Төле би көш.55 үй
Тел.: +7 (7262) 432-585
|
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің негізі 1931 жылы қаланған. 1931 жылғы 23 тамыздағы Әулиеата өлкетану музейі кеңесінің мәжілісінде қабылданған қаулыда: «Музей 25 тамызда ашылды, бұл туралы Әулиеата қалалық кеңесінің радиосынан хабарланды. Музей келушілерге күн сайын сағат 13.00-ден 18.00-ге дейін ашық, ал экскурсия келісім бойынша. Музейге кіру тегін» деп көрсетілген. Бастапқы кезде археологиялық заттар ең құнды экспонаттар болып саналды. Оларды зерттеу сол кездегі жас ғалым М.Е.Массонға тапсырылды. Кейінгі жылдары музейдің жұмысына танымал археолог Г.И.Пацевич белсенді қатысты.
Музей қорында көне дәуірден бүгінгі заманға дейінгі материалдық құндылықтар және халқымыз бен мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі, әр кезеңдегі елеулі оқиғаларға қатысты тарихи заттар, еңбек, мәдениет, ғылым, қоғам қайраткерлері мен соғыс ардагерлерінің құжаттары мен заттары жинақталған,олардың жалпы саны 40 мыңға таяу.
2002 жылы Тараз қаласынның 2000 жылдық мерей тойына орай музейде тағы да 3 жаңа ғимарат: «Көне түркі тас мүсіндері және көне жазулар», «Тараз – 2000», «Суретші Л.В.Брюммер» көркемсурет залы ашылды. Бүгінде музейдің экспозициялық ауданы 2010 шаршы метрге жетіп, 4 ғимараттан тұратын кешендік музейге айналды және Абай көшесі 127 үйге орналасқан ауданы 303 шаршы метрлік көрме залы бар.
Еліміздің егемендік алуы – ел өміріне алуан өзгерістер мен рухани серпілістер әкелді, соның арқасында тарихымызға шынайы қарап, музей экспозициясын қайта құрып, жүйелеп, зерттеп, сақтап және экспозициясын көпшілікке көрсетіп, өскелең ұрпаққа үлгі боларлық құндылықтарды насихаттап келеді. Осы бағыттарда музей қызметкерлері облыс тұрғындарымен тығыз қарым-қатынастарда жұмыс істейді. Оқушылар мен білімгер жастарға экскурсия, әңгіме-кеңес, кездесулер, сабақтар, үйірме, тәрбие сағаттары, өлкетану тақырыптарында баяндамалар, жылжымалы көрмелер өткізеді.
Музейде 3 бөлім жұмыс істейді:
1. Археология және этнография бөлімі
2. Қазіргі заман тарихы бөлімі
3. Қор және көрме залы бөлімі
және 3 аудандық бөлімі бар:
1. Сарысу аудандық тарихи - өлкетану музейі
2. Шу аудандық тарихи - өлкетану музейі
3. Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейі (Жуалы ауданы)
|
Пікірлер