Оқиғалар
Аймақ басшысы алдымен мәдениет орталығының фойесінде ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы саласының көрмесімен танысты. Лайықтыларды марапаттауға арналған салтанатты жиынның жүргізушілері облысымыздың ауыл шаруашылығы саласының тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде жеткен жетістіктерін баяндады. Салтанат сахнасына көтерілген облыс әкімі Болатбек Қуандықов сырбойылық ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін егін жинау науқанының аяқталуымен құттықтап, аграрлық салада егемендік алған жылдары атқарылған ауқымды жұмыстар мен алдағы міндеттерді атап өтті.
- Құрметті ауыл шаруашылығы саласының майталмандары, қадірлі ағайын! Биыл еліміз үшін аса ерекше жыл - ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерейтойы. Барлықтарыңызды бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Ел қамбасын алтын дәнмен толтырып отырған Сыр диқандары осы мерекені толағай табыспен қарсы алып отыр. Елбасымыз агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына ерекше мән беріп келеді. Отандық өнімнің негізгі көзі - ауыл шаруашылығы екені белгілі. Бүгінде ауылшаруашылығы өнімдері тиімді бизнеске айналды. Елбасының кезекті Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, еңбек өнімділігін арттыруға, аграрлық саланы әртараптандыруға, ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу қарқынын үдетуге аса мән берілген. Өздеріңіз білетіндей, қыркүйек айының басында Елбасы аймағымызға арнайы жұмыс сапарымен келген сәтінде екі ауылда болып, күріш орағы науқанының басталуына куә болды. Диқан қауымының егіннен мол өнім алатынына сенім білдірді. Сол сенім үдесінен шыға білдік. Егіннің әр гектарынан 47,8 центнер өнім жиналып, ел егемендігінің жиырмасыншы жылында облыс диқандары Отан қамбасына барлығы 350 мың тонна астық құйды. Осылайша, ел Тәуелсіздігінің мерейлі мерекесіне табыспен жеттік, - деді облыс әкімі Б.Қуандықов.
Аймақ басшысы үстіміздегі жылы сала бойынша қол жеткізген жетістіктерді де саралап атап өтті. Биыл мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың арқасында жалпы егіс көлемі 2001 жылмен салыстырғанда 20 мың гектарға ұлғайтылды. Оның ішінде аймағымыздың негізгі дақылы - күріш егісінің көлемі 19 мың гектарға ұлғайтылып, 77,4 мың гектарға жетті. Күріштің тұқым шаруашылығының жұмыстары толығымен реттелді. Үстіміздегі жылы ел Үкіметі мемлекеттік қолдау көлемін 3,3 млрд. теңгеге дейін жеткізді. «Сыбаға» бағдарламасы аймағымызда сәтті жүзеге асырылуда. Облыс орталығында жатка құрастыратын цех іске қосылды. Сонымен бірге құрама жем шығаратын екі зауыттың бірі жұмысын бастады. Екіншісі жыл соңына дейін ашылады деп күтілуде. Жиында облыс әкімі ауыл шаруашылығында бәсекеге қабілетті өнім өндіру және агроөнеркәсіп кешені жүйесін тиімді дамыту ісі алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.
Сондай-ақ, облыс басшысы ауыл шаруашылығының бір бағыты - мал шаруашылығына да тоқталып, ондағы жетістіктерді атап өтті және сала бойынша алдағы міндеттермен таныстырды.
Бұдан соң сахна төріне ауыл шаруашылығы саласының өндіріс озаттары мен облыстың үздік шаруашылықтарының басшылары және үздік деп танылған аудан әкімдері шақырылып, оларға облыс әкімінің алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтары табыс етілді.
Дала төсін еңбекпен дүбірлеткен сала мамандарын марапаттауға арналған салтанатты шара жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.
Сенбі күні «Алтын дән-2011» салтанатты шаралары аясында облыста күріш шаруашылығын дамыту мәселелері туралы семинар болып өтті. Семинар-кеңес жұмысына еліміздің күріш саласын ғылыми негіздеумен айналысатын белгілі ғалымдар, аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері қатысты.
Семинарда күріш шаруашылықтарының өнімдері мен өндіріске қажетті тауарларды, материалдық құндылықтарды жеткізуші компаниялардың көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге «Абзал и К», «РЗА», «Алуан Ас», «Сыр маржаны» серіктестіктерінің жаңашыл сорттары мен комбайн, жатка және тыңайтқыштар жеткізуші компаниялар мен агрофирмалардың үлгілері қойылған. Жиынға қатысушылар оларды аралап көріп, өзара пікір алысты.
Келелі кеңесті облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов жүргізді. Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Талғат Дүйсебаев биыл салаға мемлекеттік қолдау 3,3 млрд. теңгенің көлемін құрағанын атап, қазіргі таңда облыста 7 тұқым шаруашылығы жұмыс істейтінін жеткізді. Сонымен бірге диқандар жеті түрлі күріш сорттарын өсіріп жүр. Дегенмен, дақылды дамыту мен оның сапасын көтеруде алда үлкен міндеттер тұр. Сыр маржанының жаңа сорттарын өндіріске енгізу және оның облыс жағдайындағы ғылыми негіздемесі жайлы «Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің директоры Серікбай Өмірзақов баяндады.Ол қазір дақылдың 5-6 жаңа сорттары сынақтан өткізілуде екенін айтып, салаға жаңа технологияларды кеңінен қолдану барысында ой бөлісті. Бұл орайда топырақты құнарландырудың маңызы зор. Күрішті өңдеу және өндірушілер қауымдастығының президенті, «Абзал и К» ЖШС-нің директоры Абзал Ералиев тауар өндірушілер алдында тұрған келелі мәселелерді қозғады. Бүгінгі таңда дүние жүзінде 3,5 млрд.-тан астам халық күріш тұтынады екен. Бағалы өнімге сұраныс жылма-жыл артып келеді. Облыс диқандары елімізде дақылдың 85 пайызын қамтамасыз етеді. Сыр маржаны шетелдің 10 мемлекетіне экспортқа шығарылады. Олардың қатарында Ресей, Украина, Белоруссия, Өзбекстан, Қырғызстан сынды елдер бар. Дегенмен, өнімнің сапасы жөнінде бірінші кезекте айтуға тура келеді. Өндірушілер қара күрішті өңдеуге өткізеді де әрі қарай жұмысы болмайды. Ал Сыр салысының сапасы екі жақ бірлесіп қимылдағанда ғана жақсара түспек. Сондықтан Қазақстан күрішін сыртқа шығару үшін осы мәселеге айрықша көңіл бөлуіміз қажет. Қауымдастық басшысы егінді жинап алу мерзіміне байланысты озық технологияларды алға тартты. Ресейде 5 мың гектар күрішті 25 күнде жинаса, бізде оны 45 күнде орып алады. Содан дақылдың өнімділігі төмендеп, сапасы кетіп, ысырапқа ұшырайды. Алдымен сапалы элита тұқымдарын егуді үйренуіміз керек. Диқандарға қолдау көрсетуде субсидия көлемін 30 мың теңгеге жеткізуді ойластырған ләзім. Еуропа мен Азияда бұл көрсеткіш дақылдың өзіндік құнының 30 пайызын құрайды. Тыңайтқыштар мен гербицид бағаларында да ойласатын жайлар жеткілікті.
Қазіргі таңда ауылда механизаторлардың тапшылығы сезілуде. Шаруашылықтар барынша озық техникаларды алуға қол жеткізуі тиіс. Жерді инженерлік жүйеге келтіру, су жүйесін реттеу кезек күтпейтін мәселелер. Міне, саладағы көптеген түйіткілді мәселелер Қазақстанда күріш шаруашылығын дамыту бағдарламасын қабылдау қажеттігін алға тартып отыр.
Кеңесте «Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің бөлім бастығы Александр Подольских күріш жармасының сапасын жақсарту жолдарын әңгімелесе, Микробиология және вирусология ҒЗИ-нің бөлім бастығы Ғани Таубекова егістікте топырақтың құнарлылығын арттыруда микроорганизмдердің ролі зор екенін таратып баяндап берді. Облыста бірлескен жұмыстар жүргізіп жатқан институт келер жылы филиал ашуды жобалап отыр екен.
Соңғы уақытта сапалы «Маржан» сортының өзі ауруға ұшырап жүр. Дақылдың арам шөптері мен зиянкестеріне қарсы химиялық дәрі-дәрмектер жайлы «Сингента Қазақстан» компаниясының өкілі Абылайхан Елубаев тоқталды. Ал күріш ауруына қарсы кешенді күрес жолдары тұрғысында «Август Қазақстан» ЖШС-нің өнімдерімен атқарушы директор Жанна Нұрова таныстырды.
Сөйтіп, алтын күзде күрішшілер мен ғалымдар кең отырып пікір алысты, тәжірибе алмасты. Семинар-кеңес күріш шаруашылығын дамыту туралы тиісті ұсыныстар қабылдады.
Арал - шынында да тек Сыр өңірі емес, күллі қазақ баласы қастер тұтатын киелі топырақ. Осы қасиетті мекенді гүлдендіру жолындағы жамағаттың пейілі текке кетпеді. Мұны атқарылған бірқатар шаралардан аңғаруға болады. Турасын айтсақ, ауданда сырт көзге қысылмай көрсетуге лайықты істер аз емес. Осынау игілікті қадамдар Мемлекет басшысының байыпты ұстанымымен жүзеге асуда. «Мен Аралға көмектесемін деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген Елбасының ыстық лебізі аралдықтардың жүрек түкпірінде бойтұмардай сақтаулы. Мерекелік бағдарлама қайта жаңғыртылған жабық жүзу бассейніндегі бадминтон, ролик тебуге арналған және балалар ойын алаңдарының ашылу салтанатынан басталды. Аймақ басшысы Болатбек Баянұлы мен соғыс және еңбек ардагері Ыдырыс Қалиұлы көгілдір лентаны қиғаннан кейін, тойға ниеттес қонақтар балықшылар мұражайын аралап көрді. Бұдан соң «Рәміздер» және «Ғашықтар» алаңының ашылу рәсімдері өтті. Рәсімге Алматыдан арнайы ат арытып келген еліміздің еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешова мен Қазақстанның халық әртісі Құман Тастанбеков қатысып, аралдықтарға ыстық ілтипаттарын білдірді. Халық ауыз әдебиетінің жауһары «Қыз Жібек» лиро-эпосы желісімен түсірілген «Қыз Жібек» фильмі қазақтың көне тарихынан сыр шертетін құнды дүние екені баршаға белгілі. Жағалбайлы руының көшбасшысы Базарбайдың тұңғышы Төлеген батыр мен Шекті руының көшбастары Сырлыбайдың еркесі сұлу Жібектің махаббаты бүгінде ұрпақтарымызға үлгі болып отыр, - деді қазақ киножұлдызы Меруерт Өтекешова. - Мен осы аты аңызға айналған махаббат иелерінің әсем бейнесін қайта жандандырып, қос ғашықты бүгінгі жастардың «махаббат символына» айналдыру мақсатында өткен ғасырдың жетпісінші жылы он жеті жасымда басты рөлді сомдадым. Лирикаға құрылған фильмде ұлттық тәрбие мен имандылық, ибалық үйлесім тапқан еді. Әсіресе, Жібек сұлудан дәмелі Бекежан батыр қалыңдығына асығып келе жатқан Төлегенді қапияда мерт қылып, тойға дайындалып жатқан Сырлыбай ауылының қайғыдан қан жұтқанын көрген бірде-бір адам көзіне жас алмай тебіренбеуі мүмкін емес еді. Міне, мәңгілік нұрға айналған «Қыз Жібек» киносының түсірілгеніне жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті-ау! Осы аралықта еліміз егемендігін алып, көк туын заңғар көкте желбіретті. Азаттығымыздың арқасында мұрағатта шаң басып жатқан тарих беттері қайта парақталып, өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды. Әсіресе, айдынды Арал төсінде еліміздің еш жерінде жоқ «Ғашықтар» алаңы салынып, Қыз Жібек пен Төлегенге ескерткіш орнатылыпты. Негізінде, эпоста орын алған оқиғалар Арал өңірінен басталып, Еділ мен Жайық жерінде жалғасады. Бұл ескерткіш әрбір тұрғынға эстетикалық, этикалық және тәрбиелік мәні зор сезімдер сыйлайтыны ақиқат. Бұл ұлт тарихының бір парасы. Сондықтан ардақты ағайын, өз тарихымызды әрқашан құрмет тұтайық! Тойларыңыз әрдайым көп болғай! «Ғашықтар» алаңының алқызыл лентасы қиылғаннан кейін облыс әкімі өткен жылы іргетасы қаланған аудандық мәдениет үйі ғимаратының құрылысын аралап көрді. Болатбек Баянұлы бас мердігер «Болашақ құрылысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысына қанағаттанғандық білдірді. Аталған нысан ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесінде пайдалануға беріледі деп межеленуде.
Биылғы жылы аудан орталығында жас мамандарға арналып он тұрғын үйдің құрылысы басталған екен. Арал қаласының күн батысынан қаз-қатар сап түзеген арендалық тұрғын үйлер архитектуралық көрінісімен көз тартады. Әрқайсысы үш бөлмеден тұратын бұл үйлерге су, жылу, кәріз жүйелері жүргізілген. Тоғыз үйге аудандық бюджеттен 45 млн. теңге қаржы бөлінген, ал бір үй республикалық бюджет қаржысы есебінен 5 млн. теңгеге салынуда. Жас мамандарға арналып салынып жатқан осынау арендалық үйлер құрылысына облыс әкімі ризашылығын білдірді. Осы күні ашылған тағы бір нысан - «Даңқ» алаңы. Ол Арал қаласының «Жаңа ауыл» шағын ауданынан бой көтеріп, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен «Желтоқсан» оқиғасының 25 жылдығы және «Мың бала» жылының құрметіне орай тұрғызылған ансамбль. Оны салудағы мақсат - кейінгі өскелең ұрпақтың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, елге деген жанашырлық сезімін ояту және бабалардың ерлігін құрметтеп, дәріптеу болып табылады. Кейбір деректерге сүйенсек, 17 жастағы Сартай мен 13 жастағы Жылқаман мың баладан топ ұйымдастырып, жауға қарсы барлау жұмыстарын жүргізген делінеді. Олар қазақ пен жоңғарлар арасындағы үлкен соғысты көріп, «Сартайлатып» ұрандатып жауға лап қойған деседі. Алғашқы ұрыста-ақ бес жүз бала шейіт болады. Өз заманындағы атақты шайыр Нұрмағанбет Қосжанұлы сол бес жүз қыршынның өліміне арнап: Өрімтал елі үшін жанын қиған,
Жаратқан өздеріңе берсін иман, - деп жырға қосқан екен.
«Даңқ» алаңының ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Болатбек Қуандықов аралдықтарды құттықтады:
- Қымбатты аралдықтар! Баршаңызды бүгінгі Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аясындағы «Арал күндері» фестивалі мерекесімен және «Мың бала» жылының қорытындысына арналған салтанатпен шын жүректен құттықтаймын!
Соңғы жылдары Елбасының айрықша қамқорлығындағы аймаққа айналған Арал төрткүл әлем көз тіккен, ғаламат жобасымен көпті тәнті еткен, бүгіні кемел болашағы зор ауданға айналды. Уақыт өткен сайын аудан ажары айшықталып, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсара түсуде.
Өздеріңізге белгілі, осынау өңірдің қайта жанданған кезеңін паш ету мақсатында өткен жылғы қыркүйек айының алғашқы аптасы «Арал күндерін» атап өту ретінде ерекше бір есте қалды. Осынау мереке барысында 11 нысан пайдалануға беріліп, әлеуметтік маңызы зор 4 нысанның іргетасы қаланды. Бұл жұмыстарға аралдықтар ауызбіршілікпен лайықты үлес қосты. Ол 75 мыңнан астам Арал халқының рухани сезімін маздатып, ризашылығын туғызды.
ҚР Президентінің Байқоңыр ғарыш айлағындағы арнаулы өкілі, облыс әкімінің орынбасары Сәбит Қожаметов транзиттік дәліздің бойынан таяу болашақта салынатын туристік-сауықтыру кешені туралы айтып берді. Ал Төретам кентінде облыс әкімдігінің демеушілігімен салынып жатқан мешіт қараша айының басында ашылады. Жалдық сипаттағы шаһардағы мемлекеттік органдар мен кәсіпорын басшыларымен өткен кеңесте байқоңырлықтардың айтулы мерекеге дайындығы талқыға түсті. Ел егемендігінің мерейлі мерекесі қарсаңында «Рәміздер алаңы» мен Ұлы Абайдың бюсі көрнекті жерге орнатылатын болады.
Сырдария ауданының орталығы - Тереңөзек кенті бүгінде жасыл желекке бөленген. «Жеңістің 50 жылдығы атындағы» бір ғана көшеде 20 мың түп тал жайқала өсіп тұр. Мұның бәрі кент ардагерлерінің күшімен атқарылыпты. Осында іссапармен келген аймақ басшысына кент әкімі Балшекер Өтегенова кенттегі соңғы 3 жылдағы өзгерістерді мәлім етті. Мұнда көркейту-көгалдандыру жұмыстары қарқынмен жүргізілуде. «Жасыл белдеу» бағдарламасына облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлінген. Аймақ басшысы кездесуге жиналған тұрғындарға Қызылорда қаласын айналдыра жасыл белдеу жасау жұмыстары қолға алынғанын, шаһарды айналдыра 2 млн. дана көшет егуді жоспарлап отырғанын, бұл жұмыстардың облыс орталығы ғана емес, кенттерде де жүргізілетінін жеткізіп, Сырдария өзені үстінен (Шаған ауылы тұсы) түсетін көпір туралы айтып берді. Ондаған жылдардан бері көтеріліп келе жатқан бұл мәселе де енді шешімін табатын болды. Көпір құрылысы алдағы жылы басталады.
- Биылдан бастап ауыл көшелерін жөндеуге 1 млрд. теңге бөлдік. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік жолы салынып бітемін дегенше ауылдарымыздағы орталық көшелерді жөндеп аламыз. Бізде аудан орталығына бергісіз Нағи Ілиясов ауылы сияқты ауылдар бар. Инвестордың туған ауылын көркейтуі өзгелерге де үлгі болуы тиіс. Кеше Елбасының өзі осы ауылда болып, өздеріңізбен жүздесті. Сапар соңында облысымызға жоғары бағасын берді.Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның орындалуы бойынша облысымыз былтыр республика бойынша алдыңғы орында болса, биыл алғашқы бестікте тұр. Мұның бәріне біз осындай ауызбірлік пен ынтымақтың арқасында жетіп отырмыз, - деді облыс әкімі. Мұнан соң ол 90 жасқа толғалы отырған соғыс және еңбек ардагері Яхия Тасировке су жаңа шетелдік автокөліктің кілтін табыс етті. Бүгінгі таңда өзінен өрген 4 перзентінен 10 немере сүйіп отырған ардагер аймақ басшысына ақ тілегін батамен жеткізді.
- Соңғы 3 жылдан бері мұнда 39 512 түп ағаш отырғызылып, бір шақырымнан астам жерге арық қазылды. Қазіргі күні егілген барлық ағаш түгелге жуық өсіп тұр. Егілген ағаштар шарбақпен қоршалып, оларды күтіп-баптау жұмыстары қолға алынды. Бұл жұмыстарға кент ардагерлері үлестерін қосты, - дейді Сырдария аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайрулла Әбенов.
Құндыз ауылдық округіндегі «Қызылдихан» ШҚ мың гектарға егіс егіпті. Оның 800 гектары Сыр салысы. Әр гектардан 55 центнерден өнім жиған диқан қауымның көңілі көтеріңкі. Аталған шаруашылықтың қырманында болған облыс басшысы кәсіп иесіне елімізде «Сыбаға» бағдарламасының сәтті жүзеге аса бастағанын, ірі қара малы үшін мал азығы болатын жем-шөп дайындауды қолға алу керектігін еске салды. Шөп оруға қажетті жаткалар енді облыс орталығындағы «АралАзовагромаш» ЖШС-інде құрастырыла бастағанын жеткізді.
Қармақшылық диқандар биыл Сырдың басты дақылын 12 246 га жерге орналастырыпты. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі бастығы міндетін атқарушы Рахым Дүйсековтің айтуынша, барлық егілген күріштің 80 пайызы орылып, бастырылған. Орташа өнім - 45,7 центнерді құрап отыр. Аймағымыздағы көшбасшы серіктестіктердің бірі «Жаңажол» ЖШС биыл ерте көктемде 2 600 га жерге күріш дәнін сепсе, оның 1 мың гектарына күріштің Фишт атты жаңа сортын егіпті. Облыс әкіміне серіктестік басшысы Қ.Әбішев гектарынан 60 центнерден өнім жинап жатқанын, егін орағын қазан айының алғашқы он күндігінде аяқтайтынын айтты. Сонымен бірге Жаңажол ауылында облыстық бюджеттен бөлінген 41 млн. теңгеге ұзындығы 3,2 шақырымды құрайтын 3 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.11 млн. теңгеге монша салынуда. Октябрь топтық су құбырының құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, ауыз су мәселесі шешіліп отыр. Кәсіп иесі алдағы уақытта туған ауылын аудандағы үлгілі ауылдардың қатарына қосу үшін аянбай тер төгіп жатқанын білдірді.
Мұнан соң облыс әкімінің назарына Жосалы кентінің кіреберісіне салынатын дендропарктің жоспары ұсынылды.
- Аумағы 8 гектар жерді қамтитын демалыс орнын абаттандыру ісі осы күзде басталмақшы.Жоба құны - 25 млн. теңге. Сонымен бірге 500 орындық орталық мешіт пен стадионның жоба-сызбасын дайындадық. Мешіттің құны - 150 млн. теңге, ал стадион салуға 220 млн. теңге қаражат кетеді. Имандылық үйі мен спорт нысаны да халықтың келуіне ыңғайлы әрі ұлы жолдың бойына орын тебетін болады, - дейді аудан әкімі Мұрат Ергешбаев. Кент орталығындағы күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйі мен орталық алаңның құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс басшысына аудан әкімі үш мәселені ерекше атап өтті. Кентте биыл 7 көше асфальттанған. Ендігі жылы 21 көшені күрделі жөндеуден өткізуге, сонымен қатар ауыз су мен аяқ су жұмыстарын түбегейлі шешуге қаржы қажеттігі жеткізілді. Тұрғын үйді жаңғыртуға арналған мемлекеттік бағдарлама 2012 жылдан бастап аудан орталықтарында қоса жүргізіледі. Осыған орай кенттегі 6 көпқабатты үйді бағдарлама бойынша қайта жаңғырту жоспарланып, оның тиісті құжаттары дайындалу үстінде.
Мұнан соң облыс басшысы осы ауданға қарасты Төретам кенті мен Ақай ауылдарында болып, бірқатар нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысты.
ҚР Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі С.Қожаметов облыс әкіміне кенттен Диірментөбеге дейінгі аумақтың бос жатқанын, осы тегіс жердің біріне туристік-сауықтыру кешені салынатынын мәлімдеді. Ғарыш кешеніндегі ұшырылым сәтін тамашалауға келетін шетелдіктер мен отандастарымызға арналған бұл кешеннің аймағымыздағы туризм саласын дамытуға үлкен серпін берері анық. Оған қазірдің өзінде қызығушылық танытып отырған инвесторлар бар көрінеді. Ал, кенттегі мешіт құрылысы алдағы 1 қарашаға дейін аяқталады. Нақты кезеңде облыс әкімі мен Байқоңыр қаласы мэрінің демеушілігімен салынып жатқан имандылық үйі құрылысының 95 пайызы біткен. Оның құрылысымен танысқан Б.Қуандықов жылу электр пешін алуға тағы 600 мың теңге қосымша қаржы беретінін жеткізді. Мешіт «Жәрімбет әулие» атын иеленіп, Қазақстан діни басқармасына тіркеліпті. Алдағы Құрбан айт мерекесі қарсаңында аталған мешіттің салтанатты ашылуы болады. Мұнан соң аймақ басшысы Төретам кентіндегі 150 орындық жаңа клуб үйінің іргетасын қалау рәсіміне қатысып, Ақай ауылын аяқ сумен қамтамасыз етуге арналған «Ақниет-2004» ЖШС жұмысымен танысты. Ауыл тұрғындарын аяқ сумен қамту үшін бюджеттен 15 млн. теңге қаражат бөлінгенімен, конкурс жеңімпазы елді мекенге суды жеткізе алмай отыр. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Еркін Өтегеновке осы жұмыстардың жауабын бір айдың ішінде беруді тапсырды.
Мұнан соң Байқоңыр қаласындағы «Қазақстан ғарыш сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ орналасқан ғимаратта осындағы мемлекеттік органдар мен кәсіпорын басшыларымен жедел штаб кеңесі өткізілді. Онда мерейлі мерекеге дейін атқарылатын іс-шаралар тізбесі мен қаланың көрікті жеріне орын тебуге тиісті «Рәміздер алаңы» және Абай Құнанбаевтың ескерткіш-бюсінің жобалары талқыланып, олардың қай жерге орналасатыны аймақ басшысымен келісілді.
Облыс әкімінің сапары өңірлерде Тәуелсіздіктің мерейлі мерекесіне дайындық шараларының жоғары деңгейде жүргізіліп жатқанын көрсетті.
Соңғы жылдары елімізде спорт саласын дамытуда оң бетбұрыс бар. Елбасының тапсырмасына сәйкес бұқаралық спорттың өрісін кеңейтуге ерекше мән беріліп отыр. Осындай оң істер біздің аймақта да жүзеге асып келеді. Біздің өңірде салауатты өмір салтын серік еткен жандардың қатары жыл санап артуда. Қазіргі таңда облыс бұқаралық спортты дамыту жөнінен алғашқы алтылыққа енді. Алдағы мақсат - үздік үштікке ену. Бұл бағытта тиісті іс-шаралар жүзеге асып отыр. Облыс орталығы мен аудандарда жаңадан спорт ғимараттары тұсауын кесті. Қызылорда қаласында теннис орталығы пайдалануға берілсе, алдағы уақытта ішінде мұз айдыны бар спорт сарайы елдің игілігіне айналатын болады. Осы күндері Арал, Жалағаш және Шиелі аудандарында жаңа заманға сай стадиондар салынды. Келешекте облыстың барлық ауданында осындай орындар болады. Облысымызға арнайы сапармен келген Мемлекет басшысы көпшілікті көзайым етерлік істерге оң бағасын берді.
- Бұрын даңқты балуан Дәулет Тұрлыхановты барша қазақ мақтан тұтатын еді, - деді облыс басшысы сөзін одан әрі жалғап. - Сондай үкілі үмітіміздің қатарына тағы бір Дәулет қосылды. Біздің балуан әлемнің әр түкпірінен келген спортшылар арасында алдыңғы қатардан көрінді. Енді Сыр елінің де өз Дәулеті бар. Жерлесіміз жүлдегерлер қатарынан көрініп қана қоймай, келер жылғы Лондон Олимпиадасына берілетін жолдамаға ие болды. Бұл - біздің облыс үшін алғашқы жолдама. 2008 жылы Қытай еліндегі аламанға Сыр бойынан оннан астам спортшы барды. Толағай талантымыз Илья Ильин ауыр атлетикадан сол жарыстағы еліміздің алғашқы алтынына қол жеткізді. Біз Дәулетке де сондай үлкен жетістік тілейміз.
Облыс басшысы өз сөзінен кейін Д.Ниязбековке құрмет көрсетіп, автокөліктің кілтін табыс етті. Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Садық Мұстафаев бұрын-соңды еркін күрестен біздің облыста ешқандай балуан мұндай табысқа қол созып көрмегенін жеткізді. Аймақ басшылығы қолдауының нәтижесінде кейінгі жылдарда жастарымыз биік белестерді бағындырып жүр. Балуанымыз Дәулет өз кезегінде Олимпиадада еліміздің абыройын асқақтатуға күш салатынын айтып өтті.
- Бүгінгі есеп Мемлекет басшысының біздің облысқа сапарының қорытындылары бойынша беріліп отыр, - деді өңір басшысы Болатбек Баянұлы. - Сапар қорытындысында Елбасы облыстың дамуына жоғары баға бергенін үлкен қанағат сезіммен жеткізгім келеді. Бұл жетістіктеріміздің барлығы өздеріңізбен бірлесіп атқарған тиянақты жұмыстар, қалыптасқан іс-әрекеттердің жемісі деп білемін. Сондықтан да барша халық қалаулыларына осынау қомақты табысқа қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіргім келеді.
Құрметті депутаттар!
Құрметті сессияға қатысушылар!
Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі туралы менің жыл сайынғы дәстүрлі есебім Мемлекет басшысының аймағымызға жасаған сапарының қорытындысымен тұспа-тұс келіп отырғаны баршаңызға белгілі.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аймағымыздағы соңғы жылдары атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға бергенін айрықша айтып өткім келеді. Біздің бұл қол жеткізген барлық жетістіктеріміз - сіздердің қолдауларыңыз бен бірлесе атқарған еселі еңбектің жемісі.
Өздеріңіз білесіздер, 2010 жылдың қорытындыларына арналған өзімнің есепті кездесуімде бірқатар көрсеткіштерге тоқталумен қатар, 2011 жылы шешуге тиісті міндеттерді айтып өттім. Қойылған міндеттерді іске асыру үшін 119 бөлімнен тұратын іс-шаралар жоспары дайындалды. Бүгінгі күнге оның 67 пункті толығымен орындалды, қалғандары жыл соңына дейін іске асырылатын болады.
Атқарылған жұмыстардың нәтижелерін саралай келе атап өткім келетіні - 2010 жылғы дамудың жақсы динамикасы биылғы жылы да сақталды. Осы ретте есепті кезеңдегі аймақтың даму нәтижелерін сипаттайтын тек бірқатар көрсеткіштерге тоқталып өткенді жөн көріп тұрмын.
Өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,7 пайызға өсті, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде - 3,8 пайызға артты.
Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 1,2 пайызға ұлғайды (8 орын), саладағы еңбек өнімділігі тек қана жарты жылда 48,9 пайызға өсіп, 8219 АҚШ долларын құрады. Ол көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңінде 5517 АҚШ доллары көлемінде болатын.
Шағын және орта бизнесте белсенді жұмыс істейтін субъектілердің саны 32 пайызға, шығарған өнім көлемі 1,4 пайызға артты.
Сауда көлемі 24 пайызға, сыртқы сауда айналымы 7,2 пайызға, оның ішінде экспорт 11,7 пайызға көбейді.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 32,8 пайызға өсті.
Бұл кезеңде 132 млн. шаршы метрге жуық тұрғын үй алаңы пайдалануға берілді немесе 2010 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 110 пайызды құрады.
Есепті кезеңде жүк айналымы 35 пайызға жуық көбейіп, жүк тасымалы көлемі 30 пайызға артты.
Үстіміздегі жылы облыс бюджеті өткен жылдың бюджетінен 12 миллиард теңгеге артып, 118 миллиард теңге көлемінде қалыптасты.
Білімге жұмсалатын қаржы 4 млрд. теңгеге (10 пайызға) жуық, денсаулық сақтау - 5,7 млрд.теңгеге артса (41 пайыз), мәдениет, спорт, тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық саласына бағытталған қаржы көлемі бір жарым есеге көбейді. Ауыл шаруашылығы, су және орман шаруашылығын қаржыландыру бір жарым миллиардтан астам теңгеге өсті.
Экономиканы дамытудың оң динамикасы әлеуметтік салада нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.
2010 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жұмыссыздықтың жалпы деңгейі - 0,5 пайызға (республика бойынша - 0,4 пайыз) төмендеп, 5,5 пайыз (ҚР - 5,4 пайыз) деңгейінде тіркелді.
Орташа айлық жалақы 14 пайызға өсіп (87519 теңгені құрады), халықтың жан басына шаққандағы орташа нақты ақшалай табысы 13 пайызға артты (45921 теңге), нәтижесінде күнкөріс минимумынан 3 есеге асып түсті.
Сіздердің назарларыңызға салатын бір мәселе, аймақтағы күнкөріс минимумының (16483) өсу деңгейі республика бойынша ең төменгі көрсеткіш болып қалып отыр. ( бізде 24,1 пайыз,ҚР бойынша орташа 26,3 пайыз):
Біз жыл соңына дейін макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсу тенденциясы сақталады деп күтудеміз.
Бір ғана, инвестиция салу көлемі бойынша дәлелді себептерге байланысты бізде 29 пайызға төмендеу байқалады.
Инвестицияның айтарлықтай өсуі - болашақта ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асырудың кепілі. Біз ванадий қоры жөнінен республика бойынша 1-орындамыз, цинк, уран, қорғасын байлығы бойынша 3-орынды иеленеміз.
Бізде бүкіл Қазақстандағы мұнай, газ, конденсат қорының 5 пайызы және жерасты су қорларының 3,5 пайызы бар. Сондай-ақ, сирек кездесетін кварц құмы мен ас тұзының кені бар. Осыған орай, минералды шикізат байлықтарының ең алдымен қорын анықтауға барлау жұмыстарын жүргізіп, нақтылау және оны тиімді игеру күн тәртібіндегі негізгі мәселеге айналып отыр.
Жер кодексіне енгізілген соңғы өзгерістер жер учаскелерін пайдалануды қайта қарауды талап етеді. Сондықтан, біз шикізат базасын пайдаланып қана қоймай, өндірілген шикізатты өңдейтін инвестор табу үшін, пайдаланылмаған немесе контракт жасалған территорияларды мақсатсыз пайдаланғандардан қайтып алатын мезгіл жетті деп ойлаймын.
Мысалға кварц құмы кенішін алайық. Қазір сирек кездесетін бұл құм құр шикізат есебінде облыс пен Қазақстан көлемінен сыртқа шығарылуда. Сонымен бірге, біз қанша жылдан бері әйнек зауытының құрылысы туралы айтып, инвестор іздеп жүрміз.
Менің ойымша, бұл жерде біз “Қызылорда” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының мүмкіндігін пайдалануымыз қажет. Ол үшін қаржылай қолдау көрсетіп, тиісті жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеуді және инвесторлар іздеуді тапсыруымыз қажет. Әрине, бұл өте күрделі міндет, дегенмен, бұл жобаның жүзеге асырылуы облыстың экономикалық әлеуетінің артуына серпін беретіндігін ескеретін болсақ, осындай қадамға баруымыз қажет.
Бұл салаға қомақты инвестиция салу керектігін ескере отырып, алдағы уақытта бұл бағытта Үкіметпен бірлесіп үлкен жұмыстар атқарамыз. Оның үстіне, Мемлекет басшысы облысқа сапары кезінде бұл бағыттағы облыстың даму перспективасы тұрғысындағы біздің көзқарасымызды қолдады.
Атап өтетін мәселе, Қызылорда облысы 2010 жылдың қорытындысымен индустриалды-инновациялық даму қарқыны бойынша облыстар арасында көш бастады.
Қызылорда облысына сапары барысында Елбасы біздің алдымызға - бюджет көлемінде өз кірістеріміздің үлесін көбейтуді міндет етіп қойды. Қойылған міндеттерді біз дәл осы индустриалды секторды дамыту арқылы шешетін боламыз. Ағымдағы жылы біз тағы жалпы құны 56 млрд. теңгеден асатын кем дегенде 33 жобаны жүзеге асырамыз.
Карта аясында жыл аяғына дейін Ақшабұлақ кенішіндегі газтурбиналық станция (17,8 млрд. теңге) және күкірт қышқылы зауыты (32,5 млрд. теңге) сияқты ірі жобалар іске қосылады.
Украинамен бірлесіп, ауыл шаруашылығы жаткаларын шығаратын өндіріс іске қосылуда. Бұл үлкен жетістік. Сонымен бірге, жаңа өндірістерді дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында “Бизнестің жол картасы” аясында ЦКЗ аумағында өндірістік алаң құруға және Титов қыстағы ауданында индустриялық аймақ құруға бағытталып отыр. Қазіргі таңда инженерлік-коммуникациялық жүйелер тартылуда.
Өңірде индустриалдық бағдарламаны жүзеге асыру өңдеуші өнеркәсіптің дамуына қуатты серпін берді. Қазіргі таңда, пайдалануға берілген аталған жобалар өз нәтижесін беруде. Бағдарламаны жүзеге асырудың алғашқы жылының өзінде өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі 48 пайызға өсті. Жоғарыда атап өткенімдей, биылғы жылы да өсу қарқыны байқалуда.
Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы біздің алдымызға өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігін арттыру міндетін қойды. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыста бұл көрсеткіш 11,7 пайызға өсті (есепті мәліметтер бойынша жан басына 18493 АҚШ доллары көлемінде, өткен жылдың алты айында ол 16552 долларды құраған). Сонымен бірге өңдеуші өнеркәсіпте жалақы 17,3 пайызға артты.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырған бір жарым жылда экономика саласында еңбек ететіндер саны 20 мың адамнан асып түсіп, жұмыссыздық деңгейі 1,1 пайызға төмендеді. (6,6 пайыздан 5,8 пайызға).
“Батыс Еуропа - Батыс Қытай” автомагистральды құрылысының басталуы құрылыс индустриясын дамытуға серпін берді. Атап айтқанда, 2010 жылы жүзеге асқан 27 жобаның 50 пайыздан астамы (14 жоба) құрылыс материалдарын өндіруге бағытталған.
Атап өтетін мәселе, бұл жобаны іске асыруда облыстың географиялық жағынан қолайлы орналасуы қазірдің өзінде аймақта туризм инфрақұрылысын, көліктік, сервистік қызмет көрсету құрылымдарын дамытуды алдымызға міндет етіп қойып отыр. Қазірден бастап жанар-жағармай станцияларын, техникалық-сервистік қызмет көрсету нысандарын және жол бойында кемпингтер салуды бастауымыз қажет, өйткені көлік дәлізі пайдалануға берілгенде жүк тасымалы айтарлықтай артатын болады.
Қызылорда облысының артықшылығы сол, біздің аймағымызда теңдесі жоқ, бірегей ғарыштық инфрақұрылымы қалыптасқан «Байқоңыр» кешені орналасқан. Сонымен бірге, қазірдің өзінде туристер әсіресе, түркі тілдес туристер көп келетін Қорқыт ата мемориалдық кешеніміз бар. Оларға тиісті жағдай мен инфрақұрылым жасап, біз туристер легін көбейте аламыз.
Сондықтан 2012 жылы Қорқыт ата мемориалы мен Байқоңыр қаласына іргелес жатқан территорияның нақтылы жоспарын дайындауға қаржы бөлуіміз қажет. Осы жоспарлардың негізінде туристерді тартуға ықпал ететін мәдени сауықтыру кешендері құрылыстарының жобаларын әзірлеу қажет.
Үстіміздегі жылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып отыр. 2011 жылы жүзеге асырылатын 33 жобаның 22-сі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Біз алдымызға облыс халқын негізгі азық-түлік - ет, сүт, балық, картоп, пияз, қырыққабат өнімдерімен қамтамасыз ету және облыстан сырт жерлерге экспортқа шығару міндетін қойдық.
Ағымдағы жылы картоп және көкөніс-бақша дақылдарының егіс алқаптарын 8 пайызға (1700 га) ұлғайттық және гектарынан 130 центнерден - картоп, 156 центнерден - көкөніс, 162 центнерден бақша өнімдері жиналады деп күтілуде.
Бұл жұмыстармен қоса сақтау мәселесін де қатар шешудеміз. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, тиісті инфрақұрылымы бар сауда-логистикалық орталық құру бойынша мақсатты жұмыстар жүргізудеміз. Қазіргі таңда 3,2 млн. тонна көкөніс сақтау қоймасының құрылысы жүргізілуде. Қыркүйек айының соңына дейін сауда павильондары жүйесі орнатылады. (Бұл 10 тұрғылықты дүкен және 5 көшпелі сауда көлігі).
Осылайша өнімді дайындау, сақтау, жеткізу және азық-түлік өнімдерін халыққа қолайлы бағаға сатумен айналысатын бірыңғай жүйе құрылады. Осы ретте, аталған жүйеге қызығушылық танытқан шаруашылық субъектілері тартылатын болады. Ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің өнімдері қандай да бір делдалдарсыз тікелей егістік басынан немесе қоймадан жеткізілетін болады.
Біз азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде балық өнеркәсібі саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Қазіргі таңда аулау көлемі нақты 6 мың тоннаға жеткізілді.
Осы арада бірден ескертіп айтарым, енді көлдерден балық аулауға рұқсат алған шаруашылықтарға қойылатын талаптар күшейтіледі. Олардан су тоғандарының жағдайын жақсарту бойынша биотехникалық шаралардың сақталуын талап ететін боламыз.
Арал теңізі акваториясы мен Сырдария өзенінен балық аулаудың өнеркәсіптік көлеміне рұқсатты балық қорлары жөніндегі Комитет беретінін білесіздер. Сондықтан мен Комитеттің алдына ұсыныспен шығып, балық аулайтын шаруашылықтардың материалдық-техникалық базасына қатысты талаптарды күшейту мәселесін қоймақпын. Рұқсат тек қана ауланған балықты сақтау және өңдеу мүмкіндігі бар субъектілерге ғана берілуі тиіс.
Облыстан тыс жерлерге өңделген балық қана шығарылуы керек. Бізде балық өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін барлық алғышарттар бар.
Бұл бағытта “Қызылорда” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының біршама дайындықтары бар, бүгінгі таңда онда балық тасымалдауға болатын, кезінде “Оңтүстік” ӘКК - мен алынған 9 рефрижератор бар.
Үстіміздегі жылы Қазалы ауданында Индустрияландыру картасы аясында балық өңдеу цехы іске қосылды.
Біз сонымен бірге Арал қаласындағы балық өңдеу зауытын толық қуатында іске қосуға міндеттіміз.
Болашақта балық қалдықтарынан фосфор тыңайтқышын, биоқосымша (балық майы) және жемдік ұн шығаратын өндірістер құруға тиіспіз.
Бұл ретте кәсіпкерлеріміз тек ірі көлемде балық аулауды ғана ойламай, жаңа өндірістер ашуға ынталанады деп ойлаймыз.
Биылғы жылы жылыжай шаруашылығын дамытуға да үлкен маңыз беріліп отыр. Бүгінгі таңға жоспарланған 74 жылыжайдың 24-і пайдалануға берілді. (жалпы көлемі - 1,7 га).
Бұл шаралардың барлығы азық-түлік рыногында бағаның негізсіз өсуіне тосқауыл болады және ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз таратуға, ауыл тұрғындарының табысын молайтуға мүмкіндік береді.
Ауылда өсірілетін негізгі дақыл - күріш биылғы жылы 77 мың гектарға орналастырылды. Бүгінде егін орағы жүріп жатыр. Біздің қазіргі міндетіміз егінді төкпей-шашпай жинап алу.
Дақылдың 75 пайызы жоғары өнімді тұқыммен себілгенін ескерсек, (2010 жылы 65 пайыз) әр гектардың өнімділігі 47 центнерден 48 центнерге өседі деп күтілуде. (3 пайызға).
Болжам бойынша 374 мың тонна қара күріш жинаймыз деп отырмыз, бұл 2010 жылғы көрсеткіштен 57 мың тоннаға артық (18 пайызға).
Елбасы біздің облыста болған сапарында күріш егісінің көлемін 55 мың гектарға дейін қысқарту жағдайын қарастыру жөнінде тапсырма бергенін бәріңіз де есіттіңіздер.
Бұл жұмыстарды біз негіздеп және кезең-кезеңмен, таяу уақыттағы 5 жылдың көлемінде жүргізетін боламыз. Күріштің жалпы өнімін өнімділікті арттыру есебінен сақтап қалуға тиістіміз.
Сонымен бірге, біз осыншама бағалы инженерлік жүйеге келтірілген жерлерді жоғалтып алмауымыз керек. Қысқартылған егіс көлеміне мал азығындық дақылдарды орналастыратын боламыз. Бүгінде Мемлекет басшысы алдымызға қойған - мал шаруашылығын дамыту жөніндегі «Сыбаға» бағдарламасының міндеттері де осыны талап етіп отыр. Малдың жемі мен шөбі болуы керек. Ал біз, бүгінгі таңда құрама жемді облыстан тыс жерлерден әкелуге мәжбүр болып отырмыз.
Бүгінде құрама жем өндірумен айналысып жатқан кәсіпкерлер алға қарап, келешекке жұмыс істеп жатыр.
Мен ауыл шаруашылығы басқармасына инженерлік жүйеге келтірілген жерлерді тиімді пайдалану жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырдым. Бұдан басқа, барлық ауыл шаруашылығы жерлеріне түгендеу жүргізіп, 2012 жылға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жөнінде ұсыныс дайындауды тапсырдым. Мысалы, облыста 11 мың гектарға жуық жер жеке қосалқы шаруашылықтарға берілген. Алайда талдау көрсеткендей, бұл жерлердің басым бөлігі негізінен пайдаланылмайды. Сондықтан, біз бұл жерлерді іске қосуымыз керек.
Бұл талдаудан шығатын қорытынды, бұл жерлерді мал шаруашылығын дамыту үшін жемшөп базасын жасау үшін қайта бөлетін боламыз. Биылғы жылдың өзінде мал азығындық дақылдар көлемі 2,5 мың гектарға көбейтілді, жоңышқаның элиталық тұқымын өндіретін тұқым шаруашылығын құрдық, құрама жем өндіретін зауытты іске қостық. Жыл аяғына дейін тағы түйіршек құрама жем шығаратын зауытты іске қосуды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақыттарда біз құрама жем өндірісі желілерін айтарлықтай кеңейтуді жоспарлап отырмыз.
Бұған қоса, жем-шөп дайындайтын машина-технологиялық стансаларды (МТС) құру мәселесімен айналысып жатырмыз. Олармен қатар, бордақылау алаңының құрылысы жүруде, «Сыбаға» бағдарламасының аясында 1000 бастан астам асыл тұқымды мал алынды, тауарлы түлікті ет бағытындағы асыл тұқымды бұқалармен шағылыстыру және сиырларды қолдан ұрықтандыру кестесі әзірленді.
Біз жыл сайын ветеринарлық шаралар ұйымдастырып, соның негізінде қатаң талаптар қоятын боламыз, оның үстіне биылғы жылдан бастап біз малдарды бірдейлендіру жұмыстарын қолға алдық.
2013 жылы тұрақты эпизоотиялық жағдайды қалыптастыру үшін, келесі жылы біз ветеринарияға қатысты барлық мәселелерді шешуіміз қажет.
2013 жылдан бастап біз ірі қара етін экспорттауды бастап, 2015 жылға қарай экспортқа мың тоннадан астам ет шығаруды жоспарлап отырмыз.
Мал шаруашылығын дамытумен қатар ет бағытындағы құс фабрикасының құрылысын салу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Осыған орай, жылына 6 мың тонна құс етін өндіріп, қажеттілікті толық қамтамасыз ететін толыққанды автоматтандырылған өндіріс құруды жоспарлап отырмыз.
Біздің кәсіпкерлер алдағы уақытта түйетауық өндірісін жүзеге асыруды қолға алу қажет деп есептеймін. Осындай кәсіпорындар биыл Қазақстанның оңтүстік өңірінде іске қосылды. Бұл бағытта жақсы жоба ұсынған кәсіпкерлерге тиісінше қаржылай қолдау көрсетілетін болады.
Жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асырудың тиімділігін аралас салалардан көретін боламыз.
Жалпы, 2011 жылы егін және мал шаруашылығын қолдауға 3 млрд. теңгеден астам бюджет қаражаты бағытталып отыр.
Мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын дамыту мәселелері суландыру жүйесінің жағдайымен тығыз байланысты. Соңғы үш жылда біз облыстық бюджеттен 800 млн. теңгеге жуық қаржы бөліп, 67 каналды жөндеуден өткізіп, 22 насос орнаттық.
Уақытылы қаржы бөле отырып, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарындағы Солтүстік және Оңтүстік коллекторларды қайта жаңғырту жобаларына, Қазалы ауданы үшін К-1 және К-2, Шиелі ауданындағы 4 шаруашылықаралық каналдарына біз республикалық бюджеттен 2 млрд. теңге қаржы тартуға мүмкіндік алдық.
Өткен жылдан бастап, Yкіметтің қолдауы арқасында барлық аудандарда Сырдария өзені жағасындағы қорғаныс дамбыларын нығайту жұмыстары жүргізілуде. Yстіміздегі жылы қорғаныс дамбыларын нығайту мен қалпына келтіру, жағалауды бекіту, өзеннің арнасын түзету және су қоймалары нысандарын жөндеу секілді іргелі жобаны жүзеге асыруды аяқтаймыз. Жалпы, жоба аясында 90 шақырымға жуық қорғаныс дамбылары қалпына келтіріледі, оның 24 шақырымы биыл атқарылады. Мұның бәрі су тасқыны кезінде судың қалыпты өтуіне жағдай жасайтын болады.
Ағымдағы жылы біз алғаш рет облыстың 26 ауылының көшелерін жөндеуді бастадық және оған облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге қаржы бөлдік. Қазір биылға жоспарланған 97 шақырым жолдың 65 шақырымы жөндеуден өткізілді. Бұл тәжірибені 2012 жылы да жалғастыратын боламыз.
Біз Сырдария ауданындағы Сырдария өзенінің үстінен өтетін көпір құрылысының жобасын әзірлеуді аяқтадық және бұл жобаны жүзеге асыру мәселесін Көлік және коммуникация министрлігімен пысықтаудамыз және министрліктің басшылығы тарапынан түсіністік пен қолдау тауып отырмыз. Бұл көпірдің қарапайым адамдар үшін де, Сырдария ауданы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін де маңызы зор.
Қаланы немесе аймақты таңдаңыз: