Жол көрсеткіш /
Талдықорған /
Оқиғалар
Оқиғалар
ҚАЛАНЫ ДАЛА АСЫРАЙДЫ
Республикалық кеңесте ұсынықты ұсыныстар ортаға салынды. Елбасының тапсырмасына орай «Алматы қаласы маңынан азық-түлік белдеуін дамыту» салалық бағдарламасы орындауға қатысты негізгі міндет Алматы облысына жүктелген болатын. Содан бергі уақытта аталған бағытта бірқатар шаралар атқарылып, оңтүстік астананың азық-түлікке қатысты сұранысы толық қанағаттандырылмаса да бірқатар шаруалар жүзеге асырылып, осы мақсатта ойластырылған инвестициялық жобалардың алғашқылары өз жемісін бере бастады. Дегенмен, алға жылжыған жылдармен бірге ауқымы кеңейіп, тұрғындарының да саны көбейіп отырған Алматы қаласының күнделікті тұрмыста бірінші кезекте тұтынылатын азық-түлік түрлеріне қатысты сұранысы да арта беретіні айтпаса да түсінікті. Аса ауқымды қажеттілікті бір облыстың толық қанағаттандыра алмасы да айдан анық. Осыған орай үстіміздегі жылғы сәуірде Алматы қаласында Елбасының қатысуымен өткен республикалық алқалы кеңесте «Алматы қаласы маңынан азық-түлік белдеуін дамыту» салалық бағдарламасының іс жүзіне асырылуына Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары да тартылып, оларға да оңтүстік астананың азық-түлік, оның ішінде бірінші кезекте жеміс-көкөніс өнімдеріне байланысты сұранысын қамтамасыз етуге атсалысу міндеті жүктеліп, нақты тапсырмалар берілген болатын. Қашанда Алматы қаласының еліміздегі әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайда алатын орнының, ықпалының салмақты екенін айтып жүретін Мемлекет басшысы оңтүстік астананың замана көшінен қалмай қанат жайып, көркеюімен бірге ондағы тұрғындардың тұрмысының барынша жақсы болуын өз назарында ұстап келеді. Сондықтан азық-түлік белдеуін қалыптастыру мәселесіне де жеңіл қарауға болмайды. Бұл да заман талабына, уақыт ағымына орай туындап отырған және мерзімінде әрі сапалы шешімді қажетсінетін аса маңызды жағдай болып табылады.
Талдықорған қаласындағы облыстық әкімдік ғимаратының үлкен жиынжайында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков бастаған осы министрліктің жауапты тұлғалары, қаржылық институттар жетекшілері, Алматы қаласы мен облысының әкімдері және ауыл шаруашылығы саласының сардарлары, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары ауыл шаруашылығы басқармасының басшылары және аймақта ауыл шаруашылығы саласынан нәпақа тауып жүрген кәсіпкерлер бас қосып, осы мәселені жан-жақты талқылады.
Расын айту керек, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктер алға жылжыған уақытпен бірге артып отырғанына қарамастан, соңғы жылдары азық-түлік бағасындағы қымбатшылыққа қатысты ауытқулар жиі мазалайтын болды. Өткен жылдың соңы мен биылғы жылдың алғашқы тоқсанында халық бірінші кезекте тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасы бірден шарықтап барып, қайта сабасына әрең түскенін барлығымыз білеміз. Енді барлығы дұрыс болады деп отырғанда жанар-жағармайдың бағасы шырқап шыға келді. Мұның өз кезегінде ауыл шаруашылығы тауарларының өзіндік құнына ықпал ететіні дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Облыс халқы қымбатшылықты қатты сезіне қоймады дегенмен, Алматы қаласы сынды еліміздегі ең ірі мегаполис тұрғындарының қымбатшылыққа тап болғандарын жасырып-жабуға болмайды. Мұны оңтүстік астанаға жолы түскен басқа өңірлердің тұрғындары да бірден сезінеді. Талдықорғандағы басқосудың басты мақсаты да осы – Алматы қаласындағы азық-түлік бағасын ырыққа бағындырып, тұрақтандыру мақсатында Мемлекет басшысы тапсырған маңызды міндеттердің орындалу барысы мен алдағы кезде жүзеге асырылуының жай-күйі болды.
Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов кеңесті ашқан кіріспе сөзінде жерұйығы Жетісу жеріндегі ауыл шаруашылығы саласының бүгінгі биігі мен болашақ жоспарына жан-жақты тоқталды. Елбасының тікелей тапсырмасы барысында дүниеге келген «Алматы қаласы маңынан азық-түлік белдеуін дамыту» салалық бағдарламасын жүзеге асыруға облыс еңбеккерлерінің қосып отырған үлесі мен алдағы жылдарға межелеп отырған инвестициялық жобалары жайында да егжей-тегжейлі малғұмат бере кетті.
– Барлығыңыз білетіндей, Алматы қаласы тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етудегі басты міндет біздерге – облыстағыларға жүктелген. Осы орайда кейінгі жылдары бірқатар жұмыстар атқарылды. Қала мен облыс арасында бұрыннан өзара іскерлік және әріптестік байланыс қалыптасқан. Соңғы жылдары жергілікті жерде өсірілген, өндірілген және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін Алматы қаласына апарып, қалалықтарға қолайлы бағамен сату ұйымдастырылып келеді. Қоңыр күзден басталып, қыс біткенше жалғасатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін қала тұрғындары асыға күтетін болды.
Дегенмен барлығы керемет деп айтуға келе қоймас. Бізде де кемшін қалып жатқан тұстардың бар екендігі анық. Сондықтан бүгінгі бас қосуда, министр мен Алматы қаласы әкімінің және тағы басқа да жауапты тұлғалардың қатысып отырғанын пайдаланып, Елбасының «Алматы қаласы маңынан азық-түлік белдеуін дамыту» салалық бағдарламасын табысты орындаудың жолдарын қарастырмақпыз. Өз ойларыңыз бен ұсыныстарыңызды ашық айтып, мәселелерді бірлесе шешейік, – деген Аңсар Тұрсынханұлы «Алматы қаласы маңынан азық-түлік белдеуін дамыту» салалық бағдарламаның қалай іс жүзіне асып жатқаны жөніндегі алғашқы сөз кезегін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ербол Шормановқа берді.
Қала әкімі орынбасарының айтуына қарағанда, қазіргі кезде облыс Алматы қаласының азық-түлікке қатысты сұранысының 30-40 пайызын қанағаттандыра алады. Құс еті, картоп, қант және жұмыртқамен толық қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар. Соған қарамастан осы мүмкіндік толық пайдаланылып отыр деуге әлі ертерек. Облыс пен қала арасында ауыл шаруашылығы тауарларын оңтүстік астанаға жеткізу және тиімді бағаға саудалауға қатысты іскерлік байланыс өз нәтижесін беріп отырған жоқ. Мұнда халық көп шоғырланған аудандарда жетісулық ауыл шаруашылығы еңбеккерлері үшін өз өнімдерін саудалайтын орындар жабдықтау мәселесінің толық шешімін таппағандығын ерекше атап өткен жөн. Қала бойынша жұмыс істейтін «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына үлкен үміт артылып отырған көрінеді. Өзіне жүктелген маңызды міндеттерді орындауға кіріскеніне көп бола қоймаған аталған акционерлік қоғам қысқа уақыт аралығында бірқатар шараларды жүзеге асырыпты. Қалада бағаны тұрақтандыру мақсатында ауылшаруашылық тауарларын көтере сатумен айналысатын сауда орындары ашылмақ. Биыл ондайдың төртеуі іске қосылса, болашақта осы тектес отыз сауда павильоны халыққа қызмет етуге кірісетін көрінеді.
Осы тұста сөзге араласқан Алматы қаласының әкімі Ахметжан Смағұлов:
– Алматы қаласының жағдайы жақсы болса, елдегі ахуал да дұрыс болады десем, ешкім артық айттың дей қоймас. Оңтүстік астананың ел тірлігіндегі, дамуындағы алатын орны туралы Елбасы келелі кеңестерде жиі айтады. «Алматы қаласы маңынан азық-түлік белдеуін дамыту» салалық бағдарламасы да бекерден-бекер дүниеге келмегені айтпаса да түсінікті. Осыған орай айтарым, Мемлекет басшысының тапсырмасын жете түсінбей отырғандар да бар сияқты. Өйткені, республикалық кеңеске арнайы шақырылған Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары бүгінгі басқосуға онша ынта танытпаған сыңайлы сезіледі маған. Аталған облыстар мен Алматы қаласы арасында ауыл шаруашылығы тауарларына қатысты жасалған келісімдердің көбі орындалмай қалды.
Өздеріңіз білесіздер, Алматы қаласының халқы жылдармен бірге өсіп келеді. Қазіргі кезде ресми дерек бойынша Алматыда 1 млн. 400 мыңнан астам тұрады делінсе, денсаулық сақтау саласындағылар 1 млн. 600 мың адамнан асырады. Бұларға күнделікті қалаға 200-300 мың адам келіп кететінін ескерсек, 2 млн. деген сан шығады. Осыншама тұрғынды азық-түлікпен қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Бірақ, Алматыдағы бағаны білетіндер басқа өңірлер мен елдерден де азық-түлік жеткізуге жанталасады. Мәселен, бізге еттің өзі 18 мемлекеттен тасылады. Соған сай азық-түліктен тапшылық көреміз деп отырғанымыз жоқ. Бізді алаңдататыны – дүкендер сөрелеріндегі түрлері көз сүріндіретін азық-түліктің арасында өзіміздің көзіміге оттай басылуға тиісті жергілікті өнімдердің аздығы. Міне барлығымызды бірінші кезекті осы мәселе толғандыруға тиісті, – деді.
Келесі кезекте мінберге көтерілген Алматы облысы әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбеков облыстағы ауыл шаруашылығының жай-күйі мен «Алматы қаласы маңынан азық-түлік белдеуін дамыту» салалық бағдарламасын орындауға қатысты қолға алынған және алдағы кездерге жоспарланған жұмыстар жайлы жан-жақты баяндама жасады.
– Облыста Алматы қаласы маңынан азық-түлік белдеуін дамыту бағытында жалпы құны 42,8 млрд. теңге болатын 48 инвестициялық жоба әзірленді. Жобалардың 35 пайызы көкөніс пен жеміс-жидек, 21 пайызы ет және сүт, 18 пайызы балық және тағы басқа өндіріс түрлерін дамытуға арналған. Осы жобалардың 3,4 млрд, теңге болатын 11-і 2009 жылы, былтыр 7,4 млрд. теңге болатын 9-ы іске қосылды. Қазіргі кезде жалпы құны 32,0 млрд. теңгені құрайтын 28 жоба жүзеге асырылуда. Амандық болса, бұлар 2011-2014 жылдары жұмысқа кіріседі.
"Есік" тарихи-мәдени қорық-мұражайы ашылды
Көшпелі отырыстың ресми бөлімін «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңес төрағасы Мәулен Әшімбаев ашып, кіріспе сөз сөйледі. Мәулен Сағатханұлы өз сөзінде еліміздің жарқын символына арналған «Алтын Адам» табылған қасиетті жерде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2010 жылдың басында «Есік мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» құрылып, қысқа мерзімде мұражайдың бой көтергенін атап өтті, мәдени мұрамызды заман талабына сай жөнге келтіріп, оларды елді біріктіруші құндылықтар ретінде айшықтау туралы әңгіме қозғады.
Одан кейін құттықтау сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серік Мұқанов және «Алтын Адамды» алғаш табушылардың бірі, ұзақ жылдар бойы археология институтының қызметкері болған, бүгінгі таңда осы қорық-мұражайдың жетекші ғылыми қызметкері Бекмұханбет Нұрмұханбетов тарихи-мәдени археологиялық ескерткіштерді сақтау және оларды насихаттау туралы айтып өтті.
Көшпелі отырысқа қатысушылар «Есік тарихи-мәдени қорық-мұражайының» экспозициясын аралап, Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы «Талды-2» обасын зерттеу кезінде табылған археологиялық олжаларға арналған – «Төртінші «Алтын Адам» аталған көрмемен танысты. Көрермендерге археолог Б. Нұрмұханбетов түсініктеме, анықтамалар берді. Арал маңайындағы сақтардың зергерлік өнерінің белгісі – Шірік Рабат ескерткішіне жасалған экспедициялық зерттеулердің нәтижесі жөніндегі фотокөрмемен археология институтының бөлім бастығы Жолдасбек Құрманқұлов таныстырды. Сондай-ақ «Археологиялық сараптама» ғылыми-зерттеу ұйымы Алматы облысындағы сақтар қорымы мен Қаратұма үйсіндер обасындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде табылған «Жетісу сақтарының көсемдер қорымы» коллекциясын ұсынды. Бұл тамаша материалдар қорық-мұражай қорына тапсырылады.
Мұражайды аралап көру мәжіліс отырысына жалғасып, қорық-мұражайдың алдағы уақытта даму жолдары және Сақ мәдениетін зерттеу мәселесі талқыланды. «Есік тарихи-мәдени қорық-мұражайының» директоры Гүлмира Мұхтарова баяндама жасап, Мәдениет комитетінің қолдауымен жаңадан ашылған қорық-мұражайдағы ғылыми ізденіс жұмыстарын жандандыру мақсатында биылғы жылдан бастап «Есік обасы және Жетісу сақтарының мәдениеті» атты ғылыми қолданбалы жобаның іске асырыла бастағанын айтты. Сондай-ақ Ә. Марғұлан атындағы археология институтының директоры Бауыржан Байтанаевтың «Қазақстанның жаңа археолгиялық жаңалықтары» атты көрменің тұжырымдамасы туралы баяндамасы тыңдалды.
«Есік мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» Есік қаласы маңындағы сақ патшалары жерленген жазықта орналасқан, дәл осы жерден Қазақстандағы ең құнды археологиялық олжа – «Алтын Адам» табылды. «Алтын Адам» аталмыш аумақтың ғана емес, бүкіл қазақ елінің брендіне айналды. Сол сәттен бастап сақ қорғандарына деген өзіндік қызығушылық оянды. Қорық-мұражай қызметінің негізгі бағыты – алпыстан астам сақ қорғандарын, теңдессіз тарихи-мәдени археологиялық ескерткіштерді сақтау және қорғау, насихаттау болып табылады.
Арнайы тұсаукесер бағдарламасы аясында сақ мәдениеті мен «Алтын Адамның» ашылу тарихы туралы әңгімеленді. Бүгінгі жиында мұражайдың әлеуметтік мәдени және ғылыми-зерттеу жобалары туралы айтылды. Болашақтағы жоспарлары жайында ой бөлісілді. ҚР БҒМ академигі, профессор Карл Байпақов Қазақстан археологиясының даму сатылары туралы, ерте темір дәуірі мен сақтар мемлекеттігін зерттеу саласындағы қол жеткен жаңа табыстары туралы баяндады. Ал, Археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев өз ұжымының археологиялық жобаларымен ой бөлісіп, Есік қорық-мұражайымен болашақ байланыстары туралы баяндады. Кеңестен соң мұражай басшылары мен жанашырларының, археологтардың «дөңгелек үстел» пікірталасы өткізілді.
«Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасы Қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысын ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары М. Әшімбаев қорытындылады. Қонақтарға аудан өнерпаздарының концерті ұсынылды.
ҚАЙНАР ЗАУЫТЫНЫҢ КЕЛЕШЕГІ ЗОР
«Қайнар-АКБ» ЖШС қорғасын аккумуляторын шығарумен айналысатын Қазақстандағы байырғы өндіріс орындарының бірі. Талдықорғандағы бұл зауыт бұрынғы Кеңестер Одағы тұсында да аккумуляторлы батарея шығаратын ірі өндірістердің бестігіне кірген. Компанияның өнімдері энергетика, металлургия, мұнай өндіру, машина құрастыру және ауыл шаруашылығы кешендерінде жоғары тұтыну көрсеткіштері бар сенімді өнім ретінде Қазақстан ғана емес, ТМД аумағындағы елдерде де сұранысқа ие. Дайын өнімдер Ресей, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия, Тәжікстан, Қытай тәрізді алыс-жақын шет елдерге шығарылады. Бүгінгі таңда мұнда 650 адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Өндіріс құралдары да толықтай жаңартылып, еңбек өнімділігі екі есеге артқан.
Өндіріс басшысының бірінші орынбасары Мұрат Төлегенұлының айтуына қарағанда, «Қайнар» шығаратын аккумулятордың бір артықшылығы, қорғасыннан құйылатын оң және теріс қуат жинақтағыш телімшелердің керу әдісімен жасалатындығында. Жаңа технологияның бар құпиясы осында. Аккумулятордың жұмыс істеуі және сақталу мерзімі әлдеқайда ұзарған. Тіпті, ұзақ мерзімге тұрып қалғанның өзінде күшін жоймайды. Қатты суықтарда «отырып қалу» деген болмайды. Мерзімі біткенше қуат күші толық сақталады. Ішкі құрылысы ірімейді. Қатты шайқалыстарға төтеп береді. Электр өрісі кең. Сондықтан да Талдықорғанда жасалған аккумуляторлар сауда айналымында шетелдік батареяларды ығыстыра бастады.
«Қайнар» зауыты аккумулятордың Қазақстанда бұрын болмаған «индустриалды-стационарлы» түрін шығаруды қолға ала бастапты. Бұл – темір жол мен телекоммуникация саласында, энергетика мен мұнай өндірісінде қолданылатын қуаты күшті батареялар шығармақшы. Сондай-ақ үздіксіз электр қуаты мен жарықты қажет ететін – аурухана, әуежай, азық-түлік сақталатын қоймалар мен дүкендерде, қорғаныс қызметтерінде де кеңінен пайдалануға болады.
Бір сөзбен айтатын болсақ, «Қайнардың» келешегі зор. Бүгінгі таңда отандық өнімге деген сұраныс жыл озған сайын артып келеді. Мәселен, 2009 жылы 400 мың аккумулятор шығарылған болса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 850 мың данаға, ал, биыл оның саны 1,4 миллионға дейін жетеді деп күтілуде.
"Айналайындағы" қуаныш
Қымбатты балалар, бүгін қал-жағдайларыңды білуге арнайы келіп отырмыз. Өйткені еліміздің болашағының жарқын болуы ең алдымен өздеріңе байланысты. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі сендердің сапалы білім, саналы тәрбие алып, заманға сай жан-жақты азамат болып өсулеріңді назардан тыс қалдырмайды. Осыған орай біз де барлық жағдайды жасауға күш салып отырмыз, қолдан келген көмекті аямаймыз. Өнерлеріңді тамашалап риза болып отырмын. Бұдан кейін де осындай көңілді қалыптарыңда жадырап жүрулеріңе тілектеспін. Біз қабақтарыңа кірбің ұяламауы үшін қолдан келген жағдайды жасайтын боламыз. Ең бастысы, жақсы оқып, жалынды азамат болып өсіңдер, - деді өз сөзінде.
Балалар үйіне түрлі-түсті теледидар, қалы кілем, ұл балаларға арналған спорттық киімдер мен қыздардың әсем көйлектері сыйға тартылды.
Дарынды балалармен кездесті
«Осы залда облысымыздың үздік оқушылары жиналды, олардың жетістіктері туралы қуана айтуға болады. Өткен жылы біздің оқушыларымыз халықаралық олимпиадаларда 142 медаль жеңіп алса, биылғы жылдың 5 айында 154 медаль алды. Осы жеңістерге сіздердің ұстаздарыңыздың да еңбегі бар», — деді Аңсар Мұсаханов.
Сондай-ақ, биылғы жылы республикалық пәндік олимпиадада 15 медаль (1 алтын, 4 күміс, 10 қола), ғылыми жарыстарда 14 медаль (2 алтын, 6 күміс, 6 қола) жеңіп алынды.
«Алматы облысындағы білім деңгейін көтеру үшін үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр», — деді А. Мұсаханов.
Облыс әкімінің атап көрсетуінше, бюджеттің айтарлықтай бөлігі мектеп салуға бағытталды. 2011 жылы жергілікті бюджеттің қаржысына жалпы білім беретін 15 мектептің құрылысы жоспарланған. 11 білім мекемесі үстіміздегі жылдың қырқүйек айында пайдалануға беріледі. 6 білім мекемесі қайта жөнделеді, оның 4-еуі – демалыс лагері.
Қаланы немесе аймақты таңдаңыз:
Қонақ үй броньдау
Броньдау
Жаңалықтар