Жол көрсеткіш /
Талдықорған /
Оқиғалар
Оқиғалар
Таулы өңірдегі табысты істер
Облыс әкімі ең алдымен аудан орталығындағы «Балбөбек» балалар бақшасында болды. 1977 жылы салынған бұл ғимарат өткен жылы күрделі жөндеуден өткізілді. Оған 58 миллион теңге қаражат бөлініп, бар жұмысын «ГУНН Строй сервис» құрылыс мекемесі жүргізді. Бұрын балалар бақшасында 4 топ болса, қосымша 2 топ ашылды. 140 орынды балалар бақшасында 19 тәрбиеші, жалпы 43 адам еңбек етеді. Светлана Боранғазиева басқаратын ұжым биылғы көктем маусымында балалар бақшасы ғимаратының айналасын түрлі көшеттерге, жеміс ағаштарына, көкөніске тол¬тырды.
Облыс әкімі А. Мұсаханов балалар бақшасындағы мектепалды даярлық тобындағы бүлдіршіндер ортасында болды. Сәнді сахнасы жарасқан, түрлі шара өткізуге арналған бөлмеде балалардың өнерін тамашалады. Бал бөбектер Мұқағалидың өлеңдерін жатқа айтты. Ән айтып, би билеп, көп көңілін өсірді. Облыс әкімі балалар бақшасының ұжымына ұрпақ тәрбиесіндегі істеріне жеміс тіледі.
Облыс әкімі бұдан кейін «Құмтекей» шаруа қожалығы мен «Ақтасты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрт түлік малын көрді. Облыс әкімімен бірге орынбасарлары Тынышбай Досымбеков, Серік Мұқанов бірге жүрді. Оларды Еңбек Ері Жолсейіт Молдасанов бастаған азаматтар қарсы алды. Жолсейіт ата іргесін қалаған «Құмтекей» шаруа қожалығын баласы Қанатбек Молдасанов басқарады. Қожалықта 2 мың бас архар-меринос қойы бар. Оның 1500 басы аналық. Қожалық мүшелері көктемгі төл алу науқанын жемісті аяқтаған. Әр жүз бас саулықтан жүзден төл алыныпты. Аталған құрылым таза архар-меринос қойын өсіріп, көбейтуде үлкен жұмыс істеуде. Облыс әкімі «Құмтекей» шаруа қожалығының тұқымы жақсы үйірлі жылқысын көрді. Еңбек Ері Жолсейіт Молдасановқа асыл тұқымды малды көбейте беру тұрғысында ой-ұсынысын ортаға салды. Қожалық жұмысына ризашылығын білдірді.
«Ақтасты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысын оның төрағасы Жарылқасын Адасбаев таныстырды. Серіктестік негізінен суыққа төзімді, салмағы 450 – 500 киле тартатын етті галловей сиырын өсірумен айналысады. Жалпы, 147 бас галловей сиыры бар. Бұдан бөлек 610 қойы, 160 ірі қарасы, 53 жылқысы бар. Серіктестікте жалпы 8787 гектар болса, оның 4045 гек¬тарына дәнді дақыл өсіреді. Көктемгі, күзгі науқанды жұмыстарына қажетті техника, ауыл шаруашылығының агрегаттары толығымен бар.
Облыс әкімінің Райымбек ауданына арнаған іссапары одан әрі бұрын аудан орталығы болған Нарынқол ауылында жалғасты. Аудандағы ең үлкен, іргелі ауылда 10 мыңға тарта халық тұрады. Үш орта мектеп, оқу-өндірістік комбинаты, аудандық балалар спорт мектебі бар. Мұнда аудандық ішкі істер бөлімінің, халыққа қызмет көрсету орталығының, аудандық соттың тиісті бөлімдері, мекемелері бар.
Коттеджер қалашығы салынады
Алматыға шығатын үлкен жолдың бойында орналасатын 690 отбасыға лайықталған қалашықта барлық әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық нысандар да тұрғызылмақшы.
«Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы ҰК» АҚ басқарма төрағасы Бақыт Атайбековтің айтуынша, құрылыс жұмыстары үш кезеңнен тұрады, яғни 2012-2014 жылдары толығымен аяқталуға тиіс. Қазіргі кезде коммуникация желілері жүргізілуде. Оған республикалық бюджеттен 2,5 млрд. теңге бөлінді. Бұл жұмыстар үстіміздегі жылдың қазан айында бітеді деп жоспарланып отыр.
Қалашықта тұрғындар саны есепке алына отырып, 600 орындық мектеп пен 180 орындық балабақша, күніне 100 адам қабылдай алатын емхана, басқа да тұрмыстық-мәдени нысандар бой көтермек.
Әлеуметтік нысандардың құрылысына қаражат облыс қазынасынан қаралса, коттедждер мен коммерциялық нысандар тартылған инветорлар қаржысына салынатын болады. Әзірге әлеуеті жоғары инвесторлар қарастырылып жатыр. Қытай, Германия, Ресей секілді елдер ұсыныс жасап та үлгерген. Алайда, «Жетісу» ӘКК қазақстандық инвесторларды тартуды көздеп отыр.
Жалпы қалашықты тұрғызу 20 млрд. 826 млн. теңгені қажет етеді. Соның ішінде коттедж үйлердің құрылысына 16 млрд. 417 млн. теңге жұмсалмақ.
Бас жоспарына сәйкес мұндағы үйлер үш деңгейлі болмақ. Тұрғын үйлердің тең жарымы «Эконом-класс» болса, өзгесі «Стандарт-класс» және «Премиум класс» деңгейінде салынбақ. баспаналардың бағасы да осыған қарай есептелетін болады.
Қымызханалар ашылды
Өткен жылы Талдықорған қаласында 18, аудан орталықтары мен елді мекендерде – 91 қымызхана сауда үйлері жұмыс жасады. Оларда 978,5 мың литр қымыз бен шұбат сатылған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 294,3 мың литрге артық. Сонымен бірге 334,3 млн. теңгенің өнімі саудаланып, 376 адамды жұмыспен қамтамасыз еткен.
Облыс басшысымен қатар әкімнің орынбасарлары да әрбір аудандар қымызханаларының ашылу рәсіміне қатысты.
Абыз Ақсу, аңыз Ақсу
Мұнан соң көпшілік Есмұрат Сиқымов атындағы стадионға бет түзеді. Аудан өнерпаздарының ән мен жырдан шашқан шашуы көпшілікті тәнті етті. Тойға жиналған қауымды аудан әкімі Ә. Дүйсембаев құттықтады. Сондай-ақ облыс әкімі Аңсар Мұсаханов өз құттықтау сөзінде өзінің алғашқы сапарын Ақсу ауданынан бастағанын, қазақ еліне қабырғалы қаламгерлер сыйлағанжұртшылықтың қуанышымен ортақтасатынын жеткізді.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің құттықтауын оқыған Премьер-Министрі Кеңсесі бастығының орынбасары Ержан Бабақұмаров Ілияс Жансүгіров мұражайына естелік сурет тапсырды. Сонымен қатар ақсулықтарды Бижамал Рамазанова, Егеубек Далбағаев, Бәтима Сақауова сынды ардагерлермен қатар Нұртілеу Иманғалиұлының бейнетаспаға түсіріп әкелген бірқатар қоғам қайраткерлерінің ақжарма тілектері тыңдалды. Мереке үстінде ҚР Президентінің Іс басқарушысы Серік Үмбетовтің, ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың құттықтау хаттары оқылды.
Ақшаңқан киіз үйлерде жайылған мерекелік дастарханнан дәм татқан той қонақтары Қарасау ауылдық округіне қарасты Қоқты аймағында ұйымдастырылған ат бәйгесін тамашалады.
ҚР Мемлекеттік хатшысы Іле ауданында болды
2000 жылдан бері мұнда 28,6 мың орынға арналған 68 мектеп салынды. Он мектеп құрылысы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында бой көтерді. Өңірде мектепке дейінгі 596 балалар мекемесі жұмыс істейді. Тек соңғы жылдар ішінде Жетісуда балабақшалар мен шағын орталықтардағы орын саны 15 мыңға артты. Өңірде үш аурухана, екі перзентхана, 7 дәрігерлік амбулатория, 15 медициналык пункт және санитарлық сараптама орталығы салынды.
Облыста шағын және орта бизнес қарқынды даму үстінде. Қазақстандықтардың өмір сапасын одан әрі арттыруға, өңірлердің жүйелі экономикалық дамуына бағытталған Президент Н,Ә. Назарбаевтың стратегиясының Жетісуда табысты жүзеге асуына Қ. Саудабаев Іле ауданында жұмысымен танысқан жаңа нысандар айғақ бола алады.
№ 39 Боралдай гимназиясының жап-жарық сынып бөлмелері, кең спорт және мәжіліс залдары, 240 орынды жайлы асханасы, заманауи жүзу бассейні, бай кітапханасы, Мемхатшының пікірінше, дамыған еуропалық елдердің дәл осындай оқу мекемелерімен бәсекеге түсе алады.
Келесі барған пункт - тұтынушылардың барлық талаптарына сай келетін тауарға бай «Әсем» сауда орталығы. Бұл екі қабатты, 6 бөлімнен тұратын, жалпы аумағы 1000 шаршы метрді алып жатқан сауда орталығы 2010 жылы пайдалануға берілген.
Негізгі бағыты - халықтың күнделікті қажетті тұтыну, тұрмыстық–шаруашылық және кеңселік тауалар, дәрі-дәрмектер, жеміс-жидек, балалар тауарларын сату. Тауарлар өндірушілермен тікелей, делдалсыз сатып алу арқылы негізгі нарықтық бағадан 10-15 пайызға төмен бағамен сатылады.
Орталықта 40 адам жұмыс істейді, орташа айлық еңбекақысы 45-50 мың теңгені құрайды.
Байсерке кентінің аумағында 210 гектарды алып жатқан индустриалды-логистикалық «Даму» орталығы - ауданның ірі кәсіпорындарының бірі. Мұнда 750 инженер, экономист, көлік және өзге де сала қызметкерлері тұрғындарға жиырмадан астам түрлі қызметтер көрсетеді.
Ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін «Danone-Bercut» ЖШС ашытылған сүт өнімдерінің кәдімгі дәстүрлі айраннан еуропалық йогуртқа дейінгі сан алуан түрін шығарады. Жобаның қуаттылығы –12000 тонна. Ал жалпы құны – 3 млрд. 68,2 млн. теңге.
Аталған нысандарды аралау барысында жастармен, Іле ауданының еңбеккерлерімен ашық-жарқын әңгіме-сұхбаттар өтті. Онда Мемлекеттік хатшы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Тәуелсіздіктің 20 жылындағы қажырлы да жасампаз қызметінің шырқау биігі және басты мақсаты - елде татулық пен келісімді сақтау, қазақстандықтардың әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыру екенін айрықша атап өтті. «Мемлекет басшысының осы саясатының аса табыстылығына - біздің бүгін Іле ауданында нақты көргендеріміз айғақ», - деді кездесуде Мемхатшы.
Н.Ә.Назарбаевқа деген терең алғыстары мен жоғары сенімдерін жетісулықтар өткен сайлауда оған өз дауыстарының 97,15 пайызын беру арқылы білдірді.
Кездесуге қатысушылар Ұлт Көшбасшысына, Қазақстанның Тұңғыш Президентіне өздерінің оның жеңісімен шынайы құттықтауларын және бүгін де, алдағы уақытта да онымен бірге болатындарына нық сендірген сәлемдерін жеткізуді өтінді.
Қаланы немесе аймақты таңдаңыз:
Қонақ үй броньдау
Броньдау
Жаңалықтар