Оқиғалар
Алматыда «Қазақстанның үздік тауары» атты конкурс - көрме ашылды. Оның ашылу салтанатына Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қатысты. Қала басшысы көрме экспозицияларын аралап көріп, конкурс- көрме жеңімпаздарын атады.
«Қазақстанның үздік тауары» атты өңірлік конкурс- көрме Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы үшін өтетін конкурс аясында жүзеге асып отыр. Өңірлік кезеңнің басты міндеті – сапа саласындағы ең үздік компанияны анықтау. Байқауға 74 кәсіпорын қатысты, олардың арасында машина жасаумен, металл өңдеумен, құрылыс материалдарын шығарумен айналысатын кәсіпорындар және азық- түлік, жеңіл, дәрі дәрмек өнеркәсіптері де бар.
Әкім өз сөзінде Қазақстан Ресупбликасы Президентінің халыққа Жолдауындағы бәсекеге лайық отандық тауарлар шығару жөніндегі алға қойған міндетін тағы бір еске салып өтті.
«Қазақстан инновация жолымен жүріп, жоғары технологиялы өндіріске қол жеткізуі тиіс. Осыған орай, арнайы жасалған бағдарламалар да бар. Олар - «Өндіріс-2020», «Экспорт-2020». Мемлекет экспортқа үнемі қолдау көрсетіп, шығарылатын өнімнің бәскеге ие болуы үшін мол қаржы бөліп келеді. Бұл көрсеткіштер бойынша Алматы көш басында. «Экспорт-2020» бағдарламасы бойынша қаржының 50% -дан астамы Алматы кәсіпорындарына бөлінген. Бірақ, біз тоқырап қалмай, алға жылжуға тиіспіз. Қала кәсіпкерлерін бизнесті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларға белсенді түрде қатысуға шақырамын» , - деді Ахметжан Есімов.
Үдемелі индустриалды- инновациялық даму жөніндегі Мемлекеттік бағдарлама бойынша қазіргі кезде Алматы қаласының әкімдігі жалпы құны 75 млрд. теңге болатын 16 индустриалды –инновациялық жобаны жүзеге асыруда. Мұның ішінде жалпы құны 33 млрд. теңге болатын 4 жоба 2010 жылы орындалды. Ал, жалпы құны 3,5 млрд. теңге болатын 3 индустриалды – инновациялық жоба үстіміздегі жылдың шілде айында жүзеге асты әрі индустриализация Картасы нысандары бойынша өткен Форумда Мемлекет басшысы олардың тұсауын кесті. Ағымдағы жылдың екінші жарты жылдығында үш жобаны жүзеге асыру міндеті тұр, олардың жалпы құны - 1,2 млрд. теңге болмақ. Қалған 6 жоба 2012-2015 жылдары жүзеге асатын болады.
Бұлардан өзге ҚР-ының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне тағы да 38 жоба ұсынылып отыр, олардың жалпы құны - 334 млрд. теңге.
«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 44 жоба қолға алынбақ, олардың ішінде 1 бағыт бойынша – 28 жоба, құны 12,1 млрд.; екінші бағыт бойынша – 15 жоба, құны - 11,2 млрд. теңге және үшінші бағыт бойынша 1 жоба, құны - 440 млн. теңге.
Бұлардан өзге, үстіміздегі жылы «Производительность – 2020» және «Экспорт -2020» жобалары да қолға алынды. «Производительность -2020» жобасы аясында өнідіріс орындары жеңілдікпен берілетін лизинг ілік қаржыландыруды пайдалана алады. «Экспорт - 2020» бағдарламасы бойынша 2010 жылы Алматының 13 кәсіп орны өздерінің кеткен шығындарын 77,8 млн. теңгеге толықтырды, бұл республика бойынша бөлінген қаржының 55,5% -ын құрайды. Үстіміздегі жылы 10 кәсіпорын осы бағдарламаға қатысуға құлшынып отыр.
Өнім шығаруда қазақстандық үлесті арттыру мақсатында жыл сайын «Мемлекеттік тапсырыс» акциясы өткізіліп келеді. Оған бюджеттік бағдарламалар администраторлары және «Самрұқ -Қазынаның» ұлттық компанияларының холдингтері қатысуда. 2010 жылы «Самрұқ -Қазынаның» ұлттық компанияларының холдингтері мен алматылық тауар өндірушілер жалпы құны 106 млрд. теңге болатын 901 контрактке қол қойды. Үстіміздегі жылдың 5 айы ішінде 475 контрактке қол қойылды, олардың жалпы құны - 40,5 млрд. теңге.
Алматы қаласында 1 500 өндіріс орны бар, олардың 156 -ы ірі және орташа. Кіші кәсіпорындардың үлес салмағы - 89,6%. 2011 жылдың алты айы ішінде 205,2 млрд. теңгенің өнімі өндірілді, өнеркәсіптік өндірістің физикалық ауқымының индексі 2010 жылмен салыстырғанда- 121,4%. 2011 жылдың маусым айында 33,7 млрд. теңгенің өнімі шығарылды, ол 2010 жылдың осы кезеңімен салымстырғанда 112,0% -ды құрайды.
Бүгінгі таңда Алматы қаласында шығатын бұйымдардың 90 түрі жақын және алыс шетелдерге экспортқа шығарылады. Бұдан өзге қаланың 598 кәсіпорны ИСО сериясының Халықаралық сапа менеджменті сертификатына қол жеткізді. Жыл аяғына дейін 20 кәсіпорын ИСО 9000 және 14000 сериясының сертифактын алатын болады.
Ахметжан Есімов Алматы еліміздің шикізаттық емес доноры болып табылатындығын, қала экономикасының қарқынды дамып келе жатқандығын да жеткізді.
«Кеше жұмыс бабымен бізде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев болды. Ол біздің қаламыздың әлеуметтік - экономикалық даму барысымен танысып, оң бағасын берді. Мұндай динамикалық дамуға біздің кәсіпорындарымыз арқылы қол жетуде. Бірінші жарты жылдықта өнеркәсіптік өнім шығару көлемі 21,4%-ды құрады. Жаңа өндіріс орындарының пайда болуы арқасында жаңа жұмыс орындары да ашылуда. Жарты жыл ішінде жұмысқа орналастыру орталықтарына 2700 адам өтініш білдіріпті, бұл өткен жылмен салыстарғанда жұмыссыдар қатырының екі есеге төмендегенін көрсетеді. Жұмыссыздық деңгейі -0,5%, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,3%-ға төмен. Бұл қала тарихында бұрын- соңды болмаған ең төменгі көрсеткіш», - деп атап өтті әкім.
Алматы әкімі Ахметжан Есімов салық қызметін 20-жылдығымен құттықтады
Алматыда Қазақстан Республикасы Салық қызметінің құрылғанына 20 жыл толуына орай салтанатты жиналыс болып өтті. Қала салықшыларын Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов құттықтады.
Әкім мемлекет үшін салық өмір сүрудің басты буыны екендігін атап өтті. Салық мемлекеттің негізгі табыс көзі болып табылатындығын, қаржы қызметін қамтамасыз ететіндігін және тәуелсіздіктің негізгі атрибуттарының бірі екендігін атап көрсетті. Ұлттық компаниялардың барлығы қазіргі кезде Астанаға қоныс тепкендіктеріне, тіпті батыс өңірлердегі мұнай компанияларының миллиардтаған табыс табатындықтарына қарамастан, Алматы шикізаттық аймақ болмаса да республикалық бюджеттің басты доноры болып табылады. Қала жыл сайын мемлекет қазынасына мемлекеттік бюджеттің 25%, республикалық бюджеттің 30%-ын береді. Алматы Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің бестен бір бөлігін қамтамасыз етеді, әр алматылықтың ішкі аймақтық өнімі 19 мың АҚШ долларын құрайды.
Қала басшысы мегаполис беретін жалпы республикалық өнімде шикізаттан, ірі компаниялардан түсетін табыстар жоқтың қасы екендігін де айтты.
Алматы қаласының экономиксын құрайтын негізгі табыс көзі–кіші және орта бизнес. Олар салық түсімінің 60%-дан астамын береді.
Алматы қаласы бойынша 2010 жылы бюджетке 757 млрд. теңге құйылды, бұл 2009 жылмен салыстарғанда 120 млрдқа көп немесе 20%-ға артық. Үстіміздегі жылдың 6 айы ішінде 446,7 млрд. теңге жиналды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 107,3 млрдқа көп немесе 32%-ға артық.
«Салық пен түрлі төлемдерді дер кезінде жинау салық тиімділігін арттырып, алда тұрған әлеуметтік–экономикалық міндеттерді ойдағыдай шешуге ықпал етуде. Осы ретте денасулық сақтауға, білім беруге, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге үлкен мән берілуде. Нәтижесінде ауруханалар, емхналалар, мектеп мен бала бақшалар жөнделуде, жаңадан салынуда. Халықтың денсаулығын саламатты ету үшін қымбат қондырғылар сатып алынуда, әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы өсуде. Экологиялық аспектілерге және көлік, энергетикалық құрылымдарды жетілдіруге айрықша көңіл бөлінуде», - деді Ахметжан Есімов.
2008 жылдың мамырында кіші және орта бизнес, банк, Ассоциация өкілдерімен кездесу барысында әкім кәсіпкерлікті «көлеңкеден» шығару керектігін атап көрсеткен болатын. Бұл бағытта нақтылы шаралар жүзеге асуда, соның арқасында салық түсімі де молаюда. Кәсіпорындардың дағдарыстан шығуы да оң нәтиже беруде. Мысалы, үстміздегі жылдың 1 масуымында өндіріс көлемі 23,4%-ға, инвестиция 2%-ға өсті, бөлшек сауда айналымы 8,1%-ға жетті, адам басына шаққанда халықтың ақшалай табысы 14,6% ды құрады. Осының барлығы салық қызметін жақсартуға ықпал етуде.
Салықшылапр алдына қала басшысы Ахметжан Есімов жыл қорытындысы бойынша салық түсімін 1 трлн.теңгеге жеткізу жөнінде міндет қойды. Жартыжылдың қорытындысы бойынша бұл тапсырманы ойдағыдай жүзеге асыруға әбден болады.
Алматы әкімі ШОС Жастар кеңесінің отырысына қатысушылармен кездесті
Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Шанхай іскерлік ұйымы Жастар кеңесінің ІҮ отырысына қатысушылармен кездесті, олар өз жұмыстарын Алматы қаласында 9-10 шілде аралығында жүргізетін болады. Кездесуге Қытай Халық Республикасының, Ресей Федерациясының, Қырғызстан, Тәжікстан, Монғолия мен Белорусияның жастар ұйымдары мен мемлекеттік құрылымдарының өкілдері қатысты. Әкім құрылғанына 10 жыл толып отырған ШОС-қа қатысты Саммиттен соң аталған жиынның маңызды екендігін айтты.
«Саммите қабылданған шешімдер біздің еліміз бен өзге мемлекеттер арасындағы барлық саладағы іскерлік байланысты бұрынғыдан да арттыра түсетіндігі ақиқат. ШОС Жастар кеңесінің отырысын өткізу үшін біздің қаламызды таңдап алғанадрыңыз мен үшін үлкен мәртебе», - деді Ахметжан Есімов.
Қала басшысы Алматының еліміз үшін қаншалықты маңызды екендігі туралы айтып берді. Әкім ірі мегаполис- еліміздің экономикалық, қаржы, білім, ғылым, мәдени орталығы екендігін де жеткізді. Қала жалпы өнімнің бестен бір бөлігін, ал салық түсімінің төрттен бірін береді. Мұнда ҚР-ның Ұлттық Банкі, екінші деңгейлі барлық банктер орналасқан. Алматыда ел студенттерінің үштен бір бөлігі білім алуда, 52 жоғары оқу орны мен 80 орта арнайы оқу орындары да осында.
Алматыда № 2 қалалық клиникалық балалар ауруханасы ашылды. Клиника құрылысы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Оның ашылу салтанатына Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қатысты.
Алматы әкімі аталған медициналық мекеме құрылысын салуға 5,5 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалғандығын атап өтті.
«Соңғы екі жыл ішінде қазіргі заманғы құралдамен жабдықталған жеті медициналық мекеме іске қосылды. Мұндай жақсы оқиға қала тарихында бұрын-соңды болмаған. Бұл Президенттің халықтың денсаулығын сақтау жөніндегі саясатын біздің мүлтіксіз орындап отырғандығымызды көрсетеді. Қаржы тек құрылысқа ғана емес, сонымен қатар заманаой жабдықтар алуға да жұмсалды. Мен бұл құрал- жабдықтардың толық қуатында жұмыс істегендігін қалаймын.Ең маңыздысы, әрбір медицина қызметкері оларды ұтымды пайдаланып, қалалықтар денсаулығын жақсартуға ойдағыдай ықпал етулері тиіс», - деп атап өтті Ахметжан Есімов.
Әкім мемлекеттің медиктердің жағдайын жақсарту жолында көптеген игі шараларды жүзеге асырып жатқандығын да айтты. Мәселен, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша болашақта медиктердің жалақысы дамыған елдер медиктерінің еңбекақысы дәрежесіне жететін болады. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап жалақы 30%-ға өседі.
Жаңа клиника үшін бағасы 1,5 млрд. теңге болатын қазіргі заманғы медициналық жабдықтар алынды. Арнайы педиатриялық қызметпен қатар қайта емдеу мен медицин алық реабилитация дамытылады. Осы мақсат үшін физиотерапевтикалық, бальнеологиялық процедуралар аппараттары алынды, емдік физкультура одан әрі дамиды. Орталық нерв жүйесі зақымданған балаларды ерте реабилитациялау үшін тұңғыш рет «биологиялық-қайталау жүйесі» психоэмоциональды және тірек-қозғалыс желісін корекциялайтын болады.
Реанимация мен интенсивті терапия бөлімі жедел көмек көрсететін құралдармен жабдықталған.Ал жаңа зертхана егер бала организмінде дәрі жинақталып қалса, оны мониторированиядан өткізеді. Сонымен қатар, мұнда баланың қан құрамындағы түрлі заттар дер кезінде анықталады. Бактериологиялық анализатордың көмегімен 4 сағат ішінде микроогранизмдер идентификациланады, 24 сағат ішінде микроорганизмнің антибактериалды препараттарды қабылдауы белгілі болады, тестіден өтетін спектр 24 сағат ішінде 360 микроорганизмді құрайды. Нәтижесінде, эмпирикалық емес, этиотроптық терапия жүзеге асады.
Функциональды диагностика бөлімінде науқасты толық зерттеуге барлық жағдай жасалған, мұнда магнитті-ядерлі, компьютерлі томография, рентген-диагностика, доплерографиялы УЗИ-диагностика, ЭЭГ мен ЭК-ні холтерлі мониторлау және басқалары бар. Ресупбликадағы жалғыз Evif 160 эндоскопиялық видеоқондырғы жұмыс істеуге дайын, оның құрамындағы видеобронхоскоп, гастрофиброскоп, колоноскоп ойдағыдай жұмыс істейді. Мұның барлығы балаларға дұрыс диагноз қоюға, соматикалық науқастарды дер кезінде емдеуге ықпал етіп, бала денсаулығын жақсартады.
Алматы. 12 мамыр. Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласының активімен кеңес өткізді.
Кеңес жұмысына Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, Президенттің экономика мәселелері бойынша кеңесшісі Бақыт Сұлтанов, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, Туризм және спорт министрі Талғат Ермегияев, Ішкі істер министрінің орынбасары Александр Кулинич, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, Алматы облысының әкімі Анзар Мұсаханов, Көлік және коммуникация министрлігінің жауапты хатшысы Жеңіс Қасымбек, сондай-ақ орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімдерінің, қалалық және облыстық бөлімшелерінің жетекшілері қатысты.
Кеңесті аша отырып, Мемлекет басшысы еліміз үшін Алматы қаласының мәні мен маңызы зор екенін атап өтті.
Өткен жылы Азиаданы өткізуге 40 миллиард теңге бөлінді. Әлемдік деңгейдегі спорттық нысандар салынып, үлкен іс-шаралар өткізілді. Енді спорттық ғимараттарды қалалықтар, әсіресе жастар үшін пайдалану маңызды.
Алматы жалпы ішкі өнімнің бестен бір бөлігін өндіреді және мемлекеттік бюджеттің кірісінің ширек бөлігінің астамын береді. Сондай-ақ қаладағы мәселелерді шешу үшін мемлекеттік бюджеттен трансферттер бөлінеді. Бүгінде Алматыда қазіргі заманғы мегаполиске сәйкес келетін инфрақұрылымның барлық негізгі элементтері орналастырылған. Өңірлік ішкі өнім көрсеткіші бойынша Алматы Орталық Азияның барлық қаласын және Ресейдің кейбір аймақтарын да едәуір басып озады. Мәселен, Алматының өңірлік ішкі өнім көрсеткіші Ташкенттен 4,5 есе, Новосібірден 1,5 есе, Омбы облысынан 2 есе жоғары. Қала өңірлер арасында барлық жағынан болсын өте жағымды жағынан сипатталады.
Үлкен істер атқарылып, үлкен мән беріліп отырғандықтан қалалықтардың өмір сүру деңгейі артып келеді. Бүгінде қалада жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 19 мың АҚШ долларын құрайды. Бұл Оңтүстік Корея мен Орталық Еуропа деңгейімен бірдей. Халықтың орташа айлық еңбекақысы соңғы 10 жылда 5 есе өсті. Орташа өмір сүру жасы 3 жылға ұзарды, ал туу деңгейі 5 есе өсті.
Сондай-ақ, қала дамуының деңгейі туралы халықаралық сарапшылардың бағалауынша, Алматы «Әлемнің ғаламдық қалаларының» тізіміне кірді. Атап айтқанда, Детройт, Эдинбург, Манчестер, Санкт- Петербор және Доха сияқты әлемдік экономиканың орталығы ретінде танымал болып отыр. Қаланың маңыздылығы артып келеді, сондықтан мемлекет оған үлкен мән береді.
- Мен өзім қадағалап отырғандықтан, Индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының міндеттері белсенді орындалуда. Мысалы, өткен жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімі шамамен 370 млрд. теңгеге өндірілді, бұл 2009 жылдың ширек бөлігінен көп. Осы орайда, өңдеуші өнеркәсіптің өсімі 40 пайызды құрады. Бұл өте маңызды көрсеткіштер болып табылады. Яғни, осыған бөлінген қаражат өз нәтижесін беруде, - деп атап өтті Президент.
Еліміздегі шағын және орта бизнесі өндірген барлық өнімі көлемінің 27 пайызы қаланың үлесіне тиесілі. Бұл – жақсы көрсеткіш. Осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 350 мың адамнан асты. Бірақ әлі де болса алдыда үлкен істер тұр.
Өткен жылы 1 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бес мыңға жуық үлескерлер проблемасы шешімін тапты. Балабақшаларда 3 мыңнан астам жаңа орын ашылды. Бұл балалардың 50 пайызын балабақшамен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бұған дейін көрсеткіштер төмен болған еді. Қалалық перинатальдық орталық, туберкулезге қарсы диспансер, жедел жәрдем ауруханасы, сондай-ақ 3 емхана салынды. Екі көпсалалы аурухана құрылысы қолға алынды.
Халықтың жан басына шаққандағы орташа ақшалай кірісі биылғы жылғы ақпанда 88 мың теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісінше айымен салыстырғанда 17 пайызға көп.
Мемлекет басшысы мұндай негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге Алматы қаласының барлық тұрғындарының атқарушы органдармен бірлескен жұмысының, қала мен аудан әкімдіктерінің халықпен белсенді өзара іс-әрекетінің, мемлекеттің белсенді қолдауының арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.
Кеңес барысында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Президентке қаланың дамуы мен одан арғы өсімінің перспективалары туралы баяндады.
А. Есімов Мемлекет басшысына Алматы қаласын дамытудағы тұрақты қамқорлығы мен көмегі үшін зор алғысын айтты.
Алматы қаласының әкімі Президенттің тұрақты қолдау көрсетуінің және дер кезіндегі дағдарысқа қарсы шаралардың арқасында экономиканың барлық негізгі саласында оң үрдіс байқалып отырғанына тоқталды. 2010 жылғы көрсеткіштер осының айғағы. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының нәтижелері бойынша оң қарқын сақталуда: өнеркәсіп өндірісінің көлемі есепті кезеңде 27 пайызға өсті. Негізгі капиталға инвестиция көлемі 21 пайызға ұлғайды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, тұрғын үйді беру көлемі 10 пайызға артты.
Қала экономикасы үшін негізгі саланың бірі банктік сектор қалпына келтірілді. Мысалы, дағдарыс кезеңінен бері алғаш рет, бірінші тоқсанда екінші деңгейлі банктер берген кредиттер сомасы 41,4 пайызға өсіп, 600 млрд. теңгеге артты. Аталған кезеңде инфляция деңгейі 3,5 пайызды құрады, яғни республика бойынша 0,2 пайыз төмен.
Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы қалалықтардың үлкен қолдауына ие болып отырған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты (ТКШ) жаңғырту және тұрғын үй жағдайын жақсарту жөнінде міндеттер қойды. Алматыда 30 мың отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартуды қажет етеді. Жаңа мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында әкімдік Үкіметпен бірлесіп, жаңа мемлекеттік ипотекалық бағдарламаға, сондай-ақ ТКШ-ты жаңғыртуға қатысушыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге байланысты мәселені әзірлеу үстінде. Сондай-ақ, қалалық ипотекалық бағдарлама іске асырылуда. Облигациялық займ есебінен 4 млрд. теңге бөлінген. Бұл жолмен қаражат жию арқылы 5 жыл ішінде 160 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызуға және 10 мыңға жуық адамның тұрғын үйге деген талабын қанағаттандыруға мүмкіндік туады.
Соңғы екі жылда Алматыда 749 шақырым жол жөндеуден өтті және жаңартылды, бұл көрсеткіш барлық жол көлемінің 40 пайызын құрайды. Шығыс айналма жолының бірінші учаскесі ашылды. Индустриаландыру картасы аясында «Ерменсай», «Казгу», «Медеу», «Шымбұлақ», «Новая» - 5 энергиялық қосалқы стансасы енгізілді. Бұл нысандар энергияны үнемдейтін технологияны пайдалану үшін жұмыс істейді.
Индустрияландыру картасы бойынша бүгінде Алматы қаласында жалпы сомасы 73 млрд. теңге болатын 16 жоба іске асырылуда. Тағы да Картаға қосу үшін сомасы 109 млрд. теңге болатын 52 индустриалдық-инновациялық жоба дайындалды. Қорытындысында биылғы жылы сомасы 170 млрд. теңге болатын 68 жоба іске асырылатын болады.
Қалалық бағдарламаны іске асыру үшін бюджеттік қаржыландырумен қатар инвестиция тартудың жаңа тетіктері пайдалануда. Мәселен, өткен жылы Еуропалық қайту құру және даму банкі займ түрінде сомасы 6 млрд. теңге және биылғы жылы қоғамдық көлікті дамыту үшін 5,3 млрд. теңге көлемінде шетел инвестициясын тартты.
А. Есімов қала әкімдігі тарапынан өңірдің ерекшелігін және оның әлеуметтік мүмкіндіктерін есептей отырып, 3 басым бағыт анықталғанын атап өтті:
Бірінші бағыт – экономикалық өсімнің маңызды көрсеткішінің бірі болуы тиіс - Алатау ауданында алаңы 490 га. Индустриалдық аймақты дамыту.
Екінші бағыт – Алматы өңірінде туризмді, соның ішінде жекеменшік тау шаңғысын дамыту.
Үшінші бағыт – көлік қызметінің жаңа баламалы түрлерін қос алғанда, қаланың барлық көлік жүйесін кешенді дамыту.
Ағымдағы жылдағы маңызды жобалардың арасында – метроның бірінші кезегін пайдалануға беру, Шығыс-айналма автожолының құрылысын аяқтау, Республика сарайын қайта жөндеу, бірқатар өзге де маңызды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар аталды.
Сонымен қатар, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ербол Шорманов, Алматы қаласы ІСД бастығы Ерлан Тұрғымбаев, Сейсмология институтының директоры Таңатқан Абақанов баяндама жасады.
Кеңесті қорытындылай келе, Мемлекет басшысы қаланы дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Бірінші. Алматы ірі көлік-логистикалық торапқа айналып келеді. Күн сайын жүк және жолаушы тасымалы артуда. «Жетіген – Қорғас» темір жол учаскесінің пайдалануға берілуімен және «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автомобиль жолының қайта жөндеуден өтуімен бірге бұл көлік ағыны одан әрі арта түседі. Күн сайын Алматыда 1 млн. көлік құралы қозғалысқа түседі, оның 400 мыңы – басқа қалалықтар. Ертеңгі және кешкі уақыттағы көлік кептелісі қалада әдеттегідей құбылысқа айналды.
Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеге кешенді түрде қарап, осы мәселені шешетін әлемнің ірі мегаполистерінің тәжірибелерін жан-жақты зерттеу қажеттігін атап көрсетті. Мысалы, Париж – көлік логистикасы бойынша барлық мәселені шешкен, Лондон – газдылық және көшедегі көлік көптігі мәселесін шешкен, Сингапур бұл мәселелердің шешімін жақсы тапқан.
- Осыған байланысты Шығыс-айналма жолының құрылысын аяқтау мәселесі маңызды. Бұдан бұрын мен 2012 жылға қарай Үлкен Алматы айналмалы автомобиль жолын салуды тапсырған едім. Құрылыс әлі басталған жоқ. Мен Көлік және коммуикация министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп аталған мәселені қарауды және шешуді тапсырамын, - деді Президент.
Мемлекет басшысы адамдардың басым көпшілігі қала маңындағы аудандардан жұмыс үшін Алматыға күн сайын жолға көп уақыт кетіріп жететінін айтты. Сондықтан Қаскелең, Қапшағай және Есікке дейінгі қала маңындағы қоғамдық көліктердің жылдамдықтарын арттыру мәселесімен нақты айналысу қажет.
Президент қаланың ішінде қалалық базарларды орналастыру қалаға кіретін көлік қозғалысына кедергі келтіретінін атап өтті. Өндірістер дамуын, лигистика нысандарын, көтерме сауда мен қоймаларды қаладан тысқары жерлерге орналастыру қажет.
Нұрсұлтан Назарбаев қаланың одан әрі дамуы жалпы алғанда, заманауи көлік жүйесіне байланысты болатынын атап өтті.
Президент Үкіметке Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдерімен бірлесіп, қала мен іргелес аумақтың көлік жүйесін дамытудың кешенді жоспарын қарауды және қабылдауды тапсырды.
Екінші. Алматы өзінің азық-түлік өнімдерімен толықтай қамтамасыз етілуі тиіс. Азық-түлік белдеуін құру жөніндегі кешенді шаралар әзірше жоқ.
Президент Алматы қаласы мен Алматы облыстарының әкімдеріне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.
- Не, қайда тұрғызылады, облыстағы қандай аудандар бұл жұмысқа тартылады. Жабыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарын қосу керек. Олар үшін бұл рынок, ал қала үшін – азық-түлік тауарларын молынан қамту. Бұл аса маңызды тағым өнімдерінің бағасының көтерілуіне мүмкіндік бермейді, - деді Мемлекет басшысы,
Президент көкөністі консервілеу және қайта өңдеу жөніндегі кәсіпорын, шырындар өндірісі бар-жоғы 25 пайызға жұмыс істеп тұрғанын атап өтті. Ауыл шаруашылығы тауарларынан келетін өнімдермен оларды барынша қамтамасыз ету керек. Мұндай көрініс сүт өңдеу мен ет өнімдері бойынша да байқалуда. Қолда бар мүмкіндіктер толық пайдаланылмайды. Қаладағы кәсіпорындар босап қалуда. Соның нәтижесінде негізгі әлеуметтік мәні бар азық-түлік тауарларының бағалары өсуі мүмкін, сондықтан шаралар қабылдау қажет.
Мемлекет басшысы осыған байланысты өз мүмкіндіктерін толық пайдаланбай отырған оңтүстік өңірдегі үш облыстың әлеуетін белсенді пайдалану қажеттігін атап өтті.
Президент ауыл шарушылығы шикізаттарын дайындау, қайта өңдеу және тасымалдауды ұйымдастыру үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялармен белсенді жұмыс істеу керектігіне тоқталды. Бұл бизнесті дамыту мәселесі.
Қаланың өңдеумен айналысатын қарқынын арттыру қажет. Бұл дегеніңіз - өнеркәсіпті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, қала бюджетіне кіріс әкелу.
Мемлекет басшысы Алматы қаласы мен Алматы облыстарының әкімдіктеріне өндірістік қуаты бар кәсіпорындарды толық осы жұмыспен қамтамасыз ету туралы тапсырма берді.
- Мен Үкіметке, министрлікке, облыс әкімдігіне «Апорт» алмасының сортын қайтадан түлету туралы тапсырма берген едім. Алайда, көзге түсерлік іс жоқ. Бірдеме істелген сияқты. Егістік көлемі кеңейтілді. Алматы қаласы мен Алматы облыстарының әкімдері алма бағын отырғызу мәселесімен жүйелі түрде айналысулары қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігі ғылым министрлігімен және оның даму институттарымен бірлесіп, осы жұмысты қолдау жүйесін қамтамасыз етсін, - деді Президент.
Үшінші. Алматыны ірі өңірлік қаржылық орталық ретінде одан әрі дамыту өзекті мәселе болып табылады. Перспективалық бағыттың бірі – исламдық қаржыландыру.
Қазір республиканың халқы арасында («халықтық IPO») ұлттық компаниялардың акциясын орналастыру бағдарламасын іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағдарлама Алматының өңірлік қаржылық орталық (АӨҚО) ретінде дамуы үшін қосымша қарқын береді. Осы ретте АӨҚО халықты кеңінен тарту үшін қолайлы жағдай жасау тиіс.
Президент Алматы қаржылық орталық ретінде үлкен әлеуетке ие екенін атап өтті. Ұлттық Банк және екінші деңгейлі ірі банктер Астанаға қоныс аударған жоқ. Олар қалаға айтарлықтай бедел әкеліп, қалалық бюджетке айтарлықтай түсімдер түсуін қамтамасыз етеді.
Алматы сондай-ақ өңірлік туристік орталық ретінде үлкен әлеуетке ие. Бұл бағыттағы толыққанды даму тек қана өзара іс-қимылға байланысты.
Мемлекет басшысы еліміздің беделінің қалыптасып, туристік саланың дамуы қызмет көрсету сапасы мен оған қол жетімділіктің жолға қойылуына байланысты қамтамасыз етілетінін атап өтті. Сондықтан туризмді дамытуды масқат еткен елдерде тиісінше қаржылық жеңілдіктер қарастыратын, турситік инфрақұрылымды дамытуды ынталандыратын, заңнамалық сипаттағы шаралар қабылданады.
Президент тау шаңғысы туризмін дамыту мәселесін шешу қажеттігін атап өтті. Егер мемлекет жолдар салмаса, куммуникация жүргізбесе, онда инвестиция тартуға мүмкіншілік болмайды. Осы орайда, Туризм және спорт министрлігі арнайы бағдарлама әзірлеуі қажет.
Бұдан басқа, ішкі туризмді дамыту, инфрақұрылымды жақсарту, көлік байланысының жылдамдығын арттыру, қонақ үйлер салу, кемпинг және жағажай аймағын көріктендіру үшін Қапшағай демалыс аймағын белсенділікпен игеру қажет. Астана-Бурабай автобаны тәрізді Алматы мен Қапшағай арасында сондай автобан салу керек. Осы аумақты дамытудың кешенді шараларын әзірлеу қажет.
Президент Алматы қаласы мен Алматы облыстарының әкімдеріне Туризм және спорт министрлігімен, өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, туризмді дамыту, халықаралық тәжірибені зерттеу жөнінде арнайы жұмыс тобын құру және үш ай мерзімде нақты ұсыныстар енгізу туралы тапсырма берді.
Төртінші. Алматы тұрғындарының үштен бір бөлігін жастар құрайды. Сондықтан жастармен жұмыс қала басшылығының ерекше бақылауында әрі қамқорлығында болуы тиіс.
- Біз оларды қалай тәрбиелейміз, патриотизмді, Отанға деген сүйіспеншілікті қалай қалыптастырамыз, міне, болашағымыз осыған байланысты болмақ. Өткен сайлау кезеңінде жастар, қала студенттері жоғары азаматтық белсенділіктерін көрсетті. Әкімдік және «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы жастардың күш-жігерін іске, проблемаларды шешуге бағыттауы тиіс, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Бүгінде қаладағы 20 мың студент жатақханамен қамтамасыз етілмеген, жоғары оқу орындарының қарауынан тыс қалып, пәтер жалдауға мәжбүр болуда. Ал жатақханалар артық адамға толы. Жатақхананың көпшілігі бұрын 60-шы жылдары салынған, олардың көбі күрделі жөндеуді қажет етеді. Жоғары оқу орындары, әсіресе жеке меншік жоғары оқу орындары, өз студенттері үшін жайлы түрғын үй-тұрмыстық жағдай жасауды ұмыт қалдырып, оқу ақысын жыл сайын арттыра түседі.
Президент Білім министрлігіне әкімдікпен бірлесіп, осы мәселені пысықтап, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Қажет болған жағдайда, студенттер үшін арзан жатақхана құрылысы мәселесін қарау керек.
Мемлекет басшысы Азиада кезінде қалада әлемдік деңгейдегі спорттық нысандар салынғанын атап өтті. Олар халықтың барлық топтарына, бірінші кезекте, балаларға, жастарға, студенттерге қол жетімді болуы тиіс.
Президент әкімдікке бұл нысандар қалай жұмыс істейтінін арнайы бақылауды, кіру үшін қол жетімді бағаны қамтамасыз етуді, жоғары оқу орындарымен пысықтауды тапсырды.
Бесінші. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы жөнінде мәселе бар. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚО) жұмысын сөгушілік көп. Құжаттар жинауда, анықтама алуда ұзын-сонар кезек.
- Біз ХҚО-ғын Байланыс және ақпарат министрлігіне бердік, аталған салада тәртіп орнату соларға жүктелген, алайда, әкімдік іс-әрекетсіз қалмауға тиісті. ХҚО-ның саны жеткілікті ме, зерттеңіздер? Олардың саны қазір – 7. Олар неге осылай жұмыс істейді? Олар құрылғалы бергі міндеттері неге орындалмайды? Сондай-ақ медициналық қызмет сапасы да төмен күйінде қалып отыр, соның ішінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында жоспарлау тиімсіз жүргізілуде. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу осы саладағы жетекшілердің білімі мен халықаралық тәжірибесі деңгейінің жеткіліксіздігінен қиындықтарға ұшырауда. Дегенмен, бұл бастама оң қабылдануда. Бұл реформа жолға қойылуы қажет. Соның нәтижесінде дәрігерлер мен ауруханаларға лайықты баға беріледі, стационарлар қысқартылады, біз нақты денсаулық сақтау саласына бөлетін қаражат үнемделеді, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Алтыншы. Бүгінде Алматы республикадағы шағын және орта бизнестің дамуы бойынша жетекші өңірдің бірінен саналады.
Президент шағын және орта бинес нақты жағдайға құрылуы қажет екенін атап өтті. Әкімдіктің міндеті – бизнесті бөле-жармай дамыту, оның дамуына тосқауылды жою. Шағын және орта бизнестің дамуына жаңа серпін беру керек, ал Алматы бұл үшін жақсы алаң болып табылады.
Мемлекет басшысы Құқықтық статистика комитетінің деректері бойынша өткен жылы Алматы қаласында 430 заңсыз тексерістер орын алғаны анықталғанын атап өтті. Тексеру жүргізуге мораторий аяқталысымен барлық тексеруші органдар бірден іс-қимылға көшкен.
Президент бизнесті қорғау қажеттігін, тексерістер заң бойынша қатаң жүргізілуі керектігін атап көрсетті.
Өңірлік экономика өсімінің маңызды саласының бірі Алатау ауданында Индустриалдық аймақты қалыптастыру болуы тиіс. Бұл аймақта 110 өнеркәсіптік және коммуналдық кәсіпорын орналастырылуы керек.
- Жақында мен одан әрі дамыту мақсатында Алматы қаласының шекарасын кеңейту туралы Жарлыққа қол қойдым. Осыған байланысты, әкімдік қосылған аумақты пайдаланудың кеңейілген жоспарын жедел әзірлеп, ұсынуы тиіс, - деді Мемлекет басшысы.
Жетінші. Криминогендік жағдай туралы. Қалада тонаушылық саны, бұзақылық деректері, атылатын қарудың қолданылуымен қылмыстық оқиғалар азаятын емес. Ауыр қылмыс саны (7 пайызға), денсаулыққа ауыр зиян келтіру, зорлау, қарақшылық пен қорқытып алушылық жағдайлары ұлғая түскен. Алматы қаласында қылмыс деңгейі бұрынғысынша еліміз көлемінде алғанда жоғары деңгейде қалуда – 10 мың тұрғынға 124 қылмыс (республика бойынша ораша деңгейі - 60).
Президент Ішкі істер министрлігі мен Алматы қаласының ІСД-не қылмыспен күресті жандандырып, құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын жүргізуді тапсырды.
Сегізінші. Қала электр энергиясының тапшылығына тап болуда. Электр энергиясынсыз өндіріс қуаты дамымайды. Осыған байланысты Үкімет Алматы қаласының әкімімен және «KEGOC» АҚ-мен бірлесіп қаланың СЭС маңындағы каскад құрылысы және энергетикалық жабдықтауды одан әрі жаңғырту жөніндегі жұмыстарды жалғастыруы тиіс.
Президент әлі күнге дейін көмір, мұнай, газ тиімсіз жанатынын атап өтті. Қолда бар қордың да түгесілетін кезі келеді, сондықтан оларды үнемдеуді үйрену керек. Егер керек болған жағдайда, энергияны үнемдейтін лампыны қолданып, оларды да кәдеге асыру керек. Қарағандының осындай лампыны қолданудағы тәжірибесін ескеру керек. Оларда жылуды үнемдеуге мүмкіндік беретін геотермалдық технология, терезелерде жылуды ұстап тұратын арнайы технология қолданылады. Мұның бәрін сондай-ақ жаңа құрылыс жүргізгенде ескеру қажет.
Бүгінде республикада электрмен жабдықтау жөнінде құрылғылармен қамту есебі іс жүзіне толықтай асырылған. Алайда олардың көбі ескірген. Бұдан басқа, электр энергиясы, су, жылу үнемсіз жұмсалуда.
Мемлекет басшысы арзан электр энергияны үнемсіз пайдалану мемлекет тарапынан электр энергиясына, жылу мен суға арналған тарифтердің құнын өсіруге әкеліп соғатынын атап өтті. Энергияны тиімді пайдалану туралы түсіндіру жұмыстарын жүгізу керек.
Тоғызыншы. Тұрғын үй қорын сақтау және қызмет көрсету бойынша проблемалар. Бұрынғысынша, көп үйлерді біріктіретін және оларға қызмет көрсететін бүгінгі ЖПК (КСК) атына сын көптеп айтылуда.
Бұл ЖПК қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарының құны, жекеменшік иелерінің басқаруындағы тұрғын үйлерден едәуір жоғары. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін шаралар қабылдау қажет.
Мемлекет басшысы сондай-ақ алданып қалған үлескерлер проблемасын шешу ерекше бақылауда болуы керектігін атап өтті.
Қоқысты қайта өңдеу қаланың өзекті проблемасының бірі болып қала береді. Әлемдегі жетекші елдердің тәжірибесі көрсеткендей, бұл проблеманың табысты шешілуі мүмкін. Мысалы, Швейцарияда әрбір тұрғын қоқысты сорттауы керек: шыныны шыныға, металлды металлға, қағазды қағазға қосуы керек. Осы орайда, екінші рет қайта өңдеуге шынылар қорабының 90 пайызы, баспа өнімдерінің үштен бірі қайта оралады. Сондықтан Швейцария мен Сингапур тәрізді елдер әлемдегі ең экологиялық таза мемлекеттер қатарында есептеледі. Ал бүгінде Алматыдағы жалғыз қоқысты қайта өңдейтін кешен жұмысы бір жылдан бері тоқтап тұр.
Президент Үкіметке және әкімдікке қалдықтарды кәдеге жарату мәселесі туралы ұсыныс әзірлеп, оны шешуді тапсырды.
Оныншы. Алматы сейсмологиялық аймақта орналасқан.
- Біз халыққа шындықты айтуға тиіспіз. Біздің оңтүстік, әсіресе, тау етегі сейсмологиялық аймақта тұрғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Жер сілкінісі болуы ықтимал ел ретінде Жапония ондай жағдайда өздерін қалай ұстау керектігі жайлы балаларын мектепте үйретеді. Жер сілкінісі кезінде не істеу керектігі туралы халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Әрине, бұл – табиғат стихиясы, дегенмен, біз ғылыми көзқарас тұрғысынан осымен айналысуымыз керек, - деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдік қала мен облыстың сейсмологиялық шағын ауданының картасын жаңарту жөніндегі жұмыстарды жеделдетіп, сейсмологиялық қауіп туралы халыққа хабарлау және зерттеу шараларын әзірлеу, ғимараттар мен құрылыстардың сейсмологиялығын күшейту жөніндегі жұмыстарды жандандырулары қажеттігін атап көрсетті.
Президент стихиялық күшті соққыларға қарамастан, барлық құтқару қызметтерінің нақты жұмысын қамтамасыз еткен Жапонияның тәжірибесін зерттеу қажеттін атап өтті. Бұрындарын Алматыда тұрғындармен үлкен жұмыстар жүргізілетін, жаттығулар өтетін, жер сілкінісі кезінде жиналатын арнайы орындар белгіленіп қойылатын, хабарландыру жүйесі әзір тұратын.
Мемлекет басшысы Үкіметке және қала әкімдігіне аталған жұмысты жандандыруды тапсырды.
Президент сондай-ақ Сейсмология институтын Төтенше жағдайлар министрлігіне беру, аталған институттың жұмысы үшін жаңа мамандар тарту, институттың зерханасын жаңа жабдықтармен жарақтандыру туралы мәселені қарау қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысы сондай-ақ биылғы жылы Алматыда метро пайдалануға берілетінін атап өтті. Республика сарайы күрделі жөндеуден өтуде.
- Биылғы жыл – ерекше жыл. Республикамыздың Тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Алматы осы тарихи датаны белсенді атап өтуі тиіс, өйткені бұл қала – Тәуелсіздігіміздің бесігі. Көшелер мен гүлзарлар, даңғылдар мен алаңдар, тұрғын үйлер мен аулалар, мәдениет пен спорт нысандары ретке келтірілуі керек. Алматылықтардың ең елеулі проблемаларына назар аударуларыңызды сұраймын. Мен бүгін сіздердің алдарыңызға осындай негізгі міндеттерді қойып отырмын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кеңес аяқталғаннан соң, Мемлекет басшысы «Сұңқар» шаңғы трамплині халықаралық кешенін дамыту жоспарымен танысты.
Қаланы немесе аймақты таңдаңыз: