкшетаудан келген темір ұстасы Сергей Мишинді, қыш құмыра жасап отырған
ақтөбелік шебер Орынбасар Төлегеновті «Ең үздік қолөнер шебері» деп таныды.
Ташкенттегі Островский атындағы театр институтының керамика факультетін бітірген жас шебер Орынбасар Ақтөбеде төрт жылдан бері қыштан бұйымдар жасауды кәсіп етеді. Қазір ол — ақтөбелік суретші, енді ғана зергерлікке бет бұрған Болат Атыраубаевтың «Шебер арт» студиясының шебері. Көрмеде шағын қыш құмыраларды 500-700 теңгеге, ал қыштан жасалған ру таңбаларын 200 теңгеге бағаланды.
Тағы бір көз тоқтатып қарағанымыз — «Ой салған оюлар». Бұл автордың өз жұмыстарына қойған ортақ атауы. Байғанин ауданының Жарлы елді мекенінен келген Серікбай Қайдасов көрмеге өзі салған суреттерін ала келіпті. «Бишілер», «Халықтар достастығы», «Қонақтар», «Палуандар», «Татулық», «Замана» деп аталатын картиналарын оюлар арқылы бейнелепті. Жарлы негізгі мектебінде қырық жыл бейнелеу өнері, технология пәндері бойынша балаларға сабақ берген ол кезінде Мәскеудегі Н.Крупская атындағы халықтық өнер институтында сырттай екі жыл білім алған.
«Стендті үздік безендіру» номинациясы бойынша І орынды павлодарлықтар жеңіп алды. Екінші орынды тараздықтар мен қостанайлықтар иеленді. Ал өзіміздің Ырғыз және Хромтау аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімдері әкелген көрме жұмыстары ІІІ орыннан көрінді.
Хромтаулықтар әкелген жұмыстың басым бөлігі — №5 Хромтау мектеп-гимназиясының еңбек пәнінің мұғалімі Нұрболат Өтенов пен Рүстем Ізмағанбетовтің қолынан шыққан ағаштан ойып жасалған шағын мүсіндер мен картиналар. Өзін Жәдігер Кенбаевтың шәкірті санайтын Нұрболаттың жылқы мен түйе мүсіндері қазір Хромтаудағы Жеңіс даңғылы бойындағы аллеяға қойылған. Енді Дөң селосындағы орта мектептің ауласына қою үшін төрт түлік малдың шағын мүсіндерін жасап жатқанын айтты. Ал Рүстем көз алдымызда 15 мыңға бағалап тұрған «Арғымақ» атты картинасын сатып үлгерді.
Қолөнер шеберлерінің көз жауын алар қолдан жасаған дүниелері өз иелерін күтіп тұрды. Өйткені, түпнұсқа — дара.
Қатысушылардың бәріне сертификаттар тапсырылып, шақыру билеттері бойынша ұтыстар ойнатылды.
Фестиваль аясында «Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Ақтөбе облысында туристік саланы дамыту» тақырыбындағы семинар және қолөнер шеберлерінің мастер-кластары өткізілді. Көрмеге қатысушылар арасында ынтымақтастық туралы келісім бекітіліп, Меморандумға қол қойылды.
Қуғын-сүргін құрбандарын еске алды
Жыл сайын 31 мамырда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, жазықсыз жапа шеккендердің аруағына құран бағышталады. Биыл да Түйетөбенің басына көп адам жиналды. Шараға облыс және қала басшылары, облыстық сот, ҰҚК Ақтөбе облысы бойынша департаменті, облыстық ішкі істер департаменті, қуғынға ұшыраған азаматтардың ұрпақтары, ардагерлер, еңбек ұжымдары мен қоғамдық және саяси бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш жанындағы шара қаза болғандардың аруағына құран бағыштаудан басталды. Облыстық «Нұр ғасыр» мешітінің наиб-имамы Сансызбай Шоқанов құран бағыштап, Свято-Никольский храмының шырақшысы Николай әкей еске алу дұғасын оқыды. Кейін гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасты. Облыс әкімінің орынбасары С.Нұрқатова, облыстық мәслихат хатшысы Б.Ордабаев, Ақтөбе қаласының әкімі А.Мұхамбетов бастаған топ кезекпен ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар, жоғарғы және арнаулы оқу орындарының басшылары да жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым етті.
Сол бір нәубатты жылдары елімізде 100 мыңнан астам адам солақай саясаттың қаһарына ұшырып, 25 мыңдайы ату жазасына кесілді. Біздің облыста 7 мың адам қуғынға түсіп, оның 1,5 мыңы атылған. Сол кезде көптеген көзі ашық халық қалаулылары мен ұлт жанашырлары қаза болды. Бүгінгі ұрпақ әкелері мен аталарын ешқашан ұмытпақ емес. Жылда осы атаулы күні ескерткіш маңына келіп ас беретіндердің бірі — Жәдігер Қадырберденов.
— Менің атам Қадырберді Есетов мешіт ұстаған молда болған. Халыққа білім берген. Ол кісінің соңғы мешіті Байғанин ауданының «Алтай» ұжымшарында 1928 жылға дейін жұмыс жасаған. Алғашқы мешітін Маңғыстау облысында салған. 1932 жылы халық жауы ретінде қуғынға ұшырап, атылып кеткен. Ал оның екі баласы Жамаладин мен Сыражадин де қуғынға түсіп, осы жерде ату жазасына кесілді. Мен сол Жамаладиннің баласымын. Әкемнің ағасы Сыражадин 1940 жылы атылды. Ол кез менің есімде қалды. Кейін екеуінің ақталғандығы туралы қағазын алдық. Бірақ, сол саясаттың салқыны біздерге де тимей қойған жоқ. Біраз уақытқа дейін «халық жауының» баласы деп саусақпен көрсетіп жүргендер болды. Бар қиындық анамызға түсті. Бүгін туыстарымызбен бірге жиналып, атамыз бен әкелеріміздің аруағына арнап ас беріп жатырмыз. Одан басқа қолымыздан не келеді, — дейді ол.
Саяси қуғын-сүргін жылдары облысымызға 3 мың орыс, 5 мың украин, 6 мың шешен, 400 ебірей, 1 мың поляк, 1,5 мың неміс және көптеген өзге ұлттар өкілдері жер аударылды. Солардың бәрін қазақ халқы бауырына басып, қамқорлық көрсетті. Кейін республика бойынша 400 мыңнан астам адам еліне қайтарылды.