Оқиғалар
Шымкентте американдық «Шамар Аллен энд Андердогз» джаз тобы өнер көрсетті. Жаңа Орлеаннан (АҚШ) келген музыканттар дәстүрлі жазғы джаз фестивалі аясында «Шәмші» ашық алаңында ән айтты.
Кәсіби джаз әншілердің өнеріне тәнті болған жергілікті жұрт жиналып, сүйікті әуендерін тыңдады. Алыстан келген музыканттардың сөзіне қарағанда, оларға қазақтың дархан жері ұнаған.
Шымкенттегі концерттен кейін Жаңа Орлеаннан келген джаз тобы Тараз және Алматы қалаларында өнер көрсетеді.
Қаланың жаңадан атау берілген «Астана даңғылы» және Адырбеков көшелерінің қиылысынан таң сәріден жүріп өткен кез келген шымкенттік осы күні ғажайып бір көңіл күйге бөленері хақ еді. Олай дейтініміз, мұнда бүгін таңғы сағат 7:00-ден бастап мектеп оқушылары әсем бір дүниені түрлі түсті бояулармен салып жатқан еді. Шымкенттің белсенді білім ордаларынан жиналған 600-ге жуық оқушы қонақтардың алды жиналамын дегенше, әп-сәтте-ақ, асфальтті даңғылдың 500 метріне бүгінгі Елорданың әсем ғимараттары мен Тәуелсіз еліміздің жүзі бал-бұл жайнаған балғындарын бейнеледі. Таңғажайып суреттерді салуға бұл күні Астананың құрдасы Нұрдәулет БАҚДӘУЛЕТ те қатысты. Нұрдәулет БАҚДӘУЛЕТ, №44 мектептің оқушысы: «Бас қаламыздың туған күніне арнап, шырайлы Шымкентімізден осындай тарту ұйымдастырып жатқанымызға өз басым ерекше қуаныштымын. Өйткені, бүгін менің де туған күнім. Қос қуанышқа бөленіп, толқып тұрған жайым бар. Астанаға барғанмын. Ондағы зәулім үйлерді де көргенмін. Маған әсіресе, қаланың сәулеті қатты ұнайды. Қысқасын айтқанда, Астананы мақтан тұтамын». Негізінен «Астана — Ел жүрегі» деп аталмыш композицияның үлгісін шаһарамыздағы көркемсурет мектебінің шәкірттері мен ұздардары бірігіп жасапты. Қалалық білім бөлімі ұйытқы болған іске 4 түрлі түстен (көк, жасыл, қызыл, сары) 1 тонна бояу қолданылыпты. Бұдан соң, облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен қала әкімі Қайрат Молдасейітовтің қатысуымен Астана даңғылының бойында «Астана — Ел жүрегі» естелік белгісінің іргетасын қалау рәсімі болды. Іргетасқа арнайы дайындалған капсула салып, қалау құрметі ОҚО-ның Құрметті азаматы Дүйсенгүл Бопова мен жазушы Еркінбек Тұрысовқа берілді. Шаһар басшысы Қ.Молдасейітовтың сөзінше, болашақта енді дәл осы жерде композициялық естелік белгісі орнатылады. Облыс орталығының жаңа әкімшілік ғимараты да осы маңайдан орын табатыны да көпшіліктің көзінше жария етілді. Шаһарлықтар сәл шыдаса сол төңіректен Орыс драма театрының да алғашқы қойылымдары ұйымдастырылатын күн алыс емес. Тағы бір жобаның жасалып жатқанын оқырмандарымызбен бөлісуді жөн көріп отырмын. Қала әкімінің айтуынша, жақын күндері «Қайтпас-1″ шағынауданы маңынан ғажайып саябақ салынады. Және сол төңіректен көрме залын да ашу жоспарланып отыр-мыс. Жиын соңында құрметті қонақтар балалардың Астанаға арнап жасаған тартуын тамашалады. Салтанатты шараның соңы концерттік бағдарламамен жалғасып, көңілді мереке одан әрі думандады. Қалалық білім бөлімінің бастығы Жанат Тәжиева бүгінгі шараға қатысқан әрбір мектеп ұжымына «Қазақстан» атты кітап табыстады.
Владислав Хан, жаттықтырушы: »Жеткіншектер үшін мұндай жарыстардың маңызы зор. Өйткені, ең бастысы оларды психалогиялық тұрғыда дайындау. Жеңіспен сәтсіздіктерге төтеп беруге үйрету. Бұл жоспар орындалды деуге болады. Жеңіп алған 3 алтын медаль осының айғағы деуге де болады. Оның үстіне біздің жаттығып жүргенімізге 4 жыл ғана болды. Бұл біз үшін үлкен жетістік».
Дзюдодан Әлем Чемпионатында қоланы қанжығасына байлаған Александра Подрядова Қазақстан Халықтар Достығы университетінің студенті. Лондон Олимпиадасына жолдама ұтып алған палуан қызды бүгін оқу ордасының профессорлары мен оқытушылары құттықтады. Рабиға Қуатбекова, Қазақстан халықтар достығы уинверситетінің ректоры: «Біздің университет жас болса да, өзін әлемге танытып үлгерді. Осындай еліміз ғана емес, дүние жүзіне мықтылығын танытып жүрген Александра Подрядова секілді шәкірттерімізді мақтан тұтамыз». Александра дзюдодан халықаралық дәрежедегі спортшы, жеңіл салмақта еліміздің 11 дүркін жеңімпазы, Азияның бірнеше мәрте жүлдегері. Қазақстан халықтар достығы университетіне Подрярова 2011 жылы оқуға түскен. Қазір бойжеткен мұнда заңгер мамандығын оқуда. Александра Подрядова: «Университет президенті Қуатбеков Әбдімұса Мұратұлына, ғылым академигі, ректорымыз Рабиға Әбдімұсақызына алғыс айтқым келеді. Мені әрдайым қолдап, тегін оқуға мүмкіндік берді». Александра бүгін Алматыға аттанбақ. Палуан қыз онда 15-шілдеге дейін оқу-жаттығу жиынында болады. Ал ай соңында бүкіл елдің үкілеген үмітін арқалап, тұманды Альбионға жол тартады.
Қаламызда ұйымдастырылып отырған шараның бір ерекшелігі, бұрынғыдай кеңселерде дөңгелек үстел басында емес, жылыжай шаруашылығының өзіне барып өткізілді.
Кәсіпкерлікке үйрену семинары жылыжай шаруашылығы бар жеке кәсіпкер Олжабай Әбдураимовтың шаруашылығында ұйымдастырылды. Шара барысында өз кәсібін дөңгелетуге ниет білдірген азаматтарға кәсіпкерлік қызметтің негізі, құқықтық және салық құжаттамалар мен есеп жүргізу тәсілдері түсіндірілді.
Нұрипа Аманжолова, кәсіпкер: «Сайрамда 2 гектардай жеріміз бар. Жылыжай салайын деп едік. Осы мақсатта бүгін семинарға қатысып, кәсіптің қыр-сырын үйренудеміз. Мені таң қалдырғаны, Әбрдаимов отбасының алған 10 млн. несиені 2 жарым жылда өтегені».Әбдураимовтар отбасы тиесілі 1,5 гектардың 1 гектарына жылдың басында қызанақ отырғызған. Сәуір айынан бері өнімдер пісіп жетілуде. Бүгінде түрлі сұрыптағы қызанақтар көтерме бағамен 80 теңгеден босатылуда. Өнім жаман емес. Кәсіпкер аз мерзімде алған несиесімен де есеп айырысып үлгеріпті.Убайдулла Әбдураимов, жылыжайдың иесі: «Болашақта шағын цех саламыз. Онда консервіленген өнім шығарамыз. Кәсіпті бастау оңайға соқпады. Мен өзім заңгермін. Сондықтан да несиеге тиісті құжаттарды өзім реттедім. Алдын өзбекстандық мамандарға жүгіндік, бірте-бірте өзіміз үйрендік. Бірінші жылы қызанағымыз үсіп қала жаздаған еді, сондықтан электр жарығын дербес етіп алдық. Қазір тәуелді емеспіз».Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында бүгінде несие мерзімі де ұзартылған. Қазіргі таңда ол 5 жылға 6,5 пайызбен берілуде. Кәсіпкерлікке қызығушылық танытқандардың тұрғылықты жерде орналасқан жұмыспен қамту орталықтарына баруына болады.
Қаланы немесе аймақты таңдаңыз: