Облыс әкімі Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің 40 жылдығына орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шараларға қатысты

Ғылыми кеңестің салтанатты отырысына қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде облыс басшысы университет тарихының Қарағанды өңірінің тарихымен біте қайнасып жатқандығын атап айтты. Алғаш мұғалімдер институты ретінде құрылған оқу ордасы педагогтар даярлауға қомақты үлес қосты. Ал, бүгінгі күні білім мекемесі экономика, әлеуметтік сала, ғылым мен мәдениет салаларының білікті мамандарын қанаттандырып келеді.
- Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті еліміздің жоғарғы білім беру жүйесінде көш бастап келе жатқан оқу орындарының бірі. Оған ұлттық рейтингте жоғары позицияға ие болып, университет оқымыстыларының жетістіктері әлемдік академиялық қоғамдастық тарапынан мойындалғаны айқын дәлел бола алады. Сіздердің жоғарғы оқу орындарыңыздың Университеттердің Еуразиялық Қоғамдастығы, Болон келісімі – Magna Charta Universitaum сияқты беделді халықаралық ұйымдарының мүшесі болуы да кездейсоқ жағдай емес, - деді облыс әкімі.
Университет Қазақстанның бірінші ЖОО есебінде өзінің білім беру бағдарламаларының халықаралық аккредитация процесіне енді. 2005 жылы экономика факультетінің 6 мамандықтары менеджменттің Еуразиялық және Орталық Азия даму қорларынан аккредитация алды, 2010 жылы ҚарМУ ұлттық институттық аккредитациядан сәтті өтті, ал 2011 жылы университеттің білім беру бағдарламалары – «Химия», «Экономика», «Физика» - АКВИН/ACQUIN еуропа агенттігінде аккредитация рәсімінен ойдағыдай өтті.
Бүгінгі күні университетте 77 бакалавриат, 49 магистратура және 6 докторантура мамандықтары бойынша жоғары білікті мамандар шығарады. Бұл сапалы білім берудің барлық заманауи әлемдік талаптарына толық сәйкес келеді.
- Мемлекет басшысы өзінің биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында адам капиталының сапалы өсімін басымдықтардың бірі ретінде белгілегендіктен, мұның маңызы еселеп арта түсетіні анық, - деді аймақ басшысы.
Университет ғалымдары тәуелсіз Қазақстан үшін зор маңызға ие үдемелі индустриалдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға белсене араласып кетті.
- Бүгін біз осы білім шаңырағының бастауында тұрған асыл азаматтарды алғыс сезімімен еске аламыз. Дәлірек айтқанда, ҚарМУ алғашқы ректоры Евней Арыстанұлы Бөкетов, Зейнолла Молдахметұлы Молдахметов, Жамбыл Сәулебекұлы Ақылбаев, Айтқожа Биғалиұлы Биғалиев сынды қайраткер тұлғалар оқу орнының аяғынан тік тұрып, қалыптасып, дамуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Сонымен қатар білімнің, ғылымның, экономиканың, мәдениеттің дамуына қосқан үлестері үшін мемлекеттік марапаттарға, халықаралық гранттар мен сыйақыларға ие болған профессорлық-оқытушылық ұжымға да айтар алғысымыз шексіз, - деді сөзінің соңында Әбілғазы Құсайынов. 

Пікірлер

Пікірлер жоқ.


Жіберу

Қаланы немесе аймақты таңдаңыз:

Қонақ үй броньдау

Броньдау

Қала Қонақтар
Келу күні