Оқиғалар
Келер жылы Ақтөбе қаласында «Ақылдылар және тапқырлар» балалар орталығы, «Капитан Брик» ойын-сауық кешені һәм жаңа АХАЖ ашылады
Кеше облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен Ақтөбе қаласының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков қала аумағында салынып жатқан бірнеше нысандардың құрылысымен танысты.
Жергілікті билік басшылары алдымен қаладағы Сәңкібай батыр даңғылында бой түзеп жатқан мамандандырылған «Ақылдылар және тапқырлар» балалар орталығына барды. Құрылысы осы жылдың шілде айында басталған нысанның жобалық-сметалық құны — 705 млн.25 мың теңге. Тапсырыс беруші мекеме — «Ақбөбек» сауықтыру орталығы. Төрт қабатты ғимараттың құрылысын жүргізіп жатқан мердігер мекеме — «Мега Ақтөбе» ЖШС.
Келер жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға берілетін ғимарат екі бағытта жұмыс істемек. Яғни, мұнда 372 орындық (14 топ) балабақша мен 300 адамға арналған балалар клубы жұмыс жасайтын болады. Клубта демалыс күндері балалардың бос уақытын тиімді өткізуге, олардың ата-аналармен бірге оқуына мүмкіндік болады. Бүгінгі күні құрылысқа жүзден астам адам жұмысқа тартылыпты. Тапсырыс берушілердің айтуынша, орталық іске қосылған соң мұнда 102 адам жаңа жұмыспен қамтылмақ.
Бүгінгі күні орталықта ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ғимараттың ішкі бөлігін түгел аралап, құрылыс жұмыстарымен танысты. Болашақта балалар үшін орталықта бассейн, сауна және сенсорлы кабинет пен ойын алаңы, музыкалық және мәжіліс залдары жұмыс істейді.
Облыс басшысы аралаған екінші нысан — қаладағы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық саябақта орналасқан «Капитан Бриг» ойын-сауық кешені. Жалпы құны 10 млн. долларға бағаланған нысанның құрылысы 2010 жылдың наурыз айында басталыпты. Құрылыстың бірінші кезеңінде саябаққа көркейту және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, балалардың ойын аттракциондары салынды. Енді жаңа жылға дейін жабық ғимарат ішінде павильон құрылысы аяқталып, аттракциондар іске қосылмақ. Балалар үшін салынатын экстремалды аттракциондарды құрастыру жұмыстары алдағы жылдың еншісіне қалмақ.
Бұдан соң облыс және қала басшылары қаладағы Сәңкібай батыр даңғылы бойында орналасқан азаматтардың хал актілерін жазу (АХАЖ) бөлімі жаңа ғимаратының құрылысымен танысты. Құрылыс жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталған нысанға мердігерлік еткен мекеме — «Батыскапстрой» ЖШС. Мекеменің бас инженері Серік Баймұхановтың айтуынша, құрылыс жұмыстарына 100 миллион теңгеден артық қаражат жұмсалған.
— Ескі мекемеге қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құрылыс жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталды. Құрылыстың екінші кезеңінде ішінде жас жұбайларды некеге тіркейтін кең залы бар екінші ғимарат бой көтермек, — деді Серік Баймұханов.
Үш нысанның құрылысымен толық танысқан Архимед Бегежанұлы журналистер алдында сұхбат берді.
— Ақтөбе қаласында бой көтеріп жатқан бірнеше нысанның құрылысымен таныстық. Келер жылдың ақпан айында пайдалануға берілетін балалар орталығы жеке кәсіпкердің қаражатына салынып жатыр. «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан құрылыс «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы қаржыландырылып отыр. Орталықта бағаның едәуір төмен болуына қадағалау жасаймыз. Қазір облыс орталығына балалар ойнайтын ойын-сауық кешені жетіспейді. Бір мезгілде 400-ге жуық баланы қабылдайтын балалар орталығында бассейн, музыкалық зал мен асхана, ойын алаңдары жұмыс істейтін болады. Олардың бос уақытын тиімді өткізуде орталықта барлық жағдай жасалады.
Ал кәсіпкерлер күшімен тұрғызылып жатқан «Капитан Бриг» кешені келер жылы балалар игілігіне тапсырылмақ. Осы жылдың желтоқсан айында балалар үшін жабық ғимаратта кафе мен арнайы аттракциондар жұмыс істей бастайды. Құрылыстың жүру қарқыны жаман емес. Кемшіліктер де бар. Кезекті жұмыстардың қарқынды жүргізілуі үшін мердігер мекемеге тапсырмалар берілді.
Қазір Ақтөбе қаласындағы АХАЖ бөлімі орналасқан ғимарат ескірді әрі мекеме алаңы көлік сыйымдылығы үшін тарлық етеді. Жас жұбайлардың некесін қиятын жаңа ғимарат аз уақыттан соң жастар игілігіне тапсырылмақ. Жергілікті биліктің көмегімен әрі кәсіпкерлердің ықпалымен заманауи және сапалы құрылыс материалдарымен бой көтеріп жатқан нысандардың қай-қайсысы да қала көркін аша түсетіні сөзсіз, — деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Өз сөзінде Архимед Бегежанұлы аймақ кәсіпкерлерінің жергілікті атқарушы билікпен бірлесіп жұмыс істеуі жолында мейлінше жағдай жасалып жатқанын тілге тиек етті.
Атын естіген көп жұрт алыстан ат арытып іздеп келетін қазақтың бас батыры Қобыланды бабаның асыл сүйегін сақтаған қорым жанындағы Жиренқопа жұрты соңғы 4-5 жылда жаңарған өлкенің жаңалықтарын мақтаныш етіп отырады. Көп адам тамсанып келіп, таңырқап қайтатын қасиетті өңірге өткен аптаның соңында ашылған 180 орындық жаңа мектеп өң беріп тұр.
Еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығы тұсында мектептің ашылуын тұрғындар жақсылық нышанына балап, салтанатты шараға таңертең ертемен жиналды. Ақ ұлпа қарды аспанға көтерген ақ түтек боранның ауа райын бұзып тұрғанына қарамастан, жиренқопалықтардың қуанышын бөлісуге көрші ауылдардың мектеп ұжымдары автобуспен келіп, концерт қойды.
Көптен күткен ұлы тойдай болған ұлан-асыр салтанатқа ақмаржан тілегін ала келген ауданның мектеп директорлары «әр ауылдың баласы Жиренқопадағыдай жаңа мектепте оқитын күн туады әлі…» деген үкілеген үміттерін жеткізді. Аудан әкімі Асқар Жүсібалиев бастап жақсыны көрмекке келген ауданның бір топ мекеме басшылары көрімдікке әкелген тарту-таралғыларын сыйлады.
— Төрт жыл бұрын Қобыланды бабаның кесенесі салынғанда Жиренқопа бағытындағы жолдың жөнделгеніне, жаңа амбулатория, әкімдік ғимараты сияқты мекемелер салынғанына, жалпы ауыл жаңарғанына көпшілік куә. Сол жылдары Жиренқопаға жаңа мектеп салу туралы әңгіме қозғалғаны да белгілі. Міне, уақыттың еншісіне берілген бұл бастама аяқсыз қалмады. Төбесінен су кетіп тұрған көне ғимарат жабылғалы бері екі жыл бойы әкімдіктің ғимаратында оқыған оқушылар енді жаңа мектептің игілігін көретін болады. Жаңа мектепте білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Жиренқопаның мұғалімдері мен оқушылары өздеріне үлкен міндет жүктеліп отырғанын сезінетін болар деп ойлаймын, — деді аудан әкімі А. Жүсібалиев.
Жиренқопа ауылында алпысыншы жылдары салынған ескі мектеп соңғы жылдары төбесінен су кетіп, апатты жағдайда қалғандықтан, есігіне құлып салып, оқу жылының ортасында сабақты ауыл әкімдігі ғимаратында жалғастырды. Өткен жылы басталған мектеп құрылысы жүріп жатқан жаз айында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов келіп көріп, мектеп директоры Сәнімжан Нәкешоваға мектепті құрылысшылардан тап-тұйнақтай етіп қабылдап алу туралы тапсырма беріп кеткен болатын. Қазан айында дайын болған мектептің ұсақ-түйек жұмыстары қарашаның соңына дейін созылып, мердігер компания «Мизам» ЖШС жаңа мектептің кілтін тапсырғанша асықты.
Салтанатты ашылу рәсіміне құрылыстың бас мердігері «Емшан» компаниясының президенті Мейіржан Өндіргенов, облыстық мәслихат депутаты Сақыпжамал Саттарова келді.
— 180 орындық мектептің құрылысына 365 млн. теңге бөлінді. 160 оқушысы, 36 мұғалімі бар осы мектептің іші-сырты бірдей талапқа сай болуы үшін көп күш жұмсалды. Үнемделген қаржыны тиімді пайдалану мақсатымен мектепке 8 интерактивті тақта, тігін шеберханасына 23 іс машинасы, музыкалық аппаратура, үлкен экранды теледидар алынды, мультимедиялық кабинет жасақталды. Компьютерлер, лингафон кабинеті, физика кабинеті, 72 орындық асхана, 130 орындық акт залы, спорт зал, ер балаларға арналған шеберхана, технология кабинеті, кіші топқа келетін 15 бүлдіршін үшін үлкен бөлме, тілінің мүкісі бар балаларға қосымша дәріс беретін логопед-мұғалімнің кабинеті барлық құралдары толық жабдықталып, сабақ өткізуге сақадай сай тұр. Тіпті, балалар үшін «Отау» спутниктік телерадиохабарлар тарату желісінің арнайы құрылғысын орнатып қойдық. Жиренқопаға жүргізіліп жатқан су құбырының жұмыстары келесі жылы бітетін болғандықтан, әзірше мектеп ауласынан бұрғылау арқылы су шығарып алып отырмыз. Су мектептің ішіне құбыр арқылы келіп тұр.
Біздің мектептің түлектері өткен ҰБТ қорытындысы бойынша аудан мектептері арасында екінші орынға қолымызды жеткізді. Енді осындай жаңа, заманауи технологиямен жабдықталған мектеп үшін бірінші болу міндет саналатынын жақсы түсінеміз. Биыл да ұятқа қалмаймыз деп сенемін. Бұл мектеп — Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында біздің ауыл үшін жасалған ең үлкен сыйлық деп білемін, — дейді мектеп директоры Сәнімжан Нәкешова.
Химия класын жабдықтап беруге уәде берген аудандық білім бөлімінің басшысы Роза Шабарова «қандай сыйлық жасарын білмей тұрған» «Емшан» компаниясының басшылығына аудан орталығынан 110 шақырым қашықтықтағы ауылдың мектебі үшін «Газель» керек екенін құлаққағыс етті. Мейіржан Өндіргенов мырза меселді қайтармады — бір күні бұйымтайды жеткізіп беретініне сендірді.
Жаңа ғимараттың тұсаукесер тойына Жиренқопа мектебінде 40 жыл жалықпай ұстаздық еткен зейнеткер мұғалім Елемес Байтілеуов те келді. Еңбек кітапшасына осы мектепке жұмысқа қабылданғаны және арада 40 жыл өткенде зейнеткерлікке шыққаны жөнінде екі мәрте ғана мөр басылған қарт ұстаз мектептің тарихын баяндады, тәуелсіз елде өсіп жатқан өр рухты ұрпаққа бақыт тіледі, «тәуелсіздіктің қадірін біліңдер» деп өсиет айтты.
Ал Жиренқопа мектебінде 6 баласын оқытқан ардақты ана Шәмшия Айжарықова ауылдастарының қуанышын бөліспек оймен қаладан арнайы келіпті. Қазір мектепке барып жүрген 3 немересінің жаңа ғимаратта оқитынына қуанған Шәмшия апа балаларға нұрлы болашақ тіледі.
Жиренқопа көп жұртқа таныла бастағаннан-ақ жас мамандар мектепке ағылды. Соңғы уақытта Елбасының идеясымен өміршеңдігін танытқан «Дипломмен ауылға» жобасының аясында келетін жас мамандардың жаңа толқыны алыстағы ауылды жасартып жібергендей болды. Биыл ғана Ақтөбедегі Байланыс және электротехника колледжінен диплом алып шыққан Тәуелсіздіктің құрдасы Қымбат Мұрынова бұрын атын ғана естіген Жиренқопаға Калиновкадан келуге өзі тілек білдіріпті.
— Мен физика, информатика пәндерінен сабақ беріп жүрмін. Осы ауыл, мектептің ұжымы, оқушыларым маған қатты ұнайды. Тез тіл табысып кеткенім сонша, қазір қыздар арасында «Қызғалдақ» тобын құрып, би үйірмесінен қосымша дәріс беремін.
Жаңа мектептің жаңалығына көзіміз тоймайды. Менің пәнім бойынша барлық жағдай жасалыпты. Физика кабинетінде құралдардың бәрі заманауи талаптарға сай келеді, дидактикалық материалдар, әдістемелік құралдар, компьютерлер, жобалауыш құрылғы, бәрі-бәрі өз орнында. Осындай мектепте жұмыс істеуді кез келген маман армандайды деп ойлаймын. Бұл жағынан менің жолым болды, — дейді Қымбат.
Ашылу салтанатына келген қонақтар мектепті аралап көрді, оқушылардың концертін тамашалады, жаңа асханада жайылған мерекелік дастарқанда бас қосты.
Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Зере-тур» ЖСШ ұйымдастырған ақпараттық тур бағдарламасы Мұғалжар ауданына арналды. Ақтөбе — Көтібар батыр кесенесі — «Орқаш» қорығы — Төлеубұлақ үңгірлері (петроглифтері) — Айрық (Маяк) — Айрық тауы бағытында жолға шыққандардың ішінде БАҚ және басқа да осы іске қызығушылық танытқан ұйымдардың өкілдері болды.
Сапардың мақсаты туралы облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Дәурен Базаров былай деді:
— Біздің Ақтөбеде көруге тұрарлық айрықша жерлері бар орындарда демалғысы келетін адамдар үшін өз еліміздегі немесе алыс-жақын шетелдердегі туристік орындарға баруға, келуге барлық мүмкіндік бар. Алайда біздің, өз жерімізде ішкі туризм мәселесі кенже қалып отыр. Ішкі туризмді дамыту мақсатында облысымыздың әрбір ауданындағы өз жерлестеріміз немесе сырттан келген адамдар ат арытып барып, тамашалауға , демалуға лайық орындарды халыққа таныстыру, насихаттау және оны игеру жағы жетісіңкіремей жатыр. Мұғалжар ауданында да сондай өзіндік ерекшелігі бар жерлер аз емес. Осы бағдарламада сол ойды іске асыруды жоспарлап отырмыз. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сондай орындарды насихаттап, халықтың да, инвесторлардың назарын аударсақ деген ойымыз бар. Мұның алдында Мәртөк ауданында болдық. Онда да кісі қызығарлықтай жерлер аз емес».
Ал «Зере-тур» ЖШС директоры Ботагөз Қыранбаева болса, қазақтың ұлттық сипатын айқындайтын салт-дәстүрлердің жаңғырғанын қалайды екен. Ол: «Шетелдіктер Қазақстан десе, киіз үйімізді, қымызымызды, жалпы өзімізге тән ұлттық нақыштарды көргісі келеді. Ұлттық ерекшеліктерімізді сақтауымыз керек. Соны сақтаудың бір жолы — ішкі туризмді дамыту. Өз өңірімізде басқа елдерде кездеспейтін керемет жерлер бар. Мысалы, мына үңгіртастардың өзі не тұрады?»- дейді.
Ақтөбеден Мұғалжар ауданына қарай жол тартқан автобус әуелі Алға ауданына қарасты Бестамақ ауылындағы мемлекеттік қайраткер, қолбасшы, саясаткер әрі мәмілегер Есет Көкіұлына қойылған белгінің қасына тоқтады. Жолаушылар баба рухына тағзым етті. Одан соң Ақкемер ауылын бетке алды. Ондағы — мақсат ел-жұрты «Көтібар — алмас қылыш, ел тірегі» деп баға берген Көтібар Бәсенұлының кесенесіне барып, зиярат ету. Діттеген жерге жеткен соң, батыр бабамыздың шырақшысы келіп, кесене ішін бізбен бірге аралап, оның рухына құран бағыштады. Ол кісі келгендермен Көтібар Бәсенұлы туралы өзі білетін мәліметтерімен бөлісті.
Одан кейін Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласынан әрі қарай жолға шықтық. Бағытымыз — «Орқаш» табиғи қорығы. Бұл жолда бір кезде Құдайберген Жұбанов атын терекке байлай салып, пойызбен оқуға аттанып кететін, кейін ауылдастары жыр етіп айтатын Жұрын стансасының, Орқаш ауылының үстімен өттік. Жолай ел аузында «Қырандар мекені» аталып кеткен қыран ескерткіші орнатылған жерге аялдадық. Қыранның мойын тұсы сынып, төмен қарай түсіп кетіпті. Алайда сол жерде көкте самғап жүрген қырандар үшін бұл маңайдың қауіпсіз, жайлы мекен екені сезіледі. Құстарды әуесқойлық тұрғыдан бақылау да экотуризмнің бір түріне жатады екен. Жыртқыш құстарды сырттай бақылаудың өзі адамға ерекше ләззат сыйлайды.
Орқаш табиғи қорығына жеткен соң, бағдарлама қатысушылары алыстан бір бөлек ну орман болып ерекшеленіп тұрған қорықтың қасына барып, іш жағын араладық. Барғандардың айтуынша, өткен ғасырдың басында, төңкерістен бұрын егілген қайың мен көктерек тұтасып, басқа да табиғи ағаштармен біте қайнасып кеткен. Шөптің де не түрі бар. Арамызда қорықтың айналасындағы шөптің түрлерін жинап жүргендер де болды. Сол маңайдан саңырауқұлақ түрлері де табылды. Бұл орындардың әрқайсысы туралы мамандардың мәліметтерін мақала соңында келтіремін.
Одан әрі сапарымызды жалғадық. Арасында автобусты тоқтатып, жиде теріп жедік. Балалық шағын сағынып еске алғандар көп болды. Ащысай ауылының тұсынан өткенде ат арбамен кетіп бара жатқан ақ жаулықты ананы тоқтатып, жөн сұрастық. Алты баланың анасы Әлима Сәндібекқызы малшы болыпты, ауылдың екінші шетіндегі дәрігерлік пунктке кетіп барады екен. «Ауылда ат арбамен жүретіндер көп, өзім аяғым ауыратын болған соң, осылай жүргенді ұнатамын»,— дейді. Қалада өскендер үшін бұл бір керемет көрініс болды.
Бір кезде Соркөлдің тұсына тоқтадық. Жаздың күні тартылып қалатын көлдің қызығын халық екі айдай көреді екен. Тұзды көл болғандықтан шипалы, емдік қасиеті бар. Барғандар көлдің тұзынан салып алып жатты. Тұзды көл іздеп Қытай шекарасындағы Алакөл асып жүргендерге таптырмайтын жер секілді. Тек онымен түбегейлі айналысып, зерттеп демалыс аймағына айналдыру ішкі туризмнің бір міндеті сияқты көрінді.
Содан соң тағы жүріп отырып, Төлеубұлақтың жанына келіп ат шалдырдық. Бұл жердің қызығы тіпті бөлек. Топ-топқа бөлініп алып, етегінде сусылдаған сары құмы бар, қолмен қалағандай биік тастардың арасындағы үңгірлерді тамашаладық. Үңгірлерге қарап отырғанда, ойың сан саққа жүгіреді. «Күнінде кімдерге пана болды екен?» дейсің, ел басына түскен небір зұлматтың сырын ішіне бүгіп тұрғандай. Төңіректегінің бәрін суретке түсіріп алдық.
Бұлақтың тұсына киіз үй типтес шатыр тігіп, ішіне жайғастық. Бағдарлама қатысушылары Төлеубұлақ бұлағынан су ішіп қана қойған жоқ, үңгір жақтан тас тасып, Төлеубұлақтың бітеліп бара жатқан көзін ашып, жан-жағын тазалап, табиғи тастармен айналасын көмкеріп қойды. Сол күні ақпараттық турмен барғандар далада жанған оттың жанында кешкі астарын ішіп, ән шырқап, табиғат аясында бір серпіліп қалды. Түн ішінде Төлеубұлақ үңгірлерін тағы бір шарлаған жастар жағы өздері ойдан құрастырған қорқынышты әңгімелерінен өздері шошып, шыдамай шатырға қайтып келді.
Ертесіне Айырық ауылына жиналдық. Жолда Түйемойын ақ борлы тауларын да көрдік. Заманының сал-серісі Батақтың Сарысы:
«Тұсынан шыға келдім Айырықтың,
Даусымнан құйқылжыған айрылыппын.
«Дидар мен несіп ғайып» деген сөз бар,
Көрінген көк аттыға қайырылыппын», деп айтатыны осы тау болса керек. Айырық тауы түйенің қос өркешіндей көрінеді екен.
Айырық ауылына келіп, сол жерде біраз шараларды жүзеге асырып, Ақтөбеге Ембі арқылы жол тарттық. Ақпараттық тур нәтижесіз болған жоқ, бұрын-соңды көрмеген, өзіміз үшін де, талай жерлестеріміз үшін де таңсық жерлерді көріп, көңіліміз тоғайып қайтты. Еліңнің, жеріңнің қадіріне жете түскендейсің…
Ақкемер — Мұғалжар ауданындағы, Елек өзенінің сол жағасында орналасқан елді мекен.
Көтібар батыр кесенесі 2000 жылы тұрғызылған. Суретшісі — Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Әділғали Баяндин. Отаршылдыққа қарсы күрестің көрнекті қайраткері, халық батыры Көтібар Бәсенұлының кесенесі Ақтөбе қаласынан 100 шақырым жерде Көктөбе мекенінде орнатылған. Кесененің биіктігі 12 метр. Маңғыстау түбегінен жеткізілген ұлутастан өрілген. Сырым Датұлы, Көтібар Бәсенұлы бастаған Кіші жүз қазақтары бірлігінің белгісіндей кесене жанына үш қойтас орнатылып, оның бетіне Әлім-Шөменнің, Байұлының, Жетірудың 29 руларының таңбасы ойып жазылған. Ал құлпытас бетінде Көтібардың үзеңгілес, қарулас замандастарының есімдері бар. Кесене мемлекет қарауына алынған. 2005 жылдан бері оның қасында шырақшыға арналған үй бар.
Қандыағаш — Мұғалжар ауданындағы қала. Орынбор — Ташкент — Орск — Атырау теміржолы бойындағы ірі станса. Орынбор — Ташкент теміржолының құрылысы кезінде (1905 жылы) салынған қала. Ақтөбеден 95 шақырым жерде. Қандыағаш арқылы Ақтөбе — Атырау, Ақтөбе — Шалқар жолдары өтіп жатыр.
Жұрын — Мұғалжар ауданындағы ауыл, теміржол бойындағы станса. Аудан орталығынан 30 шақырым жерде орналасқан.
Орқаш (Қаракөл) ауылы Мұғалжар ауданының оңтүстік шығысындағы Көбелей өзененің саласы Қайыңдысай бойында. Аудан орталығынан 60 шақырым жерде.
«Орқаш» табиғи қорығы
Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданының жерінде Ор, Жем, Темір өзендерінің су айрықтарында орналасқан.
Мұнда ірі-ірі Сабындыкөл, Ащыкөл, Шіліктікөл, Қамыстыкөл деген көлдер бар. Бұл жерде көде, желкен шөптері кездеседі. Орқаш құмды шатқалында қайың мен көктерек егілген орманды алқап (орман саяжайы) бар. Орманды алқапта сирек кездесетін қайың, көктерек, қарағаш, тал және шалғындық алуан шөптер бар. Орман алқабы жақсы күйінде сақталған.
Орманның негізін қайың, көктерек, қарағаш, терек, итмұрын құрап тұр. Орманның шөп жамылғысы әртүрлі шөптерге бай. Бұл жерде кәдімгі мыңжылдық, алтыжапырақты шегіршін, сары маралоты, баршынгүл, тағы басқалар бар.
Облысымызда сирек кездесетін өкпешіл, усасыр және Қызыл кітапқа енгізілген, Қазақстанда өте сирек кездесетін, батпақты, дымқыл құмды жерде өсетін, шыбын-шіркей жейтін дөңгелек жапырақты шықшөп өседі.
Жерге ұя салатын жыртқыш құстардың 9 түрі кездеседі: қара лашын, кәдімгі көксары, ақсары, дала бүркіті, батпақ құладыны, шалғындық құладыны, қарақұс және кәдімгі бөктергі.
Тырна тұқымдастың 3 түрі (ақбас тырна, безгелдек және джек);
Дыбыстағыш құстың 4 түрі (жылқышы, қызғыш, қарала шалшықшы және шәушүрілдек);
Бұлдырықтың екі түрі (қарабауыр бұлдырық, қолаңтөс);
Үкінің 2 түрі (үй байғызы және үкі);
Қарға тұқымдастың екі түрі (көкқарға және сарыбоздақ);
Тентекқұстың бір түрі (кәдімгі тентекқұс);
Торғайлардың кем дегенде жиырма түрі бар.
Айрық (бұрынғы Маяк) — Мұғалжар ауданындағы ауыл. Мұғалжар тауының жиегінде, Әулие өзенінің жағасында, Айрық тауына жақын орналасқан
Айрық — Мұғалжар ауданындағы екібасты тау. Мұғалжар тауынан гөрі аласалау (643 м). Алғаш рет бұл тау туралы «Книге Большому чертежу» (1627 ж.) кітабында Ұрық атауымен жазылған.
Ақтөбе қаласында республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы мен облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай жас туристер мен өлкетанушылардың республикалық слеті өтіп жатыр. Слетке еліміздің 16 облысынан және Астана, Алматы қалаларынан келген 7-10 сынып оқушылары қатысты.
Ашылу салтанаты облыстық біліктілікті арттыру және қайта даярлау институтының мәжіліс залында өтті. Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры, педагогика ғылымдарының докторы Үміт Жексенбаева: «Бұл залда отырғандар — арманшыл жастар, өз өлкесінің патриоттары, байтақ еліміздің кішкентай жанашырлары. Туризм өлкетанудан басталады. Ендеше, әрқайсымыз өз өлкеміздің тарихын білуіміз қажет. Осы слетте өздеріңіздің өлкетану бағытындағы ізденіс жұмыстарыңызды ортаға салып, теориялық білімдеріңізді ғылыми негізде толықтырасыздар деп сенемін. Бұл әрі еліміздің туризм саласын дамытуға кішкене болса да үлестеріңізді қосқандарыңыз», — деді.
Одан соң облыстық білім басқармасының бастығы Айгүл Арынғазиева слет қатысушыларына сәттілік тілеп, ақтөбеліктерді Ақтөбе қаласының жас туристер стансасына 40 жыл толуымен құттықтады.
Бұл күні жас өлкетанушылар мен жас туристер өлкетануға және туристік-өлкетануға қатысты зерттеу жұмыстарын қорғады.
Слетке сырттан келген қонақтар Қарғалы ауданындағы «Мұнайшы» демалыс базасына орналасты. Екатерина Картанова басшылық жасайтын Ақтөбе қаласының жас туристер стансасының мамандарының қадағалауымен туристік жорықтар да осы жерде өтті.
Келесі күні мұнда «Туристік-бақылау бағыты» атты қашықтықтағы командалық жарыстар ұйымдастырылып, оқушылар жергілікті жерді бағдарлау, жолда табиғи кедергілерді жеңу техникасы мен тактикасын, туристік дағдылар элементтерін пайдалана отырып, туристік жорық жасады.
Тағы бір күні «Кедергілер туристік алабы» бағытында қашықтықтағы жарыстар өткізді. Бұл күні жас туристер табиғи және жасанды кедергілерден өтті, аласа тау баурайларына міну-түсуді, сондай-ақ шатырларды тігу-жығуды үйренді.
Слет соңында оқушылар зерттеу жұмыстары номинациялары бойынша марапатталады. Туристік жорыққа қатысқан командалардың да жеңімпазы анықталатын болады. Республикадағы балалар-жасөспірімдер туристік-өлкетану бірлестігінің үздігін айқындайды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар тапсырылады.
Елімізде қазақша сөйлейтін қуыршақтар шығарыла бастады. Оны өндіруші — былтыр ашылған «Бал-бала» компаниясы. Өткен жұмада «Мега-Ақтөбе» сауда-ойын-сауық орталығында бірінші ұлттық бренд саналатын «Бал-бала» ойыншықтарының таныстырылымы өтті.
Сатушы қолына домбыра ұстаған Азиада символы — қар барысы бейнесіндегі қуыршақтың тетігін басып еді, ол Құрманғазының күйін тарта жөнелді. Қуыршақтар бірінен бірі өтеді, ит кейпіндегі ойыншық «Ақбұлақ» әнін шырқаса, ақ қоян «Қамажай» биін билейді.
Жоба авторы, әнші Қыдырәлі Болманов қуыршақтарды қазақ тілінде сөйлетіп, бала санасына патриоттық тәрбиені кішкентай кезінен сіңдіруді мақсат еткен.
— Ақтөбе — маған ыстық әрі орны бөлек қала. Әнші боп жүргенде де ең алғашқы жеке концертімді осы Ақтөбеде өткізгенмін. Өнерге жолдаманы осы қаладан алдым. Сондықтан осы арт-жобамның таныстырылуын да осы қаладан бастауды жөн көрдім. Отандық кәсіпорынды дамытуға қолдау көрсетіп, бізді жылы қабақпен қарсы алып жатқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке алғыс айтамын. Бір қараған адамға бұлар қарапайым ойыншық боп көрінуі мүмкін, бірақ мұнда ұлттық деңгейдегі үлкен мәселе жатыр, — дейді Қыдырәлі Болманов.
Оның айтуынша, ойыншықтар шетелде — Қытайдың Гонконг, Гуанчжоу қалаларында жасап шығарылады. «Әлем ойыншықтарының 90 пайызы сол елде жасалады екен. Өкінішке қарай, әлі біздің елде ойыншық өндіретін бір де бір зауыт, не цех жоқ. Сондықтан да бізге қытайлықтардың қызметіне жүгінуге тура келді. Ал қазір біз Қазақстанда өзіміздің құрастырушы зауытымызды ашып үлгердік. Болашақта отандық ойыншықтарды көптеп шығаратын үлкен зауыт салу жоспарда бар. Ойыншықтарда еуропалық сапа сертификаты бар. Өзіміздің Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығында да тексерілді. Психологтар, дефектологтар, логопедтер мен педиатрлар да оң баға берді», — дейді Қыдырәлі Болманов.
Қуыршақтардың бір бөлігінің прототиптері — қазақ халық фольклорының кейіпкерлері. Мысалы, қазақ тілінде қазіргі заманға сай рэп айтатын Тазша бала, «Мен Алдармын, Алдармын…» деп ән салатын Алдар көсе. Бөбектеріміз енді осылармен ойнайтын болады. Сондай-ақ «Бал-бала» компаниясы әнші Қарақат Әбілдинаның түрі бейнелеген «Қарақат» қуыршағын да жасап шығарыпты. Ол біздің Ақтөбеге бір айдан соң әкелінеді. Қуыршақтардың ең арзанының бағасы — 2900 теңге. Ал ең қымбаты — 7-9 мың теңге.
— «Ұлытау» этнотобын құрғаннан кейінгі ойға келген шаруаның бірі — қазақ тілінде сөйлейтін қуыршақтар шығару болды. Әлемде өз тілінде сөйлейтін қуыршақ шығарған елдер саусақпен санарлық. Орталық Азия елдерінде бірінші боп біз шығарып отырмыз. Әуелі маркетингтік зерттеулер жүргіздік. Сұраныс бар. Алайда тауардың өзіндік құнын қойғанда, өндіру шығыны мен кедендегі төлемдер де есептеледі. Әрине, арзан зауыттармен келісіп, өндіруге де болады, алайда, ол кезде ойыншықтардың сапасы көңілімізден шықпаған болар еді. Ойыншықтардың бағасын төмендету ойымызда бар, бірақ ол үшін уақыт керек. Әзірге біз тек қаржы салудамыз, өнім тек келесі жылы ғана өзін өзі өтейтін болар. Қазіргі ісіміз — үлкен индустрияның бастауы. Әрі қарай құрастырмалы ойыншықтар, велосипедтер шығармақ ойымыз бар, — дейді Қыдырәлі Болманов.
Әнші Қарақат Әбілдина да әңгімеге араласып: «Ойыншықтарды әуелі үйдегі «бас сарапшылар» — балаларымыз қарайды, бағасын солар береді, — деп күлді. — Кішкентайым әлі тілі шықпаса да, қуыршақ тартқан домбыраның үніне елтіп, қол қимылына қарайды. Енді бірде билейтін қуыршаққа қарап мәз болады, — дейді.
«Бал-бала» ойыншықтарының 30-ға жуық түрі бар. Алғашқы — 90 мыңға жуық данасы шығып үлгерді. Қазір бұл ойыншықтардың бірсыпырасы Ақтөбедегі «Дина» супермаркетінде, «Симба» дүкенінде, «Алтай» базарында, «Мега-Ақтөбе» сауда-ойын-сауық орталығында сөреге қойылды.
Қаланы немесе аймақты таңдаңыз: