Светлана — «Ақтөбе ханымы — 2011»

Апта басында Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында «Ақтөбе ханымы — 2011» байқауының финалы өтті. Ақтөбе облысының әкімі жанындағы әйелдер ісі, отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның «Сезон» журналымен бірлесіп ұйымдастырған байқауына 25-50 жастағы ханымдар балаларымен бірге келіп қатысты.
Байқауды ұйымдастыруға облыстық білім, мәдениет, спорт және туризм, денсаулық сақтау басқармалары, қала әкімдігі, «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС, «АқтөбеСтройЭкспорт» ЖШС, «Мега-Ақтөбе» орталығы, «AVON» косметикалық фирмасы, т.б. қолдау көрсетті.
Жалпы, ханымдар сайысы әлемдік деңгейде қырық жылдан бері ұйымдастырылады екен, оған 80-нен астам ел қатысады деседі. Қазақстан атынан тұңғыш рет «Әлем байқауына» тележүргізуші Динара Сәтжан қатысты. Былтыр «Қазақстан ханымы» атанған тележүргізуші, біздің жерлесіміз Гүлнәз Әлімгерей биыл әлемдік деңгейдегі сайысқа қатысатын болады. Ал ел аймақтарында өткен байқаулардан жеңімпаз атанғандар қыркүйекте өтетін республикалық, одан әрі келесі жылғы әлемдік байқауға жолдама алатын болады.
Салтанатты кешті ашқан облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер ісі, отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы Сара Нұрқатова қатысушыларға сәттілік тіледі.
Әдеміліктің, сұлулықтың сынына бұдан бұрын ұйымдастырылған іріктеу турынан өткен 15 ханым қатысты. Әрқайсысы әртүрлі саланың адамы — бірі мұғалім, бірі дәрігер, тағы бірі мемлекеттік қызметкер, келесісі актриса, журналист, ұйымдастырушы, т.б. Ханымдар бойындағы бар өнерін көрсетуге, таным көкжиегін танытуға, балаларын сахнаға алып шығып, мүмкіндігінше олардың да өнерін көрсетуге тырысты.
Байқаудың бірінші шарты бойынша сахнаға өмірдегі ұстанымдарын айтып шыққан ханымдар екінші бөлімде көрермен алдына балаларымен шықты. Әр ананың ең басты жеңісі — оның сәбиі. Аналарының шашбауын көтеріп шыққан балалар бірінен бірі өтеді. Бір қызығы, сәбилердің көбі қолдарын сермеп «Қара жорға» биін биледі, екіге жаңа толған костюм-шалбар киген «жігіттер» 42 әріпті жатқа айтып, тіпті кейбірі қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазу жазып берді, санап берді, тақылдап тақпақ айтты. Ересектеулері ән айтты, түрлі жанрдағы би өнерін көрсетті, спорттық номер ұсынды. Ерке балалардың кейбірі сахнаға шығуын шыққанымен, қиғылық салып, өнер көрсетуден бас тартты.
Қатысушылардың тапқырлығы мен талантын, білімі мен білігін айқындайтын «Интеллектауалдық байқау» барысында ханымдар қазақтың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, мәдениеті мен тарихы, т.б. жөніндегі сұрақтарға жауап берді.
Спорттық бөлімде ханымдар «AVON» компаниясының аты жазылған футболка киіп шығып, спорттық би биледі, яғни, өздерін спорттық амплуада көрсетті.
Байқаудың ең қызықты — қатысушылардың өз өнерлерін көрсеткен бөлімі жиналғандарды таңғалдырды. Бұл бөлім «Бір сәттік қуаныш» деп аталды. Ханымдардың әрқайсысы өз қабілет-қарымынша өнерін көрсетті — биледі, ән айтты, театрландырылған көрініс көрсетті, қазақ ақындары мен өздерінің өлеңдерін, монологын оқыды…
Ханымдардың өнерін облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова төрағалық еткен, құрамында «AVON» компаниясының Батыс Қазақстан бойынша аймақтық өкілі Галина Круглякова, «Қазақстан» телеарнасының жүргізушісі, «Қазақстан ханымы — 2010» Гүлназ Әлімгерей, ҚР Мемлекеттік істер жөніндегі агенттігі басқармасының бастығы Нұрлан Сүйінбаев, «Ақтөбе СтройЭксперт» ЖШС директоры Жасталап Жанбауов, облыс әкімінің кеңесшісі Ғалымжан Төреханов, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдиновалар бар қазылар алқасы бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша «Ақтөбе ханымы-2011» атағына Светлана Айтбаева лайық деп танылды. Светлана Айтбаева Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония әншісі, 2006 жылы мәдениет пен өнерді қолдау қорының Құрмет грамотасымен марапатталды, 2009 жылы «Лучшие люди Казахстана» энциклопедиясына енді, 2007 жылы оған ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Ол облыс әкімі жанындағы әйелдер ісі, отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі. Отбасында жары Қанат екеуі үш бала тәрбиелеп отыр. Балалары да шетінен өнерлі. Анасының шашбауын көтеріп келген үлкен ұлы Димаш пен қызы Раушан ән айтса, төрт жасқа жаңа толған кішкентай Әбілмансұр қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде «Қазақстан ханымы» деп мүдірмей жазып берді.
— Байқау өте жоғары деңгейде өтті. Сайысқа қатысушылардың барлығы да білімді, сауатты, таным көкжиектері кең, нағыз қазақ әйелі деуге лайық адамдар. Әрине, сахнада өзін өзі ұстау мәдениеті жағынан алғанда мен театр актрисаларына, білім сайысында, бәлкім, білім саласында қызмет етіп жүргендерге жете алмаған болармын. Ал шығармашылық жағынан алғанда өз-өзіме сенімдімін, өйткені, өнер саласында, сахнада жүргеніме біраз жыл болды. Дегенмен, бас жүлдені аламын деген ой болған жоқ. Себебі, әдетте әншілік өнер байқаулары 25-30 жасқа дейін ұйымдастырылады, яғни, бірнеше жылдан бері байқау дегенді ұмытып та қалдым. Ал бұл жолғы отбасы, қазақы ұлттық тәрбие талқыға түсетін байқауға қатысудан тартынған жоқпын, бірден келістім. Алайда, дайындығым аздау болды, себебі осыдан 3-4 күн бұрын Ақтау қаласында Астана күніне арнап түсірілген «Астана -Арман» музыкалық фильмінің түсірілімінен келген едік. Мен іссапарда жүргенде балаларым өз өнерлерін дайындап та қойыпты, бұл да маған үлкен қолдау болды. Өзім сахна адамы болғандықтан киім жағынан да аса қинала қойған жоқпын, бұл тұрғыда облыстық мәдениет басқармасы, филармония ұжымы көмектесті, — дейді С.Айтбаева.
Светланаға «Ақтөбе ханымы -2011» жүлдесін С.Нұрқатова мен Г.Әлімгерей тапсырды.
— Ақтөбе облысының әкімі және облыс әкімі жанындағы әйелдер ісі, отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы атынан байқауға қатысқан ханымдарға осындай әдемі кеш сыйлағандары үшін алғысымды білдіремін. Ең әдемі, ең талантты әйелдер — Ақтөбе әйелдері деп сеніммен айта аламын. Оны бүгін өздеріңіз дәлелдедіңіздер, ханымдар, — деп сөйлеген С.Нұрқатова байқауға қатысушылардың барлығына облыс әкімі атынан ақшалай сыйлық пен сертификаттар табыс етті.
Қазылар алқасының бағалауы бойынша, «Ақтөбе ханымы-2011» байқауының І және ІІ орын жүлдесіне сәйкесінше облыс әкімі аппаратының бас маманы, заңгер Динара Нұранова мен облыстық клиникалық ауруханасының аудармашысы, жас ғалымдар кеңесінің төрайымы Айгүл Оразымбетова ие болды.
Осылайша, 14 қыркүйек күні Астана қаласында өтетін «Қазақстан ханымы-2011» байқауына Светлана Айтбаева мен Динара Нұранова жолдама алды.
— Қыркүйекте Астанада болатын «Қазақстан ханымы» байқауына 2 ай тапжылмай дайындаламын. Өзіме қатаң талап қойып отырмын — міндетті түрде мезгілінде жаттығу залына барып, ағылшын тілін үйренемін. Республикалық додада Ақтөбе облысының туын жоғары ұстауға тырысамын, — дейді С.Айтбаева.
Жүлделі орындардан басқа ханымдарға «Көркем ханым», «AVON» компаниясының ханымы», «Стиль ханымы», «Мега Ақтөбе ханымы», «Көрермендер көзайымы», «Парасатты ханым», «Сымбатты ханым», «Сүйкімді ханым», «Спортшы ханым», «Интеллектуал ханым», «Жігерлі ханым» секілді номинациялар бойынша жүлделер берілді.
«Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-ның атынан берілген «Көркем ханым» номинациясы және бағалық сыйлықтарға журналист, Мұғалжар аудандық мәслихатының депутаты Нұргүл Қалиева лайық болды. Нұргүлдің суреті аталған ЖШС құрамына кіретін «Білезік» журналының келесі, төртінші номерінің мұқаба бетіне шығатын болды.
 

Пікірлер

10.10.2012, 23:38
кундыз
а где тут про номинаций "Жігерлі ханым"?


Жіберу

Қаланы немесе аймақты таңдаңыз:

Қонақ үй броньдау

Броньдау

Қала Қонақтар
Келу күні